Accessibility links

Қазақстандық киберсквоттер «елбасы» домендік атауын үкіметке сатқысы келеді


Компьютер пернетақтасында мәтін теріп отырған адамның қолы. Көрнекі сурет.

Компьютер пернетақтасында мәтін теріп отырған адамның қолы. Көрнекі сурет.

«Елбасы» домендік атауын иемденіп алған Қазақстан азаматы енді оны үкіметке сатпақ ниетте. Ол байланыс және ақпарат министрінің блогына жазған ұсынысына жауап күтіп жүр. Қоғамды бұл оқиғаның ары қарай қалай өрбитіні қызықтырып отыр.


ЕРЕКШЕ ҰСЫНЫС

Қазақстан байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевтің блогында elbasy.kz атты доменді сататыны туралы жазған ұсыныс жазған Мейрамбек есімді азамат министрден өз хатына жауапты тым созбай беруді өтініпті.

«2010 жылы маусымның 15-і күні Н.Назарбаевқа Елбасы мәртебесін беретін заң күшіне енді. Тиісінше, мәңгілікке қалатын тарихи сайттың
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев интернет арқылы жұртшылықтың сауалдарына жауап беріп отыр. Астана, 7 маусым 2007 жыл.
ашылуы да заңды болар еді. Менің білуімше, жаңа заңда Елбасы мен оның қызметін қаржыландыру туралы нақты жазылған... Мен elbasy.kz домендік атауының иесімін. Сіздерден шынайы әрі салмақты ұсыныстар күтемін» делінген министрдің блогына Мейрамбек Дүйсенбектің жазған хатында.

Әзірге министрліктен ешқандай жауап келген жоқ. Оның себебін ұсыныс хаттың иесі өзінше түсіндіреді.

«Көреміз ғой, оның бәрін. Әзірге, ешқандай ұсыныс түскен жоқ. Білуімше, министрлік президент әкімшілігіне хат дайындап жатқан көрінеді. Соған қарағанда бұған үкімет араласайын деп отырған жоқ», - деді Мейрамбек Дүйсенбек тамыздың 20-сы күні Азаттық тілшісіне.


ӘЛЕМДЕ БАР ТӘЖІРИБЕ


Бейресми деректер бойынша, Қазақстанның интернет тарихында мұндай жағдайлар бұған дейін де болған екен. Мәселен, astana.kz доменін киберсквоттерден қала әкімшілігі 50 мың долларға сатып алды деген расталмаған дерек бар.

Киберсквоттинг – танымал компания атауларымен ұқсас домендік атауды тіркеп алып, кейін оны қайта сатып пайда табу. Киберсквоттингпен айналысатындарды киберсквоттер деп атайды.
Ал бұл жолы Мейрамбек Дүйсенбек көздеген мақсатына жетуі мүмкін бе? Бұл сауалды интернетке қатысы бар мамандарға қойып көрген едік.

«Меніңше, оқиға үш сценарий бойынша өрбиді. Үкімет одан сатып алады, не тартып алады. Немесе домен иесі өзі-ақ береді. Себебі, бізде интернет-бизнес туралы заң жоқ. Егер оны патенттеп алса, сатуы мүмкін. Ол мүлік емес ғой сата салатын», - дейді блогшы Сағын Қалдыбеков.

Алайда бұндай пікірмен келіспейтіндер де бар.

«Менің ойымша, егер ол домен үкіметке керек болса сатып алады, болмаса басқа домен алады. Қазақстандағы домен тіркеуші орталық - KazNIC-тің сайтындағы ереже бойынша, тек тауар маркалары ғана өз аттарына дауласа алады. Сондықтан үкімет тартып алады дегенге аса сене қоймаймын. «Елбасы» қазақ тілінде бар сөз. Оны қазіргі елбасы ала ма, басқа біреу ала ма, бәрібір», - дейді сайт жасаушы Аршат Оразов.

Дегенмен, домен саудасы өзге елдердің тәжірибесінде бар нәрсе дейтіндер, бизнестің кез-келген түрі сияқты, бұл да сұранысқа байланысты екендігін айтады.

«elbasy.kz доменін сатып алған адамның оны сатуға ниеттенуі - дұрыс жағдай. Бірақ, Қазақстанда домен сату-сатып алу жүйесі дамығанымен, ол доменге сұраныс бар ма? Ұсыныс болғанымен сұраныстың болмауы - бизнеске келеңсіз жағдай», - дейді интернет-маркетинг саласының маманы Дәурен Көбеев.

КИБЕРСКВОТТЕРЛЕР КАЗНЕТКЕ ДЕ ЖЕТТІ

Бұл тәрізді оқиғалар Қазақстанда киберсквоттингтің дамуына қандай да бір серпін беруі мүмкін дейді мамандар. Бірақ оның әрі қарай дамып кетуіне интернет саласында заңнаманың жетілмегендігі, ғаламтор тұтынушыларының аздығы сияқты тосқауылдар бұдан былай
Қазақстандық http://kiwi.kz веб-сайтының көрінісі. Алматы, 14 қараша 2009 жыл.
да кедергі жасай береді дейді олар.

«Қазақстанда киберсквоттинг жақсы дамиды деп айта алмаймын. Бізде егер домен бос болмаса басқасын ала салады. Бізде өйткені, шыны керек, интернет мәдениеті әлі дұрыс дамымаған. Шетелде егер сенің атыңды немесе фирмаңның атын біреу алып қойса, ол доменді өзіне алуға тырысады. Ал бізде олай емес, бос болмаса басқа вариантын қарай салады», - дейді Аршат Оразов.

Кейбір мамандардың пікірінше, интернет нарығы әзірге, аса жетіле қоймаған Қазақстан үшін бұл мысалдар үлкен сабақ болмақ.

«Шетелде кез келген фирма, компания болсын, қандай да бір бренд немесе өнім жасардың алдында бірден сол атауға және соған ұқсас бүкіл домендерді өзіне тіркеп алады. Президент әкімшілігінде пиар жағын қарастыратын мамандар бұл мәселені уақытында ойламағандықтан енді басқалар осыдан ақша табудың амалын қарастырып жатыр», - дейді медиа-сарапшы Әлия Сембай.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG