Accessibility links

Қызылағаш тұрғындары 15 жыл бойы тасқын су астында қалу қаупімен өмір сүрген


Қызылағаштағы су қоймасының тасқыннан кейінгі көрінісі. Алматы облысы, 19 наурыз 2010 жыл.

Қызылағаштағы су қоймасының тасқыннан кейінгі көрінісі. Алматы облысы, 19 наурыз 2010 жыл.

Қызылағаштағы су апатына тура бір ай болды. 42 миллион текше метр суды сақтауға арналған су бөгеті толассыз жауған жауын-шашыннан үш күннің ішінде толған дейді сонда жұмыс істегендер. Олардың айтуынша, 11-ші наурыз күні түнде бөгеттегі су шекті мөлшерден асып кеткен.


СУ САҒАТ САЙЫН КӨБЕЙДІ

Қызылағаш ауылы апаттан енді ғана есін жия бастады. Науырыздың 12 түнде болған қайғылы оқиғаның себеп-салдары әлі зерттеліп жатыр. Әйткенмен, бұл апаттың алдын алуға мүмкіндік болған ба еді? Қызылағаш су қоймасы жұмысшыларының сөзіне қарағанда, апат болар қарсаңда соңғы үш күн бойы толассыз жауған қар аралас жаңбыр бөгетке құйылатын су мөлшерін күрт көбейтіп жіберген.

Ал апат болардан 7-8 сағаттай бұрын бөгеттің қожайыны Қуаныш Бекеев қасына бірнеше адам ертіп, бөгеттегі жағдайды өз көзімен көріп қайтыпты. Жұмысшылар қожайын бөгеттегі судан қауіптің жоқ екендігі туралы «Қызылағаш» ауылдық су пайдаланушылар
Тасқын су Қызылағаш ауылын жайпап кетті. 19 наурыз 2010 жыл.
кооперативінің атқарушы директоры Мұхит Жүнісовке айтқан дейді.

– Наурыздың 11-күні Мұхит Жүнісов «су қоймасына бармайтын болдық, ол жаққа үлкен бастықтың өзі кетті» деп хабарлады. Сағаттың 4 кезінде бастық ауылға оралды, сол кезде одан Мұхит қоймадағы судың мөлшерін сұрап еді, ол «барлығы дұрыс, су тасымайды» деп жауап қатты, – деді Азаттық тілшісіне Қызылағаш су қоймасының жұмысшысы Әділғазы Дүтбаев.

Жұмысшылар Қызылағаш су бөгеті наурыздың біріне дейін тек күзетшінің бақылауында болғандығын айтады. Оған дейін судың мөлшерін ешкім тексермеген. Тек наурыздың бірі күні қоймадағы судың мөлшері тез көбейіп бара жатқанын естіген «Қызылағаш» ауылдық су
Қызылағаш су қоймасының жұмысшысы Әділғазы Дүтбаев. 19 наурыз 2010 жыл.
пайдаланушылар кооперативінің атқарушы директоры Мұхит Жүнісов, қарамағындағы қызметкерлерге су тоспасының аузын ашуға тапсырма берген.

Сол күні жұмысшылар қол күшімен көтерлетін тоспаның аузын бар болғаны 10 сантиметрге ғана аша алған. Бірақ, бұл судың азаюына әсер етпеді дейді жұмысшылар. Сөйтіп олар екі ауысым бойынша бөгеттегі суды бақылауда ұстайды. Өте көп мөлшерде келіп жатқан суды бірде жер асты құбырлары арқылы, бірде Қызылағаш өзені арқылы жіберіп отырады. Алайда, жұмысшылардың айтуынша, бөгеттегі су азаюдың орнына, керісінше көбейе түскен. Наурыздың 10 күні Мұхит Жүнісов тағы да су бөгетінің басына келіп, тоспаны көтеріп ашуға өзімен бірге төрт жұмысшыны ертіп барған.

– 10 наурыз күні бес адам болып су қоймасының басына бардық. Сол жерде тұратын күзетшімен бірге қойманың шлюздарын кешке дейін шамамен 18 сантиметрге көтердік, – дейді Қызылағаш су бөгетінде жұмыс істегендердің бірі Шәмші Әзіретқали.

«ҚОЖАЙЫН ЕСКЕРТУДІ ЕЛЕМЕДІ»

Ал өз аты-жөнін атамауды және бейнекамераға жүзін көрсетпеуді сұраған осы ауылдың басқа тұрғыны болса, бөгеттегі судың мөлшері сағат санап көтеріліп жатқандықтан оның арты апатқа ұрындыруы мүмкін екендігі бір жарым тәулік бұрын белгілі болған дейді.

– 10 наурыз күні түнде ондағы судың мөлшері 30 миллион текше метрге жетті. Ал келесі күні түс қайта ма немесе кешке ме, қазір нақты уақытын айта алмаймын, судың мөлшері 40 миллион текше метрден асты. Яғни, 15-16 сағаттың ішінде Қызылағаш су қоймасына 15-16
Тасқын судан талқандалған Қызылағаш су қоймасы. Алматы облысы, 14 наурыз 2010 жыл.
миллион текше метр су қосылды, – деді аты-жөнін атамауды өтінген ауыл тұрғыны:

Сонымен қатар, ол соңғы бірнеше жылда төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің облыстық басқармасының тарапынан Қызылағаш су қоймасына қатысты көптеген ескертулер жасалғанын айтты. Су тоспаларын адам қолының күшімен емес, электрдің қуатымен көтеретін арнайы қондырғы орнатылсын деген бұйрық та болған. Алайда, су қоймасының қожайындары бұл ескертулерге қатысты нақты ешқандай әрекет жасамаған.

– Бөгеттің аузында үш су тоспасы бар. Соның біреуі мүлдем жұмыс істемейді. Ал бір тоспаның қақпағын бір сантиметрге көтеру үшін екі адам қолмен оның құлағын 70 рет айналдыруы керек. Ал екі тоспаны да барынша ашу үшін 50-ден астам адам тоқтаусыз күні бойы жұмыс істеу қажет, – дейді өз аты-жөнін атамауды жөн көрген ауыл тұрғыны.

БӨГЕТТІҢ БҰЗЫЛУЫ

Қызылағаш су қоймасының жұмысшысы Шәмші Әзіретқали наурыздың 11-күні болған жағдайды жұмысшылар былайша суреттейді.

– Азанда маған Мұхит звондап, су қоймасының төменгі жағында орнатылған тоспаларға баруымызды тапсырды. Біз сол жерге барып,
Қызылағаш су қоймасының жұмысшысы Шәмші Әзіретқал. 19 наурыз 2010 жыл.
суды жер астында орнатылған құбыр арқылы жіберіп отырдық. Суды өзенмен жіберсек, ауылға өтіп кетер еді. Бірақ, сағат кешкі он жарымда таудан бір адам звондап, «су қоймадағы тоған тесілді, биік жерге қашыңдар» деп хабарлады. Содан биік жерге шығып алып, мобильдік байланыс арқылы ауыл адамдарына болған жағдайды хабарладық. Шамалы уақыттан соң менің телефонымдағы ақша бітіп қалды, – дейді Шәмші Әзіретқали.

Ал жұмысшы Әділғазы Дүтбаевтың айтуынша, су бөгетті әр жерден тесіп аға бастағанда су қоймасының басында оның қожайыны Қуаныш Бекеев те болған.

– Сағат 10 мен 11-дің арасында су қоймасына бардық. Екі жігіттің қашып келе жатқанын көрдім, олар бізге тоғанды су тесіп кетті деп айтты. Артымыздан Қуаныш Бекеев те келді, тесілген тоғанға біраз қарап тұрды да кетіп қалды, – деді Әділғазы Дүтбаев.

Жұмысшылардың айтуынша, бөгет наурыздың 11-күні кешкі сағат он жарымда тесілген. Ал екі жарым сағаттан соң су бөгетті
Тасқын су бұзып кеткен Қызылағаш су бөгеті. 19 наурыз 2010 жыл.
бұзып-жарып ауылға лап қойған. Яғни, жұмысшылардың сөзіне қарағанда, қоймадағы шамадан тыс көп су тоғанды түнгі бір жарымдар шамасында бұзған. Осы аралықта бөгет басындағы жұмысшылар ауылдың кейбір тұрғындарына телефон арқылы апаттың болатынын хабардар еткен. Алайда, сол күні боран соғып, ауылдағы біраз үйде электр жарығы үзіліп қалғандықтан жұрт тегіс хабардар болмаған.

Осы айтылған жайттарға байланысты су бөгетінің қожайыны Қуаныш Бекеев басқаратын «Шынар» кәсіпорнының Талдықорғандағы кеңсесіне хабарласқанымызбен, ол жақтан қандайда бір жауап ала алмадық.

АҒАЙЫНДЫЛАРҒА ТАҒЫЛҒАН АЙЫП

Ал Қуаныш Бекеев пен Қызылағаш ауылдық су пайдаланушылар кооперативінің атқарушы директоры Мұхит Жүнісовке апаттан соң Қазақстан Қылмыстық кодексінің 328-бабы бойынша «Өкiлеттiктердi терiс пайдаланған» деген айып тағылып, олар қамауға алынды.
Тасқын судан кейінгі Қызылағаш ауылы. Алматы облысы, 19 наурыз 2010 жыл.
Сондай-ақ, ауыл әкімі Есет Жүнісов Қылмыстық кодекстің 316-бабы, 2-бөлімі бойынша «абайсызда кiсi өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқтырған салақтық танытқан» деп айыпталып, тұтқындалды.

Ағайынды Жүнісовтердің әпкесі Жанат Рахметолдиева, болған апатқа өз бауырларының кінәсі жоқ деп есептейді.

– Қазақстандық ақпарат құралдарының көбісі бізді ел-жұртқа қарабет етіп көрсетуге тырысты. Ауыл әкімі туған-туыстарын екі күн бұрын көшіріп кеткен деген секілді шындыққа жанаспайтын әңгіме таратты. Апат болатын күні түнгі сағат 11-де Мұхит маған хабарласып, тоғанның тесілгенін айтты. Және ауылдың тұрғындарына хабар беруімді сұрады. Бізді елмен бірге биік төбеге қашқанымызды бүкіл Қызылағаштың адамдары көрді, – дейді Жанат Рахметтолдиева.

Сол күні ауыл әкімінің тапсырмасымен мектеп басшылығы оқушылардың сабағын тоқтатып, үйлеріне қайтарған.

– Су тасқыны болуы мүмкін екені алдын ала ескертілді. Бірақ, тоған тесіліп, ауылды су басып қалуы мүмкін деген сөздер 15 жылдан бері айтылып келе жатыр. Мұндай суық хабарға ауыл тұрғындарының құлағы үйреніп алған. Сөйтіп, көбісі қауіптің бар екенін естісе де, малын қимай, үйін қимай қалып қойды, – дейді Жанат Рахметтолдиева.

«БҰҒАН КІНӘЛІ ТАБИҒАТ ЕМЕС»

Ауылдың кейбір тұрғындары бөгетті бұзып, жолындағының барлығын жайпап келе жатқан апат қаупін өте кеш естігендіктен, ажал
Тілсіз жау Қызылағашқа үлкен қасірет әкелді. Алматы облысы, 14 наурыз 2010 жыл.
тырнағынан құтыла алмаған.

– Талдың басында отырған ауыл тұрғынын түсіріп алған соң, ол бізге маңыраған мал, шыңғырған адам төмен қарай ағып кетті ғой деп жылады. Жалпы, ауыл тұрғындарының біразын тас жолдың бойымен қашып бара жатқанда, судың екпіні жұлып кетті, – дейді Шәмші Әзіретқали.

Соңғы ресми деректер бойынша Қызылағаштағы апат салдарынан 44 адам көз жұмған. Алайда, ауыл тұрғындары бұл тасқында қиылған адам өмірі үшін ең алдымен осы қаупті бола тұрып ескермеген басшылар кінәлі деп санайды.

– Мына үй менің тәтемнің үйімен көрші болған. Бұл үйдегі бүкіл отбасы су апатынан мерт болды. Айтатын болсам, бұл табиғи апат емес, қолдан жасалған апат болып отыр. Бұл ауыр жағдайды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – дейді ауыл тұрғыны Еркін Дүтбаев.

Қызылағаш туралы видеорепортажды қараңыз:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG