Accessibility links

Қостанайда жаяу жүргіншіні қағып өлтіре алмасаң, ұрып өлтіруге болады


Жаяу жүргіншіні ұрып өлтірген деген айыппен жауапқа тартылып жатқан автокөлік жүргізушісі Саят Есембеков қалалық сотта жауап беріп тұр. Қостанай, 4 қараша 2009 ж.

Жаяу жүргіншіні ұрып өлтірген деген айыппен жауапқа тартылып жатқан автокөлік жүргізушісі Саят Есембеков қалалық сотта жауап беріп тұр. Қостанай, 4 қараша 2009 ж.

Қарашаның 4-і күні Қостанай қалалық сотында Саят Есембековке қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша сот басталды. Ол автокөлігінің терезесін ұрып жіберген жүргіншіні соққыға жығып өлтірген деп айыпталып отыр, 26 жасар айыпталушы болса өзін кінәсізбін дейді.

Қостанай қалалық сотында жаяу жүргіншіні ұрып өлтірген жүргізушіге қарсы сот басталды. «Мерседес» автокөлігінің тізгінін ұстаған Саят Есембеков Қостанай қаласындағы Спандияр Көбеев атындағы көшеден аулаға бұрыла бергенде жол шетінде келе жатқан жүргіншіні қағып кете жаздаған. Машина доңғалағы жүргіншінің аяқ киімін жанап өткен. Ол бұған ыза болып, автокөліктің терезесін ұрып жібереді.

Сол сәтте көлігін тоқтатып, есіктен атып шыққан жүргізуші Рашитовқа тарпа бас салып, оны ұрып жығады. Жерге жығылып қалған жүргіншіні Есембеков аяғымен бірнеше мәрте теуіп үлгерген. Осы оқиғаны көріп тұрған куәлер және сол сәтте жәбірленушінің жанында болған әйелі Гүлмира Рашитованың айтуынша, оқиғаның шапшаң дамығаны соншалық, оны қорғап та, араша түсіп те үлгермеген.

Арада бірнеше минут өткеннен кейін жедел жәрдем көлігі келіп жеткенше Мәрлен Рашитов ол дүниелік болып кеткен. Қайтқан жігіттің артында екі баласы қалды. Олардың үлкені он алтыда, кішісі тоғыз жаста.

Тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін қырық жастағы Рашитовты соққыға жыққан және оның ажалына себепкер болды деп айыпталып отырған Саят Есембеков енді сот залында жауап беруде. Саятқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 96 бабының 1 тармағы бойынша «Кісі өлтірген» деген айып тағылып отыр.

Бірақ, айыпталушы өз кінәсін мойындамаған. Оның айтуынша, қаза болып кеткен Рашитов мас болған және оған ең бірінші жұдырық жұмсаған, сондықтан ол қорғаныс мақсатында ғана күш көрсетуге мәжбүр болған. Саят Есембеков 26 жаста. Ол қала фирмаларының бірінде күзетші болып істейді екен. Оның үстіне шығыс жекпе-жегі джиу-джитсумен айналысқан, тепсе темір үзетін жігіт.

Қылмысты іс материалдарына қарағанда, марқұм Рашитов осы оқиғаның қарсаңында ғана Канар аралдарына жолдама ұтып алған екен. Осы олжасын өз таныстарына «жуған». Яғни, айыпталып отырған азаматтың адвокаттары желеу еткен «ол мас болды» деген сөздің де негізі болуы мүмкін. Марқұмның жесірі Гүлмира Рашитова болса онымен он тоғыз жыл отасқанын, осы уақытта күйеуі өмірінде қатты мас болмағанын айтады.

КІСІ ӨЛІМІ КЕЗДЕЙСОҚТЫҚ ПА?

Осы оқиғаның басы-қасында болған куәлердің бірі Қасым Әбдіхалықовтың айтуына қарағанда, марқұм Рашитов өзін қағып кете жаздаған автокөлік иесіне қатты айқайлап, терезесін ұрып жіберген. Машинадан шыққан жүргізуші болса оған бірінші болып қол көтерген. Сот-биологиялық экспертиза қорытындысы бойынша Рашитовтың бас сүйегіне зақым келген және басына қан құйылуы салдарынан қайтыс болған.

ТАМЫР-ТАНЫСТЫҚТЫ АРҚАЛАНҒАН КЕЙБІРЕУЛЕР БАСҚАЛАРДАН АЙЫЛЫН ЖИМАЙДЫ


- Осыған орай өз басымнан өткен бір оқиғаны тілге тиек қылғым келеді. Осыдан бір жыл бұрын мені де аулаға кіреберісте жол шетінде шетел көлігі таптап кете жаздады. Қатты ыза болып, көлік терезесін ұрып, тізгінде отырған жас жігітті тілдесуге сыртқа шақырдым. Ол болса, терезесін ашып, «неге көзіңе қарамайсың!?» деп өзіме бас салды. «Сенің аты-жөнің кім?» деген сауалыма «Миллер» деп жауап берді. Сол арада ол да, жанында отырған жігіт те қолдарына бір-бірден аузы ашылған «Миллер» сырасын ұстап отырғандарын байқап қалдым. Мұны көрген жігіттер көліктерімен ызғыта жөнелді. Мені тағы да тапап кете жаздады. Машинаның үш тоғыздан құралған номерін жазып үлгеріп, іле-шала МАИ қызметкерлеріне телефон арқылы хабарладым. Нәтижесі не болды дейсіз ғой. Нөмірі көрсетілген көлік те, оның иесі де табылмады. Нөмірі мен маркасы көрсетілген автокөлік еш жерде тіркелмеген дегенге кім сенеді? Мұның өзі МАИ-дің өзінде сыбайластық етек жайғанын дәлелдейді. Оның үстіне үш жетіден немесе үш тоғыздан басталатын нөмірлер тамыр-таныстық арқылы, «қолы ұзын азаматтарға» беріледі. Ал осындай тамыр-таныстықты арқаланған кейбіреулер басқалардан айылын жимайтыны белгілі, - дейді сотта куәлік еткен куәгер Әбдіхалықов.

Сот процесінде болған қала тұрғындарының бірі Диқанбай Көмеков: "Тәртіпті кім бұзса да, заң алдында бірдей жауап беруі керек. Мәселен, құқық қорғаушы Жовтис те кісі өлгеннен кейін қамауда отыр. Оны қанша ақтаса да, бәрібір қылмыс жасады ғой. Сондықтан заң ешкімді алаламауы керек," - дейді.

Жовтистің өз кінәсін мойнына алғаны және жәбірленуші жақпен тіл табысқаны белгілі. Ал Саят Есембеков болса «кісі өліміне менің ешбір қатысым жоқ» дегеннен танар емес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG