Accessibility links

Қырғызстан: бастауы – бір, салдары әркелкі екі режим


Екінші қырғыз революциясы осылай басталған еді. Талас, 6 сәуір 2010 ж.

Екінші қырғыз революциясы осылай басталған еді. Талас, 6 сәуір 2010 ж.

Қырғызстан халқы бес жыл ішінде екінші президентін биліктен кетірген соң, режимді күшпен өзгерту қырғыз еліндегі тұрақты саяси үрдіске айналып кете ме деген болжам айтыла бастады.


ХАЛЫҚ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Десе де, 2005 жылдың наурыз айындағы Құрманбек Бакиевті билікке алып келген «Жауқазын революциясы» мен оны тақтан тайдырған сәуірдегі қанды көтерілістің түпкі себептерінде ұқсастықтар болғанымен, бұл екі оқиғаның соңы мүлде екі бөлек болып шықты. Ал Қырғызстанның жаңа құрылып жатқан үкіметі үшін сенім мәселесі, нақтырақ айтқанда, сенімнің аздығы алаңдатады.

Қырғызстанның саяси оппозициясы режимді алмастыру оқиғасының екеуінде де мардымсыз рөл ойнады. Олардың «президент биліктен кетсін» деген ұрандары отқа май құйғанымен, екі жағдайда да оқиғаның жылдам өрбігені сондай, ешқандай да оппозициялық топ оларды басқара алған жоқ.

Президент Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиев режимдеріне халықтың көңілі толмауының басты себебі сорақы жемқорлық пен непотизм болды. Іс жүзінде халықтың төзімі таусылды десе болады. «Фридом хауз» ұйымына Қырғызстан турасында сараптама беріп тұратын Орталық Азия жөнінде сарапшы Эрика Марат екі оқиғаны былайша суреттеп берді:

– 2005 және 2010 жылғы оқиғалардың басты ұқсастығы – екеуі де халық көтерілісі болды. Жұрт бұдан жақсы үкіметтің келуін талап етті, жемқорлыққа батқан режимге қарсы шықты, ел тұрмыс тауқыметінен шаршады.

Сәуірдегі Бакиевті кетіру оқиғасына келсек, батыстағы бір қалада алғашқы бүлік басталғаннан 48 сағат өтпестен, президент ел астанасы –
Үкімет үйінің алдында. Бішкек, 8 сәуір 2010 ж.
Бішкектен қуылды. Оппозиция сәуірдің 7-сінде жалпыұлттық рұқсат етілмеген наразылық шеруіне шығуға шақырып келген.

Олар электр энергиясын тұтыну бағасының күрт өсуіне, елдің энергетика саласындағы тауқыметін жеңілдету мақсатына Ресей берген несиенің орынды жұмсалмауына, Бакиевтің жақын туыстарының мемлекеттік лауазымдарға ие болуына, халықтың талқысына салмастан, тіпті конституцияға тиісті толықтырулар енгізбестен үкіметтің құрылымын түбірімен өзгерткеніне наразылық білдірмекші болған.

Алайда, сәуірдің 6-сы күні Таласта оппозиция жетекшісі Болот Шерниязов тұтқындалды деген хабардың тарауы мұң екен, жиналған тобыр ашына көтеріліп, жергілікті әкімшілік ғимаратын басып алды.

Халық ғимаратқа бақылау жасаған сол түні арнайы полиция жасақтарының ғимаратты құрсауға алғанына қарамастан, наразылық шарасы екінші қалаға – Бішкекке қарай жайылды.

Үкімет ғимаратының алдында наразы топ пен полиция арасында қақтығыс болып жатқан 7 сәуірде Бакиевтің қауіпсіздік қызметі ел астанасынан қашып шығу үшін Бішкектің «Манас» әуежайына барар жолды тазалаумен әлек болып жатты. Бакиевті қашуға мәжбүр еткен бүлік бар-жоғы солтүстіктегі екі қалада ғана болды. Айналасы 24 сағаттың ішінде 80-нен астам адам қаза тапты.

Мараттың айтуынша, 2005 жылғы «Жауқазын революциясы» кезінде жағдай басқаша болған:

– 2005 жылғы оқиғалар 24 наурызда Асқар Ақаев басқарған режимді құлатардан көп бұрын, бүкіл ел аумағындағы демонстрациялардан басталған. Бұл да бір жағынан тосын, ал бір жағынан көпшілік болжаған оқиға болды. Ақаев демонстранттар Бішкекке кірген наурыздың 24-і күні-ақ шұғыл түрде қашып кетеді деп ешкім болжаған жоқ-тын. Жұрт Грузия мен Украинадағы сценарий қайталанып, оппозиция үкіметті көндіргенше біраз күн өтеді деп ойлады, – дейді сарапшы.

2005 жылғы төңкеріске түрткі болған наразылық жаңа жыл мерекесі өте сала бас көтерген. Әуел баста елдің премьер-министрі аймақ жетекшілерімен және сайлау комиссиясы басшыларымен «құпия кездесу» өткізіп, ақпан айының соңына белгіленген парламент сайлауы кезінде Ақаевшыл кандидаттарды «жеңдіру» жайын пысықтапты деген сыбыс әңгіме тарады. Қаңтардың 6-сында бұл өсектің растығына иландыратын бір оқиға болды.

Орталық сайлау комиссиясы қазіргі уақытша үкіметті басшысы, сол кездегі танымал оппозиция жетекшісі Роза Отунбаеваны, кейінірек
Бірінші қырғыз революциясы кезіндегі қақтығыстар. Бішкек, 24 наурыз 2005 ж.
басқа да оппозиция өкілдерін сайлауға қатыстырмай тастады. Отунбаева Ақаевтың қызы Бермет сайлауға түсіп жатқан және кандидат ретінде тіркелген округтен бақ сынамақшы болған. Ақпанның 27-сінде болған сайлаудың алғашқы кезеңінің нәтижесі бойынша парламенттегі орындардың барлығын дерлік Ақаевты қолдайтын кандидаттар иеленді.

Сайлаудың бірінші кезеңі қарсаңында басталған бейбіт шерулер агрессивті сипат ала бастады. Бакиев биліктен кеткен тұста елде болған оқиғалар барысында аты шыққан Жалал-Абадтағы үкімет ғимараты 2005 жылы да шерушілер басып алған алғашқы ірі мекеме болатын.

Демонстранттардың көпшілігі Бішкектегі үкімет ғимараттарын басып алуға ұласқан наразылықтардың соңғы күндері оңтүстіктен Бішкекке келген болатын. Ақаев елден қашып кеткеннен соң оңтүстіктегі көп жұрттың бойында оны бүкіл ел болып тақтан тайдырдық деген сезім болды, бірақ мұнда оңтүстіктің шешуші рөл атқарғаны анық еді.

ЖАҢА ҮКІМЕТПЕН БІРГЕ ЖАҢАРҒАН ПРОБЛЕМА

Сарапшы Эрика Марат оңтүстіктің тумасы ретінде Бакиев солтүстік-оңтүстік болып жіктелу мәселесімен күресіп, үрейді сейілтуге күш салады деп болжаған. «Президент болған алғашқы жылы ол оңтүстік пен солтүстік арасындағы бірлікті орнықтыруда белсенділік танытты», – дейді ол.

Ал қазіргі уақытша үкіметтің қадамдары бұдан мүлде өзгеше болып шықты, олар қанша бірлікке шақырып, «Қырғызстан – бір ел» деп жар салғанымен, оңтүстіктегі кейбіреулерге бұл сөздерінің растығын дәлелдей алмай отыр.

Отунбаеваның өзімен қоса, уақытша үкімет төрағасының орынбасарлары Өмірбек Текебаев пен Әзімбек Бекназаров та оңтүстіктен шыққан. Соған қарамастан, олардың Жалал-Абадтағы халықты сабырлылыққа шақырған үндеулері әлі күнге дейін қолдау таппай отыр.

Бакиев Бішкектен кеткен соң сонда барып, аймақтағы жақтастары мен қарсыластары арасында қақтығыстардың басталуына себепкер
Наразылық шеруі кезінде милициямен қақтығыста зардап шеккен жас азаматты көтеріп әкеле жатыр. Жалал-Абад, 19 мамыр 2010 ж.
болды. Кейінірек жергілікті этникалық қырғыздар мен өзбектер арасында мәселе туындады.

Мараттың айтуынша, мұның себебі, қазіргі жаңа үкімет 2005 жылғы революциядан кейінгі кезеңдегідей жұрттың көкейіне сенім ұялата алмады.

– 2005 және 2010 жылғы оқиғалардың бір-бірінен ең үлкен айырмашылығы - режим ауыстырудың салдарында, яғни, үкіметке деген халықтың сенімінде жатыр. Бакиев үкіметтегі өзінің саяси жақтастарының арасында да, жалпы қоғамда да жаппай, тіпті бірауыздан қолдауға ие болды. Бұл қолдау біраз уақытқа, 2005 жылғы шілдеде өткен президент сайлауына дейін жалғасты.

Ал қазіргі үкіметтің мұндай артықшылығы жоқ, және халық олардың елді демократияландырып, коррупциямен күресетініне үлкен күмәнмен қарайды. Көріп отырғанымыздай, уақытша үкіметтің мүшелерінің өздері бір-біріне сенбейді, – дейді Э.Марат.

Қырғызстаннан сырт аумақта да осындай күдік басым болып тұр.

– Осыдан бес жыл бұрын Қырғызстан демократиялық жолмен режимді ауыстырған бұрынғы кеңестік кеңістіктегі үшінші ел деп есептелді. Ол әділетсіз сайлаулардан соң осы сияқты төңкерістер болған Украина мен Грузиядан кейінгі үшінші ел саналды. Грузия мен Украинадағы революциялардан кейін қалыптасқан сол эйфорияның арқасында халықаралық қоғамдастық Қырғызстанға қолдау көрсетті. Қырғызстан Грузия мен Украинамен бір қатарға қойылды. Халықаралық қоғамдастық та, жергілікті азаматтық қоғам да Бакиев қандай қателікке бой алдырса да, оның режимі қандай лайықсыз саясат жүргізсе де, соның бәрін кешіріп келді. Себебі, ұзақмерзімді көзқараспен алып қарағанда мұның барлығы жақсылыққа алып барады, бұл демократиялық өзгеріс ақыр соңында бұдан да ашық қоғамға, бұдан да демократияшыл үкіметтің қалыптасуына қол жеткізеді деп сенді, – дейді сарапшы.

Мараттың айтуынша, өзге елдер бұл мәселеге сақтықпен қарайды: «Қазір Отунбаева үкіметіне өте сақ оптимизммен қарап отыр, тіпті сол оптимизмнің өзі бар болса деңіз. Еуропалықтар және Батыстағы өзге де әріптестер, ұйымдар мен үкіметтер тым қатты сақтық танытып отыр, себебі олар Бакиев режимінде болған жағдайлар тағы да қайталана ма деп қорқады».

Билікті қолға алғалы бері екі айдай уақыт өтсе де, Қырғызстанның уақытша үкіметін әлі бірде-бір елдің үкіметі таныған жоқ.

Билікке келгеніне алты апта өткеннен соң шекараның ар жағындағы Өзбекстанда қақтығыстар бұрқ еткен тұста да, Бакиев үкіметіне көп кеңшілік берілді және сырттан да тәуір көмек келді. Өзбек үкіметінің Әндіжанда тәртіп орнату үшін қантөгіске барып, күш қолдану
Екінші революция кезінде оққа ұшқан боздақтарды жерлеу. Ата-Бейіт қорымы, 10 сәуір 2010 ж.
Қырғызстан шекарасының өн бойына босқындардың ағылуына себеп болды.

БҰҰ-ның гуманитарлық ұйымдары жаңа құрылып жатқан үкіметке жаны ашып, материалдық және қаржылық тұрғыдан көмек көрсетті. Бұл оқиға Қырғызстанның экономикалық және әлеуметтік мәселелерінен назарды басқа жаққа аудартып, Бакиев үкіметінің ауыр шаруаларды жүзеге асыруына қосымша уақыт берді.

Екі төңкерістің өте бір ұқсас тұсы – Қырғызстанның Орталық Азиядағы көршілерінің оны қабылдауы болды. Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы орнығып қалған басшылар үшін Қырғызстандағы бүлік жаман прецедент болып көрінеді.

Тобыр халық Бакиевті биліктен тайдырған соң Қазақстан Қырғызстанмен арадағы шекараны бірнеше аптаға жауып тастады, ал Өзбекстан қырғызбен шекарасын әлі ашқан жоқ.

Қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі революция туралы көзқарасы ұқсас болып шықты.

2005 жылғы төңкерістен соң Назарбаев: «[Қырғызстанда] болған жайтты революция деп атауға келмейді. [Қырғызстанның] қазіргі басшыларының айтуынша, бұл – бұзақылық пен тонаушылық әрекеті ғана», – деген пікір білдірген еді. Оның айтуынша, 2010 жылғы төңкеріс «жаппай бұзақылықтың салдарынан» болған.

Екі бірдей режим ауыстыру оқиғасын салыстырып қарасақ, Ақаев және Бакиев режимдерінің Қырғызстан халқының жағдайын лайықты түрде жақсарта алмағанын баса айтқан болар едік. Бұған президенттердің жақын туыстарының тым астамсуы қосылды.Президентке жақын топтың іс-әрекеті Қырғызстан халқының ашу-ызасын тудырып, шыдамын тауысты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG