Accessibility links

Айыптаушы тарап қырғыз соты мен прокурорының кәсібилігіне күмән келтіріп отыр


Шілдедегі жол апаты бойынша екінші сот отырысы. Бішкек. 21 қаңтар,2009 жыл.

Шілдедегі жол апаты бойынша екінші сот отырысы. Бішкек. 21 қаңтар,2009 жыл.

Қаңтардың 29-ы күні шілде айында 8 адамның өмірін қиған жол апатының туындауына себепкер болған автобус жүргізушісіне қатысты кезекті сот отырысы Бішкекте өтеді. Жол апатынан зардап шегушілердің басым бөлігі Қазақстан азаматтары болса да, бұған дейін болған сот процестеріне олар шақырылмапты.

Қазақстандық туристері бар автобус өткен жылы шілде айының 20-нан 21-іне қараған түні Қырғызстанның Тоқмақ қаласының маңында жеңіл көлікке соқтығысып аударылған болатын. Жол апатынан 8 адам көз жұмып, 30-дан астам адам жарақаттанған еді. Оқиғадан зардап шегушілердің айтуынша, жол апаты жүргізушінің жылдамдықты шектен тыс асыруының салдарынан болған деседі.

Ал автобус жүргізушісін айыптауға қатысты алғашқы сот процесі туралы куәгерлердің басым бөлігі білмепті. Жол апаты кезінде жақынынан айрылған Алматы қаласының тұрғыны Дмитрий Ананьев алғашқы сот отырысына тек өзінің белсенділігінің арқасында ғана қатысқанын айтады.

- Мен процесті үнемі қадағалап отырдым. Тергеуші Кочокпаев Мұқайға сан мәрте хабарласып жатып, сот отырысының мерзімін білдім.

Мамандардың айтуынша, куәгерлердің басым бөлігі Қазақстанда болғандықтан, сот процесі жайлы арнайы орган Қазақстан елшілігіне де ескертуі қажет екен. Қазақстанның Қырғызстандағы елшілік өкілдері мұндай ескерту болмағынын айтып отыр.

- Негізі олар (Қырғызстан Республикасының елшілігі – ред.) Қазақстан азаматтарымен болған оқиғаларды бізге хабарлаулары керек қой. Бірақ бізге ешқандай ескертпе, хабар келген жоқ. Біз аталған мәселе бойынша Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдадық. Соның жауабын күтіп отырмыз, - дейді ҚР-сының Қырғызстандағы елшісі Серік Андосов.

Біз бұл турасында Қырғызстан Сыртқы істер министрлігіне хабарласқанымызбен жауап ала алмадық.

Апат салдарынан қаза тапқан азаматтардың туыстарының сөзіне қарағанда, қаңтардың 22-сі күні өткен сот отырысына айыптаушы тараптан көп адам болмаған. Десек те, бұл жолы қырғыз сотына көңілдері толмаған азаматтар аз емес. Соның бірі Алматы қаласының тұрғыны Гүлгуна Атигаева ол жөнінде былай дейді.

- Бірінші сот отырысына айыптаушы жақтан бір адам ғана барды. Көз жұмған адамдардың туыстары келді. Жол апатынан менің жиенім қайтыс болды. Жиеніммен бірге 6 адам барған еді. Екеуі қайтыс болды. Біз сот алдында сөйледік. Мені қынжылтқан нәрсе, прокурордың іске мүлде қызығушылық танытпағаны. Ол тіпті отырысқа жарты сағатқа кешігіп келді.

Зардап шегушілер жағы прокурордың жұмысына наразылық танытып, қырғыз сотынан оны ауыстыруды талап етпекші. Жақында өздерінің үндеулерін қырғыз сотына жеткізуге үміттеніп отырған заңгер Дмитрий Ананьев заңға сәйкес әрекет жасайтындарын айтады:

- Бұл заңды. Аталған мәселе әрбір отырыстың басталуы алдында сотқа хабарланады. Прокурор өткен сот отырыстарында өте сылбырлық танытты. Ол процеске мүлде қатысқан жоқ деп айтсақ та болады. «Ішіңіз пысқан жоқ па?» деген менің сауалыма ол «Мен тыңдап отырмын» деп жауап берді. Бірақ сотта мемлекеттік айыптаушының рөлі тек тыңдау ғана емес қой. Ал қорғаушы оған қарағанда белсендірек болды.

Қазақстанның Қырғызстандағы елшілік өкілдері алда өтетін сот отырысына міндетті түрде қатысатындықтарын айтып отыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG