Accessibility links

Репрессияға ілінбеген Қонаевтың көмекшісі тоқырау кезеңін еске алады


Дінмұхамед Қонаев, советтік Қазақстанның басшысы.
Дінмұхамед Қонаев, советтік Қазақстанның басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Желтоқсан оқиғаларынан «сауығуды» ұсынған еді, бірақ ол туралы шындық айтылуы керек. Осы орайда, Дінмұхамед Қонаевтың көмекшісі Владислав Владимировтың өз бастығы мен басқа да құдіретті басшылар туралы жазған естеліктері сенім туғызбайды.

«ҚОНАЕВТЫҢ СЕРІКТЕСТЕРІН НЕ ҮШІН ОТЫРҒЫЗДЫ»

2009 жылдың 7 мамырында «Свобода слова» газетінде осындай тақырыппен мақала жарық көрді. Мақала ауторы «Қонаевтың есімін біржола масқаралау мақсатында» оған 1986 жылғы желтоқсанда жастардың алаңға шығуын ұйымдастырды деген айып тағуды көздеген әрекеттің болғаны жайында әңгімелеген. «Ал, Қонаевты масқаралау арқылы оның жақын досы Брежневті де сау қалдырмауға болады».

Осы мақсатпен «Қонаевтың көмекшілері Бекежанов пен Владимиров, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің іс басқарушысы Статенин, Министрлер кеңесіндегі шаруашылық басқармасының бастығы Лысый тұтқындалып, МАИ арнаулы дивизионының (басшыларды алып жүретін) командирі Акуев пен Қонаевтың жеке күзетінің комиссары Горяийнов қамауға алынғаны» жазылған мақалада.

Аутор Ерік Әубәкіровтың жазуынша, қысым көрсету арқылы оларды Қонаевқа қарсы айғақ беруге мәжбүрлемек болған.

Мақалада Мәскеу өктемдігіне қарсы жастардың жаппай бас көтеруі қалайша кенеттен пайда болды деген қоғамды толғандыратын сауал қойылған. Бірақ, не Қонаевқа қарсы айыптаудың мән-мағынасы, не оның айналасындағыларға өз басшыларының айыбын дәлелдету мақсатында қандай талаптар қойылғандығы ашылмаған.

Ондай деректер жоқ. Әншейін Қонаевтың айналасындағы бейкүнә жандарды жазаға тартып, халықты үркіту, ел ішіне қорқыныш туғызғаны туралы әңгіме күйінде ғана қалған.

Жастар өздігінен жаппай қарсылық танытты ма, жоқ әлде ол бас көтеру қолдан ұйымдастырылды ма, отқа май құйған кім, ондай өрт кімге керек болды?

«Дружба народов» (1987 жылдың қыркүйегі) журналына шыққан «Сауығу» (мұнда Желтоқсан оқиғасының салдарынан сауығу айтылып тұр) атты сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев былай дейді: «...желтоқсан оқиғасы — қайта құру, жариялылық, қоғамымыздың ары қарайғы демократиялануы нәтижесінде биліктен айырылып қалудан қауіптенгендердің ісі. Бұл қайта құрудың дұшпандарының «ағыстан шығып қалмауға» жанталасқан талпынысы еді».

Еш мағынасы жоқ бұл мәлімдеме Дінмұхамед Қонаевқа да, желтоқсан оқиғасынан төрт жыл бұрын дүниеден озған оның «жақын досы Брежневке» де түк бермейді. Кез-келген сергек те саналы адам сияқты Қонаев та 74 жасқа келген шағында билікке қайта оралмайтынын жақсы түсінетін. Оның үстіне, Қонаев пен Горбачевтың арасы дұрыс болмады.

Жаппай қарсылықтың қысымымен республика жұртшылығына беймәлім Колбинді тақтан ығыстырып, орнына жайғасу, кім де болса, Қонаевтың тасасында тұрған біреудің есебі еді.

Сіз оқып отырған осы мақала кейбір түзетулермен «Свобода слова» газетіне ұсынылған-тын. Бірақ басылымдағылар әңгімені жалғастыруға келіспеді. Әйткенмен жалғастыру қажет болатын. Күзет комиссары Горяийнов пен Димекеңнің көмекшісі Владислав Владимировтан өзге жоғарыда аталған бейкүнә жандар өмірден әлдеқашан өткен.

ҚОНАЕВТЫҢ ӨНІМДІ КӨМЕКШІСІ

Журналист және жазушы Владимиров, басқаларға қарағанда, қуғын-сүргіннен аман-сау қалды. Оны жұмыстан босатты, партиядан шығарды, еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағынан айырды, ондаған мың сомның бүгіп қалған қаламақыларынан партиялық және кәсіподақтық жарналарды мәжбүрлеп төлетті.

Сөйтіп, Владислав Владимиров, билікте Дінмұхамед Қонаев тұрған кезден-ақ оған лайықты, әділ жазасын түбі алды. Бұл адам Қонаевтың тасасында жүріп, басшылардың ауызына сөз салып, журналистер мен жазушылардың және басқа да жазғаны өзіне ұнамаған жандардың өмірін улады.

Біреуді масқаралауға деген дертті құштарлығы оған, ақыр аяғында, Қонаевтың өзіне де ауыз салғызды. Әрине, бұл Қонаев өлгеннен кейін болды. Владимиров тіпті СОКП ОК-нің бірінші басшыларының да түгін қалдырмады. Бұл жайында мақаланың соңында айтармыз. Алдымен Владислав Владимировтың бұндай күйге қалай жеткеніне зер салайық.

Оның іс-тірлігінен жемқорлық пен жүгенсіздік жайлап, қоғамды дертке шалдықтырған бүгінгі заманда сабақ алуға болады.

Владислав Владимировтан елдің бәрі қорқатын, мысалы, одан «Ленинская смена», «Вечерняя Алма-Ата», «Огни Алатау» газеттері мен «Простор» әдеби журналын көркейткен Вениамин Иванович Ларин секілді ең көрнекті редакторлардың өзі сақтанатын.

Владимировтың өзі болса, ерекше өнімді жұмыс істеді. Кітаптары, мақалалары, шолулары мен рецензиялары лек-легімен шығатын. Бір де бір көркемдік және идеялық-тәрбиелік құны жоқ жазбалары жыл сайын «Простор» журналының үш-төрт санында бүкіл көлемінің үштен бірін немесе тең жартысын алып, жарияланып жататын.

«Жазушы» баспасынан жыл сайын дерлік Владислав Владимировтың кітабы шығып тұрды. 300 мың данамен шыққан оның «Закон Бернулли» атты романына міне мынадай баға берілген:

«Аутор өз алдына қандай да бір өміршең, көркемдік бағыттағы міндетті мүлдем қоймаған. Шын мәнінде бүкіл роман – мистификация, ол тағы әртүрлі дәйексөздер, ғылым мен әдебиет саласының көрнекті адамдарын әңгімелеу арқылы пәлсапалық данагөйлікпен бүркемеленген».

Владимировтың көл-көсір құнсыз жазбалары газет бетін бермейтін. Жазғандары редакторлық түзетулерсіз-ақ тікелей теруге жіберілетін. Оған ең жоғарғы қаламақы белгіленетін. Оған сын айтуға дәті жеткендердің тағдыры күрт өзгеретін. Мәселен, Қазақстан Жазушылары одағы хатшылығының жанындағы орыс әдебиеті жөніндегі кеңес төрайымы Г.Черноголовина жұмысын тастауға мәжбүр болды, ал жазушы В.Мироглов «Простор» журналындағы қызметінен айырылды.

ӘДЕБИ «ЖЕНДЕТ»

Ол кімді нысанаға алса, соған қорқыныш ұялатуға өзіне көмектесуге мәскеулік ғылым кандидаты Ю.Рощин деген біреуді тартты. Жазаға тартылмайтындығына және тапсырыс берушінің мықтылығына сенген Рощин өзіне берілген тапсырманы артығымен орындап, нысанаға ілінгендерге аямай тіс салатын.

Оның жалаға толы шығармалары аң-таң ететін. Жұртты шетінен қымсынбай талқылайтындай, төбеден баға беретіндей кім ол? Қазақстандық істерді қайдан біледі? Және өзі тағы қарша боратып жазады.

Сол жалақордың жазғандарының ішіндегі ең зәрлісі және пасығы тамаша ғалым және жазушы, Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры Евней Арыстанұлы Букетов туралы жазған «Хлестаковпен бірлескен ауторлықта» деген фельетоны болды.

«Ленинская смена» газетінде жарық көрген сол мақалада 1978 жылы «Простор» журналының екі санына шыққан Букетовтың «Ғылыми қызметкердің жазбалары» нысанаға алынған. Ғалымның еңбегінен «қисық-қыңыр қоғамдық-саяси көрініс» тапқан фельетоншы, жазушының дүниетанымы оның отырған қызметіне сәйкес емес деген ауыр саяси айып тақты.

1937 жылғы арыздарға қатты ұқсайтын осы бір тым жалған айыптаудың арты шұғыл шараларға ұласты. Шамасы, тапсырыс солай болса керек. Ал, Букетовтың аузына қақпақ қойды. Баспадан шыққалы тұрған «Досқа жазған алты хат» кітабы өндірістен алынды. Бұл кітап аутор о дүниелік болған соң 11 жылдан кейін ғана жарық көрді.

Букетов «Шығармашылық қырлары» атты өз кітабында Қазақстан Ғылым академиясының қалыптасуындағы Қонаевтың ролін көрсетпегенімен қоймай, оның 1952-55 жылдары академияның президенті болғанын да айтпағаны үшін ғалым-жазушыға «менмендікке, жалған атақшылдыққа, өзін-өзі мадақтаушылыққа» бой алдырған деген кінә артылып, күйе жағылды.
Алматының орталығындағы Қонаевтың ескерткіші.
Кітапта Қаныш Имантайұлы Сәтпаев ерекше ардақталғаны да сынға ұшырады. Сірә, Сәтпаевтың тәрбиесін көрген шәкірттерінің ішіндегі ең жұлдызы жарығы Букетов деп саналатындығы ілікке себеп болса керек.

Алматы облыстық партиялық конференцияда бір ғана, жалғыз сыни сөз сөйленгені сол жиынға делегат ретінде қатысқан менің есімде қалды. Сол жолы Фрунзе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Людмила Крашенинникова бір адамды — Ғылым академиясының президенті Шахмардан Есеновты ғана сынаған еді.

Людмила Крашенинникова өзіне ғалымдардың келіп, Есеновтың жұмысқа қарамайтынын айтып шағым жасағандарын алға тартты. Конференция президиумындағы Есеновтың орнында академияның вице-президенті Ақай Нүсіпбеков отырды. Жаңа президентке орын даярланып жатқаны айқын көрініп тұрды. Осы жағдайларға байланысты сол баяғы партконференция есімде қалыпты.

Ғылым академиясының президентіне үміткер есебінде Евней Букетов та сұраным берді. Бірақ, ол орынға Димаш Ахметұлы Қонаевтың бауыры Асқар Қонаевтың ұмтылғанын көріп, ол үміткерлер қатарынан шығып кетеді. Мұндай бәсекелесті жеңу мүмкін емес екенін түсінеді.

Университетте әртүрлі тексерістердің қаптап кеткені, әдеби шығармашылығының сынға ұшырауы бекерден бекер емес еді. Желдің қалай қарай соққанын аңғарған Владимиров пен оның «жендеті» отқа май құя түседі.

Букетов университетті тастап, өзі құрған және үш-ақ жылдың айналасында бүкіл одаққа танылған Химия-технологиялық институтқа ғылыми қызметкер болып орналасады.

Бірақ, жанына тиген ауыр соққыдан денсаулығы сыр бермей тұрмады. Ғылым мен тәжірибені ұтқыр қабыстырушы ғалым және тамаша публицист 58 жасында көз жұмды.

Бірақ, Евней Арыстанұлы Букетовтың ісі елдің жадында қалды. Оның есімі Қарағанды мемлекеттік университетіне берілген. Ал, Қ.Сәтпаевтан кейін, құлағынан сүйрегендей етіп, Қазақстаннан Одақтық ғылым академиясының мүшелігіне сайланған екінші адам ретінде көтермелеп-қолпаштаған Асқар Меңліахметұлы Қонаевтан ешқандай ескерткіш қалмады. Жаманаттан басқа ештеңе айтылмады.

Уақыт бәрін өз орнына қояды деген бар ғой. Бірақ, пендеге осы бір ақиқатты ұмытып кете беру тән.

