Accessibility links

Қостанайда прокуратура үйін салу үшін Алтынсаринді "көшіру" керек болды


Ыбырай Алтынсарин ескерткішінің орны. Қостанай қаласы, 1 сәуір 2010 жыл.
Ыбырай Алтынсарин ескерткішінің орны. Қостанай қаласы, 1 сәуір 2010 жыл.

Қостанайда Ыбырай Алтынсариннің ескерткішін басқа жерге көшіру туралы биліктің жоспары кейбір тұрғындардың көңілінен шықпай отыр. Билік ол жерге прокуратураның жаңа ғимаратын салмақшы.


ҰЛЫ ҰСТАЗ ТҰҒЫРДАН АЛЫНДЫ

Қостанай қаласының орталығындағы Ыбырай Алтынсариннің ескерткіші бір күнде тұғырдан түсірілді. Қала басшыларының мәлімдеуінше, ескерткіш реставрацияға жөнелтілген. Одан кейін оның орны ауыстырылып, Алтынсарин көшесі бойындағы мектептің қарсы алдынан бой көтермек.

Ескерткіштің орны неге өзгергендігі туралы жұртшылық тарапынан туындаған сауалдарға жауабында қала басшылығы ескерткіштің тұғыры жарылып, мүсіннің де сақалы сынып қалғанын алға тартқан. Бірақ, қала басшылары оны жөндейміз деген желеумен басқа мақсатты көздеп отыр ма деген күмән білдірушілер де бар.

Өйткені, ескерткіш тұрған орын тез арада қоршалып, құрылыс жұмыстары басталатыны хабарланды. Құрылысшылардың айтуына қарағанда, бұл жерде енді облыстық прокуратураның еңселі ғимараты бой көтермек. Яғни, оның жобасы ескерткішті алардан бұрын алдын ала жасалған.

«Мемориалдық мұражайдың жанындағы ескерткіштің орнынан алыну себебі - қала орталығында орналасқан «Сити орталығы» деп аталған алаңда жиі-жиі жәрмеңке ұйымдастырылады, сол маңда кәуап жеп, спирт ішімдіктерін ішушілер көп болады, сондықтан ұстаз ескерткіші Алтынсарин көшесінде орналасқан Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың кіреберісіне қойылғаны орынды шешім» - дейді облыстық мәдениет басқармасының тарихи ескерткіштерді қорғау бөлімінің бастығы Қоғабай Әлімғазы.

Бұл кіреберіс те басқа көше деген аты болмаса, бұрынғы орыннан таяқ тастам жерде.

Өткен жылы Қостанай қаласының бір топ тұрғыны облыс әкімі Сергей Кулагиннің атына өтініш хат жазып, ескерткішті мектеп алдына көшірді сұраған болатын. Бұл хатқа облыстық «Нұр Отан» партиясының жауапты қызметкері Серікбай Шаймағамбетов те қолын қойған.

ЫБЫРАЙ МЕКТЕБІ МАҢЫНА АЛТЫ ҚАБАТТЫ ҒИМАРАТ САЛЫНБАҚ

Ыбырай мектебінде ұзақ жылдар директор болған Қазақстанның еңбек сіңірген мектеп мұғалімі, Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері Беген Көпешев те аталмыш хатқа қол қойған екен. Бірақ, хатты жазушылар оған тек ескерткіштің орны ауысады деп түсіндірген.

«Ал оның орнына, дәл оқушылар жатақханасын көлегейлеп, оның үстіне Ыбырайдың мемориалдық мұражайының алдындағы орынды
Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының ғимараты. Қостанай қаласы, 1 сәуір 2010 жыл.
тарылтып ғимарат салғанға мен қарсымын», – дейді Беген Көпешұлы.

Мектеп түлектерінің бірі, профессор Қалқаман Жақып та оның пікірін қуаттайды.

«Бұл – ұлы ұстаздың әруағын қорлау, Ыбырай мектебі тұрған жердің дәл қасынан жер жетпегендей прокуратура ғимаратын, тіпті кез келген ғимаратты салу ақылға симайды», – дейді тарихшы Қуаныш Орманов.

«Кейінгі кезде қала орталығы тарылды. Көрінген жерде ғимарат салатын ауру пайда болды. Оны тіпті асқынып кеткен дерт деуге болады. Қала маңайында бос орын толып жатыр. Ыбырай мектебі жанына гүлзар орнатса немесе субұрқақ орнатса жарасар еді. Прокуратура қызметкерлері үшін салынатын қызметтік ғимараттың орталықта салынуы мүлдем түсініксіз. Бұл мәселені жергілікті тұрғындармен ақылдасып, шешу керек еді», – дейді айтыскер ақын Әсия Беркенова.

Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры Сәбира Баймағамбетова мен Ыбырай Алтынсаринның мемориалдық мұражайының директоры Нағашыбай Мұқатов ескерткішті көшіру туралы хабардар болса да, оның орнына көп қабатты ғимарат салынатындығы жайлы өздеріне ешкімнің хабарласып, ақылдаспағандығын айтады.

«Біз қалалық сәулет басқармасына және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына хабарласқанымызда, жұмыс орнында бастықтары жоқ болып шықты, ал сол мекемелерде қызмет істейтін мамандар «бұл туралы ештеңе білмейміз» деген сөзбен шығарып салды», – дейді олар.

Бірақ, алдын ала жобасы жасалынбай, қандай құрылыс салынатыны анықталмай, құрылыс орны қоршалмаса керек еді дейді ескерткішті орнынан ауыстыруға наразы жұрт. Ал ұлы ұстаз мектеп ашқан, шәкірттердің сүйікті орнына айналған алаң енді басқа мақсатқа қызмет етпекші.
XS
SM
MD
LG