Accessibility links

Чехия саяси баспана беруден бас тартып отырған мұсылман босқынына Қазақстанда іздеу жарияланған


Қуаныш Кәменовке қылмыстық іздеу жарияланғандығы туралы Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің веб-сайтындағы хабарлама мен оның суреті.
Қуаныш Кәменовке қылмыстық іздеу жарияланғандығы туралы Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің веб-сайтындағы хабарлама мен оның суреті.

Алты баласы, екі әйелі бар қазақ босқыны чех өкіметі өзін Отанына мәжбүрлеп, күштеп қайтара ма деп қауіптеніп отыр. Чехия оған баспана беруден бас тартты. Ал, Отанында ол қылмыстық айыптау бойынша тұтқындалуы мүмкін.


ОТАНЫНА КҮШТЕП ҚАЙТАРУ

Азаттық радиосы Чехиядағы қазақ босқындарының ахуалын назарда ұстап отыр. Қазір тағы бір мұсылман, алты баласы, екі әйелі бар босқын Қазақстанға күштеп әкелінуден қауіптеніп, чехиялық билігінен оң шешім алуға тырысып бағуда. Әңгіме Жаңаөзен қаласында туған 34 жасар Қуаныш Каменов туралы болып отыр. Ол – Чехиядан күштеп шығарылайын деп жатқан 200-ден
Чехияның астанасында қазақ босқындары өткізген наразылық жиыны. Босқындар өкілі мәлімдемені оқып тұр. Прага, 7 ақпан 2009 жыл.
астам Қазақстан азаматтарының бірі.

Бұл жас мұсылманның отбасылық мәртебесіне келгенде біз артық-кем айтып отырған жоқпыз, осы мұсылман қауымының мүшелері отбасын құру мәселесінде белгілі бір жағдайларда бірнеше әйел алуға мүмкіндік беретін Құран қағидаларын басшылыққа алады. Жалпы, Қазақстанда екі әйел алу әдеттегі жағдайға айналған.

Бірақ, екі әйелді азаматтардың бірі Қуаныш Каменовке чехиялық полиция офицерлері қыңырлық танытуда. Қуаныш өзінің отбасылық жағдайын алға тартса, чехиялық бюрократтар мен полицейлер «сіз заңды жұбайы емессіз» дегендей, оның екінші әйелін есепке алмауға тырысады. Ал, лагерде жоспарлы тінту жүргізілген кезде оның екі отбасы орналасқан екі бөлме де бірдей, ешбір рәсімсіз тінтіледі.

Жалпы алғанда, Қуаныш өзінің екінші әйеліне қатысты заң жағынан не басқа да құқықтық құжаттар жағынан ешқандай кедергі көріп тұрған жоқ. Бірақ, чехиялық билік құжаттар толтырғанда оның екінші әйеліне қатысты «құрбысы» деген термин қолданып жүр. Титтей бір осындай ғана бюрократиялық қыңырлықтың кесірінен босқын қазақтың екі отбасы екі түрлі лагерде, Чехияның екі басқа қаласында қалып отыр.

Қуаныш Каменов та 200-ден астам мұсылман босқындарымен бірге 2006 жылы Қазақстаннан қашқан. Еске сала кетейік, діни көзқарасына байланысты арнаулы қызмет тарапынан қуғынға ұшыраған соң Отанынан бассауғалауға мәжбүр болып, Чехияда жүрген бір қауым қазақ босқындары туралы бірінші болып осы жылдың басында хабар таратқан Азаттық радиосы болатын.

ТАПАНШАДАН АТЫЛҒАН ОҚ

Азаттық радиосына Қуаныш Каменовтың өзінің әңгімелеп бергеніндей, ол «Тура жол» кіші ислам қауымына 1997 жылы қосылған. Оның сөзіне қарағанда, арнаулы қызмет өкілдері бұл қауымның мүшелерін сол кезде-ақ бақылай бастаған.

– Біз әрбір жұмада және басқа күндері бір-біріміздің үйімізде бас қосып, намаз оқитынбыз, әңгіме-дүкен құратынбыз. Артымыздан ҰҚК қызметкерлері бақылап жүрді. Қалай достарымыздың бірінің үйіне жинала қаламыз, солай арнаулы қызмет өкілдері жетіп келетін. Қай үйде бас қосатынымызды олар күні бұрын білетін. Ал, біз оған да қарамастан, бас қосуларымызды жалғастыра бердік. Сонда заң органдарының өкілдері қауымымыздың мүшелерінің бас қосқан жеріне келіп, жігіттерді полицияға алып кетіп жүрді. Жауап алу кезінде неге намазды мешітте оқымайтынымызды, неге басқаша оқитынымызды және бұған кімнің үйреткенін сұрады. Саусақтың ізін алып, суретке түсірді. 2000 жылдан бастап дауыстарымызды компьютерге жазып ала бастады. Облыстық газеттерде бізге қарсы мақалалар шықты. Қалалық мешітте имам жастарға біздің «зиянымыз» жайында уағыз айтты. Бірақ, біз исламды Құран мен хадистерге сәйкес ұстанған едік, – дейді Азаттық радиосына Қуаныш Каменов.

Суретте солдан оңға: қазақ босқыны Абылай Төлегенов, мәскеулік «Мемориал» адам құқығын қорғаушы ұйымы Орталықазиялық бағдарламасының директоры Виталий Пономарев және қазақ босқыны Қуаныш Кәменов. Прага, , 23 маусым 2009 жыл.
Адам құқықтарын қорғау ұйымдарының арасында осы бір кіші ислам қауымы бойынша 2007 жылғы қаңтарда анағұрлым толыққанды зерттеу жасаған адам құқығын қорғаушы мәскеулік «Мемориал» қоғамы еді. Осы қоғамның өкілі Виталий Пономарев аталмыш қауымға қатысты дерек жинау жолында Батыс Қазақстанға да, Чехияға да талай рет барған. Осы қоғамның баяндамасында жаңағы қауымның қудалануына байланысты жан-жақты ақпарат берілген.

Қуғындаудың бір тәсілі – жергілікті баспасөз арқылы қаралау. Каменовтың сөзі бойынша, 1998 жылдан бастап Жаңаөзеннің қалалық телеарнасынан билікке бағынышты мешіттердің имамдары мен арнаулы қызмет өкілдері күнде шығып, жергілікті халықты әлгі қауымға қарсы бағыттайтын насихат жүргізіп отырған. Билік бұл қауымға «уахабшылар» және «салафиттер» деген таңба басқан.

Қуаныш Каменовтың айтуынша, Ақтау қаласының арнаулы қызмет өкілдері осы мұсылмандар қауымының мүшелерін бірнеше рет тергеу абақтысына қамаған, жауап алу кезінде моральдік те, тәни де, әртүрлі азаптау әдістерін қолданған.

Тіпті, арнаулы қызмет өкілдері Қуанышты айдалаға апарып, келемеж қылған, тапанша атып қорқытқан кездері де болған.

– Олар мені абақтыға қамады. Екі-үш күннен кейін түн мезгілінде аутокөлікке мінгізіп, қаланың сыртына алып барды. Олар Сейсенбай Ізмұханов және Сауырбай деген ҰҚК-нің қызметкерлері мен Өтеген есімді көлік жүргізуші еді. Сені кім жаратты деп сұрады олар менен. Мені Құдай жаратты деп жауап бердім. Олар мені күлкі қылып, келемеждеді, сені жаратқан ата-анаң деді. Сосын аяғыма түкірді, тізерлетіп отырғызып қойып, басыма тапанша тақап тұрып құдайға сенуді доғаруымды және намазды тастауымды талап етті. Егер айтқандарын орындасам, барлық жағынан көмектесетіндерін, тіпті, жұмысқа орналасу жағынан да жәрдем беретіндерін айтты. Ал, мен алған бетімнен танбаймын дедім. Дегенім сол еді, олар маған соңғы сөзіңді айт та, өмірмен қоштас деді. Мен үндемедім. Сосын олар мені қайтадан алып келіп, абақтыға салып қойды. Бұл – 1999 жылдың қыркүйегінде болған оқиға, – деді Қуаныш Каменов.

Чехия билігі Қуаныш Каменовтың айтқан осы және басқа да дәлелдерін «еліндегі қудалауға ұшырау мүмкіндігі ретінде есептеуге» жеткілікті негіз деп санамады. Чехия Ішкі істер министрлігінің Қуанышқа босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы 2008 жылдың қарашасындағы шешімінде оның тіркелмеген «Тура жол» мұсылмандар қауымына қатыстылығы үшін қудаланғаны туралы айтқандары шындыққа жанаспайды деп есептеліп, қауымдас бауырларының қудалануына қатысты келтірген дәлелдері оның өз ісіне еш қатыссыз ретінде бағаланған.

Қуаныш өз пайдасы үшін көрсеткен газет бетіндегі «Тура жол» қауымы мүшелерінің Батыс Қазақстанда қудалауға түскенін әңгімелейтін мақалалар чех ІІМ тарапынан оның миграциялық ісіне қатыссыз деп бағаланды. Чех ІІМ Қуаныштың жасы, денсаулығы және білімі Чехияның сыртында да «күнделікті қажеттіліктерін өтеу үшін тырысып-бағуына» толық жетеді деп санап, оған гуманитарлық негізде де саяси баспана беруден бас тартты.

«ТҮРМЕДЕ ШІРИСІҢДЕР!»

Қазақстандық билік осы бір кіші қауым «Тура жолдың» мұсылмандарын салафиттер деп атайды, ал олар болса, өздерін «Таза дін» жолын ұстанушылармыз деп біледі.

Азаттық радиосының тілшісімен әңгімелескенде Қуаныш Каменов елде жүргенде кәдімгі дін ұстанушы болғанын, ешбір заңға қайшы әрекет жасамағанын, түрік мұнай компаниясында жұмыс істеп, балаларын баққанын айтады. Сонда да болса, қудалау күшейе берген. 2006 жылдың ақпан айында арнаулы қызмет өкілдері оның қалтасына есірткі мен Қазақстанда тыйым салынған діни ұйымдардың үгіт-насихат қағаздарын салып жіберіп, арандатқан. Содан бастап, Қазақстан Қуанышқа халықаралық іздеу салған, Қуаныш болса, Чехияда босқын мәртебесін алу үшін күресу үстінде.

Өзінің айтуы бойынша Каменов 2006 жылы ақпанның сол бір күнінде Жаңаөзен қаласының әскери комиссариатына келген. Әскери қызметкермен сөйлесіп болып, сыртқа шыққан оны нөмірсіз көліктермен келген әлдекімдер күтіп тұрған. Қуаныш Каменовтың өзі айтқандай, көліктен 300-400 қадам алыстаған кезде ол өзінің артынан біреудің жүгіріп келе жатқанын байқаған. Каменов артына
Чехияның Вышни Лхоты елді мекенінде орналасқан босқындар лагерінің сыртқы көрінісі. 1 ақпан 2009 жыл.
бұрылғанда бас салған екі жігіт мұны жерге жыққан.

– Олар менің қолымды қайырып, ұрып-соғып, боқтады, тепкіледі. УАЗ көлігі келіп тоқтады да, ішінен тағы бес-алты адам түсті. Олар Ақтау қаласы ҰҚК-нің жігіттері еді. Мен оларды түрлерінен бірден таныдым, өйткені олар біздегі басқа жігіттерді де осылай арандатқан болатын. Олар қолымды кісендеді де қалтама бірдеңе салып жатты. Мені тұрғызып, кімсің, қайдан келе жатырсың деген сұрақтар қойды. Қолына қолғап киіп, қалтамды тексере бастады. Өз қалтамда не барын өзім білем ғой, қалтамда тек жеке куәлігім бар еді. Куәлігімді көрді де: «Демек, сен Қуаныш екенсің ғой», – деді. Қалтамнан үндеу қағаздарын шығарды. Әділжан Мұздыбаевты да осындай «Хизб ут-Тахрирға» тиесілі-міс үндеу қағаздарымен арандатқан болатын. Ол қағаздардың ішінде шай қорабының ішкі қағазындай жылтырақ қағаз болды, ал, оның ішінен ақ ұнтақ шықты. Ол қағаз ораманы бір-біріне көрсетті де, менен бұл не деп сұрады. Сосын бұл ұнтақты сараптамаға жіберетінін айтты. Тура сондай орама қағазды шалбарымның қалтасынан да шығарды, оның ішінен де ұнтақ шықты, бірақ, ақ емес, сары түсті ұнтақ. Куә ретінде екі жігітті алып келіп, қалтасына біздің есірткі салып жібергенімізді көрдің бе деп сұрады. Ол екеуі жоқ деп жауап берді, – дейді Қуаныш Каменов.

Сосын Каменовты Жаңаөзен қаласының ҰҚК-іне әкелген, қолына кісен салып, еденге жатқызған күйі түнге дейін ұстаған. Түнде жауап алу басталған, хаттаманы толтырған арнаулы қызмет өкілі, 1997 жылдан Батыс Қазақстанның діндарларына бақылау жүргізген Сейсенбай Ізмұханов болды.

– Ақтау ҰҚК мен ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі полиция басқармасының қызметкерлері менен өзге мұсылмандар жайлы сұрастырды. Олардың сөзі мынау болды: «Болды, сенің шаруаң бітті. Қанша жылға кететініңді өзің де білесің». Мен өзімді кінәлімін деп мойындамадым. Біреуі тұрып: «Назарбаев билік басында қалды, оның барлық бандиттер мен діндарларды ұстаңдар деген жарлығы бар. Билік бізге бұл үшін толық құқық берді. Біз сендердің бәріңді құртамыз, түрмеде шірисіңдер, – деді.

Онан соң Ізмұханов сөйледі: «Қуаныш, мен саған сонау 1998 жылы айтып едім ғой, ендігәрі кездеспейік деп. Түсінбейсің бе, не?» Мен хаттамаға сол күні не істегенімнің бәрін жаздым. Ол маған қорқыту әрекетін жасаған жоқ. Баламның бар екенін айтты, үйіңе қайтқың келетін шығар деп сұрады. Оның алдында ҰҚК-нің бастығы келіп кеткен. Бұлар оған мені уахапшыл, есірткі ұстап жүр деп таныстырған. Ол: «Упаковкалаңдар оны», – деп кеткен еді. Бірақ, Ізмұханов маған ешқайда кетпеу туралы қолхатқа қол қойдырып алды да үйіме жіберді, – дейді Қуаныш Каменов.

Кейіннен чекистер Қуанышқа «қалтасынан шыққан» ұнтақтың гексоген – жарылғыш зат болып шыққанын айтқан. Екінші орамадан героин «табылған». Осылайша есірткі сақтау бойынша да, жарылғыш зат сақтау бойынша да айыпталу қаупі туды.

ҰҚК-НІҢ «АҒАЛЫҚ» КЕҢЕСІ

Азаттық радиосына Қуаныш Каменов ҰҚК-інде болған жауап алулардан кейін Ақтаудағы мұсылман азшылығының жетекшісі Қазақстаннан кетуге бірінші болып кеңес берді дейді. Себебі, сол уақытта олардың кейбір діни бауырластары қылмыстық баптар бойынша түрмеде отыр еді, полиция оларды есірткі мен қару сақтадың деп айыптаған.

Осы қауымның жетекшісі Әділжан Мұздыбаевтың өзі де 2005 жылы «есірткі заттарды заңсыз иелену, даярлау, қайта өңдеу, алып-салып жіберу немесе сату» бабы бойынша бес жылға сотталған болатын. Мәскеулік адам құқықтарын қорғаушылар қылмысты өтірік ұйымдастырып, мұны қолдан қылмыскер қылып шығарған дейді. Әділжан Мұздыбаев әлі күнге Алматы облысындағы түрмеде жатыр.

Сол кездері, Қуаныш Каменовтың сөзіне қарағанда, Батыс Қазақстанның көптеген діндар қазақтары құқықтық көмек сұрап барған адвокаттардың өзі арнаулы қызметтің алдында өздерін дәрменсіз сезінген. Олар да болашақ қазақ босқындарына еуропалық елдерге кетуді кеңес еткен. Оларға қазақстандық адам құқықтары жөніндегі бюроның Маңғыстау бөлімшесінің басшысы Олег Воропаев та көмектеспеді. Адам құқықтарын қорғаушы Воропаев дәрменсіздік белгісі ретінде екі қолын жайды дейді Қуаныш Каменов. Көп ұзамай Воропаевтың өзі де Қазақстаннан кетіп қалған.

Бірақ, Қуаныш Каменовтың айтуынша, ол Ақтау қалалық ҰҚК қызметкерімен сөйлескеннен кейін ғана Қазақстаннан қашуға біржола бел буған.

– Бұрын ҰҚК қызметкері Ізмұханов маған: «Неге Ауғанстанға немесе Иранға кетіп қалмайсың, ол жақтарда тыныш өмір сүресің. Ал, осында өмір сүргілерің келсе, сақалдарыңды қырып тастаңдар. Әйелдерің пәренжені тастасын. Әйтпесе, сендерді жұмысқа да алмайтындай етеміз», – деген болатын. «Мен сені қорқытайын деп тұрған жоқпын, жай бауыр ретінде айтайын: саған бұл жақта күн жоқ, шетелге кет. Сені мен ұстамасам да, басқа біреу ұстайды. Түсінесің бе, бұл механизм қызу жұмысқа кірісті және сен оны тоқтата алмайсың. Тоқтатам деген адамды машина мыжып тастайды». Оның маған айтқаны осы болды, – дейді Қуаныш Каменов.

Бұдан соң Ақтау қаласының арнаулы қызмет өкілдері Батыс Қазақстанда тұратын өзге де мұсылмандарға осыны айтты дейді босқын.

– Ақтау қаласы ҰҚК-нің қызметкерлері бізге былай деді: «Маңғыстау Назарбаевтың ауылы екенін білесіңдер ғой. Ақтауда, Өзеннен 60 шақырым жерде оның резиденциясы бар. Ол курортты жер Кендерліде демалады. Бұл өңір мұнай шығатын, шекарада тұрған стратегиялық маңызы зор аймақ. Сол себепті Қазақстанның батысында ҰҚК өте қатты жұмыс істейді: Назарбаев келерде осында тұратын барлық тұрғындар, барлық топтар, кім қалай жүр, бәрі тексеріледі.

Сол кезде қалада пәренже жамылған әйелдер, сақал қойған еркектер жүрсе, болды онда, жоғарыға баяндайды. Болашақта сендерге бәрібір тыныштық жоқ, бәріңді құртады, түрмеге жабады. Сендерді жұмысқа алмасын деп нұсқау береді». Бір-біріміздің үйімізге жиналып жүрген кезде бізді бір-бірлеп алып кететін, таяқпен ұрды, тәлкек етті. Мұсылман еркек адам балағы қысқалау шалбармен жүреді; чекистер мен полицейлер шалбарымызды кесіп, шашымызды алып, суретке түсірді. Содан кейін біздің екі жігітіміз дінді тастап кетті, – деп әңгімеледі Қуаныш Каменов.

ТӨРТ ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚ ӘУРЕ-САРСАҢ

Осылайша елдегі қудалау мен қауіп-қатерден кейін Қазақстаннан кетіп, Ресейге аттанғанын айтады Қуаныш Каменов. Ақтау арқылы пойызбен Астраханға, сосын Мәскеуге жетіп алған. Бірақ, ол жерде Чехияға және басқа да еуропалық елдерге виза күтумен бірнеше ай босқа өткен.

Сол кезде Чехияда «Тура жол» қауымының бес - алты отбасы босқын мәртебесін алып үлгерген болатын. Оны естіген басқа да ондаған қазақ босқындарының отбасылары Чехияға қарай асыққан. Бірақ, Чехия ендігі виза беруден бас тарта бастаған. Чехияға тура жолмен баруға рұқсат ала алмаған қазақ бауырлар айналмалы жолмен барып алған.

Каменов достарының ақылы бойынша Чехияға Түркия арқылы жеткен. Бәрі Түркияға қарай ұшқан, өйткені, Түркияға барам деген қазаққа ешқандай кедергі жоқ. Ол жақтан Мәскеу бағытына ұшып, жолай Прагадан түсіп қалған. Прагалық әуежайда полицияға барып, «Баспана сұраймын» деп мәлімдеген. Осылайша Қуаныш 2006 жылы Батыстан бір-ақ шыққан. Біршама уақыт өткенде Қазақстаннан қашқан басқа да діндар қазақтар тобымен бірге Чехияға Қуаныштың екі әйелі мен алты баласы қашқан. Бірақ, ол кезде бұлар миграциялық іс өстіп, жылдарға созылады деп ойламаған еді.

Діндар қазақ босқыны енді бір айдан кейін жат жерде сенделгеніне тура төрт жыл толатынын айтады. Осы елде болған уақытында Каменов бір рет «негатив» алған, яғни, өкімет оған саяси босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Егер осындай шешім тағы екі мәрте қайталанса, онда Чехияны тастап шығуға, сосын, шамасы, Қазақстанға оралуға тура келмек. Ал, адам құқықтарын қорғаушылар мұны істей көрме деп кеңес беруде. Осы аптада Градец Кралове қаласында сот өтеді, Қуаныш Каменовтың миграциялық ісін облыстық деңгейдегі сот қарайтын болады.

Қазақ босқындары сергелдеңде жүріп, чех тілін үйреніп алған, сөйтіп, чех қоғамына сіңісе бастаған. Еркектері қара жұмыс істейді, оған қосымша отбасылар чех үкіметінен әлеуметтік жәрдемақы алады. Чехияның гуманитарлық ұйымдары да қазақ отбасыларына және басқа да босқындарға көмектесуде. Мектеп жасындағы балалар негізінен чех мектептеріне барады. Алалаушылық пен кемсітушіліксіз де болмайды енді, ол да бар дейді Қуаныш Каменов.

– Әйелім ауырып қалды, бізде медициналық сақтандыру болмағандықтан, оны дұрыстап дәрігерге көрсете алмадым. Біз босқын мәртебесін ала алмағандықтан, кәдімгі туристер қатарына жататынымызды, сондықтан еш көмек көрсетілмейтінін айтты. Бірнеше мәрте ақша беріп, ине салдырдым. Әйелімнің гинекологиялық ауруы бар. Ол емханаға барғанда алдымен чех әйелдерін қарап, сендерді қарау маңызды емес деген сөзбен қазақ әйелдерді кезекте күткізіп қойыпты. Осы секілді алалаушылықты талай рет көрдік. Босқындарға арналған басқа орындарда жүргендіктен екінші әйелімнің қолындағы мектеп жасындағы үлкен ұлым сабаққа бара алмай отыр, ол лагердің маңайында елдімекен де, мектеп те жоқ, – дейді Қуаныш Каменов.

Босқын мәртебесін алуға үміткерлерге арналған депортациялық лагердің кіре берісі. Чехия, Бездез маңындағы Бела қаласы. Маусым, 2009 жыл.
Босқын мәртебесін ізденушілерге өздерінің Қазақстанда қудаланғанын, күштеп апарылатын болса, алдынан түрме мен азап тосып тұрғанын бюрократия алдында дәлелдеуге тура келіп жатыр. Чехияның соттары мен Ішкі істер министрлігі өздерінің қарсы дәйектерін ұсынып бағуда.

– Полицейлер өздерінің тармақтарын алға тартып, біздің қауым Қазақстанда тіркеуден өтпеген және Жоғарғы мұсылмандық басқарма тарапынан бекітілмеген дейді. Сол себепті де, бізге босқын мәртебесін алу өте қиынға соқпақ. Чехия билігі Қазақстанда құқық жүйесі тамаша, заң бұзылмайды дейді. Чех билігі берген менің жеке адвокатым бар, бірақ, ол таза сырт көз үшін ғана. Адвокатым біз үшін ештеңе істей алмайтынын айтады. Чех билігінің алдына талай рет барсақ та, біздің тілегімізге биліктің құлақ асуы үшін Прагада митингтер өткізсек те, бәрібір, тіпті, сотта да біздің құқығымыз бұзылуда, – дейді Қуаныш Каменов.

МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ ІЗДЕУ ЖАРИЯЛАУ

2006 жылдың мамырында Маңғыстау облысы ішкі істер департаментінің тарапынан қазақ босқын Қуаныш Каменовке мемлекетаралық іздеу жарияланған. Ол хабарландыру облыстық полицияның сайтында әлі тұр. Каменовке заңсыз есірткі сақтады және Қазақстанда тыйым салынған діни ағым – уахабшылдыққа қатысы бар деген айып тағылған.

Азаттық радиосы Маңғыстау облысының ішкі істер департаментінен түсінік беруін сұрады. Ол мекеменің баспасөз хатшысы Гүлзайда Төлеуғалиева тілшімізден жазбаша өтініш жолдауын өтінді. Бірақ, Азаттық радиосына Маңғыстау облысы ішкі істер департаментінен келісілген уақытта жауап келмеді.

Қуаныш Каменовтың сөзінше, әлі күнге дейін күштік құрылымдар қызметкерлері Жаңаөзендегі жақындарының үйіне келіп, мазалайтын көрінеді.

– Мен Қазақстаннан кеткеннен кейін көп уақыт бойына жақындарыммен хабарласпадым. Тек діндар қазақ босқындары жайында интернетке ақпарат шыққаннан кейін ғана анама хабарластым. Анам менің Чехияда екенімді үйіне келген ҰҚК қызметкерлерінен білгенін айтты. Олар мен туралы ақпараттың интернетке шыққанын айтқан. Өткен жылдың желтоқсанында анама келіп, менің нақты қайда екенімді айтпаса, үйді тінтетіндерін айтып қорқытқан. Анам болса, еш қорықпайтынын айтып, үйді тінтсеңдер тінтіңдер деген.

Анамның үйіне ылғи учаскелік уәкіл, жедел уәкілдер, ҰҚК өкілдері келіп тұрады. Бірде қарындасым үйге, ініме хабарласпауымды өтінді. Өйткені, менімен сөйлескеннен кейін екі-үш күн өткенде оған қызметкерлер келіп, менің қайда екенімді сұрапты. Менің барлық туыстарымның телефондары тыңдалатын секілді, – дейді Қуаныш Каменов.

Адам құқықтарын қорғаушылар айтатындай, күштік құрылымдардың жиі қолданатын әдісі – тұтқындап, азаптаудан да бұрын ол отбасының, балаларының қоғам тарапынан қысым көретінін ойлап, қауіптенеді.

– Бірде Жаңаөзен қаласының бас имамы мешітте сөйлеген сөзінде уахабшылар Құрбан айтта баласын, адамды құрбандыққа шалады деген еді. Имамның сол сөзі бүкіл қалаға тарап кетті де жұрт бізден үрке бастады. Себебі, бізді уахабшылар деп білетін. Бір рет біздегі бір мұсылман жігіт ойнап жүрген балалардың жанынан өтіп бара жатқанда олар мұны көре салып қаша жөнелген, қаша алмай қалған біреуі еңіреп жылап жіберген. Сонда оған жаны ашыған қалған балалардың біреуі «Аға, мені сойыңыз» деп араша түскен.

Діни сауаты төмен жұрт имамның сөзіне құдайдай сенеді. Ал, имам болса, бір мұсылманды екінші мұсылманға айдап салып отыр. Елге қайтатын болсам, біз сияқты кәдімгі мұсылмандар жайлы әлгіндей үрейлі әңгімеге қарық болған балалар менің балаларыма қысым көрсетіп, шеттете ме деп қорқамын. Сол секілді неше түрлі біз туралы сұмдықтарды естіп, баламның мектептен жылап қайтып жүргенін қаламас едім, – дейді босқын Қуаныш Каменов Азаттық радиосына.

Баса айтарымыз – чехиялық билік саяси баспана беруден үшінші мәрте бас тартса, Қуаныш Каменов пен оның отбасы Қазақстанға күштеп әкелінбек. Осы жылдың қазанында Марғұлан Мұхамбетов деген жас мұсылман соның тәлкегін көрген еді. Ол чех полицейлерінің күзетінде Прагадан тіке ұшатын ұшақпен Алматының әуежайына әкелінген болатын. Содан бері ол жігіттен хабар жоқ.

Биылғы жылдың қазанында Градец Кралове қаласындағы өлкелік сот осы қауымның жетекшісі Қайрат Досметовқа босқын мәртебесін беруден бас тартты. Ол да Қазақстанда үздіксіз қуғын көрген. Бірақ, чех соты Қайрат Досметовтың қазақ полициясы тарапынан қудаланғанын растайтын ешқандай жазбаша құжат жоқ деген тұжырым жасады. Қайраттың жай-күйі туралы Азаттық радиосы осы қауым тақырыбындағы келесі мақалада әңгімелейтін болады.
XS
SM
MD
LG