Accessibility links

Ресей жағы қазақ шекарасындағы бекетті бір жылдан астам карантинде ұстап отыр


Қазақ-ресей шекарасын бөліп тұрған тікенек сымның ар жағында ресейлік Троицк қаласының шеті көрініп тұр. 5 маусым 2009 ж.

Қазақ-ресей шекарасын бөліп тұрған тікенек сымның ар жағында ресейлік Троицк қаласының шеті көрініп тұр. 5 маусым 2009 ж.

Қостанай облысы Қарабалық аудандық мәслихатының депутаттары Ресеймен шектесетін елді мекендер тұрғындарының құқықтары шектелгені туралы Астанаға хабарлауда: Ресей шекарашылары оларға ет, сүт өнімдерін «тіпті картопты» алып өтуге рұқсат бермеуде.

ҮКІМЕТАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ МЕН КҮНДЕЛІКТІ ӨМІР ШЫНДЫҒЫ ҮЙЛЕСПЕЙДІ

Парламенттің төменгі палатасына Қостанай облысынан сайланған депутат Бағила Баймағамбетова Азаттық радиосына берген сұхбатында мәселенің аяқ астынан пайда болмағандығын айтты. Оның айтуынша, Ресей шекарашылары Қарабалық ауданының тұрғындары үшін 2008 жылдың 28 мамырынан бастап карантин енгізген.

Бағила Баймағамбетова бұны шекараға таяу орналасқан аудандар тұрғындарының қазақ-ресей шекарасын кесіп өту туралы ратификацияланған үкіметаралық келісіміне қайшы келеді деп есептейді.

Қарабалық ауданы орталығындағы мешіт. Қостанай облысы, маусым, 2009 ж.
Құжатқа сәйкес, «шекара маңындағы аумақтардың тұрғындары шекара арқылы жеке, отбасылық, үй шаруашылығына және басқа да кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысы жоқ тауарларды екі тараптың да заңдарында қарастырылған, тауарларды кедендік алымдар мен салықтарсыз алып кіру (алып шығу) нормасынан артпаған жағдайда, алып өте алады».

Қазіргі уақытта Ресейдің кеден заңнамасы жеке тұлғаларға жалпы құны 65 мың рубльден [2 мың доллар шамасы], ал жалпы салмағы 35 келіден аспайтын тауарларды кедендік алымдар мен салықтарды төлемей-ақ алып кіруге рұқсат етеді.

Бірақ, аталған ережені дәл Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы оңайлатылған шекара өткелінде орындамайды. Ең бір күрделі жағдай Победа селолық округінде қалыптасқан. Округті үш жағынан да 45 шақырым бойы Челябі облысының аудандары қоршап жатыр.

Село мен аудан орталығының арасы жүз шақырымдық грейдерлік жол болса, Ресейдің Троицк қаласын қазақстандық селоның тұрғындары үйінің терезесінен көре алады. Қала маңына дейін 1-2 шақырым ғана. Тұрғындарды, туыстар мен достарды жылға тәріздес кішкене ғана Үй өзені бөліп жатыр.

«ШЕКАРАШЫЛАР ТІПТІ ЖҰМЫРТҚАЛАРДЫ ЖАРЫП ТАСТАЙДЫ»

Украинадан сонау 1955 жылы екі жасар кезінде тың игеруші комсомол ата-анасымен ілесіп бірге келген Победа ауылдық округінің әкімі Татьяна Рыженко былай деп еске алады:

«2001 жылы ресейліктер шекараны игере бастағанда олар шекараны бұтаның көлеңкесінде жүріп қорғады. Оларда ешнәрсе болған жоқ».

Оның айтуынша, қазақстандық селоның тұрғындары өз қаржыларына алғашқы күзет будкалары мен Ресей шекарашылары тұруға арналған үйлерді салып берген.

«Селодағы 1120 тұрғынның 75-80 пайызының Ресеймен тығыз байланысы бар. Студенттердің өзі 90 адам. 50 қариямыз зейнетақысын Ресейден алады. Сондықтан да, біз оларға ақысыз көмектестік», – дейді әкім Татьяна Рыженко.

Бүгінде тек Победа селолық округінде, мемлекетаралық келісімге сәйкес, Қарабалық ауданының тұрғындарын оңайлатылған тәртіп бойынша шекарадан өткізетін 5 бекет ашылған. Бұл үшін шекарашыларға тіркеуі жазылған үй кітабы мен куәлігіңді көрсетсең жеткілікті. «Бірақ олар мәселе бір келі жас ет пен сүт, қаймақ немесе жұмыртқаға келгенде көнбей кетеді», – дейді жергілікті тұрғындар.

Тіпті өз балаларына тамақ апара алмайтынына қатты кейіген селолықтар Азаттық радиосының тілшісіне былай деді:

«Бізде ауру мал жоқ болса да шекарашылар бруцеллезге байланысты әлдебір карантинді сылтау етіп, жұмыртқаларымызды да жарып тастайтын. Кейінірек олар құс тұмауын, енді келіп шошқа тұмауын желеулете бастады. Бірақ, олар бізге әлгі тыйым салатын құжаттың
Бізде ауру мал жоқ болса да шекарашылар бруцеллезге байланысты әлдебір карантинді сылтау етіп, жұмыртқаларымызды да жарып тастайтын. Кейінірек олар құс тұмауын, енді келіп шошқа тұмауын желеулете бастады.
ксерокөшірмесін де көрсеткен емес. Өйткені, ондай құжат атымен жоқ. Себебі, Қостанай облысының басқа аудандарының тұрғындары ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге байланысты мұндай проблемаларға кезігіп отырған жоқ».

Қарабалық ауданы әкімінің орынбасары Балтабай Хакімжанов Азаттық радиосына осы көкейкесті проблема жайында айтып берді:

«Біздің аудан негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Сондықтан да, аптаның басында балаларын Троицкіге оқуға жіберіп жатқан жүздеген ата-ана оларға өз шаруашылығынан алынған өнімдерімен ғана көмектесе алады. Бірақ, екі жылдан бері бұл да үлкен проблемаға айналды».

СЕЛОНЫ ОҚШАУЛАУ КІМГЕ ТИІМДІ?


Бүгінде шекара кәдімгідей қорқынышты болып көрінеді. Үй өзенінен 100 метрден соң тікенек сымды шекара жолағы басталады. Төбе басындағы бақылау мұнарасынан шекарашылар селоны алақандағыдай көріп отырады. Ал шекараны заңсыз жерден кесіп өткізбес үшін өзен бойымен үнемі тікұшақ ұшып жүреді.

Челябінің баспасөзі хабарлағанындай, Ресей федералды қауіпсіздік қызметінің шекара қызметі шекараны қорғаудың «Полоса-71» деп аталатын су жаңа кешенін сынақтан өткізуге кіріскен. Онда дабыл қағу аспаптары, бейне және радиолокациялық, инфрақызыл бақылаудың құралдары, сейсмодатчиктер бар.

Бірақ селода басын бәйгеге тігіп, тәуекелге баратындар да табылады. Победа селосының жаңа тарихында оның 14 тұрғыны шекарадан заңсыз өтпек болған жерінде ұсталып, Магнитогорск түбіндегі атақты Верхнеуральск түрмесінде мерзімді жазаларын өтеп шықты.

Бірақ, село тұрғындарының айтуынша, егіс даласында дән сеуіп жүрген тракторшы он метрге қиыс кетіп қалса [бұлай қателесу өте оңай], оны Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасын бұзғаны үшін тракторымен қоса тұтқынға алады.

Азаттық радиосының тілшісімен болған сұхбатта Победадағы бірегей ауыл шаруашылығы кәсіпорнының директоры, мамандығы ветеринар Василий Карпенко былай деп сұрақ қояды:

«Өздері белгілеп алған карантин кімге тиімді? Ол тіпті карантин де емес. Өйткені, ешқандай негіздемесі, қандай да бір мерзімі жоқ».

Федоров ауданының егістігінде көктеп келе жатқан бидай. Қостанай облысы, маусым, 2009 ж.
Бұған байланысты Василий Карпенко екі түрлі болжам айтады. Біріншісі, оның ойынша, толықтай тыйым салу шекарашылардың жұмыстарын жеңілдетіп, оларды күнделікті күйбең тірліктен құтқарады. Екінші болжам бойынша, қазақстандық селоны оқшаулау Ресейдің [жергілікті] шаруа-дихандарына тиімді.

Победа селосының тұрғындары үй маңындағы шаруашылығының өнімдерін Троицк қаласының базарында сатқан тиімдірек екенін мойындайды. Өйткені, ол жақта баға жоғарылау.

Иә, көп жағдайда ет пен сүт өнімдерін сатып алу бағасы Ресейде Қазақстанға қарағанда 3-5 есе артықтау. Бұдан бөлек тағы бір фактор, қазақстандық тауарларға сұраныс та жаман емес.

Селолықтар Қазақстанда шығарылған макарон өнімдерін, кәмпит, шәйді ресейліктердің жақсы алатынын айтады. Тіпті, «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар коньяк пен арақ та шекараға таяу Ресей аудандарында жергілікті өнімдермен салыстырғанда жоғары бағаланады екен.

БЕНЗИН БАГЫН ҚАЗАҚСТАН КОНЬЯГІМЕН ТОЛТЫРУ

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу ережесін қатаңдатуға шекара маңындағы тұрғындардың өздері де кінәлі екендігіне Татьяна Рыженко келіседі. Кейбіреулерінің сенімді асыра пайдалана бастағанын да мойындайды.

Кейбір пысықайлары қарапайым әдіспен Қазақстан арағын шекарадан өткізе бастаған. Мәселен, жеңіл машинадағы бес жолаушының
Шекара өткелдері көбейе бастады, ал өмір сүру ауырлап кетті.
әрқайсысы төрт шөлмектен өткізсе, бір жәшік болады. Күніге осылай бес рет өтсе, Ресей аумағына 100 шөлмек арақ алымсыз жеткізіледі.

Ауылдық округтің әкімі шекарашылар ұстап алған қазақстандық тұрғынға қатысты тағы бір оқиғаны еске алады. Әлгі тұрғын көліктің бензин құятын бөлігіне Қазақстан коньягін толтырып алған. Ал бензинді антифризге арналған бөлікке құйыпты. Өз есебі бойынша, ондағы бірнеше литр бензин шекараны кесіп өтуге жететіндей болған. Ал арғы бетте алып кететін адамдар бар.

«Бұдан кейін 2006 жылы біз ресейліктерді өзіміздің селолық жиналысқа шақырдық. Осы жерде село тұрғындары Ресей аумағына спирт өнімдерін өткізбеу туралы міндеттеме алды. Бірақ бұл көмектескен жоқ. Шекара өткелдері көбейе бастады, ал өмір сүру ауырлап кетті», – дейді Татьяна Рыженко.

«БҰЛ БІЗДІҢ ҚҰЗЫРЫМЫЗДА ЕМЕС»

Победа ауылдық округінің әкімі Татьяна Рыженко қазақстандық шекара заставасының бастығы ресейлік әріптестерімен бұл туралы проблеманы шешуге көмектессе деген пікір білдірді. Алайда, застава бастығы онымен кездесуді де қажет деп таппаған.

Қазақстан ҰҚК шекара қызметі баспасөз-қызметінің жетекшісі Лариса Дмитрюк Азаттықтың сауалына қысқа ғана жауап берді:

«Егер тұрғындарды шекара арқылы біз жібермей қойсақ бір сәрі. Ал егер проблема ресейліктерге қатысты болса – бұл біздің құзырымызда емес».

Ол Азаттық радиосының тілшісіне көрші елдің кеден қызметімен сөйлесуге кеңес берді.

Ресей Сыртқы істер министрлігі ТМД елдері бойынша 3-ші департаментінің қызметкері Александр Лысов та осы репортаждың ауторына Ресейдің федералды кеден қызметіне хабарласуға кеңес берді. Өйткені, тауарларды, валютаны енгізу мен алып шығу ережелері кеден құзырында деді ол.

Федералды кеден қызметінің (ФКҚ) баспасөз-қызметіндегілер Челябі және Қостанай облыстарының шекараларындағы жағдайға түсінік беруден бас тартты. Олардың айтуынша «қазақ-ресей шекарасындағы оңайлатылған өткізу бекеттерінде кеден қызметкерлері болмайды. Мұндағы өткізу мен тексеру функциялары шекарашыларға жүктелген».

ФҚК-нің ресми сайтында, шынында да, Ресей ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңес беруімен, шетелдерден сапасыз ауыл шаруашылығы өнімдерінің өткізілуін тыю мақсатындағы шаралардың күшейтілгені туралы хабарланған.

Бұл хабарға сәйкес, кеден органдары Россельхознадзор және Роспотребнадзор мамандарының қатысуымен АҚШ-тан, Мексикадан, Гватемаладан, Гондурастан, Доминикан Республикасынан, Колумбиядан, Коста-Рикадан, Кубадан, Никарагуадан, Панамадан, Сальвадордан келген тауарларға, көлік құралдарына және жолаушыларға кедендік бақылау жасайды. Бірақ, бұл тізімде Ресеймен көршілес жатқан Қазақстан көрсетілмеген.

Қазақстан парламентінің депутаты Бағила Баймағамбетова сыртқы істер министрі Марат Тәжиннен де жауап күтіп отыр. Ол министрге қазақ-ресей шекарасының аталған бөлігінде орын алған жағдайға байланысты 2009 жылдың 27 мамырында депутаттық сауал жолдаған еді.

Ал, Қарабалық ауданының шекара маңындағы селоларының тұрғындары екі елдің мемлекеттік органдарынан түсінікті жауап күтіп, өздерінің проблемасы шешіліп қала ма деген үмітпен отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG