Accessibility links

Көпен Әмірбек: Жанға дәру күлкі кейде өткір қаруға да айналады


Көпен Әмірбек, сатирик, «Ара» журналының бас редакторы. Алматы, 31 наурыз 2009 ж.

Көпен Әмірбек, сатирик, «Ара» журналының бас редакторы. Алматы, 31 наурыз 2009 ж.

Сатиралық «Ара» журналының бас редакторы, «Көпен келе жатыр» пародиялық әзіл-сықақ театрының жетекшісі, оннан аса сатиралық кітаптардың авторы Көпен Әмірбекпен сұхбат қазіргі сатираның деңгейі, әзіл-сықақ театрларының репертуары, пародияның парқы жөнінде өрбіді.

— Көпен мырза, қазіргі күлкінің, жалпы cатираның жағдайы қандай, біз қалай күліп жүрміз?

— Қазақта «Құдай күлкіден айырмасын» деген жақсы сөз бар, өте жақсы сөз. Неге? Өйткені, адам күлсе шаттанады, яғни ол адам күле алатындай жағдайда деген сөз, біз кімге күлеміз? Кімнің күлкісі басым болса, соның мысы да басым болады, яғни мысы басым адамдар күле алады.

Біздің ата-бабамыздың аузынан шыққан тағы бір мынадай сөз бар: «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?», яғни күлу үшін өзің пәк, таза болуың керек, күлу үшін бойыңнан еш кір табылмауы керек, әуелі өзіңе қарауың керек. Мұхтар Әуезовтің «Айнаға қара, сонда оңбағанның дәл өзін көресің...» дегені бар, бұл дегеніміз әрбір адам біреуге күлмес бұрын менің күле алатын жағдайым бар ма, әрі-беріден соң хақым бар ма деп, айнаға қарағандай, өзінің іші-сыртына үңілуі керек, содан кейін барып күлетіндей болуы тиіс дегенді білдіреді.

Жақында жасы 70-ке келіп отырған сатирик ағамыз Сейіт Кенжеахметовтің «Күле білу - өмір, күлдіре білу - өнер, күлкі болу - өлім» – деген жақсы сөзі бар, қазіргі сықақшылар тобын сараптай келе, осы өмір мен өнердің ортасында өмір сүріп отыр деп ойлаймын. Күлкі деген рахат қой шіркін, сонымен бірге бұл қаһарлы қару. Сатираны қаһарлы қару деп танысақ, оны қолдан түсіруге болмайды. Қазір сықақшылар кімді, нені сынаса да, қоғамның жат қылықтарын көрсетсе де мұның бәріне күлдіру үшін үлкен шеберлік керек.

Совет заманында мынаған күлуге болмайды, мынаны айтуға болмайды деген цензура болды, сықақшылар айтқысы келген тақырыптың бәрінің алдынан ор қазылып, қақпан құрылып, шекара қойылды. Ал егемендік алған 18 жылдың ішінде күлкі де өз тәуелсіздігін алды, қалай күлсең де өзің білесің, яғни шекара жоқ.

Бірақ, осы бостандық біздің сықақшыларды абдыратып тастады ма деген ой келеді, өйткені, ұсақ-түйек әңгімені сөз етіп, кемпір-шал, әйел-еркек тақырыбы, маскүнем күйеу, шайпау әйел дегеннің айналасынан шыға алмай қалдық. Мынау қоғамдағы қомақты мәселелерді қопарып, тамырымен үзіп, отап тастайтын күлкінің деңгейіне әлі көтерілген жоқпыз-ау деймін, мүмкін жүрексінеміз бе, әлде шеберлігіміз жетпей ме, білмеймін.

Қазір баспасөз көбейді, солардың бәрі анайы тақырып пен жалаңаш күлкіге құмар, өйткені оқырман мен көрерменнің көбінің деңгейі сол дәрежеде ғана, соған ғана әуес, сондықтан өзінің тауарын өткізу үшін газет-журналдың шығарушысы да тұтынушының сұранысын қанағаттандырып отыр, осылайша біз арзан, сайқымазақ күлкіге бойымызды үйретіп алдық-ау деймін.

Баспасөзден гөрі көпшілікке тез танылатын да, таралатын да – сахнадағы сатира. Бірақ, соның өзінің көпшілігі нашар, қанша жерден айтып-жазғанымызбен деңгейі әлі көтерілмей жатыр.

— Ал мұның себебін неден іздейміз?

— Біздің әзілкеш әртістер ойнамайын деп әдейі істемейді, шеберліктері де жетіп тұр. Бірақ, сықақшылар мен театрлардың арасында байланыс жоқ-ау деп ойлаймын. Бұрын «Тамаша» алғаш шыққан кезде сонау Берқайыр Аманшин, Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы сияқты ағаларымыз бастап, тайлы-таяғымызбен автор ретінде атсалысатынбыз, олар бізге «мынаны айтыңызшы, мына бір мәселені көтерейікші» деп тапсырма беріп отыратын, қазір осындай тығыз шығармашылық қарым-қатынасты көре алмай отырмын.

Бұл менің жеке басыма ғана қатысты емес, мен қолына қалам ұстағандардың бәрінен сұрап жүремін ғой, мұндай тапсырыс беріп жатқан театрларды көрмей жүрмін. Мұның тағы бір жағы бар. Ойлы, мағыналы, әдемі скетч, интермедия немесе монологтар газеттің бетінен жап-жақсы оқылады, ал сахнаға шыққанда ешқандай күлкі шақырмайтын болады, соған қарағанда сықақшылардың бірсыпырасы да сахналық сатираның иірімдерін игере алмай, яғни түсіне алмай, сахнаға лайықтап жаза алмай жатыр.

Бұл тұрғыдан алғанда жалғыз Сейіт Кенжеахметовтің шығармалары орындалып жүр. Жақсы сықақшылар көп – Ғаббас Қабышев, Үмбетбай Уайдин, Қажытай Ілиясов сияқты ағаларымыздың шығармаларын қайта өңдеп, сахнаға бейімдеп шығаруға болады ғой, ол үшін осындай ағалармен театрлардың арасында байланыс болуы керек. Бұрын әртістер мен сықақшылар бірігіп, бір терінің пұшпағын илегендей жұмылып, тақырыпты талқылап, көркемдік кеңестен өткізіп отыратын, қазір бұл дәстүр жоқ. Театрлардың бәріне дайын сахнаға алып шыға қоятын дүние керек, яғни «алма піс, аузыма түс» деген жағдай болып тұр.

— Әзіл-сықақ театрлары деп қалдыңыз, бізде бұлардың саны жыл сайын көбейіп келе жатыр, осылардың ішінен сіздің қойылымдарын тұшынып көретін, актерлерінің ойынына риза болатын театрыңыз қайсысы?

— «Тамашадан» кейін «Бауыржан-шоу», «Күлкі керуені», «Терісқақпай», «Екі езу», «Шаншар», «Нысана» сияқты театрлардың бәрінің өз көрермені бар. Бұлардың бәрі де бас кезінде жұлқынып шығады да басылып қалады, себебі материал жоқ. Осылардың ішінде өзінің ізденімпаздығымен көзге түсіп отырған, көрерменнің жүрегін қалай жаулаймын деп тың ізденістерге барып жүрген, атын естіген халық ағылып келе беретін театр қазір шымкенттік «Шаншар» болып отыр.

Мұның алдында «Терісқақпай» тұрған, оның алдында «Бауыржан-шоу» келе жатқан, қазір залға адам толмайтын болды, «Тамашаның» өзі де Лұқпан Есенов ағамыз марқұм болғалы біраз әлсіреп қалды, көтереміз деп жатқан көрінеді, бірақ ол жерден «Тамашаны» көтеріп кететіндей үлкен тұлғаларды тағы көріп тұрған жоқпын.

— Ал сіздің «Көпен келе жатырдың...» тағдыры не болды?

— Мен әртіс емеспін, сахнаға шығып ойнайтын кәсіпқой шебер маман да емеспін, менің мамандығым журналист, мен сықақшымын. «Көпен келе жатыр...» пародия театрын неге құрдым дегенге келсек, мұнда біз бұрын айтылмаған, алты Алаштың аузында жүрген азаматтардың, қоғам қайраткерлерінің атын атап, түсін түстеп, қоғамдық-әлеуметтік тақырыптағы мәселелерді көтердік.

Әуел баста «Па, шіркін, пародия!», кейіннен «Көпен келе жатыр...» деп аталдық, қай-қайсысында да мақсатымыз — көже-қатық емес, көркемдік іздеу болды. Мұны әрі қарай алып кетпеуіміздің себебі күштің жетіспеушілігінен болды, бір ғана театрдың соңында жүрсең кітаптарың жазусыз, басқа да жұмыстарың атаусыз қалып қояды. Сондықтан «екі кеменің басын ұстап, суға кетпейін» деген себеппен тоқтап тұрмыз, бірақ бұл бәрі бітті деген сөз емес, ара-арасында қылаң етіп қылт етіп, сылаң етіп, сылт етіп шығып қоятыным бар.

Дегенмен мұны орныққан, жолға түскен өзімнің театрым деп айта алмаймын. Қазір мен екі емес, төрт кеменің құйрығын ұстағандай болып жүрмін, бірақ бәрін ысыра тұрып, театрдың жұмысын жандандыру керек пе деген де ойым бар, бұған да іштей дайынмын. Қазір 20-30 адам сахнаға шығып, шуылдап күлдіретін әзілден де жұрт жалықты, мағыналы, мазмұнды, астарлы әңгіме айта алатын, майдан қыл суырғандай нәзік те әдемі, сөз құдіретін ұғындыратын монологтарды да көрермен күтіп отыр-ау деп ойлаймын, осы мәселеге дайындалу үстіндемін.

— Қазақтың әзіл-сықақ театрларында қазақы қалжың азайып бара жатқан сияқты, тұрмыстық жанжалдарды әңгіме өзегіне айналдырған театрлар соңғы кезде «ене» («теща») деген мәселеге де жетіпті, бұл енді қазақтың тақырыбы емес қой, бұған не дейсіз?

— Еуропада, Батыс елдерінде, оның ішінде орыс халқында ене мәселесіне езу тартып күлетін үрдіс баяғыдан бар, «теща» десең оларға бәрі түсінікті, оларда әйелінің шешесі мен күйеу баланың арасындағы қақтығыс – ғасырлық па, ғұмырлық па – соғыс сияқты бітпейді. Ал біздің халықтың қанында, жанында жоқ нәрсені Батыстан көріп алып, ішінара көрсетіп қоямыз, бірақ мұны типке айналдырмау керек.

Ене мен күйеу баланың қақтығысы қазақ халқында болған емес, қазақтың анасы мен баласы ешқашан бет жыртыспаған. Қандай шайпау ене болса, оны арқадан қағып, «апа-ау» деп, ана ретінде сыйлай білетін мінез қазақ жігіттерінің бойынан әркез табылады. Сондықтан бұл мәселені қазаққа таңып көрсету оспадарсыздық деп ойлаймын.

— Бүгінгі саяси сатира туралы не айтасыз? Саясат мәселесін сатира қаншалықты көтеруде?

— Біз саясатты айтып жүрміз, бірақ соның формасын таба алмағандықтан жұртты күлдіре алмаймыз, демек шеберлігіміз жетпейді. Егер соны асқан шеберлікпен айта біліп, жұртты қыран-топан күлдірсек неге айтпасқа? Біздің саяси сатирамыз оппозициялық жиналыстардағы сөз, көзді шұқып, бет жырту, маңдайдан ұру, бұл саяси сатираға жақындамайды да, бұл жеке бір топтардың немесе партиялардың, оппозициялық ағымдардың көзқарасы.

Сол ағымдардың ықпалында кеткендіктен сатира сорлайды. Саяси сатирадан қашудың тағы бір себебі — басыма пәле іздеп қайтем, «құда да, құдағи да тыныш болсын», ауыл-аймақтың арасынан ұзамасақ болды деген пікірдің әсері. «Өгіз де өлмесін, арба да сынбасын» деген көзқарас саяси сатираны дамытпайды, қазір бұл сала тоқырап тұр.

— Көпен мырза, қазіргі пародияның халі нешік? Өзіңіз кезінде марқұм Заманбек Нұрқаділовтен бастап, бүгінде арамызда жүрген Шерхан Мұртаза, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов сынды қаламгерлерге пародия арнадыңыз, қазір кімдерді пародиялап жүрсіз, жалпы осы адресті, яғни аты-жөні көрсетілетін пародия саласында өзіңізден басқа кімдерді атай аласыз?

— Иә, рас айтасыз, кезінде аты аталған, ел аузында жүрген азаматтардың бәріне пародия жазып сахналадым. Жақында ғана «Қазақ әдебиетінде» менің бір топ пародияларым жарық көрді. Олардың ішінде Шота-Аман Уәлихан, Тұңғышбай әл-Тарази сияқты танымал адамдар бар, бұлардың бәрі белгілі тұлғалар ғой.

Қазір Олжас Сыдықбеков деген жас жігіт Иманғали Тасмағамбетов, Әбсаттар қажы, Бекболат Тілеухан сияқты азаматтардың дауыстарын айнытпай салып жүр, осы баладан өзім үміт күтемін, бірақ ол репертуарындағы 5-6 адамды қашанғы пародиялай береді, көп болса қоянның терісі сияқты бір жыл шыдар, сосын сарқылады, тозығы жеткен тақырып та, тұлға да жұртты жалықтырады.

Менің де аталған пародияларымның орындалмай жүрген себебі – ол кейіпкерлердің көбі қазір саяси аренадан кетіп қалды, кейбірі зейнеткер. Міне, қазір осылардың деңгейіндегі атойлап көзге түсіп жүрген қандай тұлғалар бар, айтыңызшы? Осы себепті де пародия кенжелеп қалды, яғни пародияға сұранып тұрған объект жоқ. Пародисті аңшы дер болсақ, ол аңы жоқ орманды қанша кезгенмен не табады, міне бұл осы сияқты жағдай.

Пародия болатын объектіні ең алдымен халық тануы керек, мәселенің төркіні осында жатыр. Кімнің не істеп жүргенін, жұртқа не жақсылық-жамандығы өткенін білетін де, айтатын да халық, сондықтан пародиялайтын адамыңды ел-жұрт жазбай тануы міндетті.

Мысалы, Зауытбек Тұрысбеков деген Ішкі істер министрі болды, біраз жаңалықтар әкелемін, өзгерістер жасаймын деді, қазір елшілік қызметте жүрген бұл азаматтың дауысын да, түр-түсін де өзінің әріптестерінен басқа ешкім танымайды, оған қайтіп пародия жасайсың, сол сияқты біздің пародияға ілінетін халық сыйлаған, жақсы көрмесе де жек көретін тұлғалар да аз болып тұр ғой, өкінішке қарай.

Қашанғы Иманғали мен Әбсаттарды пародиялай берерсің, халық жалығады ғой, жұрт мезі болған соң пародияңның да құны көк тиын болып қалады. Жақында «Шаншарда» президенттің дауысын айнытпай салатын бір жігіттің өнерін тамашаладым. Әртістік шеберлігі жақсы екен, бірақ сол пародияны әрлендіре түсу үшін жақсы жазылған мәтін, яғни материал керек, сол жағы жетіспейді.

Пародия жазбайын, жасамайын деп жүрген жоқпыз, сол пародияға кейіпкер болатын тұлғалардың көбі ескіріп, ендігілері пісіп-жетілмей жатыр, мәселе осында болып тұр. Ал енді тұрмыстық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси пародия жасаса ғой шіркін деп ойлаймын, бірақ оны лайықты етіп алып шығуға сықақшылардың шеберлігі жетпейді ғой, жетсе неғып жазбайды?

Театрдың әртістеріне де көрерменге өтімді болатын дүние керек, олар да сенің қалай болса солай, жұмбаздап бере салғаныңды ала салмайды, олардың да өзіндік талғамы бар. Жақында «Бауыржан-шоу» «бізге жазатын авторлардың дүниелерінің бәрі бос нәрсе» деген ғайбат сөз айтты, бұл нені көрсетеді? Бұл деген тоқмейілсу, тәкаппарлық, болмай жатып болдым деу, өзінен басқа ешкімді көзге ілмеу, осы сөз көптеген сықақшы көкелеріміздің көңіліне келді, олар баспасөз беттерінде реніштерін білдірді. Міне, театр мен сықақшының арасындағы байланыстың түрі осы.

— Осы өзіңіз пародия жасаған ағаларыңыздың тарапынан сізге өкпе-реніш болған жоқ па?

— Әрине, өкпеледі. Тіпті, 1994 жылы Олжас Сүлейменовтің жанашырлары мен оның поэзиясына, жеке тұлғасына табынушылар «Қазақстан» ұлттық арнасына сол пародия көрсетілер кезде келіп алып, кішігірім көтеріліс жасаған сол жерде. Шерхан Мұртаза теріс айналып, аттай тулады. Мұхтар Шаханов ағам неше жыл бойы мені көрсе жау көргендей ызалы көзбен қарап жүрді.

Сөйтсем, ол өзі теледидардан көрмепті, оған айтпағанды айтты қылып, қосып жеткізетіндердің кесірінен осындай өкпе туыпты. Өзіне жеке барып оқып беріп едім, риза болды, өткен жылы Республика Сарайында өткізген кешінде мен жаңадан пародия жазып барып оқыдым, бірақ ол кеште өткір-өткір мәселелер айтылғандықтан эфирге өтпей қалыпты. Биыл сол кешті қайталап қоймақшы, соған мені пародиямды оқуға шақырып отыр, демек ұнаған деген сөз.

Ағылшындар «Punch» деген ылғи пародиялар мен эпиграммалар жариялайтын әдеби журналға шықпаған, яғни пародияға кейіпкер болмаған ақын-жазушыны есепке алмайды екен, ал бізде керісінше, пародия жазсаң пәлеге қаласың, соңыңа ит қосып қуады, солғын амандасады, жек көреді. Пародия деген мазақтау емес, ол адамның жақсы қасиетіне қоса өзі байқамайтын кейбір кемшін тұстарын әзілдеп жеткізу ғана ғой, осы да сөкеттік пе?

Сондықтан біздегі сықақшылардың күні мәз емес, өйткені, олар келе жатса, жұрттың көбі «осы бірдеңені бүлдірер, бұл қызыл көз пәлеге сөз бермеңдерші» деп, күні бұрын секемденіп, қашып жүреді, жиналыста, тіпті тойда да сенің аузыңды жабуға тырысады.

Өз басым лирикалық өлең жазатын ақындарға қызығамын, ол махаббатты жырлай ма, Отанына өлең арнай ма, жұрт оны қошеметтеп қарсы алады. Біз, сықақшылар, соның арасынан саңылау тауып шығып жүреміз, бір қуанатыным – бізді халық жақсы көреді. Сын сықағына ілінген жұрттың өкпесіне қарап жатқан біз жоқ, жауынгер жанрдың өкілі ретінде халықтың ризалығы үшін жұмыс істеудеміз.

— Аға, әдеби журнал демекші, «шаққан жері жара болатын» «Араның» жай-күйі не болып жатыр?

— «Араның» тарихын қарап отырсаңыз өзі ылғи жабылып қалып, қайта шығып тұрған екен. Алғаш рет 1915 жылдан бастап «Садақ» деген атпен Бейімбет Майлиннің редакторлығымен үш жыл шыққан, одан кейін «Шаншар» деген атаумен Жүсіпбек Аймауытов шығарған, Ілияс Жансүгіров ағамыз редакторлық еткен «Балғаның» 2-3 саны ғана жарық көрген.

1932 жылы соңғы рет шыққан, сөйтіп арада өткен соғыс, қуғын-сүргіннен кейін 1956 жылы Ғабит Мүсіреповтің басшылығымен «Ара-Шмель» болып шығып, тәуелсіздік алғаннан кейін қайтадан жабылды. Мүмкін, ол жылдары сынау-мінеудің керегі болмаған шығар. Сонымен қазір біз бұл журналды жеке бастамамен шығарып отырмыз. Мұнда кеңірдектен алып, мойыту емес, халыққа әдемі қалжың сыйлап, сыбайлас жемқорлық деген ауыздық бермей отырған кеселді сықақпен сыбап, сатираның шоғына күйдіруді мақсат тұттық.

Бір заманда «Ара» үкіметтің саяси сатиралық журналы болатын, оның бетіне бір шыққан адам оңбай кететін, Оспанхан ағамның «Ара ара болады, шаққан жері жара болады...» дегені, басылымның соңғы редакторларының бірі Қалтай Мұхамеджановтың «Арада» жұмыс істеу жалаңаш қалпыңда кірпінің үстінде отырумен бірдей...» деген сөздері осы кезден қалған.

Ал қазір сен айтып жатырсың ба, шағып отырсың ба, оныңды ара емес шыбын шаққан құрлы көрмейтін терісі қалың қоғамға тап болдық. Бірақ, «оқтаусыз мылтық он адамды қорқытады» дегендей, «Ара» деген аты бар, бұған да мойын бұрып, оң көзімен қарайтын азаматтар бар. Қаржылық жағынан ешқандай демеушісі жоқ, өз бидайын өзіне қуырып беріп, халық үшін тегін жұмыс істеп жатырмыз, әйтпесе, біз үшін көк тиын пайдасы жоқ, имандай шыным осы.

— 1 сәуір – күлкі күні дейміз, бірақ бұл күнді біз мереке ретінде қарастырмаймыз, басылымдар жазады, журналистер айтады, мәселе сонымен тәмам, ал қалжыңның қаймағын қайыратын қазаққа күлкі күнін мерекелеуге не жетпей тұр деп ойлайсыз, Көпен мырза?

— Біз жаңа жылды 1 қаңтар күні әлі күнге атап келеміз, мұны христианның мерекесі демей-ақ біз жанымызды салып тойлаймыз. 22 наурызды тойлауға енді-енді мойын бұра бастадық. Ал 1 сәуір – күлкі күні мерекесі деген болмаған, ол Болгарияның Габрово қаласында жыл сайын сықақшылардың халықаралық байқауы өтеді, соған байланысты шыққан атаулы күн.

Бірақ осыған Қазақстаннан біреу қатысыпты дегенді естіген емеспін, мәселен, түріктің әйгілі сықақшысы Әзиз Несин осы байқауға қатысып, екі рет «Алтын кірпі» сыйлығын алған. Сондықтан бұл күлкі күнінің қазақтарға еш қатысы жоқ, одан да осы мерекені ұлттандырып, Алдар көсе мен Қожанасырдың біреуінің атына еншілеп неге тойламасқа деп ойлаймын. Өйткені, біздің халықтың қиялынан туды дейтін бұл екі тұлға да өмірде болған адамдар және жағымды кейіпкерлер.

— Күлкі күнінде Азаттықтың оқырмандарына не тілек айтар едіңіз?

— Ұстазым Оспанхан Әубәкіровтің жақсы бір бата тектес өлеңі бар, соны оқып берейін:

– Тек жүрсең, тоқ жүресің, домаланып көп жүресің,
Жиналыстарда сөз сөйлеп, анау-мынау деп жүресің.
Тек жүрсең, тоқ жүресің, домаланып көп жүресің,
Аузы-басты қисаңдатып, анау-мынау жеп жүресің.
Тек жүрсең, тоқ жүресің, домаланып көп жүресің,
Бала-шаға, үй-ішіне аман-есен кеп жүресің.

Негізі, тек жүрген жақсы ғой. Тек жүрсең, көп жүресің!

— Азаттықтың оқырмандарына ұсынар сиясы кеппеген дүниеңіз бар ма?

— Жақында ғана жазылған Шота-Аман Уәлихан ағама арнаған пародияны оқып берейін:

Сіздер Шотаны білесіздер ме? Шота да, Шота! Жоқ, грузиннің Шота Руставелиі емес,
Өзіміздің Шота! Сәулетші, мүсінші, суретші Шота-Аман Уәлихан! Сол ағам әнеукүні жолығып қап, «әй мен бір керемет мақал шығардым» деді.

«Қандай мақал, аға?»
«Өлеңнен де артық мақал».
«Қандай аға?»
«Судың төресі — минерал, солдаттың төресі — генерал», қалай деді?

Ойбай, мынауыңыз керемет екен, егер сіз ақын боп кетсеңіз Шөмішбай шайыр нан таппай қалар ма екен, деп әзіл тастап едім, тағы бір мақалым бар деді, қандай деп едім:

«Төбесіз жер болмайды, төресіз ел болмайды», во! — деп бас бармағын шошайтып, жеңімнен ұстап жетектеп, шеберханасына алып барды. Онда барсам, тас тұғырдың үстінде екі қолы ербиіп, екі аяғы талтиып өңкиген бір шал тұр. «Мынауыңыз кім?» дедім.

«Атам ғой, Тезек төре», — деді.

«Төре болса неғып тоңқайып тұр?» деп сұрадым, «жоқ, ол тоңқайып тұрған жоқ, негізі, ол кісінің астында аты болуы керек еді, бірақ, мына кризистің кесірінен атты салуға ақша болмай қалды», — деді.

Сексенге келген, мемлекеттік деңгейдегі біраз ескерткіштің авторы Шота ағамның дағдарыс кезінде көңілін көтеруге сеп болсын деп, қиялдап жазған дүнием еді, оқырмандар оқи отырсын.

— Күлкі күнінде өзіңіз жақсы көріп айтатын бір анекдотпен бөлісе аласыз ба?

— Біз ел-жерді көп аралаймыз, «әр елдің салты басқа» дегендей, руы мен жүзіне де байланысты адамдардың әртүрлі мінез-құлықтары болады, соларды сынау үшін мына бір әңгімені ылғи айтып жүремін:

Сайтан мойнына сырнай тағып алыпты, «ей, мынау не?» дегендерге: сырнай ғой дейді. Оны қайтесің десе: қонаққа барғанда тартамын дейді. Қандай қонаққа барғанда деп сұрағандарға: мұны мен қожалардың үйіне барғанда тартамын, деп жауап береді. Неше рет тарттың десе, әлі бір рет те тартып көрмеппін, — дейді.

Мұны мен тек қожа емес, әртүрлі рулы елге барғанда ыңғайына қарай қолданып айтамын, қазір түсінікті болу үшін айтқаным ғой. Мұны естіп, түсінген жұрт бір күліп алады да, әрі қарай қазақтың дәстүрімен шәй-пәй жалғасып кете барады.

Мереке құтты болсын, Алла күлкіден айырмасын!

— Әңгімеңізге рахмет, Көпен мырза!
XS
SM
MD
LG