Асқар Қонаевтың мансабының өсуі ғылымға еш пайда әкелмегені туралы аз айтылған жоқ. Назарбаевтың оны республика Компартиясының XVI съезінде сынағанын еске алсақ жетіп жатыр. Ол кезде Дінмұхамед Қонаев әлі тақта отырған еді. Бұған «Дружба народов» журналының 1987 жылғы №9 санына шыққан Назарбаевтың сұхбатын қосуға болады.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев саяси сахнадан кетісімен, соған дейін еріксіз іштен тынып жүргендерден, Владислав Владимировтың басына нешетүрлі айыптаулар ақтарылды. Осы мақалада сөз еткен бірнеше жарияланымды атасақ та жетіп жатыр. Ол туралы сол кездегі көптеген деректер ҚазТАГ даярлап, барлық редакцияларға таратылған «Сколько веревочке не виться…» деген мақалада көрсетілген.

«Казахстанская правда» газетінің Қарағанды облысындағы тілшісі В.Могильницкий 1991 жылғы 9 тамыздағы газет санының тұтас бір бетін Букетовқа арнаған. Ол Евней Арыстанұлының бауыры әрі ғалым Қамзабай Арыстанұлымен сұхбаттасып, ол ұсынған мұрағаттық құжаттармен танысқан.

Құжаттардың бәрі үлкен ғалым әрі жазушының қалай нақақтан нақақ және аяусыз зардапқа ұшырағанын көрсетті. Ал, Қамзабай Арыстанұлы газет тілшісімен болған сұхбатты:

«Ю.Рощиннің аяусыз да әділетсіз сыны болмағанда Букетовтың тағдыры да қиындамас еді, мүмкін, ол тамаша шәкірттер тәрбиелеп, қазір ортамызда жүрер ме еді» деген сөздермен түйіндеген.

«ӨЗІНЕ ДЕГЕН АСА ҮЛКЕН СЕНІМ ОНЫ ДАНДАЙСЫТЫП ЖІБЕРДІ»

Владимировтың адами болмысы мен кесапатты қызметі Қонаев туралы жазылған «Бремя величия» деген тарихи хроникалық кітапта «Тайны закулисья: реалии и мифы» атты тақырыпша қойылған бөлігінде анағұрлым толық көрсетілген.

2003 жылы Мәскеуде жарық көрген кітап сол жерде 2005 жылы қайта басылған. Ауторы Борис Георгиевич Самсонов Орталық Комитеттің ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасарлығына жұмысқа шақырылған. Журналист ретінде ол СОКП ОК Саяси бюросы бекіткен Қонаевтың кітабын соның атынан жазуы тиіс болатын.

Борис Самсонов Владислав Владимировты Орталық Комитетте жұмыс істемей тұрып-ақ білетін. Онымен бірге жұмыс істеген, күнделікті өмірде жақын араласқан. Жасының үлкендігіне қарай және кәсіби тәжірибесінің молдығына орай достық кеңесін айтып отырған.

Дінмұхамед Қонаевтың көмекшісі болу Владислав Владимировты қатты бұзды. Оған айтылған кеңестер мен ескертулерді ескермеді. Сонда Борис Самсонов Дінмұхамед Қонаевтың көзін ашу мақсатында оған былай деп жазады:

«Өзімшілдік, дүниеқоңыздық пен атаққұмарлығын, зұлымдық пен тәкаппарлығын тек Орталық Комитетінің аппаратындағылар ғана емес, өзге де көп адам аңғарады. Оны ашықтан ашық жек көреді, ол туралы хаттар пен домалақ арыздар жазылуда, бірақ, өкінішке қарай олар соның папкасында ашылмаған күйі қалуда. Осындай ерекше сенімді пайдаланған ол өзін өзі бақылаудан қалған, өзін дөрекі ұстайды. Қадірлі Димаш Ахметұлы, кез келген уақытта көмекшіңіз Сізді жарға жығуы мүмкін, қазір-ақ жарға жыққалы тұр».

Солай дей келе нақты мысал келтіреді. Бұл хат 1984 жылы жазылғаны көрсетілген.

Көп жыл бірге жұмыс істегендіктен Дінмұхамед Қонаевтың Владимировқа бауыр басып қалғаны сондай, оған деген көңілін өзгерткісі келмейді.

1994 жылы шыққан «От Сталина до Горбачева» атты кітабында, өзінің айналасындағылар туралы естелік жолдарда, Дінмұхамед Қонаев былай деп жазады:

«Бірге жұмыс істеген тұп-тура 14 жыл мені тағы бір көмекші – Владислав Васильевич Владимировпен байланыстырды. Мен оны әдебиет, өнер, ғылым, журналистиканың көптеген салаларының білгірі деп білемін. Кез келген жағдайда онымен сөйлесу қызықты еді, ал, тапсырылған жұмысқа ол әрқашан да жан-тәнімен және жауаптылықпен қарайтын».

Бір қызығы, Борис Самсоновтың отбасы үйге жиі келіп, ортаға бөтелке қойып, отағасымен ұзақ әңгіме-дүкен құратын Владимировқа үйренгені сондай, кітапта оның фамилиясын атамауды сұраған. Самсонов бұл өтінішті орындап, кітаптағы «Владимиров» деген фамилияны «Ветров» деп ауыстырған.

БАС ХАТШЫЛАРДЫ, ОЛАРМЕН ҚОСА ҚОНАЕВТЫ ДА ЖАҚСЫ ҚЫРЫНАН КӨРСЕТПЕДІ

Бір кезде құдіретті қызметте отырғандар өмірден өткен соң Владислав Владимиров оларға тіл безеуді бастады. «Кодры» деген молдавиялық журнал оған бір санында тұтас 44 бетін берді. Бұған осы елде Леонид Брежневтің Компартия ОК-нің бірінші хатшысы болып, ал Константин Черненконың ОК-те үгіт-насихат бөліміне меңгеруші боп қызмет атқарғаны түрткі болғаны анық.

Бұл жерде олардың мақсат-мүделері тоқайласып, үндері бірге шықты, мақаланың да «Тандем» аталуы содан. Тандем керемет боп шықты, біреуінде тапшы дүние екіншісінде жетіп артылатын. «Брежнев көзге түсуде [Хрущевтің көзіне] аянған жоқ, жарамсақтық пен жағымпаздықтың небір үлгілерін көрсетті, сөйтіп жүріп, өзінің молдавиялық тамаша серіктесі Черненконы бір сәт есінен шығарған жоқ» деп жазды Владислав Владимиров.

Владимировтың сөзі бойынша, небір қолдап-демеуге қарамастан Черненко кишиневтік пединституттың бір курсын сырттай 2-3 жылда әрең аяқтаған. Алайда, «болашақ Бас хатшының ғұмыр бойғы Көлеңкесі ғана емес, сонымен бірге оның Үні, Басы және Қолы бола білді».

Черненко Брежневті естелік шығаруға итермелейді. Дінмұхамед Қонаевқа «Тың» деп аталатын кітап шығару жұмысының басталғаны хабарланады. Қонаев бұл хабарды қуана қабылдап, ауторына көмектесуге уәде береді.

Владимиров бұл қуанышқа қосылмайды. Ол «Целина» кітабын қалай болса, солай жазылған, әртүрлі дерек көздерден: целиноградтық журналистердің «Хлеб» атты фотоповесінен, Қазақстан әдебиетшілерінің кітаптарынан алған деректер мен қанатты сөздерден тұтас бөліктерімен алып құрастырылған кітап деген баға беріп, тас-талқан етіп сынап шығады.
Қонаевты қадір тұтатындар оның туған күнінде ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Алматы 12 қаңтар, 2009 ж.
Тыңның 30 жылдығы аталып өткенде Леонид Брежнев өмірде жоқ еді. Андроповтан кейін Бас хатшының орнына енді ғана жайғасқан Константин Черненко қазақстандықтарға Мәскеуден сәлемдеме арнайтындығын жеткізді. Дінмұхамед Қонаев «...баяндамада Черненко туралы сөз аздық етпей ме деп сұмдық қобалжыды».

Оның неден қобалжығанын түсінген тілмарлар өз сөздерінде, Владимировтың есебі бойынша, жаңа бас хатшыны 30 рет мадақтаған. Ал, «СОКП ОК Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Қонаевтың қосқан өлшеусіз үлесі жайында» 28 рет сөз еткен.

Брежневтің айналасынан тек жалғыз Черненко ғана оған күн мен түннің кез келген мезетінде ескертусіз-ақ телефон шала салатын немесе бас сұға алатын жан еді. Ал, есесіне ол басшылықтың қалауын айтқызбай-ақ білетін. Басшылықтың көп қалауларының бірі «іш пыстырарлық қасаң сөз боп саналатын жұбайлық адалдықты ұмытып, көңіл көтеру болатын. Ерікті құда баланың ролін Константин Устинович тамаша ойнайтын, ал кейде амалсыздан үйленуге тура келгендей жағдай туғанда, қалыңдықпен некеге отыратын күйеудің ролінде бағыныштылардың бірі кете баратын».

Бір айтарлығы, Леонид Брежневтің өмірінің бұл қыры жұрт арасында кеңінен тараған еді. Оның жүз жылдығының қарсаңында маған мәскеулік бірінші телеарнадан хабарласып, Леонид Ильичтің әлгіндей құмарлығын кіммен қанағаттандырғанын айтып беруімді сұрады. Бұл ақпарат оларға өздері дайындап жатқан 4 сериялы деректі фильм үшін керек екен. Бірақ мен Владимиров емеспін ғой. Ештеңе айтпаймын деп жауап бердім.

Бас хатшы болысымен Леонид Брежнев (сырттай – Седок) Константин Черненконы (Кучер) СОКП ОК Жалпы бөлімінің меңгерушісі етіп бекітті.

Владислав Владимиров: «Кучер шетсіз-шексіз және ешкім бақыламайтын билікті өз қолына шоғырландырды. Бұл бөлім Саяси бюроның барлық құжаттарын дайындайтын. Черненкодан басқа ешкімнің алдында толық көлемде жинақталған нешетүрлі ақпарат жатпайтын. Ақпараттар осы бөлімде іріктеліп, тиісті түсініктемемен Бас хатшыға баяндалатын» деп жазады.

Жалпы бөлімнің меңгерушісі болып тағайындалған Константин Черненконың алдында тіпті Михаил Сусловтың өзі жалбаңдайтын болды. Леонид Брежневтің ескі досы Андрей Кириленко тілалғыш жағымпаз ретінде танылған-ды. Мақалада жоғарыға жалбаңдау, мадақтау елдің ең жоғарғы басшыларына тән қасиет ретінде суреттелген.

Аутордан үзінді келтірейік: «Брежнев қайтыс болғаннан кейін Черненко ең жоғарғы лауазымға Андроповты ұсынып, Юрий Владимировичті жерге тигізбей мадақтауға көшеді. Одан Қонаев та қалыспайды. Алғашқы тың игеруші Брежнев біржола қайтпас сапарға аттанғанда «ұлы достықтан» құтылғанына Черненкомен қатар Қонаев та қуанды».

Михаил Сусловтың өлгеніне үшінші күн болғанда Дінмұхамед Қонаевтың кабинетіндегі оның суреті алынып, орнына Константин Черненконың суреті ілінеді.

Сол сәттен бастап Дінмұхамед Қонаевтың кабинетінде топтасып суретке түсетіндер бұрынғыдай Қазақстан картасының алдында емес, енді Константин Черненконың суретінің астында тұратын болды. Бұрын Қонаевтың көп жыл көмекшісі болған кісі әңгімесінің соңында мынадай сырмен бөліседі:

«Брежнев пен Қонаев секілді екі халық асыраушысы мен суарушысының ұлы достығы туралы тоқырау заманының ең көп таралған аңызы назар аударарлық дүние. Бұл қоғамдық сананы алдаудың сирек кездесетін, әбден сыннан өткен үлгісі. Осы тұрғыда «Тың» кітабы да айрықша».

Міне, бір кезде мен де бірге жұмыс істеген Владислав Владимиров осындай адам. Ол «болған дүние жайында шындықты айтқысы келгенін, ал, болмағанды болмады дегісі келгенін» айтады. Мен оған сенбеймін және сол жайында жазғым келді. Өйткені ол естеліктерін әлі жазуда, сол себепті, оның жазғандарының бәріне оқырман қауым сындарлы көзбен қарағаны жөн.

Азаттық радиосының редакциясынан: Алматылық журналист Мадат Аққозин бұл мақаласында Дінмұхамед Қонаевтың тұсында советтік Қазақстандағы тоқырау кезеңінің құбылыстарына өзінің жеке пікірін білдірген. «Свобода слова» газетінің 2009 жылғы мамыр айындағы санында аутор Ерік Әубәкіров 1986 жылғы желтоқсан айынан соң Қонаевтың айналасындағы өзге адамдар секілді оның бұрынғы көмекшісі Владислав Владимиров та жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырады деп жазды. Мадат Аққозин бұған өзгедей дәлелдер келтіреді. Біз осы пікірталасқа қатысуға тілек білдіруші кез-келген тарапқа «Мінбер бізден, пікір – сізден» айдарынан сөз беруге дайынбыз.
XS
SM
MD
LG