Accessibility links

Қазақ полициясы Геннадий Павлюктің өліміне күдіктілерді атамай отыр

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов. Астана, 13 қаңтар 2010 жыл.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов. Астана, 13 қаңтар 2010 жыл.

Қазақстанның ішкі істер министрлігі қырғыз журналисі Геннадий Павлюктің өліміне Қырғызстанның арнайы ұлттық барлау қызметінің қатысы бар деген ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартты. Тергеу амалдарын екі елдің ішкі істер органдары бірлесіп жүргізбек.

Сәрсенбі күні Қазақстан ішкі істер министрлігінің дәстүрлі брифингінде баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов өткен жылдың соңында Алматыда қастандық құрбаны болған қырғыз журналисі Геннадий Павлюктің өліміне бірнеше қырғыз азаматтарының қатысы бар екенін мәлімдеді.

Алайда ол күдіктілердің Қырғызстанның ұлттық барлау қызметіне қатысы бар ма деген сауалға толыққанды түсініктеме берген жоқ.

– Алматы қаласында Қырғызстан азаматы Геннадий Павлюкті өлтіру фактісі бойынша жедел іздестіру іс-шаралары өткізіліп жатыр. Осы қылмысқа қатысы бар Қырғыз республикасының бірнеше азаматы анықталды. Қазіргі уақытта Қазақстанның бас прокуратурасы арқылы Қырғызстанның құқық қорғау органдарына көмек көрсетілу туралы халықаралық тапсырма жолданды, – дейді Қуанышбек Жұманов.

Өткен жылдың аяғында Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында елдің күштік құрылымдарындағы дерек көзіне сілтеме жасай
Қырғыз журналисі Геннадий Павлюк өз аманаты бойынша Ыстықкөл маңында жерленді. 24 желтоқсан 2009 жыл.
отырып, Геннадий Павлюкпен Алматының пәтеріндегі соңғы кездесуде Қырғызстанның қарсы барлау қызметінің үш қызметкері бірге болған деп хабарлаған еді.

Осы ақпараттан кейін іле-шала Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік қызметі мәлімдеме таратып, журналисті өлтіру қылмысына өздерінің ешқандай қатысы жоқ екендігін жария еткен болатын.

Ал Қазақстанның ішкі істер министрлігі журналистің өліміне қырғыз арнаулы органдарының қатысы болуы мүмкін деген әлгі ақпаратты әзірге растаған да жоқ, жоққа да шығармады.

Қазақ тергеушілері қолдарындағы бар дерекпен көрші қырғыз еліне аттаныпты. Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Әубәкіров бастап барған жедел тергеу тобы Қырғызстан ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Садыбек Құрманғалиевпен және сол елдің бас прокурорының бірінші орынбасары Сумар Насизбен келіссөздер өткізіп, бірлескен жедел тергеу тобын құрғаны хабарланып отыр.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов жедел тергеу іс-шаралары аяқталғаннан кейін, осы қылмыстық істің қатысушылары туралы толық ақпарат беруге уәде етті.

– Қазір тергеу тобын қазақ полициясы, Алматы ішкі істер департаментінің аға тергеушісі Темір Стамқұлов басқаруда, – деді ІІМ баспасөз хатшысы.

Қырғызстанның белгілі журналисі Геннадий Павлюкті 2009 жылдың 16 желтоқсанында Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде қол-аяғын байлап алтыншы қабаттан тастап жіберген. Ауыр жарақаттан есіне келмеген журналист Алматы ауруханасында бес күн жатып, 22 желтоқсанда сонда көз жұмды.

Павлюктің қазасынан кейін қырғыз оппозициясының айыптауларына байланысты Қырғызстанның президенті Құрманбек Бакиев ресми биліктің бұл оқиғаға ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеген еді.

Қырғызстандағы «Белый Пароход» басылымының құрылтайшысы, ресейлік «Аргументы и Факты» газетінің Қырғызстандағы өкілдігін басқарған Геннадий Павлюк өзінің мақалаларын Ибрагим Рустамбек деген бүркеншік есіммен жариялап жүрді.

Журналист өмірінің соңында қырғыз оппозициялық «Ата-мекен» партиясының газеті мен жаңалық тарататын интернет басылымын шығармақшы ниетте болған.
XS
SM
MD
LG