Accessibility links

Геннадий Павлюктің қазасын тергеу ісінде Астана мен Бішкек бір-біріне сілтейді


Қырғыз журналисі Геннадий Павлюк өз аманаты бойынша Ыстықкөл маңында жерленді. 24 желтоқсан 2009 жыл.
Қырғыз журналисі Геннадий Павлюк өз аманаты бойынша Ыстықкөл маңында жерленді. 24 желтоқсан 2009 жыл.

Қазақ полициясы Алматыда қаза болған қырғыз журналисі Геннадий Павлюкті өлтіргендердің ізіне түскенін мәлімдеді. Бірақ қырғыз ІІМ қазақстандық әріптестерінен күдіктілерді анықтауға қатысты ешқандай өтініш түспегенін айтып отыр.


ҚАЗАҚ ПОЛИЦИЯСЫ КҮДІКТІЛЕРДІҢ АТЫ-ЖӨНДЕРІН АЙТПАЙДЫ


Қазақстанның ішкі істер министрлігі Алматыда өлтірілген қырғыз журналисі Геннадий Павлюктің ісі бойынша жаңа мәліметтер пайда болғандығын, яғни тергеу тобы осы қылмысты жасаған деген күдіктілерді анықтағандығын хабарлады.

– Биыл 16 желтоқсанда Алматы қаласында Қырғыз Республикасының азаматы Геннадий Павлюкті өлтіру фактісі бойынша жүргізілген жедел тергеу іс-шараларының нәтижесінде ҚР ІІМ осы қылмысқа қатысты Қырғыз Республикасының бірнеше азаматын анықтады, – деді Қазақстан ІІМ-нің баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов желтоқсанның 29-күні Азаттық радиосына.

Оның айтуынша, ТМД елдері аумағында құқықтық көмек және құқықтық қарым-қатынас туралы Кишинев конвенциясына сәйкес, «қозғалған қылмыстық іс шеңберінде тиісті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, қылмыстық қудалауды одан әрі жүзеге асыру және сот әділдігін қамтамасыз ету мақсатында жиналған материалдар мен дәлелдемелерді Қырғызстанның құзыретті органдарына беру мәселесі шешілуде».

Алайда Қуанышбек Жұманов күдіктілердің нақты кімдер екендігін айтудан бас тартты.

– Тергеу мүддесін қамтамасыз ету мақсатында қылмыс жасаған адамдардың аты-жөндері мен қылмыстың мән-жайлары бойынша әзірге толық мағлұмат бере алмаймын. Әзірге бар мағлұмат осы, – деп қысқа қайырды министрлік өкілі Азаттық тілшісіне.

ҚЫРҒЫЗ МИЛИЦИЯСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС МӘЛІМЕТТЕРІН КҮТІП ОТЫР

Қырғыз билігі болса журналист Геннадий Павлювтің өліміне қатысты қылмыстық іс материалдарын әлі алмағандығын хабарлап отыр.

Республиканың мемлекеттік прокуратурасы 25 желтоқсанда қазақ әріптестеріне ресми сұрату жолдаған. Соған байланысты Қырғызстан бұл іске өз азаматтарының қатысы бар-жоқтығы туралы әзірге ештеме айта алмайтындығын мәлімдеді.

– Біз Қазақстанның қылмыстық полициясы департаментімен әрдайым қарым-қатынастамыз. Бүгінгі күні бізге және прокуратураға Қазақстанның полициясынан ресми түрде ешқандай мағлұмат келген жоқ, – деді Қырғызстанның Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Сабырбек Құрманәлиев желтоқсанның 29-күні Бішкекте.

Сонымен бірге, Құрманәлиев қырғыз милициясы бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғай алмайтындығын, өйткені, қылмыс көрші мемлекеттің аумағында тіркелгендігін атап өтті.

ҚЫРҒЫЗ ЖУРНАЛИСТЕРІНЕ ҚАРСЫ ҚАСТАНДЫҚТАР

Бұл уақытта әлемдік қауымдастық Алматыда тіркелген қылмыстың тез арада ашылуын қырғыз билігінен талап етіп жатыр. ЕҚЫҰ-ның БАҚ мәселелері бойынша өкілі Миклош Харасти, АҚШ конгресінің тең төрағасы Элси Хастингс, американдық сенатор Бенжамин Л. Кардин, сондай-ақ басқа да танымал тұлғалар мен халықаралық ұйымдар өз мәлімдемелерін Бішкекке жолдады.

– Соңғы бірнеше айда журналистерге қарсы зорлық-зомбылық күшейді. Билік Қырғызстанда БАҚ қауіпсіздігі мәселесінің осал тұстары көбейгендігін ашық мойындауы тиіс және оны күнделікті қылмыстық әрекет деп тануға болмайды, – деп жазды мәлімдемеде Миклош Харасти.

Қырғызстанда қастандықпен өлтірілген журналистер – Әлішер Саипов пен Геннадий Павлюк. «Келесі кім?» деп жазылған.
Ал Қырғызстанның бірлескен халық қозғалысы журналист Геннадий Павлюкке жасалған қастандықты «арнайы ұйымдастырылған террорлық акт» деп бағалады.

Қырғыз журналистері үшін желтоқсан «қаралы айға» айналды. Геннадий Павлюктің өлімі алдында ғана Бішкекте ресейлік журналист және саясаттанушы Александр Князевті соққыға жығып кетті. Одан соң Росбалт ақпарат агенттігінің тілшісі Александр Евграфов та дәл осындай жағдайға тап болды.

Биылғы 16-желтоқсанда Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің 6-шы қабатынан құлап, ауыр жарақаттың салдарынан бес күн бойы Алматы ауруханасында ес-түссіз жатқан журналист Геннадий Павлюк 22-желтоқсанда көз жұмды.

Қырғыз оппозициясының айтуынша, журналист Геннадий Павлюк осы жылдың соңына дейін қырғыз оппозициялық «Ата-Мекен» партиясының газеті шығарып, жаңалық тарататын интернет басылым ашпақшы болған.

Оның алдында Геннадий Павлюк ресейлік «Аргументы и Факты» басылымының қырғыз өкілдігін басқарған, содан соң «Белый Пароход» интернет-басылымы мен газетін ашқан.

Павлюк өз материалдарына Ибрагим Рустамбек деген лақап атпен қол қойған. Өзінің авторлық мақалаларында журналист Геннадий Павлюк Қырғызстаннның қазіргі билігін бірнеше мәрте сынға алған-тұғын.
XS
SM
MD
LG