Accessibility links

Қызылағаштағы төтенше жағдай бойынша сот тыңдауы басталды

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Қызылағаш сот ісінде отырған прокурорлар. Талдықорған, 23 қыркүйек 2010 жыл

Қызылағаш сот ісінде отырған прокурорлар. Талдықорған, 23 қыркүйек 2010 жыл

Қыркүйектің 23-і, бейсенбі күні Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылында көктемгі тасқыннан бергі алғашқы көшпелі сот мәжіліс өтті. Істі Талдықорған гарнизонының әскери соты қарап отыр.


Алапат оқиғаға байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша жеті адамға айып тағылды: Алматы облыстық су ресурстары комитетінің төрағасы Ақдарбек Сабиров, Алматы облыстық төтенше жағдай департаменті бастығының орынбасары Евгений Енин, су қоймасын меншігіне алған – «Қызылағаш» су пайдаланушылар кооперативінің (СКПБ) басқарма төрағасы Қуаныш Бекеев, «Қызылағаш» СКПБ-ның директоры Мұхит Жүнісов, Ақсу аудандық төтенше жағдай басқармасының бастығы Күнібек Байзақов, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Берік Тынышбаев, Қызылағаш ауылдық округінің бұрынғы әкімі Есет Жүнісов.

Қылмыстық іс бойынша сот процесіне Талдықорған гарнизоны әскери сотының төрешісі Дамир Ахтямов төрағалық етіп отыр.

СОТ БОЛАТЫНЫН КЕЗДЕЙСОҚ ЕСТІДІ

Бейсенбі күні Талдықорған гарнизоны әскери сотының көшпелі мәжілісі жаңадан салынған мәдениет үйінде басталды. Айыпталғандардың адвокаттары өздері мен қорғауындағы адамдарды видеоға түсірмеуді сұрап өтініш білдірді. Төреші өтінішті қанағаттандырды. Мәдениет үйінің кең залы бос тұрды. Ауыл тұрғындарына сот басталатыны жөнінде ешкім хабарламаған. Бұл процесс туралы жұрттан естіп сотқа келіп
Қызылағаш су бөгетіндегі апатқа қатысты істі қарап отырған сот төрешісі Дамир Ахтямов. 23 қыркүйек 2010 жыл.
қатысқандар ол туралы халыққа дер кезінде хабарланбағанына наразылық айтып жатты.

«Бізге ешкім айтқан жоқ. Себебі, жұрт сотқа шақырту қағазын жібереді деп ойлайды, ондай шақырту болмаған соң олар сотқа келген жоқ. Мен мұндай кездейсоқ келіп қалдым. Сөйтсем, жапа шеккендер тізімінде бар екенмін», – деді ауыл тұрғыны Марат Абайділдәнов Азаттық тілшісіне.

Нұрбике Машаеваның отбасында алты адам қаза болған. Оны да сотқа шақырмапты. Процестің басталғаны туралы естіген әйел сот болып жатқан жерге өзі келіпті. Бірақ мұнда төбесінен жай түскендей күй кешкенін айтады. Ол сот алдында жауап беріп отырғандардың ешқайсысы да өздерін кінәлі сезінбейтіндігін және ауыл халқынан кешірім сұрауға жарамағандарын айтып түңіліп отыр.

– Есет Жүнісовтің күліп отырғанын өз көзіммен көрдім. Алты ай абақтыда қамауда отырғанда түсінетіндей болды емес пе. Қазақ салты бойынша, ол бізден кешірім сұрауы керек. Маған елдің бәрі келіп көңіл айтып жатты. Ал ол бағана өз туыстарымен бірге тұр, барлығы еш кінәсі жоқ адамдардай кейіп танытты. Олардың ешқайсысы кінәлі екендерін мойындамайды, – дейді Нұрбике Мамашева.

ЖАПА ШЕККЕН 665 АДАМ

Азаттық радиосына сұқбат берген Қызылағаш ауылының көнекөз тұрғыны жұртшылықты кешіре білуге, қайырымды болуға шақырды. Есқожа Сағболдинов ақсақал биліктің барша елге жәрдем көрсетіп, үй тұрғызғанын, мал бергенін айта келе, кінәлілерді кешіруге үндеді.

– Мен оларды кештім. Оларда да бала-шаға бар. Олар да зардап шекті. Кешірім бермеуге болмайды. Мен қартайдым, жасым болса
Қызылағаш ауылының тұрғыны Есқожа Сағболдинов. 23 қыркүйек 2010 жыл.
сексенде. Мен бәрін де кештім. Ал басқалар қалай дейтінін өздері білсін. Әркімнің ойы ішінде, – дейді Есқожа Сағболдинов.

Қылмыстық іс бойынша, тасқыннан жапа шеккендер саны 665 адам. Кейбіреуі өздеріне келген моральдық және материалдық зиян үшін өтем өндірткізіп беруді соттан сұраса, енді біреулер ешкімге ешқандай талаптары жоқ екендігін айтып отыр. Сот процесінің қаншаға созылары әзірге белгісіз.

Биыл наурыздың 11-інен 12-іне ауған түні Қызылағашта трагедия өріс алды. Тасқын ауылмен аттас су бөгетін бұзып, ауылға лап берген еді. Ресми деректер бойынша, тасқын салдарынан 45 адам қаза тауып, 48 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алған.

Бүгінгі таңда ауыл толықтай қалпына келтірілді. Осы мақсатқа 7,5 миллиард теңге жұмсалды. Жаңадан 465 үй соғылып, 30 үй қайтадан жөнделді.


Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG