Accessibility links

Қос билік орнаған Қырғызстанда жағдай әлі тұрақталған жоқ


Роза Отунбаева, Қырғызстанның уақытша үкіметінің жетекшісі. Бішкек, 8 сәуір 2010 жыл.

Роза Отунбаева, Қырғызстанның уақытша үкіметінің жетекшісі. Бішкек, 8 сәуір 2010 жыл.

Қырғызстан оппозициясы уақытша елдегі президент, парламент және үкімет билігін өз қолына алғанын мәлімдеді. Көрші елдегі жағдайға байланысты Қазақстен мен Қырғызстан арасындағы шекарада азаматтарды өткізуге шектеу қойылды.


УАҚЫТША ҮКІМЕТТІҢ ЖОСПАРЛАРЫ

Қырғызстанда сәуірдің 7-де болған оқиғалардан соң ел президентінің, парламенттің және үкіметтің қызметін өз қолына алған уақытша үкіметті оппозициялық қайраткер, бұрынғы сыртқы істер министрі Роза Отунбаева басқарады.

Роза Отунбаева Азаттық радиосына жаңа биліктің жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, Отунбаева өзіне төрт орынбасар тағайындаған.

Алмаз Атамбаев экономикалық мәселелермен айналысатын болады. Темір Сариевке қаржы саласын басқару тапсырылды. Өмірбек Текебаев конституциялық реформалар, жаңаша басқару жұмыстарына жауапты болды. Әзімбек Бекназаров сот-прокуратура, қаржы полициясы мәселелерімен айналысатын орынбасар ретінде белгіленді.

Отунбаеваның айтуынша, оның басқаруындағы билік ең әуелі жаңа конституция қабылдау мәселесімен шұғылдануды көздеп отыр.

Қырғызстанның әскери күштері мен шекара қызметі уақытша үкіметтің жағына өтті. Бұл туралы бейсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында уақытша үкіметтің жаңа тағайындалған қорғаныс министрі Исмаил Исаков мәлімдеді.

Қырғызстанның уақытша үкіметінің басшысы Роза Отунбаеваның хабарлауынша, «Құрманбек Бакиев қызметінен кеткісі жоқ».

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында билікті оппозиция өз бақылауында ұстап отыр.

ХАЛЫҚ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ІНІСІН БЕРУДІ ТАЛАП ЕТТІ
Бішкектегі наразылық баскөтерулері барысында милицияның қолына түсіп, кейін көшеде табылған кісінің екі суреті. Бішкек, 7 сәуір 2010 жыл.


Бейсенбі күні Бішкекте Ақ үй алдына бірнеше мың, парламент үйінің алдына жүздеген халық жиналды. Көпшіліктің алдына уақытша үкіметтің басшыларының бірі Темір Сариев шығып халықты тыныштандыруға тырысты.

Алайда көпшілік президенттің інісі, мемлекеттік күзет қызметінің жетекшісі Жаныш Бакиевті және премьер-министр Данияр Үсеновті ел алдына шығаруын талап етті. Данияр Үсенов сәрсенбі күні кешкісін өз еркімен үкімет басшысы қызметінен бас тартқан болатын.

БАКИЕВ ЖАЛАЛ-АБАДҚА БАРДЫ

Бұл уақытта президент Құрманбек Бакиевтің қайда екендігіне қатысты түрлі мәліметтер
Бішкектегі Ақ үй. 8 сәуір 2010 жыл.
келтіріліп жатыр.

Азаттық радиосының деректері бойынша, сәрсенбі күні кешкісін президент Бакиев және оның бірқатар жақтастары төрт автокөлікпен «Манас» әуе базасына барған. Бірақ президент бұл маңда көп тұрақтамаған сыңайлы.

Президент бұл жерде ұшаққа отырып өзінің Ош қаласындағы резиденциясына жеткен деген мәлімет тарады. Соңғы деректерге қарағанда, Бакиев Ош әуежайына жетіп, сол жерден автокөліктермен Жалал-Абадқа барған. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Ош облысының бұрынғы губернаторы хабарлады.

ҚАЗА БОЛҒАНДАР САНЫ ӨСТІ

Билік пен оппозицияның арасында сәрсенбі күні болған қақтығыстардан зардап шеккендер саны едәуір ұлғайып отыр. Бішкек қаласындағы баскөтерулер барысында 60-тан астам адам қаза болып, 400-ден астам кісі жараланды. Бұл туралы Азаттыққа қырғыздың
Ақ үйдің алдында жарақат алып, ауруханаға жеткізілген адам. 7 сәуір 2010 жыл.
денсаулық сақтау министрлігінің өкілі хабарлады.

Толқулар кезінде қаза болғандардың арасында жасөспірімдер, қарт кісілер де бар.

Алайда оппозиция қырғыз астанасындағы қақтығыстардан жүздеген адам өлді деген мәлімет келтіріп отыр.

Бұл уақытта «Ар Намыс» партиясы Құрманбек Бакиев өз еркімен биліктен кетуі керек деген талап қойды. Партия баскөтерушілерге оқ атуға бұйрықты президент Бакиев берген деп есептейді.

БІШКЕКТЕ ЖАС ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАЗА БОЛДЫ

Қырғызстандағы баскөтерулер барысында Қазақстанның кем дегенде бір азаматы қайтыс болды. Бұл туралы бейсенбі күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов хабарлады.

Министрліктің дерегі бойынша, Жамбыл облысы Мерке қаласының 16 жасар тұрғыны Илья Шиян Бішкекте қаза болған.

Мемлекет марқұмның денесін туған ауылына жеткізу, сондай-ақ өлім себептерін анықтау істерімен айналысатын болады деді Қазақстан СІМ ресми өкілі.

ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ШЕКАРАСЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Көрші елдегі жағдайға байланысты Қазақстен мен Қырғызстан арасындағы шекарада азаматтарды өткізуге шектеу қойылды, сондай-ақ шекара күшейтіліп отыр. Бұл туралы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.

Бұған дейін ҰҚК баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров республиканың қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда шекара жабылуы мүмкін екендігін ескерткен болатын.

Әзірге Қазақстан және Қырғызстан азаматтары көрші елден өз үйлеріне қайта алады, бірақ көрші елге өтуге рұқсат жоқ. Бұл жүйенің қаншалықты ұзаққа созылатындығы әзірге белгісіз болып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG