Accessibility links

«Тамаша тарланы» Құдайберген Сұлтанбаевтың орны ойсырап қалмай ма?


Кино және театр актері, комик Құдайберген Сұлтанбаев. Жеке мұрағаттағы сурет.

Кино және театр актері, комик Құдайберген Сұлтанбаев. Жеке мұрағаттағы сурет.

Қазақстанның халық әртісі, актер Құдайберген Сұлтанбаев жексенбі күні кенеттен қайтыс болды. Әріптестерінің айтуынша, танымал актердың ажалы жүрек дертінен болған.

Желтоқсанның 19-ы күні Алматыда кино және театр актері Құдайберген Сұлтанбаев 64 жасқа қараған шағында дүние салды.

Марқұм жұмыс істеген Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрындағы әріптестерінің Азаттық радиосына айтуынша, Құдайберген Сұлтанбаевтың жүрек талмасы ұстап қайтыс болған.

Қызылорданың Аралында туып-өскен Құдайберген Сұлтанбаев орта мектепті тәмамдаған соң Алматыдағы политехникалық институтқа оқуға түседі. Кейін Алматы консерваториясын тәмамдағананн кейін өнердегі жолын 1969 жылы «Гүлдер» ансамблінде бастаған.

1978 жылы «Тамаша» ойын-сауық отауы құрылып, комедиялық рөлдерді ойнап сахнаға шыққан Құдайберген Сұлтанбаев Қазақстан жұртшылығына комик актер ретінде кеңінен танылды.

Онымен бірге осы театрда өнер көрсетіп, қоғамдағы келеңсіз көріністерді өткір мысқылмен түйреген, көрерменнің қошеметіне бөленген комиктер Уәйіс Сұлтанғазин, Тоқсын Құлыбеков, Мейірман Нұрекеевтер және «Тамашаның» негізін қалап, ұзақ жылдар жетекшілік еткен Лұқпан Есенов те мезгілсіз қайтыс болған еді.

Құдайберген Сұлтанбаев 1996-1999 жылдары аралығында Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты болды. Депутат кезінде оның айтқан: «Парла­менттегі 67 депутаттың бәрі әртістер екен, бірақ ішіндегі профессионалы жалғыз мен екенмін ғой» деген сөзі де халық арасына тарап кеткен.

Кинода да түрлі рөлдерді сомдаған Құдайберген Сұлтанбаев өмірінің соңына дейін Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрда жұмыс істеді.

Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі желтоқсанның 21-і күні осы өнер ордасында өтеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG