Accessibility links

Жантелеев ақталды, ал оны тұтқындаған ҰҚК-ның қызметкерлері тергеуге алынды


Алматы қаласы бойынша қаржы полициясы бастығының орынбасары Айдын Жантелеев "Комета S" баспасы туралы баспасөз конференциясында. Алматы, 25 қыркүйек 2009 жыл.

Алматы қаласы бойынша қаржы полициясы бастығының орынбасары Айдын Жантелеев "Комета S" баспасы туралы баспасөз конференциясында. Алматы, 25 қыркүйек 2009 жыл.

Алматы қаржы полициясы бастығының І-орынбасары Айдын Жантелеевтің ісі күрт басқаша өрбіді. Бас прокуратура Жантелеевке қарсы қозғалған қылмыстық істі жапты, оны жүргізген ҰҚК қызметкерлеріне және куәлік берген азаматқа қарсы іс қозғады.

ТЕРГЕУ ЖҮРГІЗГЕНДЕР – КҮДІКТІГЕ, КУӘГЕР – АЙЫПКЕРГЕ АЙНАЛДЫ

Алматы қаласы бойынша экономикалық қылмыстарға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департамент (Қаржы полициясы) бастығының бірінші орынбасары Айдын Жантелеевті есірткі сақтаған деген айыппен ұстаған ҰҚК қызметкерлерінің іс-әрекетін заңсыз деп тапқан Бас прокуратураның арнайы тергеу тобы Жантелеевтің үстінен қозғалған қылмыстық істе қылмыс құрамы жоқ деп тауып, істі тоқтатты.

Бұл туралы желтоқсанның 2-сі күні журналистерге Бас прокуратураның тергеу және анықтау амалдарының заңдылығын бақылау департаментінің бастығы Күзембек Ноғайбеков мәлімдеді.

Бас прокуратураның тергеу және анықтау амалдарының заңдылығын бақылау департаментінің бастығы Күзембек Ноғайбеков баспасөз мәслихатында. Алматы, 2 желтоқсан 2009 жыл.
– Қылмыстық істі тоқтатуға ҰҚК қызметкерлерінің күдіктіні тұтқындау барысында жіберген өрескел заң бұзушылықтары негіз болды. Мәселен, іс бойынша куәгерлер Жантелеев ұсталғаннан кейін 20-30 минут өткен соң шақырылған. Олардың біреуі Жантелеевті ұстаған ҰҚК қызметкерінің туысқаны екендігі анықталды. Бұл қылмыстық-процесуалдық кодекстің талаптарына қайшы болып табылады, – деді К.Ноғайбеков.

Бас прокуратура өкілінің айтуынша, кешенді комиссиялық сот-есірткі сараптамасы Жантелеевтің есірткі дертіне шалынбағандығын тексеріп білген.

– Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері аталған оқиғаға қатысы жоқ 4 азаматқа арнайы құралдарды негізсіз қолданған. Одан өзге, оларды заңсыз түрде наркологиялық тексеруден өткізіп, күштеп жеке тінту жүргізген, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ғимаратында қарашаның 5-інде 23 сағат 40 минутынан бастап келесі күнгі таңғы сағат 7-ге дейін заңсыз ұстаған, – деді Бас прокуратураның өкілі.

Бас прокуратураның тергеу тобы енді ҰҚК қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғаған.

– Лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғандары үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріне және ірі мөлшерде есірткі затын заңсыз иемдену, сақтау және өткізуге байланысты азамат Тағаевқа қарсы қылмыстық істер қозғалды. Бұл істі тергеу ішкі істер органдарына тапсырылды, – деп мәлімдеген Күзембек Ноғайбеков ҰҚК өкілдерінен нақты кімдердің үстінен іс қозғалғандығы туралы айтпады.

Естеріңізге сала кетейік, аты аталған Мұхит Тағаев ҰҚК тарапынан Алматы қаржы полициясы басшыларының бірі Айдын Жантелеевке қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша куәгер болатын.

ҰҚК АЛМАТЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСЫН БҰЛТ ШАЛДЫ

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл іске қатысты өзіндік пікірі болса да, Бас прокуратураның шешімін сыйлайтындықтарын айтады.

– Олардың шешімін біз құрметтейміз, тергеу жасады, соттың шешімі болды, енді прокуратураның осындай қорытындысы айтылып отыр. Әрине, заңды құрметтеуге тиіспіз. Бірақта бұл іс бойынша біздің өзгедей пікіріміз бар. Алайда оны қазір айта алмаймын, – деді желтоқсанның 2-сі күні Қазақстан ҰҚК баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров Азаттық радиосына.

Ал ҰҚК өз қызметкерлеріне қатысты Бас прокуратураның қылмыстық іс қозғағанынан бейхабар болып шықты.

– Ондай мәлімет бізде жоқ және прокуратура бізге ешқандай ондай арыз жазған жоқ, мәлімет берген жоқ, – деді Кенжеболат Бекназаров.

Қазақстан ҰҚК төрағасының бұйрығымен өткен аптаның ортасында ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментінің бастығы генерал-майор Нұржан Мырзалиев екі орынбасары – полковник Асқар Әшімов және полковник Серік Асайыновпен бірге қызметтерінен шеттетілген болатын. Ол турасында дүйсенбі, қарашаның 30-күні хабарланды.

Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаменті бастығының міндетін уақытша атқару ҰҚК төрағасының орынбасары генерал-майор Нұрғали Білісбековке жүктелді. Сонымен бірге, ҰҚК орталық аппараты Алматы қаласындағы департаментінің жедел-қызметтік жұмысын тексеруге кіріскендігі хабарланды.

Бұл өзгерістер Жантелеевтің ісіне қатысты ма деген журналистердің сауалына сәрсенбі күні өткен брифингте Бас прокуратураның өкілі Күзембек Ноғайбеков:

– Маған бәлендей деп айту қиын. Алайда ондайды да жоққа шығармаймын, – деп жауап берді.

ЖАНТЕЛЕЕВ ҚАЙТАДАН БҰРЫНҒЫ ҚЫЗМЕТІНЕ ОРАЛУЫ МҮМКІН

Алматы қаласы бойынша қаржы полициясы бастығының бірінші орынбасары Айдын Жантелеев бұрынғы қызметіне қайта оралуы ықтимал.

– Жантелеев қызметінен тергеу кезінде шеттетілген болатын. Ал оның бұрынғы қызметіне оралуы туралы мәселені қаржы полициясының басшылығы шешеді, – деді Бас прокуратураның өкілі Күзембек Ноғайбеков.

Алматы қаласы бойынша экономикалық қылмыстарға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департамент (Қаржы полициясы) бастығының бірінші орынбасары Айдын Жантелеевті есірткі сақтаған деген күдікпен ҰҚК қызметкерлері қарашаның 5-і күні ұстаған болатын.

Кейін Айдын Жантелеевке Қылмыстық кодекстің 259-бабының 1-тармағы бойынша «есірткі заттарды ұстады және сақтады» деген айып тағылып, оған қылмыстық іс қозғалды. Оны тұтқындау туралы Алматының Медеу аудандық сотының шешімінен соң, қарашаның 11-і күні бұл істі тергеуді ҚР Бас прокуратурасы өз қолына алды.

Ал содан кейінгі тергеу барысы кезінде Айдын Жантелеев тергеу абақтысындағы қамаудан прокуратураның өтініші бойынша қабылдаған сот шешімімен, ешқайда шықпау жөніндегі қолхатпен үйқамаққа ауыстырылған болатын.

ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК АДВОКАТЫ АЙТАДЫ

«Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеевке тергеу ісі бойынша тағылған «пара алған» деген айыптың негізсіздігін сот барысында дәлелдегеннен кейін, 2008 жылдың ең үздік адвокаты деп танылған Сәлімжан Мусин Азаттық радиосына берген түсініктемесінде прокуратура немесе сот адвокаттар көрсеткен процесуалдық заң бұзушылақтарға әркез мән бере бермейтіндігін айтты.

Сондай-ақ ол Айдын Жантелеевке қатысты іске Бас прокуратура оң қабақ танытып, қандай бір таңдау жасады ма, жоқ па дегенге қатысты нақты тұжырым жасаудан аулақ екендігін айтты.

– Мен мұнда Бас прокуратура қандай да бір ерекше іріктеу жүргізді дегеннен аулақпын. Дегенмен, атап өтерлігі, өкінішке қарай прокуратура көзге көрініп тұрған қылмыстық-процесуалдық заң бұзушылықтардың өзіне қатысты үнемі шара қолдана бармейді. Осыған сәйкес мен өз тәжірибемнен көптеген мысалдар да келтіре аламын, – дейді адвокат С.Мусин.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG