Accessibility links

Суретші Гүлдана Жұрқабаева шығармалары арқылы дала келбетін танытқысы келеді


Суретші Гүлдана Жұрқабаева өзінің туындылары қойылған «Дала әуендері» көрмесінде. Қостанай, 25 шілде 2009 жыл.
Суретші Гүлдана Жұрқабаева өзінің туындылары қойылған «Дала әуендері» көрмесінде. Қостанай, 25 шілде 2009 жыл.

Қостанайда көркемсурет галереясында жас суретші Гүлдана Жұрқабаеваның «Дала әуендері» деп аталған жеке көрмесі өтіп жатыр. Оған 37 жұмыс қойылған. «Орманда», «Бүркіттер» деп аталатын суреттерде аңдар мен құстардың көздері орнына асыл тастар қойылған.

Көрмені қызықтаушылар Қостанайда бұған дейін негізінде Еуропалық бағыттағы жанрлар үстем болып келсе, бұл жолғы көрме дәстүрлі халық шығармашылығына байланысты болғанын, оған көңілдері толғанын айтуда.

«Хан Абылай», «Томирис», «Тамғалы иероглифтері» секілді композициялық-сәндік кескіндемелер символикалық сарында салынған.

Гүлдана Қостанай облысының Жанкелдин ауданына қарасты қазіргі Міржақып Дулатов атындағы қауымдастық орналасқан өңірде туып-өскен. Қазіргі уақытта Қостанай ауданы орталығында тұрады. Облыс орталығында өткен жылы ғана пайдалануға берілген көркемсурет галереясында көрме ұйымдастырушы болып қызмет атқарады.

Суретші Гүлдана Жұрқабаеваның шығармасы. Қостанай, 25 шілде 2009 жыл.
Торғай гуманитарлық колледжін бітіргеннен кейін Қостанай гуманитарлық институтында дизайншы мамандығын алып шыққан жас суретші алуан түрлі паннолар, гобелендерді қазіргі заман интерьерінің ажырамас бөлігі есебінде қолданады.

Суретші еңбектерін бамбуктан жасалған рамаларға орналастырса, сурет салғанда ашық бояуларды пайдаланумен бірге, табиғи материалдар – түрлді сәндік тастарды, тұрмыстық бұйымдарды, тиындарды, жануарлар сүйектерін пайдаланады.

Гүлдана алғашқы суреттерінде Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынов секілді Алаш ардақтыларын бейнелеген екен. Бұл суреттер қазіргі уақытта Торғай гуманитарлық колледжінде сақтаулы тұр.

Суретшінің қарсақ, түлкі, зорман, елік және ешкі терісіне салынған суреттері келушілер назарын ерекше аударды. Оның алғашқы көрмесі осыдан бір жыл бұрын облыс орталығындағы Лев Толстой атындағы облыстық кітапханада өткен.

Осыдан кейін суретші еңбегін бағалаған мамандар Астанадағы «Талисман» зергерлік шеберханасында оның 37 еңбегін сатуға қояды. А-4 форматы көлемінде былғарыға салынған, айтары анық, ұлттық бояуы қанық бұл суреттердің әрқайсысы кем дегенде бес мың теңгеден бір-ақ күнде сатылып кеткен.

«Ең алғаш еңбегіме алған қаламақым осы болды, бірақ, мен өнерге байлық көзі деп қарамаймын, өзім өскен дала келбетін елге танытсам деймін», – дейді жас суретші.

Cуретші Гүлдана Жұрқабаеваның «Дала әуендері» деп аталған жеке көрмесінен көрініс. Қостанай, 25 шілде 2009 жыл.
Биылғы жыл суретші үшін жемісті болды. Астанадағы Тәуелсіздік сарайына оның ешкі және түлкі терілеріне салынған, композицияда асықтар мен жауырын секілді мал сүйектері пайдаланылған екі суреті қойылды. Бірнеше суреті ҚР Президентінің мәдениет орталығына алынды.

«Гүлдана өте еңбекқор. Терілерді өзі өңдемесе де, ақысын төлеп, жасатып алады. Кейбір аңшылар оған аң терілерін өздері әкеліп, сыйға тартады. Ас асыл тастар қымбат болса да, өнер үшін ақшасын да аямайды. Мәселен, осы еңбектерін көркемдеуге гранат, агат, яшма, піл сүйегі, тау хрусталі, саметис, Қытай монеталарын қолданған», – дейді көркемсурет галереясы директорының орынбасары Сая Нұрлыбайқызы.

«Гүлдананың шығармашылығы ерекшеленіп тұрады. Суреттерді әшекейлеуге айырықша мән береді. Тулақ бетіне сурет салу технологиясын меңгеріп алғанына қайран қаласың. Көз алдына қазақ даласы келеді. Шынында да көрмеден дала әуендерін естігендей боласың», – дейді көрмені тамашалаушылардың бірі, ақын Нағашыбай Мұқатов.
XS
SM
MD
LG