Accessibility links

ЕҚЫҰ Қырғызстандағы сайлау демократиялық талаптарға сәйкес өтпеді деп санайды


ЕҚЫҰ-ның қысқа мерзімді бақылаушыларының арнайы үйлестірушісі, сенатор Консилио Ди Нино. Бішкек, 24 шілде 2009 жыл.

ЕҚЫҰ-ның қысқа мерзімді бақылаушыларының арнайы үйлестірушісі, сенатор Консилио Ди Нино. Бішкек, 24 шілде 2009 жыл.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Қырғызстандағы президенттік сайлауда қазіргі президент Құрманбек Бәкиев алда келеді. ТМД-ның бақылаушылары сайлау демократия талаптарына сай өтті десе, ЕҚЫҰ-ның өкілдері бұл жолғы сайлаудан көңілдерінің қалғанын жасырмады.


САЙЛАУДЫ ӘРКІМ ӘРТҮРЛІ БАҒАЛАДЫ

Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметтері бойынша президент сайлауында сайлаушылардың басым көпшілігі елдің қазіргі президенті Құрманбек Бәкиевке дауыс берген.

Жұма күні Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Дамир Лисовский 23 шілдеде Қырғызстанда президент сайлауының өтті деп танылғанын хабарлады.

Сайлау барысын 500 халықаралық және 30 мыңнан астам жергілікті бақылаушылардың бақылаған.

ТМД елдерінен келген бақылаушылар Қырғызстандағы сайлау елдің сайлау туралы заңдарына сәйкес өткізілді деп хабарлады. Бұл туралы жұма күні, 24 шілдеде, Бішкектегі баспасөз мәслихатында ТМД бақылаушыларының жетекшісі, ТМД атқару комитетінің хатшысы Сергей Лебедев мәлімдеді.

Ал, ЕҚЫҰ өкілдері жасаған алдын ала ресми қорытындыда кейбір жағымды жақтарына қарамастан Қырғызстандағы президент сайлауы елдің ЕҚЫҰ алдындағы негізгі міндеттемелеріне жауап бермеді делінген.

«Саяси плюрализм мен белсенді азаматтық қоғамның барына біз қуаныштымыз. Бірақ та, мемлекет пен билеуші партия арасында айқын
Қырғызстан президентін сайлауда берілген дауыстарды сайлау учаскесінде санау сәті. Бішкек, 23 шілде 2009 жыл.
шекараның жоқтығынан туындаған саяси кеңістіктегі теңсіздік осы жағымды үрдістерді үзіп жіберді», - деп мәлімдеді ЕҚЫҰ-ның қысқа мерзімді бақылаушыларының арнайы үлестірушісі, сенатор Консилио Ди Нино.

Сондай-ақ, ЕҚЫҰ-ның сайлауға бақылау жасау миссиясының жетекшісі Радмила Шекеринска да өткізілген сайлаудың көңілінен шықпағанын жеткізді. Оның айтуынша Қырғызстан сақтауға міндеттелген ЕҚЫҰ-ның негізгі талаптарына сайлау сай келмеген.

«Сайлау күні әбден көңіліміз қалды. Бірақ, сонда да біздің берген бағаларымыз бен ұсыныстарымыз сындарлы арнада Қырғызстандағы сайлау мәселесін түбегейлі қайта қарау үшін болашақта пайдаға жаратылады деп үміттенеміз», - деді Радмила Шекеринска.

Сонымен қоса, ол қазіргі президент Құрманбек Бәкиевтің өз қарсыластарында жоқ құралдарды, атап айтқанда әкімшілік ресурстарды және үгіт-насхат үшін БАҚ-дарын кеңінен пайдалануы әділетсіздік болды деп ескертті.

ЕҚЫҰ бақылаушыларының алдын ала жасаған ресми мәлімдемесінде де оппозицияның үгіт-насихат шараларына жол бермеу және оппозиция жақтастарын қорқыту, қысым көрсетушіліктің орын алғаны айтылады.

Және де ЕҚЫҰ бақылаушылары бюллетенді топтап тастау, сайлаушылар тізімінің анық еместігі және бір адамның бірнеше рет дауыс беруі секілді сайлау күні болған бірқатар құқықбұзушылықтарды атап көрсетті.

ОППОЗИЦИЯ САЙЛАУДЫҢ ХАТТАМАЛАРЫН ЗЕРТТЕМЕК

Бейсенбі, 23 шілде күні Азаттық радиосы екі үміткер – Алмазбек Атамбаев пен Женішбек Назаралиевтің түс ауа сайлау барысына наразылық білдіріп, үміткерлер қатарынан шығатыны туралы мәлімдеме жасағанын хабарлаған болатын.

23 шілде күні кешкісін Бішкекте оппозиция тарапынан Қырғызстан президентіне үміткер Алмазбек Атамбаевтың сайлау штабының маңайына жиналғандар жаппай наразылық акциясын өткізді.

Ел президентінің сайлауы өткен күні қырғыз оппозициясы наразылық шеруін ұйымдастырды. Бішкек, 23 шілде 2009 жыл.
Жиналған жақтастарының алдында сөз сөйлеген Алмазбек Атамбаев пен Женішбек Назаралиев тағы бір рет президент сайлауын заңсыз деп жариялады. Олардың айтуынша, Қырғызстан оппозициясы бұл сайлауды мойындамайды.

Оппозициялық Біріккен халық қозғалысының өкілі Әзімбек Бекназаров жиналған жұрттың сабыр сақтауын және шара аяқталған соң үйді-үйге тыныш қайтуларын сұрады.

– Күрестің көкесі алда, - деді оппозиция жақтастарының алдында сөз сөйлеген Әзімбек Бекназаров.

Оның айтуынша, 2-3 күн ішінде оппозиционерлер барлық сайлау учаскелерінен қорытынды хаттамалардың көшірмесін жинап шығады. Сөйтіп, мұқият талқылаудан кейін ғана Қырғызстанда өткен президент сайлауына қатысты нақты әрекетке көшетін болады.

Айта кетелік, 23 шілдеде өткен президент сайлауына сайлаушылардың 79 пайызы қатысқан. Қырғызстанның 2,8 миллион азаматы дауыс беру құқығына ие. Дәл қазіргі сәтте 2330 сайлау учаскесінің 1702-сінде сайлау қорытындысы жасалды.

Қырғызстанда 23 шілде күні өткен президент сайлауына алты үміткер қатысты, олардың біреуі әйел адам. Олар: қазіргі президент Қ.Бәкиев, оппозиция тарапынан жалғыз үміткер және социал-демократтардың жетекшісі А.Атамбаев, дәрігер-нарколог, профессор Ж.Назаралиев, «Ак шумкар» партиясының жетекшісі Т.Сариев, Коммерциялық емес ұйымдар ассоциациясының басшысы Т.Уметалиева, Мұсылмандар бірлестігінің теңтөрағасы Н.Мотуев.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG