Accessibility links

Бақытжан Кетебаев: Дәулетті қазақтар сөз бостандығынан қаржыны аямайды


«К-плюс» тобы директорлар кеңесінің төрағасы Бақытжан Кетебаев Азаттық радиосының кеңсесінде. Прага, 7 қазан 2009 жыл.

«К-плюс» тобы директорлар кеңесінің төрағасы Бақытжан Кетебаев Азаттық радиосының кеңсесінде. Прага, 7 қазан 2009 жыл.

«К-плюс» телекомпаниясы Орта Азияның көгілдір экран кеңістігінде бақылау бұғауын бұзған алғашқы интернет пен спутниктік телевизия жиынтығы. «К-плюс» тобы директорлар кеңесінің төрағасы Бақытжан Кетебаевтың сұхбатында осы және басқа да жайттар сөз болады.


Бақытжан Кетебаев Қазақстандағы «Таң» тәуелсіз телекомпаниясының бұрынғы президенті. Мемлекеттік билік тарапынан жасалған бірнеше мәрте қысым-қудалау мен «Таң» телеарнасының жұмысындағы бес айлық үзілістен кейін, 2002 жылы «Таң» телекомпаниясы ағайынды Байтасовтардың медиа-холдингіне сатылды да, телеарнаның эфиріндегі жаңалықтар мен талдау хабарлардың орнын көңіл көтеретін музыкалық хабарлар басты дейді Бақытжан Кетебаев.

Осыдан екі жылдай уақыт бұрын Кетебаев бүкіл Еуразия құрлығына тәулік бойына хабар таратып, Орталық Азияның жаңалықтарын тұтас қамтитын «К-плюс» компаниясын құрды. Биылғы жылы қыркүйектің 16-сынан «К-плюс» Қазақстанның Аустриядағы бұрынғы елшісі, қазіргі саяси эмигрант Рахат Әлиевпен тізбекті сұхбаттар бере бастады. Бақытжан Кетебаевтың сөзіне қарағанда, міне осы сұхбаттар Қазақстан билігінің «К-плюс» телекомпаниясына қысым көрсетуінің басты себебі болған.

ТӘУЕЛСІЗ ТЕЛЕАРНАНЫ АТУ ЖАЗАСЫ


«К-плюс» тобы директорлар кеңесінің төрағасы Бақытжан Кетебаевтың айтуына қарағанда, «К-плюс» телекомпаниясын құру жобасы осыдан 4 жылдай бұрын қолға алынған, ал іс жүзінде шамамен 2 жыл бұрын жұмыс істей бастады.

Негізгі мақсат – Орта Азияға арналған тәуелсіз телевизия құру болды. Осы мақсатпен кейін бастамашылар ондай телеарнаны қалай құруды ойластыра бастады.

«Өйткені, – деп атап көрсетті Бақытжан Кетебаев, – Орта Азия елдерінде эфирлік телеарна тәуелсіз бола алмайды. Оған себеп: эфирлік теледидар үшін мемлекеттің рұқсатын – лицензиясын алу керек. Кімде-кім жеке меншік тәуелсіз телеарна ашқан күннің өзінде де жергілікті билікке тәуелді болып қалады».

Бақытжан мырза оған 2001 жылы Қазақстанда өзі басқарған «Таң» телеарнасының тағдырын мысалға келтірді. Оның айтуынша, тәуелсіз көзақарас ұстанып келген «Таң» телеарнасын 2001 жылы ресми билік түрлі тексеру жүргізу арқылы қудалаған. Одан нәтиже шықпаған соң, телеарнаның хабар тарататын фидер жабдығы мылтықтан атқыланып, істен шығарылды. Осындай жағдайдан соң Қазақстанның Ақпарат министрлігі тәуелсіз телеарнаның эфирге шығуына рұқсат бермей қойды.

«Сондықтан да, – деп мәлімдейді «К-плюс» тобы директорлар кеңесінің төрағасы Бақытжан Кетебаев, – Орта Азияда тәуелсіз телевизияның болуы мүмкін емес. Егер қандай да бір теледидар болса, ол – тек жер серігі арқылы тарайтын телеарна болады деп шештік».

ТЕХНИКАСЫ ТЫМ ҚАРАПАЙЫМ ТЕЛЕЖОБА


Оның сөзіне қарағанда, «К-плюс» телеарнасын – жер серігі телеарнасы деп те кесіп айтуға болмайды. Өйткені, «К-плюс» телеарнасын интернет пен жер серігі теледидарының синтезі немесе жиынтығы деп атауға болады. Яғни, теледидарды құруда интернет принциптері қолданылды.

Атап айтқанда, «Таң» телеарнасы сияқты, «К-плюс» телеарнасының мылтықпен атқылап, өртеп немесе қиратып істен шығаруға болатын белгілі бір студиясы немесе нақты кеңсесі жоқ.

«К-плюс» телеарнасының басшылығы жаңалық хабарлардың көрермендерге – интернеттегі тәрізді – жылдам жеткізілуін және ақпараттың ақиқат болуын ең басты да маңызды мақсат етіп алған. Сол себепті де тәуелсіз телеарна өте қарапайым жабдықты қолдануға көшті. Мысалға, қазір «К-плюс» телеарнасы тұрмыста қолданылатын бейнекамерамен және мобил телефондарының бейне және фотокамераларымен де жұмыс істей береді.

«К-плюс» телеарнасы әр елдегі түрлі телекомпанияларымен бірлесе жұмыс істеп, ақпарат-хабарларды солардан алып таратады. Орта Азия елдерінде «К-плюс» телеарнасының меншікті тілшілері немесе тілшілер желісі жоқ, фрилансерлер немесе тәуелсіз журналистермен және жергілікті телекомпаниялармен жұмыс істейді.

Бақытжан мырзаның айтуынша, «К-плюс» телеарнасы тәуелсіз әрі бейтарап ақпарат береді және негізінен жаңалықтар бағдарламасын ұсынады.

«Өкінішке қарай, – дейді телеарнаның басшысы Кетебаев, – әзірше Өзбекстан мен Түркменстаннан тәуелсіз жаңалық хабарларын беру үшін әріптес болатын телекомпанияларды және жұмыс істейтін тілшілерді таба алмай отырмыз».

«ҚЫСЫМ КӨРСЕТІЛЕ БАСТАУЫНЫҢ БАСТЫ СЕБЕБІ РАХАТ ӘЛИЕВ»

«К-плюс» тобы директорлар кеңесінің төрағасы Бақытжан Кетебаев телеарна мен жекелеген Орта Азия елдеріндегі оның әріптес телекомпанияларына және тілшілеріне екі түрлі қысым көрсетілгенін айтады.

«Қысымның бірінші түрі, – дейді Кетебаев, – «К-плюс» телеарнасымен әріптес жергілікті телекомпанияларға және олардың тілшілеріне жасалды. Әрине, оларды ешкім де ашықтан-ашық қорқытпайды. Оларға «сені біреулер таяққа жығып кетуі мүмкін» деп ескертеді. Мұндай қоқан-лоқылық заң тұрғысынан қорқытып-үркіту емес. Бірақ мұндай әрекеттер жекелеген журналистерге де, телекомпанияларға да рух бере қоймайды».

Оның сөзіне қарағанда, «К-плюс» телеарнасының ақпараттық саясатына Түркіменстанда немесе Қырғызстанда ресми билік тарапынан наразылық болуы әбден-ақ мүмкін, бірақ ондай әрекеттер әзірше байқала қойған жоқ деп айтуға болады.

Телеарнаны қысымға алу телеэфирге Рахат Әлиевтің сұхбатын бергеннен кейін басталды. Қазір Қазақстанда Рахат Әлиев, – «К-плюс» телекомпаниясы басшысының көзқарасы бойынша, – президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қас жауы болып алды. Сондықтан да Бақытжан Кетебаев «К-плюс» телеарнасына жасалған түрлі қысым Қазақстаннан шығып отыр немесе Қазақстанның өтінішімен жасалып жатыр деп есептейді. Тәуелсіз телеарнаға қысым көрсетуге Қырғызстанда немесе Тәжікстанда ешқандай себеп болған жоқ.

«К-плюс» телекомпаниясының басшылығы әуел бастан қауіпсіздікті маңызды мәселенің бірі етіп алған. Сондықтан да телеарнаны бас студиясы мен кеңсесі Бішкекте орналасқан қырғыз телекомпаниясы етіп көрсету жоспары болған.

«Барлық жаңалық хабарларында экраннан Бішкек уақыты көрсетіліп тұрды. Ал шынына келгенде олай емес», – дейді «К-плюс» телеарнасының басшысы Бақытжан Кетебаев.

БАЙЛАР СӨЗ БОСТАНДЫҒЫНАН АҚША АЯМАЙДЫ

Жаңа телекомпания құрудың көп қаржыны қажет ететіні белгілі. Бұл орайда Бақытжан Кетебаев Қазақстанның бай ел екенін және онда дәулетті жандардың аз еместігін алға тартты.

«Қолында билігі мен қаржысы бар адамдар осы жиған дәулетін сақтап қалу – елде тәртіп пен заң барда ғана мүмкін екенін жақсы біледі. Ал ондай тәртіп пен заңдардың орындалуын қамтамасыз ету үшін тәуелсіз БАҚ, тәуелсіз сот болуы керек», – дейді Бақытжан Кетебаев.

Оның айтуынша, әрине, барлық жағынан идеалды, төрт аяғын тең басқан БАҚ пен соттың болуы мүмкін емес, ондай өмірде де болмайды. «Дегенмен қандай да бір тәртіп пен реттіліктің болғаны жөн ғой. Ал бір ғана адамның қалауы мен бұйрығына тәуелді болғаннан жаман нәрсе жоқ», – дейді ол.

«Сондықтан да көптеген дәулетті деген қазақтар Қазақстандағы, мүмкін тіпті Орталық Азияның басқа да елдеріндегі қазіргі жүйе байларды да, кедейлерді де қорғамайтынын біледі, ол – мемлекеттегі бір ғана адамды қорғауға құрылған. Мұның қауіпті екенін олар түсінеді, сол үшін де ақшаларын аямайды. Менің ойымша, президент әкімшілігі Орта Азияда сөз бостандығының дамуына кімнің, қалай көмектесіп жатқанын білетін болса, қатты таңқалған болар еді», – деп атап көрсетеді Бақытжан Кетебаев.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG