Accessibility links

Қырғызстанның парламенттік үлгісі күрделі кезеңдерді өткеріп жатыр


Қырғызстанда сәуірдегі қақтығыстарда құрбан болғандардың туыстары алғашқы мәжіліске жиналған парламент үйі алдында наразылық танытып тұр. Бішкек, 10 қараша 2010 жыл.

Қырғызстанда сәуірдегі қақтығыстарда құрбан болғандардың туыстары алғашқы мәжіліске жиналған парламент үйі алдында наразылық танытып тұр. Бішкек, 10 қараша 2010 жыл.

Орталық Азияда алғаш болып парламенттік билік орнатуға көшкен Қырғызстанда тарихи сайлаудың өткеніне айдан асты. Бұл эксперименттің қаншалықты табысты болары әзірге беймәлім. Парламенттік басқарудың алғашқы қадамдары оңай болмай тұр.


ДЕМОКРАТИЯҒА ТАҒЫ БІР МҮМКІНДІК

Бішкектің орталық базарында күнделікті сауда жүріп жатыр. Сәуір айының бас кезінде бұл базар нағыз дүрбелеңнің орталығы еді. Халық ең әуелі осы жерге жиналып, содан соң милициямен қақтығыс болып жатқан тұсқа қарай жапатармағай ұмтылды. Оппозициялық күштер Бішкекті бақылауға алып, президент Бакиевті биліктен тайдырды, осы қақтығыста ондаған адам қаза тапты.

Арада бірер апта өте елдің оңтүстігінде бұрқ еткен этникалық қақтығыс 400-ге жуық адамның өмірін қиып кетті. Бұл қақтығыс Қырғызстанның демократиялық болашағына айтарлықтай көлеңке түсірді.

Алайда қазіргі уақытта Қырғызстан непотизм мен кландық байланыстарға бейім президенттік басқару жүйесімен қош айтысып, 180 градус саяси бетбұрыс жасауға ұмтылып отыр.

Сөйтіп, мемлекеттік құрылыстағы басты билік тұтқаларын бұрынғыдай президент емес, парламент ұстайтын жаңа жүйеге көшудің қамын жасап жатыр. Соңғы бес жылда үш рет саяси сілкіністі бастан кешкен ел тұрақты демократиялық жүйе орнатуға тағы бір мүмкіндік алды.

Дегенмен реті келсе мұндай мүмкіндікті болдырмауға тырысатын көптеген факторлар бүгіннің өзінде көрініп қалды. Соның бірі – Ресей тарапынан жасалып отырған саяси қысым. Ал оған керісінше қырғыз еліндегі саяси өзгерістерге батыс елдерінің қызығушылығы біршама бәсеңдегені байқалады.

2005 жылғы «Қызғалдақтар төңкерісіне» батыс айрықша назар аударды. Грузия мен Украина секілді Қырғызстанда да демократияшыл күштер жеңіске жетіп, осы үш ел постсоветтік кеңістіктегі демократияның үштағанына айнала ма деп үмітпен көз тіккен еді. Алайда оның нәтижесі белгілі.


ПАРЛАМЕНТТІҢ БАСТАПҚЫ ҚАДАМЫ

Қырғызстандағы ішкі тосқауылдар сыртқы кедергілерден бір де кем емес. Сайлау кезіндегі және сайлаудан кейінгі партиялық текетірестер Қырғызстанның этникалық, тайпалық және жершілдік тәрізді қоғамды жік-жікке бөлетін әрекеттерден арыла қоюы қиын екенін көрсетіп берді.

Егер таяудағы саяси амалдар сәтсіздікке ұшырар болса, онда, кейбір
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ақылбек Сариев «Ата-Мекен» партиясының жетекшісі Өмірбек Текебаевқа парламент депутатының төсбелгісін тапсырып тұр. Бішкек, 10 қараша 2010 жыл.
бақылаушылардың пікірінше, Қырғызстан бүгінгі жолынан тағы да айрылып, кландардың соғысы мен саяси бақталастықтың алаңына айналуы бек мүмкін.

Парламентаризмнің аяқ алысы ә дегеннен біраз кібіртіктеп қалды. Алғашқы парламенттік сессияны бастар алдында партиялар ұсақ-түйек келіспеушіліктерге бола бір ай уақыт жоғалтты. Сессия басталғанымен парламенттің қашан толыққанды жұмыс істеп, мемлекет тізгінін қашан қолға алары тағы белгісіз.

Парламентке жаңадан сайланған депутаттардың көпшілігі, оның ішінде көпшілік мандатты иеленген (120 орынның 28-і) «Ата-Жұрт» партиясы да, шілде референдумында халық дауыс берген парламенттік басқару жүйесін құп көрмейді.

Егер социал-демократтар мен «Ата-Мекен» партиясы «Республика» партиясының қолдауымен билеуші коалиция құратын болса ғана парламентаризм идеясы іс жүзіне асады. Алайда бұл үштік арасындағы келіссөздер де әзірге билік өкілеттіктерін бөлісу мәселелерінен аса алмай отыр.

Бұлардың арасына жік түсуіне ресейлік фактор да елеулі рөл атқарып отырғанын байқау қиын емес. Кремль Қырғызстандағы парламентаризмнің негізгі жақтастарының бірі, «Ата-Мекен» партиясының жетекшісі Өмірбек Текебаевты қолдауға үзілді-кесілді қарсы.

Парламенттік сессия ашылғаннан кейін бір күн өте, қарашаның 11-інде транзиттік президент Роза Отынбаева Қырғызстан социал-демократиялық партиясына (ҚСДП) сенім артып, коалициялық үкімет құруды тапсырды.

Егер 15 күн ішінде олар үкімет жасақтай алмаса, онда бұл міндет «Ата-Мекен» партиясына ауысады. Егер олар да нәтиже шығара алмаса, коалицияны бүкіл парламент жабылып құратын болады.

Заң бойынша 45 күн ішінде коалициялық үкімет құрылмаған жағдайда парламент таратылып, жаңа сайлау жариялануы тиіс. Оқиғаның бұлайша өрбуіне Роза Отынбаева да, басқа реформашылдар да мүдделі емес.

Парламент сессиясы ашылардан бірнеше күн бұрын осынау драманың ортасында жүрген Өмірбек Текебаев шаршаңқы жүзбен күліп тұрып: «Менің ойымша, біздің саясаткерлер 44-ші күнге жеткенде қырғи-қабақ қатынастары мен айнымас ұстанымдарын жайына қалдырып, бір ымыраға келетін шығар» деген еді.

Саяси ойындардың тіс қаққан шебері болып саналатын Өмірбек Текебаев жеке басының мүддесінен гөрі, елдегі саяси жүйеге көбірек назар аударғанды дұрыс көреді. Ол Қырғызстанда, тым құрығанда біраз уақытқа дейін парламенттік демократия сақталып қалуы тиіс деп санайды.

«Көптеген адамдар үкімет сәт-сайын ауысып, парламенттік басқарудан түк қалмайды деп жүр, – дейді Өмірбек Текебаев. – Осыған орай мынаны айта кетейін: біздегі бұрынғы президенттік режим кезінде кез-келген үкіметтің ғұмыры орта есеппен алғанда бір немесе бір жарым жылдан асқан емес. Өз басым коалициялық үкімет бұрынғы үкіметтердің бұл рекордының талқанын шығарып, өміршеңдігін танытып рекорд жасайтынына кәміл сенемін».


КРЕМЛЬ – ЫҚПАЛ ОШАҒЫ

Автокриялық режимдер билеп отырған айналасындағы көршілерімен салыстырғанда Қырғызстанның «демократия аралы» болып келе жатқанына біраз уақыт болды. Тіпті 2005 жылы «Қызғалдақтар төңкерісі» тақтан тайдырған президент Асқар Ақаевтың тұсында да Орталық Азияның басқа
Ресей президенті Дмитрий Медведев Мәскеу түбіндегі «Горки» резиденциясында «Ар-Намыс» партиясының жетекшісі Феликс Құловты қабылдап тұр. 22 қыркүйек 2010 жыл.
автократиялық мемлекеттерімен салыстырғанда бұл елде қуғын-сүргін әлдеқайда аз болатын – билік көппартиялық сайлаулар өткізуге рұқсат берді, азаматтық қоғам нышандары бар еді.

Екі президентті орнынан тайдырған Қырғызстанның демократияшыл күштерінің бастапқы қатары селдіреп, әлеуеті біршама әлсіреген шақта, осынау оқиғаларды «жоғарыдан» жіті бақылап отырған Ресей өзін бұл елді уысында ұстайтын ең ықпалды күш ретінде танытуға тырысты.

Бішкек сарапшысы Орозбек Молдалиевтің пікірінше, бұл жолғы жағдай бұрынғыдан басқаша. Ресей үшін 120 депутаттың аңысын аңдығаннан гөрі, бір президентпен сөйлескен жеңілірек болатын. Қырғыз президентінің Ресейге бүйрегі бұрар-бұрмас, бірақ «айтқанды істетіп, айдағанға жүргізетін» тетіктер қалай да табылатын. Ал енді мұншама депутатты ыңғайға көндіру әлдеқайда қиынға түседі.

Қырғыз еліндегі ықпалын күшейтуге Ресейдің білек түріп кіріскенін аңғармау мүмкін емес. Сайлау өтісімен парламенттік партия жетекшілері бірінен кейін бірі Мәскеуге аттанып, Кремльге «сәлем беріп, батасын алып» шықты. Тек Өмірбек Текебаев қана Кремльдің табалдырығын тоздырған жоқ.

Мәскеумен бұлайша әмпей-жәмпей болу парламенттік эксперименттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, тіпті күнделікті мемлекеттік басқару ісін аяқтан шалуы мүмкін. Оған бірімен-бірі оңайлықпен тіл табыса алмайтын бес партияның басы парламент «қазанына» түскенін қосыңыз.


ОҢТҮСТІК ПЕН СОЛТҮСТІК

Кейбіреулер егер парламент толыққанды жұмыс істеп кете алмаса, көшедегі қарсылық акциялары қайтадан жандануы мүмкін деген ойда. Осы саяси эспериментті қолдаушы күштер келер жылдың көктеміне дейін бір нәтиже шығармаса, онда қоғамның шыдамы таусылады дейтін талдаушылар да бар.

Парламенттік басқару жүйесін орнату жолында Роза Отынбаева билігі шектеулі уақытша президент мандатын қанағат тұтуға келісім берді.

«Ар-Намыс» және «Ата-Жұрт» партиялары, оған керісінше, Қырғызстандағы парламенттік демократияны тым болмағанда уақытша тоқтата тұруды қалайды. Ал бұлай жасау парламентаризмді Қырғызстанды автократиялық көршілердің қысымынан қорғайтын күш деп санайтын «Замандаш» партиясының жетекшісі және Z-Press интернет-сайтының редакторы Құбан Әбдіман сияқтылар үшін оңалмас соққы болар еді.

«Қырғызстанда демократия бар, бірақ парламентаризм жоқ, Бұл екіұдай мәселені шешу керек. Бірақ мұны өз бетімізбен шеше алмаймыз, өйткені экономикамыз өте әлсіз, төңірегіміздегі Ресей, Қазақстан, әсіресе Өзбекстан тәрізді елдерге тәуелді болып отырмыз», – дейді Құбан Әбдімен.

Елдің «оңтүстік» пен «солтүстікке» бөлініп, іштей ықпал аймақтарына қарай жіктелуі бұл тәуелділікті одан әрі тереңдете түседі.

Оңтүстіктегі Ош пен Жалалабад қалаларында маусым айында болған қырғыз бен өзбек арасындағы қанды қақтығысқа президент Құрманбек Бакиевтің орнынан тайдырылуы да әсер етпей қалған жоқ. Бакиев оңтүстіктің өкілі болса, парламентаризмді қолдап жүргендер негізінен солтүстіктің адамдары.

Тіпті, қазірдің өзінде кейбіреулерге жаздағы қақтығыс кезінде зардап шеккен оңтүстік өңірді қалпына келтіру жөніндегі жұмыстарды үкімет тым созбақтап,
Қырғызстан қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Иманқұлов. Бішкек, 7 қазан 2010 жыл.
баяу жүзеге асырып жатқандай көрінеді. Ұлтшылдық пен ресейшілдікке бейім және президенттік басқару жүйесін қолдайтын күштерді жақтап жүрген оңтүстік халқы осыдан кейін реформашылдарға іш тарта қоюы екіталай. Парламенттегі шым-шытырық комбинациялар салдарынан Қырғызстанның оңтүстігінде зорлық-зомбылық әрекеттер қайта бұрқ етуі түсуі мүмкін деген қауіп те жоқ емес.

Қырғызстан қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Иманқұлов қырғыз басшылығының биылғы дүмпулерден алар ең басты сабағы – қоғам талабына құлақ аспай, елеусіз қалдыруға болмайтындығы деген пікір айтады.

«Біз бұрынғы режимдердің қателігін қайталамауымыз керек. Орыс халқында «Ақылды адам өзгенің қатесінен, ақымақ адам өз қатесінен үйренеді» деген мақал бар. Мемлекет өз халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, халқы үшін өмір сүреді. Бұрынғы режим «Қырғызстан дегеніміз – біз, ал халық бізге қызмет етуі тиіс» деп ойлады. Олардың қателігі және де ең үлкен қателігі осы болды», – дейді Марат Иманқұлов.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG