Accessibility links

“Қазақта Наушабайдың Нұржаны өткен...”


Қостанай облысындағы Құттық ауылының маңында ақын Нұржан Наушабайұлына қойылған белгітас.
Қостанай облысындағы Құттық ауылының маңында ақын Нұржан Наушабайұлына қойылған белгітас.

Нұржан Наушабайұлының туғанына 150 жыл толуы оның туып-өскен ауданында 9 қазанда аталып өтті. Ақындардың бірі “Жүз нұрың жиылса да, бәрі бірдей бір Нұржан болуға олар жарамай жүр” деп жырлаған меретойдан айтыскерлер де, палуандар да шет қалған жоқ.


“Қазақта Наушабайдың Нұржаны өткен,
Арқаға ән тұқымын сол еді еккен.
Тобылдан көтерілген бір зор айқай
Сібір мен Сыр суына балын төккен” деп Нұрхан Ахметбеков жырлаған қазақтың біртуар ақыны - Нұржан Наушабайұлының 150 жылдық мерейтойына байланысты шаралар өткен жұма күні ол тыныстап жатқан зиратта құран оқудан басталды. Қостанай ауданындағы Владимиров елдімекенінде орнатылған белгітас жанында жиын өтіп, онда ақын туралы пікірлер айтылумен қатар мектеп оқушылары ақынның тақпақтары мен назымдарын жатқа оқыды.

“ОЙҒА САЛСАҢ НҰРЖАННЫҢ КӨП АҚЫННАН СӨЗІ АРТЫҚ”

Аудан орталығында өткен ғылыми-теориялық конференцияда бірқатар танымдық-тағлымдық баяндамалар жасалды.

Қазақ оқырманы әлі күнге шейін шығармаларымен толық таныса алмай жатқан ақиық ақындардың бірі - Нұржан Наушабайұлы. Жыр сүлейінің өлеңдері кезінде жарық көргенімен, ақын шығармашылығы толық зерттеле қойған жоқ..

Нұржан Наушабайұлының өлеңдері жинақталған «Алаш» кітабының мұқабасы. Қостанайдағы «Баспа үйінен» 1997 жылы жарық көрген.
Көзі тірісінде өлең жампозының үш кітабы жарық көрген екен. “Манзұмат қазақия” (1903 жыл), “Жұмбақ. Нұржан мен Сапарғалидың жұмбақ айтысы” (1908 жыл) және “Алаш” (1910 жыл) араб әріптерімен басылып, Қазан революциясына дейін жарияланған болса, тәуелсіздік алғаннан кейін “Алаш” деп аталатын кітабы Қостанай қаласында жарық көрді. (Нұржан Наушабайұлы. ”Алаш”, Қостанай: “Баспа үйі”, 1997 жыл). Оған жоғарыда аталған үш кітаптағы шығармалары кірді. Алайда, таралымы үш мың дана ғана болған кітап республика көлеміне өте аз тарады.

Конференцияда сөз алған Марат Қасымов ақын есімін ардақтау бағытында жасалып жатқан жұмыстар әлі де аз екенін еске салып, Қостанай қаласындағы Николай Островский атындағы қалалық кітапханаға Нұржан есімін беру туралы ұсыныстың аяқсыз қалғанына қынжылыс білдірді.

Діндар ақынға құран бағыштаған Ертай қажы Балахмет Нұржан ақынның имандылық туралы жырларына тоқталып, оның назымдары мен өсиет өлеңдерінің мұсылман баласына аса пайдалы екенін қадап айтты.

“Ойға салсаң, Нұржанның көп ақыннан сөзі артық”, – деп ақынның өзі айтқандай, “іші алтын, сырты күміс сөз сарасын” саралай білген ақын көзіне көрсетіп, қолына ұстатқандай бейнеленген:

“Бұлт шалып мұнартқан,
Асқар биік тауларың,
Төбе болған заман-ай,
Асфаһани қылыштар,
Қынабынан суырылмай,
Көне болған заман-ай.
Аққу қалып қатардан,
Айқай салып тырналар,
Төре болған заман-ай...” деген секілді жыр жолдары бүгінгі күн бейнесін де дәлме-дәл бедерлеп, тамырын тап басып тұр.

Қостанай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі ақын мерейтойы қарсаңында “Нұржаннан қалған нұрлы іздер” деп аталатын ақпараттық-анықтамалық әдістемелік буклет, сонымен бірге “Нұржан әндерінің ноталарын” бастырып шығарды. Кейінгі кітапшаға ақын әрі сазгердің ән мәтіндерімен қатар ноталар да берілген. Нұржан Наушабайұлы атындағы қазақ орта мектебі ақын туралы әр уақытта жазылған мақалалар мен зерттеулер кітабын даярлапты. Алайда, бұл жинақтың да таралымы өте аз.

НҰРЖАН ӨНЕГЕСІ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

Нұржан жауырыны жерге тимеген палуан да болғаны белгілі. Осыған орай аудан орталығында қазақша күрестен жарыс өтті. Аудандық Мәдениет үйінде ақындар айтысымен қатар жыршы-термешілер сайысы және жас ақындар мүшайрасы ұйымдастырылды. Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Манап Қадіров Нұржанның “Көкен-ай”, әнші Азамат Мұқатов “Асыл-ай” әнін келістіре орындаса, Айнұр Сейітова оның термелерін айтып берді.

Осы орайда Арқа өңірінде Нұржанның өзіндік әншілік және жыршылық мектебі қалыптасқанын айту керек. Сол дәстүрді жалғастырушылар бар екені осы жолы айқын көрінді.

Ақын Нұржан Наушабайұлының 150 жылдығын атап өтуге жиналған жұрт оның зираты басында құран бағыштады. Қостанай облысы, 9 қазан 2009 жыл.
Нұржан көрсеткен өнеге - ақындар мүшайрасы мен айтыс та жалғасын тапты. Ақындар мүшайрасында бас жүлдеге ие болған Абылай Маудановтың Нұржан атасының рухына арнаған:

“Беу, Нұр-атам, дүр атам,
Құлының едім құбақан,
Кім қотыр тай, кім атан,
Сенің пірің ақиқат,
Менің “пірім” – “Нұр-Отан” деген шымыр шумақтары көп қошеметіне ие болды.

Айтыскер ақындар да аянып қалған жоқ.. Қостанай өңірінде қордаланып қалған өзекті мәселелерді жырға қосып, тіл мәселесіндегі түйткілдерді де орынды сынап өтті. Сонымен бірге билік басындағыларға да өткір сындар айтылды.Мәселен, Айбек Қалиев ақын атын ұлықтауға мән бермей жүргендерге өкпесін айта келіп:

”Құр жанын күйттеп жүрген күйдіргілер Нұржанның қасиетін қайдан білсін!” десе, Азамат Мәлжанбай Қостанай көшелерінде тұрған ескерткіштерді өлеңге қосып, “Чаплин, Наполеондар ренжімес, Қазағымның Нұржаны тұрған кезде” деп көсілді.

Марғұлан Оспанов ”Жүз нұрың жиылса да, бәрі бірдей бір Нұржан болуға олар жарамай жүр” деп ағынан жарылды.
XS
SM
MD
LG