Accessibility links

Орталық Азия елдері ішкі істеріне Ресейдің киліккенін қош көрмейді


Оштың өзбектер тұратын Нариман ауданында. 15 маусым 2010 жыл.
Оштың өзбектер тұратын Нариман ауданында. 15 маусым 2010 жыл.

Қырғызстандағы жанжалға бір өзі жеке араласуға құлықсыз Ресей бұл мәселені көпжақты түрде реттеуді ұсынады. Ол үшін Мәскеу аймақтағы көршілердің қолдауына сүйенгісі келеді. Бірақ Астана Қырғызстанға Ресейдің әскер кіргізуіне қолдау танытуға асықпай отыр.


РЕСЕЙ ҮШІН СЫН САҒАТЫ

Қырғызстандағы дағдарыс аймақтағы жаңа бетбұрысты білдіре ме? Баяғыдан бері Ресей бұрынғы Совет кеңістігінде өзінің ықпал ете алатынын көрсетуге тырысып келген. Мәскеу бұл ерекше аймақта бейбітшілікті сақтап, өз мүдделерін еркін қорғай алуға деген жауапкершілікті сезінетін.

Алайда өткен аптада этникалық қақтығыс бұрқ ете қалған Қырғызстанның уақытша билігі Ресейден әскери көмек сұраған кезде Мәскеу әрекет етуге асықпады.

Президент Дмитрий Медведев Ресей Қырғызстандағы жағдайға біржақты түрде араласа алмайды деп мәлімдеп, дереу Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының төтенше жиынын өткізуге шақырды. Яғни Қырғызстандағы дағдарысқа бұрынғы 7 cовет мемлекеті мүше боп табылатын ұйым атынан жауап қайтаруға тырысты.

АҚШ та Қырғызстандағы оқиғаларға халықаралық қауымдастық ретінде іс-қимыл жасауға шақырды. Бірақ Вашингтон мен әлемнің
Қырғыз әскери техникасы. Ош, 15 маусым 2010 жыл.
басқа да елдері бұл мәселедегі жетекшілікті Ресейдің өз қолына алуын қалап отырған сияқты.

Мәскеудегі Russia in Global Affairs, яғни «Ғаламдық қарым-қатынастардағы Ресей» атты журналдың бас редакторы Федор Лукьяновтың айтуынша, қалыптасып отырған жағдай Кремль үшін мүмкіндік пен проблема тудырған.

«Іс жүзінде бұл Қырғызстандағы жағдайды Ресейден басқа ешкім қалпына келтіре алмайды дегенді білдіреді. Бұл Ресей үшін өте маңызды сынақ боп табылады. Біз жауапкершілік пен ықпал етуді қаладық. Жақсы, әрекет етейік», - дейді Лукьянов.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдайда Ресейдің араласуға асықпай отыруын түсінуге болады. Этникалық қырғыз бұзақылары өзбектерге шабуыл жасап жатқан қақтығыста кемінде 170 адам қаза болып, 1700-ден аса кісі жарақат алды. Сонымен қатар зорлық-зомбылықтан аман қалу үшін ондаған мың адам өзбек шекарасына босып кетуге мәжбүр болды. Қырғызстанда гуманитарлық дағдарыс қалыптасып отыр.

Бішкектегі Халықаралық дағдарыс тобының Орталық Азия бойынша бағдарламасының директоры Пол-Куин Джадждың айтуынша, кез келген араласу күрделі жағдайды туғызуы мүмкін.

«Қалыптасып отырған жағдайға қараңыз. Қырғыз билігі ахуалды бақылауға ала алмай отыр. Елдің оңтүстігіндегі қауіпсіздік күштері заң мен тәртіпті орнату үшін онша әрекет етпей жатыр. Жергілікті қауіпсіздік күштері қырғынға өз үлесін қосып жатқан болуы мүмкін. Бұл қақтығыстың шекарасы жоқ екенін көріп тұрсыз», - дейді Пол-Куин Джадж.

2008 жылғы Ресей-Грузия соғысы сияқты Қырғызстандағы дағдарыс та Мәскеудің бұрынғы Совет мемлекеттерімен арадағы қарым-қатынастарында шешуші кезеңге айналып отыр.

Бірақ Грузиядағы соғыс барысында Ресей аймақтағы мақсаттарына жету үшін біржақты түрде көршілес мемлекеттерге қарсы күш қолдануға әзір екенін көрсетсе, Қырғызстандағы қақтығыс Мәскеу күшінің шектеулі екенін көрсетіп тұрғандай.

Ресей АҚШ-тың жақын одақтасы - Грузияға басып кірген кезде Вашингтон ашуланған еді, алайда Қырғызстандағы дағдарыс Мәскеу мен Вашингтон ынтымақтастығының жаңа екпінін байқатып тұр. Бұл екі елдің де стратегиялық маңызды Қырғызстанда әскери базалары бар. Сарапшылардың айтуынша, АҚШ пен Ресей Қырғызстандағы жағдайдың тұрақталуын қалайды.

МӘСКЕУ МЕН ВАШИНГТОННЫҢ МҮДДЕЛЕРІ

Маусымның 14-де Вашингтонда баспасөз маслихатын өткізген АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Филипп Кроули АҚШ аймаққа тезірек гуманитарлық көмекті жеткізуге тырысып жатыр деп мәлімдеді. Кроулидің айтуынша, Вашингтон кез
Бішкектегі Манас әуежайына баратын жолда тұрған қырғыз әскерилері. 15 маусым 2010 жыл.
келген қауіпсіздік іс-шараларын Мәскеумен үйлестіре отырып, қолға алады.

«Біз Қырғызстандағы жалғасып жатқан зорлық-зомбылық әрекеттеріне бірлескен халықаралық жауап қайтару мақсатында Қырғызстанның уақытша үкіметімен, БҰҰ, ЕҚЫҰ және Ресей федерациясымен тығыз байланыстамыз», - деді Кроули.

Вашингтон Қырғызстанға бітімгершілік күштерін жіберуді жоспарлап отырған жоқ бірақ Обама әкімшілігі кез келген халықаралық араласуды БҰҰ мақұлдауы тиіс деп атап көрсетті.

Бұдан бұрын Мәскеу мен Вашингтон Қырғызстандағы ықпалға қол жеткізу үшін күресіп келетін. Бірақ сәуір айындағы толқулар барысында президент Құрманбек Бакиев биліктен қуылған соң олар көбірек ынтымақтаса бастады. Қазір АҚШ пен Ресей Қырғызстанның уақытша үкіметінің тұрақтылығына байланысты алаңдаулы дейді сарапшылар.

ЕЛЕҢ-АЛАҢ

Қырғызстандағы жағдайға араласу өте қиын. Елдегі этникалық қырғыздар мен өзбектердің қақтығысына қоса, уақытша үкіметтің жақтастары мен Беларусті паналап отырған Бакиевтің қолдаушылары арасындағы жағдай шиеленісе түскен.

Қырғызстанның ресми өкілдері елдің оңтүстігіндегі оқиғаларға байланысты Бакиевті айыптап отыр. Бұрынғы президент бұл айыптауларады жоққа шығарды.

Мәскеудегі қорғаныс бойынша сарапшы Виктор Литовкиннің пікірінше, өз мүшелерін сыртқы қауіптен қорғауға бағытталған ҰҚШҰ бітімгершілік миссияларға онша дайын емес.

«ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің қабілеті Ауғанстанда операциялар жүргізіп жатқан НАТО-ның мүмкіндіктерімен салыстырғанда әлдеқайда әлсіз. НАТО-ның Ауғанстанда қалаған нәрсесінің барлығын жасай алмайтынын да білеміз», - деді Литовкин.

Ал Лукьяновтың айтуынша, Ресейдің Қырғызстандағы бітімгершілік миссиясы тиімді болуы үшін Мәскеу аймақтағы шешуші
Қырғызстандағы босқындар лагері. Ерқышлақ, 15 маусым 2010 жыл.
елдердің қолдауына ие болуы тиіс. Бұл оңай болмайды дейді Лукьянов.

«Бұл жағдайда Ресейдің әрекет етуі қиын. Ресей көршілес елдердің, әсіресе Қазақстан мен Өзбекстанның келісімін алуы тиіс. Бұл мемлекеттер Қырғызстандағы тәртіпсіздіктерді тоқтатудың маңыздылығын түсінеді бірақ олар бұл арқылы өздерінің ішкі істеріне Ресейдің араласуына мүмкіндік туғыза ма деп қауіптенеді», - дейді Лукьянов.

Қазақстан Қырғызстан азаматтарына гуманитарлық көмек көрсетумен бірге босқындарды қабылдауға әзір екенін мәлімдеді. Алайда Астана Ресейдің әскери араласуын қолдайтынын айтпады.

Лукьяновтың пікірінше, Ресей ақыр аяғында Қырғызстандағы жағдайға араласуы мүмкін.

«Ресей ақыр аяғында араласады деп ойлаймын. Бірақ қазір Мәскеу азаматтық соғыспен қатар екі мемлекет қақтығысынан өзін аулақ ұстауды көздеп отыр. Өзбекстанмен келісім жасалмаса, Ресей күштері өзбектер мен қырғыздардың атысының ортасында қалып қалуы ықтимал», - дейді Лукьянов.
XS
SM
MD
LG