Accessibility links

Ұлы ғалым Шоқан туған Күнтимес ауылы иесіз қалмас үшін оған қамқорлық керек


Күнтимес қонысы. Қостанай облысы, шілде, 2009 жыл.

Күнтимес қонысы. Қостанай облысы, шілде, 2009 жыл.

Қазақ халқының ғұлама ғалымы Шоқан Уәлиханұлының мұрасын толық игеріп, ғылыми жағынан танып болдық па деген сауалға келсек, оның өмірбаяндық деректері түгенделіп бітпегені байқалады. 2010 жылы ғалымның туғанына 175 жыл, Күнтимес аулының іргесі қаланғанына да 175 жыл толады.

ШОҚАННЫҢ ТУҒАН ЖЕРІ: ҚҰЖАТТАР СӨЙЛЕСЕ

Шоқанның кіндік қаны тамған жер туралы көп уақытқа дейін әртүрлі пікірлер айтылып келді. Көкшетаудағы Сырымбет оның ата қонысы екендігінде ешкімнің дауы жоқ.

Шоқан 1835 жылы қараша айында Құсмұрында туды деген дерек Шоқанның қызметі жөніндегі Ресей мұрағатының формулярлық тізімі арқылы тілге тиек болғаны белгілі. Академик Әлкей Марғұлан Шоқан туралы очеркінде: «1835 жылы Аманқарағай округінің орталығы Құсмұрынға көшірілді де, содан былай ол Құсмұрын округі аталды», – деп жазады.

Шоқан мұрасын түбегейлі зерттеп, оның ізімен жүріп өткен, жазушы Жарылқап Бейсенбайұлы «Жасын тағдыр жарқылы» деп аталған тарихи-ғұмырнамалық хикаятында Әлкей Марғұлан айтып, жазып жүрген Күнтимес қонысы Шоқанның кіндік қаны тамған жер деп тұжырымдайды.

Шыңғыс Аманқарағай дуанына аға сұлтан болып 1834 жылдың 30 тамызында сайланған. Күнтимеске ол осыдан кейін барып қыстау салдырған.

«Осы жерде тағы да архив құжаттары көмекке келер еді, – деп жазады Жарылқап Бейсенбайұлы, – 1891 жылы Омбыда округтік штаб баспаханасынан есаул Путинцевтің кұрастыруымен «Сібір қазақ әскерлері тарихынан алынған хронологиялық тізбе» деп аталатын шағын кітапша жарық көрді. Онда 1789 жылдан 1839 жылға дейінгі бір ғасыр бойы өткен елеулі оқиғалар жайында қысқаша деректер мен түсініктемелер берілген. Қазақ даласына, жеке тұлғаларға қатысты қыруар кұнды мәліметтерді жинақтаған сол құжаттың 1834 жылға арналған бөлігінен көптен ойда жүрген дүдәмалдың жауабы да табылып еді. Сонда «Аманқарағай сыртқы округі Құсмұрын дуаны болып қайта құрылды» – деп тайға таңба басқандай анық көрсетіпті... Яғни, Құсмұрын тек қырқыншы жылдардан кейін ғана салынып біткен».

«История Казахстана в русских источниках ХҮІ –ХХ веков» (8 том, часть 1-ая. Алматы: «Дайк-Пресс», 2006 г. 143 стр.) кітабындағы 24-ші санмен көрсетілген құжаттарға жүгінсек, онда: «Чингис Валиханов, султан, 29 лет. Умен и скромен. Достаточен. Уваковской волости, рода и отделения янсаринского. Старшим султаном Аман-Карагайского окружного приказа – с 1834 г., августа 30-го дня, состоит оным и доныне. Был награжден чином майора в 1838 г. Под судом не был, предан. Летние кочевки при реках Ишим и Акан-Бурлук, от 70 до 80 верст на юго-восток, зимние – на урочищах Куньтимес, Куян, в 40 верстах на восток от приказа» – деп көрсетілген.

Шоқан өз қолымен сызған картасында осы Күнтимес қыстауын дәл көрсетіп, оның бетіне араб әрпімен: «Біздің үй» деген белгі соққан. Ғалымның “Елдің жайлағанда қонған жерлері” деп атаған картасында осы маңайдағы Қараоба және басқа елдімекендер анық көрсетілген.

Сәбит Мұқанов Күнтимес аталатын қалың ағаштың ығында Шыңғыстың қыстау салғанын, оны кетерде Өзденбайдың Өсібі деген байға сыйлап кеткенін айтады.

Өсіп болыстың қабірі қазіргі Күнтиместе. Сарыкөл ауданындағы бір кездері «Краснодон» жылқы зауытының бөлімшесі болып есептелінген ауыл жанындағы бейітте. Қабір басында Шыңғыс сұлтан Көкшетаудан арнайы алдырып, Өсіптің басына қойдырған
Күнтимес қонысындағы ескі мешіттің орыны. Қостанай облысы, шілде, 2009 жыл.
құлпытас әлі тұр. Есмә Ғабдоллаұлы біз барғанда көрсетіп, нұсқаған мешіт пен медіресенің, қыстаудағы үйлердің, ауыз суға және малға су алуға арналған құдықтардың орны «мен мұндалап» тұр.

ҚОНАҚТАР АЛДЫМЕН КҮНТИМЕСКЕ КЕЛЕДІ

«Қостанайға келген қонақ болса, ең алдымен Күнтимес пен Қараобаға ат басын тіреп, Шоқанның ізімен жүріп, тарихымызды зерделеуі керек. Күнтиместегі Шыңғыс қыстауы мен мешіті, медіресе түгелдей қалпына келтіріліп, кұрылысқа қаржы бөлініп, ел мерейін асыратын игілікті шаралар жүйесін тапса, айтылған сөз иесін тапса, дұрыс болар еді.

Осыдан он бес жыл бұрын Күнтимес ауылының тұрғындары мен қариялар бастап, жастар қоштаған, барлығы 65 адам қол қойған «Шоқанның шоқтығы биік болсын десек» деп аталған хат жергілікті газетте жарияланды. Олар Шоқанның кіндік қаны тамған жерге ерекше қамқорлық қажет екенін жазды. Одан кейін де бірнеше мәрте жоғарғы жаққа хат жаздық. Газеттерде мақалалар жарық көрді, теледидардан хабар берілді. Алайда, «баяғы жартас бір жартас» күйінде тұр», - дейді мұғалім Үмітжан Сәбитқызы.

Ауыл тұрғындары Бақытжан Игіліков пен Қорғанбек Ғабдолов ауылды меншігіне алған компанияның тарапынан көрсетілетін жәрдем жоқтың қасы екенін баса айтты. Зейнеткер Ибраһим Баймұхамбетовтың айтуына қарағанда, жерді сатып алғандар оны ауыл іргесіне дейін жыртып тастаған, сөйтіп, жекеменшік шаруалардың мал жаятын өрісі тарылып қалған.

Еділбай Ахметов бізге облыс әкімі Сергей Кулагинге және «Нұр-Отан» партиясының облыстық филиалына ауыл тұрғындары биылғы жылдың басында жолдаған хаттың көшірмесін көрсетті. Хат ауторлары 2010 жылы Шоқанның туғанына 175 жыл, іргесін Шыңғыс сұлтан қалаған Күнтимес ауылына да биылғы жылы 175 жыл толатынын, хан ұрпағының ордасы болған қонысқа назар аудару қажет екенін айтып, Шоқанның мерейтойы қарсаңында әкімдік тарапынан қандай шаралар жоспарланғаны туралы сұрау салған екен.

Облыстық ішкі саясат басқармасы берген жауапта ұсақ-түйек мәдени-бұқаралық шаралар ғана көрсетілген, оның біразы Шоқан табаны тиген Әулиекөл ауданында өтетіні айтылыпты. Күнтимес туралы бір ауыз сөз жоқ.

ТҰРҒЫНДАР ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БЕС ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ УӘДЕСІН ӘЛІ КҮТІП ЖҮР

Биылғы жылдың тамыз айының орта шенінде Күнтимес ауылында тұрғындар жиыны болып өтті. Онда көтерілген негізгі мәселелер: ауылды туристер келетін мекенге айналдыру, Шоқан туған мекенді көркейту. Бұл үшін ауылдағы мектепті сақтап, сырттан келетін оралмандар үшін жағдай туғызу керек.

Айтылған сөздерде мүмкіндігіне қарай ұлттық киім тігетін кәсіпорын, шағын шұжық зауытын, тауық өсіретін фабрика ашып, ауыл тұрғындарын жұмыс орнымен қамтамасыз ету, ауылға келетін жолды жөндеу секілді күрделі жоспарды жүзеге асыру туралы ұсыныстар бар.

Ауыл тұрғындары бұл тілектерін облыс әкімі Сергей Кулагиннің сөзіне сүйеніп айтып отыр екен. Өйткені, ол 2004 жылы тұрғындардың жазған хатына байланысты негізгі мәселелер Шоқанның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында жүзеге асады деп уәде берген. Бұл бас қосуға қатысқан Сарыкөл аудандық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Елена Бауэр және Краснодон селолық әкімі Николай Казюмский Шоқан мерейтойын аудандық деңгейде ғана өткізуге мүмкіндік бар, барлық жағдайды түсіндіріп, нақты шараларды өткізу үшін облыс басшылығына шығамыз деген пікірлерін білдірді.

ТҰРҒЫНДАР АУЫЛ МЕКТЕБІНІҢ ЖАҒДАЙЫНА АЛАҢДАУЛЫ

Қазіргі уақытта тұрғындардың біразы басқа жаққа қоныс аударуда. Ауыл мектебі келесі оқу жылы жабылып қалуы мүмкін деген қауесет бар. Клуб қыста жылытылмайды. Аудан орталығына қатынайтын тас жолдың тозығы жеткен.

Күнтимес ауылындағы орталау мектеп. Қостанай облысы, шілде, 2009 жыл.
Мектептегі Шоқан мұражайы ғана ғалым өмірінен сыр шертеді. Биылғы жылы мектепке күрделі жөндеуге қаржы бөлінсе де, ол жүзеге аспаған. Қазіргі уақытта орталау қазақ мектебінде 25 оқушы ғана бар. Мектеп директоры Берік Игіліков мектеп жабылса, ауылдың тең жартысы көшіп кетеді деп алаңдаулы.

-Жер шегесі – тау, ел шегесі – хан, хан шегесі – пір болса, қазақ ғылымының алтын шегесі – Шоқан! Осы тұрғыдан келгенде, Әулиекөлдегі Ханжатқан ұлт батыры Кенесарыдай асылдар жүрген, ұлы ғалым Шоқанның табаны тиген жер болса, қасиетті Күнтимес ұлы ғалымның кіндік қаны тамған, Зейнептей асыл ханым қазақ халқының ұлы перзентінің денесін шілде суымен жуған жері.

Ұлы Шоқан бір ғана мекенге байланып қалған жоқ. Оның ауылы екеу, тіпті бірнешеу болса айып па екен?! Сондықтан да Шоқанның атамекені -Сырымбет те, кіндік қаны тамған жері- Күнтимес те, өскен елі -Құсмұрын да, топырақ бұйырған мекені -Алтынемел де елге ерекше қымбат,- жергілікті мектеп директоры Берік Игіліков.

Бірақ, Күнтиместің орны бөлек. Бұл ауыл ел ағылып келіп көретін, тұрмысы жайнаған, еңбегі қайнаған мекен болуы керек. Шоқан ауылын сақтап, шаруашылығын өркендетіп, жұмыс орындарын ашып, оның мұқтажына жан-жақты көңіл бөлу жергілікті әкімқаралардың қолында деп үміттенеді ел.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG