Accessibility links

Еңбек мигранттары полицияның ерекше назарында


Алматы қалалық әкімшілігі мегаполисте қылмыстың 55 пайызын сырттан келгендер жасайды дейді. Адам құқығын қорғаушылар бұл дерекке күмән келтіреді.

Бес жылдан бері Өзбекстаннан Қазақстанға еңбек мигранттарын тасумен айналысып келген автобус жүргізушісі Данияр осыдан үш ай бұрын өзіне үйреншікті Черняевка-Алматы бағытын Черняевка-Новосібірге ауыстыруға тура келіпті. Себеп – Қазақстандағы дағдарыс.

- Қазір Алматыда жұмыс болып жатқан жоқ. Соған байланысты көпшілігі Ресейге қарай ауысып жатыр. Ол жақта жұмысшыларды ресми түрде рәсімдеп тіркейді, айлақтары да жақсы, - деді көлік жүргізушісі.

Қазақстан арқылы өтетін ұзақ жолға Данияр айына үш мәрте шығады, әрбір сапарында кем дегенде алпыс жұмысшыны арлы-берлі тасиды. Оның айтуынша, шеттен барған жұмысшылардың Ресейдегі орташа айлығы – 1000 доллар.

Алматыда шетел мигранттарының үлесі азая бастағандығын ресми статистика да көрсетіп отыр. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында 157 мың шетел азаматы мегаполиске келген, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 14 пайызға аз.

Соған қарамастан Алматы қаласының құқық органдары мигранттарды еліне қайтаруды көздейтін кезекті акциясын жүргізіп жатыр. Бір апталық рейдтің нәтижесінде 360 адам еліне қайтарылған. Алматы қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы Арман Жусанбайдың айтуынша, ұсталғандардың шамамен 90 пайызы Өзбекстан азаматтары.

- Қарашаның 8-і мен 14-і аралығында Алматыда қылмыстың алдын алу және қаладағы оперативті ахуалды сауықтыру мақсатында құқық тәртібі шаралары жүргізіліп жатыр. Соның аясында қаладағы көші-қон мәселесіне қарама-қайшы әрекеттерге баратын, алыс-жақын шетелдіктердің еліміздің аумағында өзіміздің заңды белден басып, кердеңдеп жүру оқиғаларының алдын алу мақсатында бірталай шаралар жүргізіліп жатыр. Нақты бағыты – олардың еліміздің аумағында қылмыс жасап сыртқа қашып кетудің алдын алу, яғни біздің аумақта құқық бұзушылықты болдырмау. Қалада қылмыс жасайтындардың көпшілігі осылар: кісі тонау, ұрлық сияқты келеңсіз оқиғаларға барып жатыр, - деді Арман Жусанбай.

Оның айтуынша, 1,5 миллион тұрғыны бар мегаполисте 5 мыңдық қана полицияның сырттан келген мигранттардың әрекеттерімен күресуден бөлек іштегі қылмыскерлерді іздестіру жұмыстары басынан асып жатыр. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің мәліметі бойынша, тіркелген қылмыстардың жарымынан көбін Қазақстанның оңтүстік өңірлері мен жақын шетелдерден келген азаматтар жасаған: 2008 жылы Алматыда 3854 қылмыскер ұсталса, соның 1947-і, яғни 55 пайызы қаладан өзге өңірлердің тұрғындары.

Дегенмен, Қазақстадағы Хельсинки комитетінің төрағасы Нинель Фокина жоғарыда келтірілген ресми статистика аса күмәнмен қарайды:

- Бұл көрсеткішке сенбеймін, бұлай болуы мүмкін емес... Қаланың 10 пайызы мигранттар болатын болса, сол 10 пайыз халық қылмыстың 50 пайыздан астамын жасайды дегенге сену өте қиын. Менің пікірімше, бірқатар арам пиғылды саясаткерлер өздерінің қателігін халықтан жасыру үшін бізге әртүрлі сипаттағы «құбыжықтарды» таныстырумен әлек: бірде ол – миссионер, келесі бір жолы – мигранттар... Халық зәулім сарайлар қай ақшаға салынғандығын сұрамаса болды...
XS
SM
MD
LG