Accessibility links

Жемқорлық дауына қалған Тимур Құлыбаевты «Форбс» миллиардерлер тізіміне енгізді


Байлардың тізімі жарияланған "Форбс" журналының соңғы саны. 10 наурыз, 2010 жыл.

Байлардың тізімі жарияланған "Форбс" журналының соңғы саны. 10 наурыз, 2010 жыл.

Ерлі-зайыпты Тимур және Динара Құлыбаевтар «Форбс» журналының миллиардерлер тізіміне қайта оралды. Осының алдында ғана Тимур Құлыбаевтың атына «20 миллиард доллар ақша жеді» деген айып та айтылған еді.


«Форбс» журналы әлемдегі ең бай адамдарды 24-ші мәрте санап шықты. Мексикалық магнат Карлос Слим Элу 53,5 миллиард доллар дәулетімен әлемдегі ең бай адам атанды. Мексикалық магнаттан жарты миллиард доллары кем Билл Гейтс рейтингте екінші орында тұр. 47 миллиард доллары бар Уоррен Баффет үшінші сатыға жайғасты.

1011 миллиардердің арасында Қазақстанның жеті тұрғыны бар.

ВЛАДИМИР КИМ – ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҢ БАЙ АДАМ

«Қазақмыс» корпорациясының басшысы Владимир Ким Қазақстанның ең байы адамы атанды. «Форбс» журналының биылғы есеп-қисабы бойынша, оның дәулеті 3,7 миллиард долларға бағаланып отыр. Ким бай адамдардың әлемдік рейтингінде 247-ші орында тұр.

«Өткен жылғы нарық дағдарысы салдарынан дәулеті бес есеге азайған мыс өндіруші "Қазақмыс" басшысы Ким миллиардерлер санатына қайта қосылды» деп жазды «Форбс».

Әлемдік журналдың миллиардерлер тізімінде 2005 жылдан бері аты аталып келген Владимир Ким «Форбстың» 2009 жылғы есебіне енбей қалған-ды.

Мыс магнатының аз уақыттың ішінде қомақты қаржы жинап үлгеруін «Форбс» қазақстандық қор мен қытайлық компанияның көмегі арқылы жүзеге асты деп атап көрсетеді.

«Жақында компания, мыс өндірісін ұлғайту мақсатында, Қытай даму банкі және Қазақстанның «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан 2,7 миллиард доллар кредит алды» деп жазды «Форбс».

ЕУРАЗИЯЛЫҚТАР: МАШКЕВИЧ, ШОДИЕВ, ИБРАГИМОВ

Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы (Eurasian Natural Resources Corporation) қожайындары Әлиджжан Ибрагимов, Александр Машкевич және Патох Шодиев бай адамдар тізіміндегі жағдайларын біршама жақсартқандығы байқалады.

«Форбс» олардың әрқайсысының дәулетін 3,3 миллиард долларға бағалады. Үшеуі де рейтингте 287-ші орынға жайғасты.

Әлемдік журнал Машкевич, Шодиев және Ибрагимов триосы «Қазақстанда таукен-металлургиясы империясын» құрды деп атап көрсетті. Сонымен бірге «Форбс» компанияның өткен жылы шамамен миллиард долларға Орталық Африка тау-кен және зерттеу компаниясын сатып алғандығына тоқталып өткен.

Қазақстанда тұратын Израиль азаматы Александр Машкевич, «Форбс» журналының есеп-қисабы бойынша, Израильдің ең бай миллиардері атанды.

НҰРЖАН СҰБХАНБЕРДИН

Қазақстандағы ең ірі банктердің бірі - «Қазкоммерцбанк» компаниясының негізін қалаушы әрі басқарма төрағасы Нұржан Сұбханбердиннің дәулетін «Форбс» журналы 1,1 миллиард долларға бағалады. Сұбханбердин - әлемнің 880-ші бай адамы.

Халықаралық журнал келтірген мәліметтерге сүйенер болсақ, «Казкоммерцбанк» өткен жылы үкіметтен шамамен 1 миллиард долларға жуық қаржы алды, соның есесінен Сұбханбердин миллиардерлер тізіміне қайтадан еніп отыр.

Банктің «Орталық Азия инвестициялық компаниясындағы үлесі арқылы Қазақстанның мұнай және газ, энергетика, телекоммуникация, көлік және медиа саласында мүддесі бар» деп келтірді «Форбс».

Сонымен бірге «Форбс» Нұржан Сұбханбердиннің тағы бір қазақстандық миллиардер Тимур Құлыбаевпен бір университетте оқығандығын атап өтуді де жөн санапты.

ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫ ҚҰЛЫБАЕВТАР

Ерлі-зайыпты Тимур және Динара Құлыбаевтардың әрқайсысы 1,1 миллиард доллар дәулеттерімен «Форбс» рейтингіне қайта кірді. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы мен күйеу баласы өткен жылғы тізімге кірмей қалған еді. Бұл екеуі Халық банкіне қожалық етеді.
"Kazenergy" қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев Астанадағы энергетикалық форумда. Астана, 25 қыркүйек, 2009 жыл.


Құлыбаев мемлекеттік және жеке компаниялардың басшылығында отыр. Ол «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасының орынбасары, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, «Қазақстан темір жолы», «Самұрық Энерго», сондай-ақ KazEnergy коммерциялық емес ұйымының басшысы қызметін атқарады.

Халықаралық журнал «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының өткен жылы Халық банкке 600 млн доллар бөлгендігін, соның арқасында ерлі-зайыпты Құлыбаевтар байлардың рейтингіне қайта оралғандығын атап көрсетті.

«Форбс» Құлыбаевты миллиардерлер қатарына оны үлкен көлемде қаржы жеді деп айыптап жатқан сәтте қосып отыр. Назарбаевтың күйеу баласына қарсы айыптардың авторы – БТА Банктің бұрынғы басшысы, қазір Қазақстаннан тыс жерде жүрген Мұхтар Әблязов.

Ол «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаевтың «соңғы бірнеше жыл көлемінде елден ұрлаған қаржысы 20 миллиард доллардан асады» деп мәлімдеді.

Тимур Құлыбаев бұл айыптауларға қатысты пікір білдіруден бас тартып, барлық деректерді тексеру органдарына тапсырдық, солардың жауабын күтейік деген еді Азаттық радиосына ақпан айының басында берген қысқа-қайырым сұхбатында.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG