Accessibility links

Бұрынғы ерлі-зайыпты жандарды бір-біріне оқ атуға жеткізген не?


Балжан Увалиева өз автокөлігінің сынған әйнегін полиция қызметкерлеріне көрсетіп тұр. Қостанай, 7 қазан 2009 жыл. (Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің мұрағатындағы сурет).

Балжан Увалиева өз автокөлігінің сынған әйнегін полиция қызметкерлеріне көрсетіп тұр. Қостанай, 7 қазан 2009 жыл. (Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің мұрағатындағы сурет).

Балжан Увалиева Қостанайдағы мамандандырылған арнаулы соттың төрағасы Ербол Панзабековтің өзіне мылтық кезеп, оқ атқанын мәлімдеді. Бұл ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжал ма, әлде судьялардың мүлікке таласы ма, әзірше тап басып айту қиын.

ТАЛ ТҮСТЕ АТЫЛҒАН ОҚ

«Аденстрой» деп аталатын кірпіш зауытының қосалқы иесі Балжан Увалиеваның автокөлігіне қазан айының жетісі күні тапа-тал түсте оқ атылған. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бастығы болып есептелетін Балжанның айтуына қарағанда, оның бұрынғы күйеуі Ербол Панзабеков мінген қызмет бабындағы «Волга» автокөлігі олардың ізіне түскен.

Жұмыстан қайтып келе жатқан Балжан мінген көлік Қостанай қаласындағы Карбышев және Полевой көшелерінің қиылысында бағдаршамның қызыл жарығына тоқтаған сәтте қолында аңшы мылтығы бар кісі жүгіріп келіп, автокөліктің маңдай шынысын мылтықтың дүмімен ұрып сындырмақ болған.

Бұл әрекеті сәтсіз болғаннан кейін ол енді көліктің қапталынан келіп, бүйірдегі терезені сындыруға тағы да әрекет жасаған. Сол кезде мылтық атылып кеткен. Балжанның сөзіне сенсек, содан кейін де бірнеше рет оқ атылған, ал жүргізуші көлігін орнынан қозғап үлгерген.

Балжан көліктің артқы орындығында жолаушылар болғанын, ал атылған оқтан өзі бұғып қалып, кездейсоқ аман қалғанын, болған жайды Ұлттық қауіпсіздік комитетіне келіп мәлімдеген соң ғана жаны жай тапқанын айтады. Ол мылтық ұстаған адам -өзінің бұрынғы күйеуі - Ербол деген мәлімдеме жасаған.

«Судьяны қамауға алуға санкция берілмеген, Ербол Панзабековтың аталған оқиғаға қатысы бар-жоғы анықталуда», - дейді Қостанай қаласының прокуроры Арай Әлімов.

Қостанай облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Елена Кашаринаның сөзіне қарағанда, заң бойынша судьяға қарсы қылмыстық іс тек республиканың бас прокурорының шешімімен ғана қозғалады. Қазіргі уақытта Балжан Увалиеваның мәлімдемесінің ақ-қарасы тексерілу үстінде екен.

«ДАУДЫҢ БАСЫ ДАЙРАБАЙДЫҢ КӨК СИЫРЫ» БОЛҒАН ҚЫЗЫЛ КІРПІШ

Балжан Увалиева осыдан бір жарым ай бұрын өзінің бұрынғы күйеуі, Қостанайдағы мамандандырылған арнаулы соттың төрағасы Ербол Панзабековтың Қытай Халық Республикасынан келген 48 адамның кірпіш зауытында заңсыз жұмыс істегенін бүркемелегенін мәлімдеген болатын. Көші-қон полициясы бастығының орынбасары Қайрат Дүтпаевтың сөзіне қарағанда, кірпіш зауытында жұмыс істеген қытайлықтар биылғы жылдың тамыз айының аяғында ұсталған. Оларға қарсы әкімшілік жаза қолданылған.

Бірақ, арада бір жарым ай өткенде олардың саны бұрынғыдан үш есеге дейін өсіп кеткен.Олардың арасында әйелдер де, тіпті жасы кәмелетке толмаған бала да болған деген ақпараттарды бірқатар басылымдар жазған болатын.

Қазіргі уақытта кірпіш зауытын Ерболдың бауыры Бексұлтан басқарады. Балжан болса оны мойындамайды. Құжаттар бойынша зауыт директоры болып Балжан тіркелген. Өткен жылдың өзінде ғана аталған кірпіш зауытында жалпы құны он үш миллион теңге болатын 655800 дана қызыл кірпіш шығарылған.

«Кірпіш зауытына менің ешқандай қатысым жоқ, онымен менің туыстарым айналысады. Кірпіш зауытының жабдықтарын Қытайдан менің бауырым Еркін алып келген», – деп мәлімдеген болатын бұған дейін Ербол Панзабеков.

Бірақ, зауыт іске қосылған соң арада біраз уақыт өткеннен кейін зауыттың құжаттары Ербол Панзабековтың өзінің келісімімен Балжанның інісінің атына жазылады. Бұл кезде Балжан да экономикалық сотта судья болып қызмет атқарған. Содан кейін ол жұмысын тастап, кірпіш зауытына біржолата директорлық қызметке ауысады.

Сөйтіп, кірпіш зауыты қазіргі уақытта қос қожайын дағдарысын басынан кешіруде.

Ал бейсенбі, қазанның 8-і күні «Новости-Казахстан» жаңалықтар агенттігі «Қостанайдағы мамандандырылған арнаулы соттың төрағасы Ербол Панзабеков ҚР Қылмыстық кодексінің 132-бабы бойынша бұрынғы зайыбының өміріне қастандық жасамақшы болды деген күдікпен ұсталды» деген ақпаратты облыстық Ішкі істер басқармасы баспасөз-қызметінің бастығы Елена Кашаринаға сілтеме жасап таратты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG