Accessibility links

Адам құқығын қорғаушы Төлеқан Исмаилова Қырғызстаннан кетуге мәжбүр болды


Төлеқан Исмаилова, Адам құқықтарын қорғау және жемкорлықпен күрес орталығының директоры. Бішкек, 21 қыркүйек 2009 ж.

Төлеқан Исмаилова, Адам құқықтарын қорғау және жемкорлықпен күрес орталығының директоры. Бішкек, 21 қыркүйек 2009 ж.

«Азаматтар жемқорлыққа қарсы» қоғамдық ұйымының жетекшісі, адам құқын қорғаушы Төлеқан Исмаилова Қырғызстанды тастап шықты. «Азаттық» радиосының Қырғыз редакциясына берген сұхбатында ол елдің оңтүстігінде болған қанды оқиғалар туралы қолында бар ақпараттарды сақтау мақсатында шетке кетуге мәжбүр екендігін айтқан.


ҚОҚАН-ЛОҚЫ


Қырғыздың белгілі адам құқын қорғаушысы Төлеқан Исмаилованың Отанынан басқа елге кеткені туралы ақпаратты ол басқаратын «Азаматтар жемқорлыққа қарсы» қоғамдық ұйымы таратты. "Азат Еуропа/Азаттық радиосының" Қырғыз редакциясына берген сұхбатында Төлеқан Исмаилова жеке басына қауіп-қатер төніп тұрғаны жайлы хабар өзіне жеткеннен кейін Қырғызстаннан уақытша кетуге мәжбүр болғанын айтты.

Бірақ, Исмаилованың сөзінше, ол шетелден саяси баспана іздемейді. Сол сияқты, Төлеқан Исмаилова Қырғызстанның әзірге бұлыңғыр саясаты айқындалғаннан кейін елге оралып, адам құқын қорғау қызметін жалғастырмақ ниетте.

«Мен Оштан қайтып келген соң кеңседегілер маған қауіп барын жеткізді. Біздің қызметкерлермен кездескен Феликс Кулов менің басыма қатер төніп тұрғаны жайлы ақпарат барын айтыпты. Егер қам-қарекет жасамасам, қылмыскерлер менің көзімді жоймақ көрінеді», – дейді Төлеқан Исмаилова.
Мен Оштан қайтып келген соң кеңседегілер маған қауіп барын жеткізді. Біздің қызметкерлермен кездескен Феликс Кулов менің басыма қатер төніп тұрғаны жайлы ақпарат барын айтыпты. Егер қам-қарекет жасамасам, қылмыскерлер менің көзімді жоймақ көрінеді ...

Биылғы жылы маусымның 11-іне қараған түні Қырғызстанның оңтүстігінде болған қанды оқиғалар кезінде көптеген жергілікті және халықаралық адам құқын қорғаушылар тәрізді Төлеқан Исмаилова да Ош қаласында белсенді қызмет атқарды. Адам құқын қорғаушының сөзіне қарағанда, оның жеке басы мен отбасы мүшелеріне сес көрсету әрекеттері бұған дейін де болған екен.

«Биылғы мамыр айының соңы, маусымның бас кезінде белгісіз әйелдер келіп, көршілерімнен менің қайда тұратынымды, балаларымның қай подъезге бас сұғатыны жайында сұрастырған», – деді «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының Қырғыз редакциясына берген сұхбатында Төлеқан Исмаилова.

БИЛІК ЖӘНЕ ҚЫЛМЫСКЕРЛЕР

Сонымен бірге, белгілі адам құқын қорғаушының айтуынша, ол әріптесі – Бішкектегі «Кылым Шамы» қоғамдық ұйымының жетекшісі Әзиза Абдурасуловамен бірге елдің оңтүстігіндегі қайғылы оқиғалар кезінде жұмыс істеп жүргенде екеуіне төнген қауіп-қатер аз болмаған.

«Ош қаласында болғанымызда бізге жан-жақтан қауіп болғанын Әзиза Абдурасулова өте жақсы біледі. Абдурасулова көп шаруа тындырды, әйткенмен ол бұл туралы ашық айта алмайды. Оған да қоқан-лоқы жасап қорқытты. Ош қаласының әкімі бізге: «Сіздер көбінесе өзбектерге көмектестін көрінесіздер» деп бірнеше рет айтты. «Сіздер ақпаратты біржақты беріп жатырсыздар, таратқан ақпаратты түзетіңіздер» дегенді Ош коменданты Курсан Асановтан да естідік, – дейді Төлеқан Исмаилова.

Төлеқан Исмаилова маусымның 13-і мен 30-ы аралығында бірқатар уақытша қамау орындары мен тергеу абақтыларын аралғанда олардағы өрескел заң бұзушылыққа куә болғанын айтып отыр. Сол сияқты Ош маңындағы Шайиттеппа ауданы мен Нариман қышлағында жүргізілген арнайы операцияларға назар аударған Исмаилова, олардың саяси астары бары байқалды дейді.

«Қорғаныс министрі Исмаил Исаков Ош қаласынан өзінің қалай кеткені және Ош әкімінің заңға қарсы іс-әрекеттері жайында Ферғана.ру сайтына ашық айтып берді. Біз зерттеген істер бойынша менің қолымда бірқатар материалдар: фотолар, видеожазбалар, азапталған адамдардың берген куәліктері бар. Қылмыстық топтардың саясатпен біте қайнасып, галстук тағып билікте отырған саясаткерлердің көпшілігі қылмыс әлемімен байланыста екендігі туралы біздің ұйым 2005 жылғы наурыздың 18-інен бері айтып келеді, – деді Төлеқан Исмаилова.
...Менің қолымда бірқатар материалдар: фотолар, видеожазбалар, азапталған адамдардың берген куәліктері бар

Ол сондықтан да Уақытша үкіметтің көптеген мүшелерінің пікірімен келіспейтіндігін айтады. Төлеқан Исмаилованың сөзінше, оның қолында биыл Бішкек пен Ошта болған қанды оқиғаларға елдегі саяси күштердің тікелей қатысы барын айғақтайтын көптеген деректер бар екен.

«Адамдарды қорғап, әділ сот жүйесін ұйымдастыруға ресми тұлғалардың қауқар-күші жоқ екендігін түсіну керек. Қылмыскерлер билікте отырған көптеген адамдардың жалдамалы күшіне айналған. Егер қырғыз қоғамы мен шенеуніктер коррупциядан ғана емес, сонымен бірге қылмыскерлерден де ат құйрығын кеспесе, оларға қарсы күреспесе, онда Қырғызстанның болашағы күмәнді болмақ. Адам өзін-өзі алдай алмайды. Екіжүзді саясат ұстана отырып, билік құрылымында реформа жүргізу мүмкін емес», – дейді Төлеқан Исмаилова.

Сонымен қатар, адам құқын қорғаушы Ош оқиғаларына қатысты тәуелсіз халықаралық тергеу жүргізу қажет деп мәлімдеді.

«Біз бірұлтты армия немесе милиция елдің оңтүстігіне ешқашан жәрдем жасай алмайды деп айтқанбыз. Қазір бұған халықаралық тергеу қажет екендігі сөзсіз. Армияға жай ғана автомат асынған кісілер емес, өз Отанын қорғайтын, азаматтық ұстанымы бар сарбаздар керек», – дейді Төлеқан Исмаилова.

АДАМ ҚҰҚЫН ҚОРҒАУШЫ ҚАМАУДА ОТЫР

Осы мақала әзірленіп жатқанда Азаттық радиосының тілшісі қайғылы оқиғалар кезінде Ош қаласында белсенді жұмыс атқарған тағы бір адам құқын қорғаушы Әзиза Абдурасуловамен тілдесуге тырысты. Алайда оның қол телефоны бірнеше күн бойы байланыс желісіне қосылмады.

Жалал-Абадтағы тағы бір адам құқын қорғаушы Азимжон Асқаров қазір Базар-Қорған аудандық ішкі істер бөлімінде қамауда отыр. Қырғыз билігі оған елдің оңтүстігіндегі жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деген айып тақты.

Алайда «Хьюман Райтс Уотч» халықаралық адам құқын қорғаушы ұйымы Қырғызстан билігін Азимжон Асқаровты қамаудан босатып, оған қарсы жасалған заңсыз іс-әрекеттер туралы арыз-өтініштердің мұқият зерттелуін қамтамасыз етіп, кінәлі адамдарды жауапқа тартуға шақырды.

Халықаралық ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Холли Картнер Қырғызстан бас прокурорына жолдаған хатында Асқаровтың Оштағы оқиғалардан кейін іле-шала Базар-Қорғанда болған зорлық-зомбылықтар туралы айғақ-деректерді жинастырумен айналысқаны туралы жазған. Ол деректердің біреуі ойран салып жатқандарды милицияның тоқтатпағаны жайында екендігі де осы хатта атап көрсетілген.

«Асқаровтың қызметін ұнатпаған милициядағылар енді оған қарсы іс қозғап, өз қызметкерлерінің әрекетсіздігін айғақтайтын деректі беруге көндіруге тырысып жатыр деген болжам жасауға болады. Ресейлік «Мемориал» адам құқын қорғау орталығының деректері бойынша, милиция қамаудағы адамнан әлгі видеоматериалдар мен оны түсірген камераны тауып беруді талап еткені туралы Асқаровтың бауыры айтқан», – делінген «Хьюман Райтс Уотч» ұйымы өкілінің Қырғызстан бас прокурорына жазған хатында.
XS
SM
MD
LG