Accessibility links

Оштағы қақтығыс салдарынан босып кеткен мыңдаған өзбек Қырғызстанға қайтып жатыр


Қырғызстанға қайтуға қырғыз-өзбек шекарасынан өтіп жатқан этникалық өзбектер. Ош аймағы, 23 маусым 2010 жыл.

Қырғызстанға қайтуға қырғыз-өзбек шекарасынан өтіп жатқан этникалық өзбектер. Ош аймағы, 23 маусым 2010 жыл.

Өзбекстан лагерлеріндегі мыңдаған өзбек азаматы Қырғызстанға оралып жатыр деп мәлімдеді қырғыз ресми өкілдері. Бірақ Қырғызстанның оңтүстігіндегі шиеленісті жағдай сол күйінде қалып отыр. Елдің Уақытша үкіметі жексенбіге белгіленген референдумға дайындалып жатыр.


ӨЗБЕКСТАН ЖЕРІНДЕГІ МЫҢДАҒАН БОСҚЫН

Қырғыз ресми өкілдерінің айтуынша, Өзбекстанның босқындар лагерлеріндегі мыңдаған өзбек азаматы Қырғызстанның Ош және Жалалабад облыстарына қайтып жатыр. Қырғызстан шекара қызметі басшысының орынбасары Чолпонбек Турусбеков сәрсенбі күні журналистердің алдында сөйлеген сөзінде осы уақытқа дейін 46 мыңнан астам босқын шекарадан өтіп, Қырғызстанға қайтты деп мәлімдеді.

– Оның алдында 10 мыңнан аса өзбек азаматы Қырғызстанға оралды, – деді Чолпонбек Турусбеков.

Маусымның 10-ы күні Қырғызстанның оңтүстігінде басталған этникалық қақтығыстардан кейін шамамен 100 мың өзбек азаматы
Ош маңындағы босқындар лагері. Санитарлық қызмет өкілі дәрі сеуіп жүр. 23 маусым 2010 жыл.
Өзбекстанға босып кеткен болатын. Ресми мәліметтерде зорлық-зомбылықтар салдарынан 251 адам қаза болғаны айтылып отыр. Алайда Уақытша үкімет төрайымы Роза Отунбаева этникалық қақтығыстарда 2 мыңға жуық адам қаза тапқан болуы мүмкін дейді.

Елге оралып жатқан босқындардың саны туралы әзірге тек ресми өкілдердің мәлімдемесінде ғана айтылып отыр.Әйткенмен, БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі мекемесінің Өзбекстандағы баспасөз хатшысы Наталья Прокопчук «қайтып жатқан босқындар саны айтарлықтай» деп атап көрсетті.

БИЛІКТІҢ УӘДЕСІ

Оштағы өртенген үйлеріне оралып жатқан босқындардың бірі Мунира Валиева «Рейтер» агенттігіне былай деп мәлімдеді:

«Біз күйінішпен үйімізге қайтып жатырмыз. Сол оқиғалар қайталанбас па екен деп қорқамыз. Ондайды ешкімге тілемейміз».

Мунира Валиева өздерін Ошта не күтіп тұрғанын білмейтінін айтты.

Өзбекстанның Әндіжан қаласындағы босқындар лагерлеріне сейсенбі күні барған Жалалабад облысының әкімі Бектур Асанов
Қырғыз-өзбек шекарасынан өтіп, Қырғызстанға қайтқан нәрестелі өзбек әйелі. 23 маусым 2010 жыл.
мыңдаған босқын Ош пен Жалалабадқа қайтып жатыр деп мәлімдеді.

«Жалалабад облысының әкімі ретінде мен бәрі жақсы болатынына кепілдік беремін. Арандатушылық мәлімдемелерге сенбеуіңізді өтінемін. Үйлері өртеліп, қиратылған адамдардың барлығына өтемақы төленеді. Жалалабадта 500 тоннаға жуық азық-түлік бар. Біз оны қайтып келіп жатқан азаматтарға беріп жатырмыз. Үйлері өртенгендерге біз көрпе-төсек пен палатка береміз. Алдағы аптада біз құрылыс материалдары мен ақша бере бастаймыз», – деді Бектур Асанов.

ОҢТҮСТІКТЕ ШИЕЛЕНІС СЕЙІЛМЕЙ ОТЫР

Гуманитарлық ұйымдардың мәліметі бойынша, өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған 300 мың адам мен Өзбекстанға босып кеткен 100 мың азаматтың барлығын қосып есептегенде зорлық-зомбылық әрекеттерінен миллионға жуық адам зардап шеккен болуы мүмкін.

– Кең ауқымды толқулар тоқтағанымен елдегі ұлтаралық шиеленістер Қырғызстанның оңтүстігіндегі гуманитарлық операцияларға кедергі жасап отыр, – дейді БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелер бойынша үйлестіру кеңсесінің баспасөз хатшысы Элизабет Бирс.

Дүйсенбі күні қырғыз әскери күштері қару-жарақтарды іздестіру үшін және қақтығыстарға себеп болған адамдарды табу мақсатында
Қырғыз арнайы қызметі Оштағы қанды сойқанға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұстағандар. Ош, 22 маусым 2010 жыл.
Ошта рейд жүргізген болатын. Рейд барысында 2 адам қаза болды.

Сейсенбі күні Бішкекте баспасөз маслихатын өткізген Ұлттық қауіпсіздік қызметінің уақытша басқарушысы Кенешбек Дүйшебаев әртүрлі қару-жарақтар тәркіленгенін хабарлады.

«Кейбір көшелер мен ауылдардың айналасында баррикадалар орнатылған. Қауіпсіздік күштері сол аймақтарды тазалауы тиіс. Әрине, осындай операциялар барысында қақтығыстар болуы ықтимал, бірақ бұған қарамастан біз операцияларымызды жалғастыруымыз керек. Себебі, халық соны қалап отыр және Уақытша үкімет жетекшісі Роза Отунбаева тазалау шараларына бірнеше күн уақыт берді. Барлық қалашықтар мен ауылдарды ашуға тиіспіз», – деді Кенешбек Дүйшебаев.

РЕФЕРЕНДУМ БЕЛГІЛЕНГЕН КҮНІ ӨТКІЗІЛЕДІ

Кейбіреулер маусымның 27-дегі конституциялық референдум жаңа зорлық-зомбылық әрекеттеріне түрткі болуы мүмкін деп
Қираған мектеп ғимаратының қабырғасына ілінген жазуда 27 маусым күні Қырғызстанда конституциялық референдум өтетіндігі айтылған. Ош, 23 маусым 2010 жыл.
қауіптенеді. Егер референдумда көтерілген мәселелер мақұлданса, Қырғызстанда президент билігі әлсіреп, парламент күшейеді. Бірақ референдум өткізуге қарсы болып отырғандар Ошта көптеген адам дауыс бере алмайды дейді.

Қырғызстан орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ғалия Алымбекованың хабарлауынша, қауіпсіздік мәселелеріне байланысты Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы референдумға өз бақылаушыларын жібермейтін болды. Алайда бұл ұйымның тұрақты өкілдерінің 36-сы референдумға дайындық жұмыстарын бақылап жатыр және Қырғызстанға шамамен 100 шетел бақылаушысы келеді деді Ғалия Алымбекова.

Қырғызстанның билік орындары елдегі шиеленісті жағдайды жеңілдету мақсатында парламент сайлауын бір ай ерте, яғни қыркүйектің басында өткізуді көздеп отыр.

Сәуір айындағы толқулар барысында биліктен қуылған бұрынғы қырғыз президенті Құрманбек Бакиев сәрсенбі күні кешке Минскіде баспасөз маслихатын өткізеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG