Accessibility links

Қаза болған тұтқынның отбасы оның өлімін Құсмұрын түрмесі қызметкерлерінен көреді


Құсмұрындағы қамау мекемесінде қаза тапқан Қанат Мұхамбетқалиев. Жеке мұрағаттағы сурет.

Құсмұрындағы қамау мекемесінде қаза тапқан Қанат Мұхамбетқалиев. Жеке мұрағаттағы сурет.

Қостанай облысы Әуликөл ауданындағы Құсмұрын ауылындағы түрмеде қаза болған Атырау облысының тумасы Қанат Мұхамбетқалиевтың ата-анасы балаларының өліміне түрме әкімшілігін кінәлайды. Ресми орган өкілі «тұтқын мидың қабынуынан көз жұмған» дейді.


Қостанай облысы Әуликөл ауданы Құсмұрын ауылындағы УК-164/4 колониясында жазасын өтеп жатып қаза болған Атырау облысының тумасы Қанат Мұхамбетқалиевтың денесін ата-анасы қазанның 11-і күні жер қойнына тапсырды. Олар Қанаттың «түрмеде өзіне қол жұмсап қаза болғанына» сенбейді. Ата-анасы Қанат Мұхамбетқалиевтың ажалына түрме әкімшілігінің қатысы бар деген күдік айтады.

«БАЛАМЫЗДЫ ҰРЫП ӨЛТІРГЕН»

Қанат Мұхамбетқалиевтың ата-анасы балаларының қазасын қазанның 6-ы күні естіген. Олардың айтуынша, Қанат Мұхамбетқалиев Қостанай түрмесіне қыркүйектің 28-інде жөнелтіліпті.

– Ол шешесіне 27-ші қыркүйекте телефон шалып, «мама мен Қостанайға кетіп барамын, мені уайымдамаңдар, өздеріңді ұстаңдар» депті. Содан баланың өлі денесін бір-ақ көрдік, – деді Қанаттың әкесі Сәбит Мұсағалиев Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, үй-іші Қанат Мұхамбетқалиевтің мәйітін алуға барған кезде марқұмға Қостанай облыстық ауруханасында сараптама жасалып жатқан екен. Алайда балаларына жасалған сараптамаға қатысуға сұранған ата-анаға «жоғарыдан адам қатысып отыр» деген сылтаумен рұқсат берілмепті.

Сәбит Мұсағалиевтың айтуынша, бұл жасалған екінші сараптама. Оған дейінгі жүргізілген алғашқы сараптама қортындысы да бар екен.

– «Қанат Мұхамбетқалиевтың өлімінің себебі» деген дәрігер анықтамасына В.М.Федун деген сарапшы қол қойған. Онда «мидың ісінуі, аса қатты нефрит синдромы, бөксе жағының көптеген жарақаты» салдарынан деп жазылған. Баланың денесінде ұрып-соғудың ізі сайрап жатыр. Әсіресе төмен жағы адам көргісіз. Белден бастап оң аяғы тізесінен төмен қап-қара болып кеткен. Басында, маңдайында жарақат іздері бар, – дейді Сәбит Мұсағалиев.

Оның сөзіне сүйенсек, бұл айтылғандарды істі тергеумен тікелей айналысып жатқан аға тергеуші полиция майоры Қанат Бекбергенов те растаған.

– Ол баламның өліміне себепкер екі қызметкердің қамауда отырғанын айтты. Не үшін ұрған деп сұрағанымда «режимге көнбеген» деді. Менің «сонда ұрып өлтіру керек пе еді? Басқа заң бойынша жазалаудың амалдары болады ма?» дегеніме ешкім жауап берген жоқ, – дейді Сәбит Мұсағалиев.

«ИНШАЛЛА» ДЕГЕН АҚТЫҚ СӨЗБЕН КӨЗ ЖҰМҒАН»

Сәбит Мұсағалиев Қостанай облыстық прокурорына арыз жазғанын айтады.

– Бірақ ондағылар «енді не керек, екі адам қамауға алынып отыр ғой. Мына екінші сараптама қортындысы бір айдан соң шығады, ал екі айдан соң сот болады, сізді сонда шақырамыз ғой» деді маған. Тек мен жоғары заң орындарына шағымданатынымды естігеннен соң ғана олар арызымды қабылдады. Баламызды «режимге қарсы шықты» дегендеріне сенбейміз. Ол спортпен шұғылданатын, денсаулығы да жақсы, намаз оқитын, қақ-соқпен ісі жоқ бала еді. Темекі шекпейтін, есірткімен де байланысы болған жоқ. Тіпті тергеуші оны өлтіргендерден жауап алғанда олар баламыздың соңғы айтқан сөзі тек «иншалла» болғанын айтыпты, – деді марқұмның әкесі.

Сәбит Мұсағалиевтың айтуынша, Қанаттың жазасын өтеп шығуына небәрі төрт жарым ғана ай қалған.

23 жастағы Қанат Мұхамбетқалиев Атырау облысының Құрманғазы ауданының тумасы. Ол отбасындағы екінші бала. Ата-анасы Қанат Мұхамбетқалиевтың Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 175-бабының 2-тармағы бойынша «ұрлық жасады» деген айыппен бес жылға сотталғаннын айтады.

Сәбит Мұсағалиев ұлының өліміне кінәлілердің лайықты жазасын алуы үшін заң орындарына шағымданып, әділдік іздейтінін айтып отыр.

– Біз сияқты сандаған адамдардың баласы түрмеде отыр, олардың арасында нақақ отырғандар да бар. Бірақ ата-аналары балаларын күн санап күтіп жүрген жоқ па? «Режимге бағынбады» деп ұрып өлтіру Қазақстанның еш заңында жазылмаған, бірақ заң қызметкерлеріне рұқсат берілген өлім жазасы бар болғаны ма? – дейді шарасыздықтан күйінген Сәбит Мұсағалиев.

КУРАМШИН КЕШІРІМ СҰРАЙДЫ

Қазір марқұм Қанат Мұхамбетқалиевтың ісімен құқық қорғаушы Вадим Курамшин айналысып жатыр.

– Мен Қанат Мұхамбетқалиевтың ата-анасы мен оның туған-туыстарының сенімді өкілі ретінде марқұмның өліміне себепкер болғандарды жауапқа тартуды ғана емес, республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитеті басшыларының орнынан алынуына қол жеткізуге тырысамын. Бұл комитеттің өкілдері қоғам алдында жалған ақпарат бергендерімен қоймай, марқұмның отбасына моральдық зардап шектірді, – деді Вадим Курамшин.

Вадим Курамшин Құсмұрын түрмесінің тұтқыны Қанат Мұхамбетақалиевтың өлімі жайлы бұған дейін таратқан ақпаратта ол түрме қызметкерлерінің соққысына шыдамай өз мойын күре тамырын орып қаза болған деп хабарлаған еді. Алайда баласының денесін көзімен көрген Сәбит Мұсағалиев марқұмның өзіне-өзі қол жұмсамағанын айтады.

Азаттық тілшісімен әңгімеде құқық қорғаушы Вадим Курамшин де нақты ақпарат алуға өзінің мүмкіндігі болмағандығынан, өзі таратқан ақпаратта ауытқудың болғаны үшін көпшіліктен кешірім сұрайтынын хабарлады.

ЗАҢ ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖАУАБЫ

Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымжан Хасенов қазанның 11-і күні Азаттық радиосына берген түсініктемесінде Қанат Мұхамбетқалиевтың қазасын «бүйректің жұмыс істемеуі салдарынан мидың қабынуына соқтырған биологиялық өлім» деп түсіндірді.

Азаттық тілшісі осы мәселеге орай марқұм Қанат Мұхамбетқалиевтың қазасына қатысты істі тексерумен айналысып жатқан Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің аға тергеушісі Қанат Бекбергеновке хабарласқан еді.

Өзінің осы іспен айналысып жатқанын Азаттық тілшісіне растаған полиция майоры «бірақ бұл іске байланысты ештеңе түсіндіре де, айта да алмайтынын» алға тартып, тілші сауалына жауап беруден бас тартты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG