Accessibility links

Қостанайда құлаққағыс қып айтылған көп сөзден қазақ тіліне қайран болмай тұр


Қостанай облысында шығатын кейбір басылымдар. Тамыз, 2009 жыл.

Қостанай облысында шығатын кейбір басылымдар. Тамыз, 2009 жыл.

Аймақта қазақ тілінің қағажу көріп келе жатқаны туралы Азаттық сайтында талай мәрте айтылды да, жазылды да. Тілшіміздің жазуына қарағанда, әбден жауыр болған бұл мәселенің жуық арада шешімін табар түрі көрінбейді.

БАЯҒЫ ЖАРТАС - СОЛ ЖАРТАС

Қостанай өңірінде қазақ тілінің жағдайы айдалада тоқтап қалған өгіз жеккен арбаға ұқсайды. Халық өлеңінде айтылғандай, қара жолмен сықырлап арба келеді. Не асфальт жол жоқ, аяқтың асты батпақ, жолаушылардың үсті сатпақ.

Арбаны көздеген жерге алып бару үшін ең алдымен қамыт киген өгіз мықты болуы керек, оның шамасы жетпесе, айдаушы іскер болуы шарт, оның да қолынан келмесе, кездейсоқ жүргіншілер мен арнаулы жолаушылар бейнетіне көніп, бірі тегершігін итеріп, бірі өгізді сүйреп, біреуі жол көрсетіп дегендей, көпшілікпен бітетін жұмыс.

Бірақ, сөз көп те, іс шамалы. Құр айқаймен есекті де жұмысқа жеге алмайсың. Тілі ана тілінде шыққан бала енді қазақша сөйлей алмай тұрса, оған кім кінәлі?! Оны сақау деп те, мақау деп те айта алмаймыз ғой.

Ахмет Байтұрсынов айтқан бастауыш мектепте бірыңғай қазақша оқыту мәселесі шешімін тапты ма? Сол Ахаң айтқан халықтың көзі, құлағы тілі болатын төл басылымдар жеткілікті ме? Қазақстандағы, әсіресе солтүстік өңірдегі облыс орталықтарындағы орыс тілді газеттер қазақ елі емес, басқа мемлекеттің басылымы секілді. Өйткені, оларда елдің тілі мен діні, салт-дәстүрі, әдебиеті мен мәдениеті туралы мүлдем жазылмайды немесе ара-тұра, тиіп-қашып жазылады.

«Бір ғажабы, ана тілімізге қарсы шығып жүрген басылымдар тендерде жеңімпаз атанып, мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді. Беттерінде орыс тілі мемлекеттік тіл болсын деген орынсыз ұсыныстарға орын беріледі. Қазақ тілді басылымдардың жан айқайын күнде оқып жүрміз десек те, олардың көпшілігі өз қотырын өзі қасығандай әсер қалдырады. Мемлекеттік тілді білмейтін шенеунік немесе қазақ тілінде сөйлемейтін депутат қызметтен кетсін немесе депутаттық мәртебеден айырылсын дейтін сөздер естілмейтін болды», - деді Қостанай қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Беген Көпешев.

«Тіл жанашырларының көптеген құнды пікірлері “жартасқа бардым, күнде айқай салдымды” еске салады. Баяғы жартас бір жартас. Мекемелер мен көше аттарының жазылуындағы өрескел қателер туралы БАҚ-дары аттан салып жатады. Бірақ, сын түзелгенімен, мін түзеліп жатқан жоқ. Өйткені, билік басындағылардың дені орысша ойлайтындар, сол тілде сөйлейтіндер, қазақ тілін өрге шығарайық десең, “әлі оған ерте, ғой!” дейтіндер. Сең қозғалды ма дегенде, премьер-министр мен кейбір министрлеріміздің тілі келсін-келмесін, ана тілінде сөйлеп жатқанынан үміт етеміз. Бірақ, мемлекеттік тіл мәселесін кейінгі кезде жиі өткізіліп жүрген түрлі байқаулар мен көрмелер, өзге ұлт өкілдері арасындағы жарыстардың түбегейлі шеше алмайтыны туралы қазақ басылымдары жазудай-ақ жазып жатыр. Қазақ тілі әр отбасымен қатар мемлекеттік ұйымдарда, мектепте және мәдени ошақтарда басымдыққа ие болғанда ғана бөркімізді аспанға атуға болады», - дейді ардагер ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Омар Баймағамбетов.

ГАЗЕТТІҢ АТАУЫ: «АЯТ» ПА, ӘЛДЕ «ӘЙЕТ» ПЕ?

«Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын көптеген республикалық және облыстық газеттерді орыс және қазақ басылымдарын біріктіріп, екі тілде шығарсақ та ұтар едік. Мәселен, “Егемен Қазақстан” мен “Казахстанская правда” көбінесе бір тақырыптағы материалдарды жариялап келе жатқаны шындық қой. Мұның өзі бір жағынан қаржы үнемдеуге әкелсе, екінші жағынан тіл үйрету мектебі болар еді. Мемлекеттік тілдің мүддесін қызғыштай қорғайтын орыс тілді басылым ауадай қажет», - дейді қостанайлық ақын Әбдірахман Досов.

Қазіргі уақытта Қостанай облысында жүзден астам газет пен журнал жарық көреді екен. Солардың ішінде таза қазақ тілінде шығатын облыстық «Қостанай таңы» және Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нің «Жас өркен - Қостанай» журналы мен «Білім жарысы» газеті
Лисаков қаласында шығатын «Аят» қоғамдық-танымдық газеті. Қостанай облысы, 21 тамыз 2009 жыл.
ғана. Бұл тізімге Аманкелді, Жанкелдин аудандарында шығатын басылымдарды қоспаған себебіміз, олар айына бір-ақ рет шығады, яғни, таралымы мардымсыз.

Лисаков қаласында биылғы жылдан бастап «Аят» деп аталатын қоғамдық-танымдық газет шыға бастады, Орысы көп, қазағы аз қалаға ауадай қажет газет десек те, оның атауына жергілікті жұрттың көңілі толмайды. Аят – Құранның аяты. Ал газет осы өңірдегі Әйет өзенінің атауымен аталған секілді. Бірақ, газетшілер қазақ сөзінің мағынасына мән бермей, орыс тіліндегі Аят деген атауды сол қалпында ала салған.

Арқалық қаласында «Торғай» апталығы екі тілде жарық көреді. Торғай десе қазақ зиялылары еске түседі. Бірақ, мына газет көбінесе орыс тілінде сайрайды. Сол сияқты, Қарабалық аудандық газеті «Айна» деп аталады. Қамысты аудандық газетінің атауы «Бозторғай», Қостанай аудандық газеті «Көзқарас». Бірақ, бұлардың да аты ғана қазақша, ашып қалсаң, материалдардың тоқсан пайызы орыс тілінде.

Қостанай қаласындағы «Қостанай» газетінде қазақ тіліндегі материалдар айына екі рет айқарма бет түрінде беріледі. Көптеген аудандарда жергілікті газеттер орыс тілінде жарық көреді. Қазақ оқырмандарын алдаусыратқандай етіп, айына бір мәрте парақша немесе бірнеше бет беріледі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG