Accessibility links

Тобылдың суы ластанып, онда адамды шағатын жәндіктер пайда болды


Тобыл өзенінен табылған құйрығы жылан, басы бақа тәріздес белгісіз жәндік. Қостанай облысы, мамыр, 2009 жыл

Тобыл өзенінен табылған құйрығы жылан, басы бақа тәріздес белгісіз жәндік. Қостанай облысы, мамыр, 2009 жыл

Тобыл өзенінің ластануы туралы кейінгі жылдары қостанайлық экологтар сан мәрте дабыл қаққан болатын. Таяуда өзеннен құйрығы жылан, басы бақаныкіне ұқсайтын жәндік табылды. Мұндай жәндік адамды шағып алып, жұрт енді өзенге түсуден қорқа бастады.

Мобильді телефонның камерасымен түсірілген мына суретте бұған дейін өзенде кездеспеген жәндік бейнеленген. Өгізбалыққа аздап ұқсайтын жәндіктің құйрығы жылан, басы бақа тәріздес. Оның суға түсушілерді тістеп алуы да мүмкін деген дерек бар.

Азаттық тілшісіне хабарласқан Анатолий Иванов жолдастарымен суға түсіп жүргенде балтырын әлдебір су асты жәндігі шағып алғанын айтады. Алайда, осы жәндікті бұдан кейін ешкім де көрмеген. Жергілікті халық, егер Тобылдың суы осылай ластана берсе, адамды шағатын жәндіктер қаптап, жұрт ауруға шалдыға ма деп те қауіптенеді.

Бұрын-соңды Тобыл өзенінде кездеспеген түрі қорқынышты жәндіктің пайда болуын жергілікті халық өзен арнасын тазалау жұмыстарының ара-тұра ғана жүргізілетінімен байланыстырады. Оның өзі көбінесе мектеп оқушыларына және судент жастарға тапсырылады.

Cтуденттер Тобыл өзенін қоқыстан тазартып жатыр. Қостанай облысы, мамыр, 2009 жыл
«Ғылыми білім беру орталығы” қоғамдық бірлестігінің директоры, эколог-ғалым Людмила Музычконың сөзіне қарағанда, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті студенттері жаз айларында жыл сайын Тобыл өзенінің Қостанай қаласының іргесінен өтетін үлкен көпір мен шағын көпір аралығындағы арнасынан бірнеше машина қоқыс жинайды.

Жастар экологтар жариялаған “Таза су” акциясына белсене қатысады. Қостанай автомобиль жолдары колледжі жанынан құрылған бірлестік жақында оқушыларды су астында киетін арнайы киіммен жұмыс істеуге жаттықтырды. Жаттығу кезінде өзен түбінде жатқан қоқыстарды тазалау жұмыстары атқарылды.

Соған қарамастан жағасында жағажайлар, коттедждер, басқа да қора-қопсы орналасқан өзен суы жыл өткен сайын ластанып барады.

Тобыл-Торғай су бассейні инспекциясының бастығы Гүлшат Оспанбекова өзенді ластанудан сақтаудың ең тиімді жолы оның жағасын жекеменшікке беру деп есептейді. Оның пікірінше, жекеменшік кәсіпкерлер өзіне қарасты жағалауға толық жауап береді және судың ластануына тосқауыл қояды.

Алайда, өзен жағасында салынған толып жатқан дәмханалар мен мейрамханалар, басқа да демалыс орындарына келушілер өзеннің ластануына бірден бір себепкер деушілер де аз емес. Биылғы жылы Қазақстан республикасы парламентінде осыған байланысты республика аумағында жұмыс істеп тұрған экологиялық заңға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар түскен. Онда су жағасына кез келген нысанды салуға мүлде тыйым салу туралы бап бар.

Тобыл-Торғай экология департаменті мемлекеттік мекемесі Қостанай филиалының мемлекеттік экология бөлімінің бастығы Мұхамеджан Жетпісбаев Тобыл өзеніне түскен лас заттардың өткен жылмен салыстырғанда 35 мың тоннаға дейін азайғанын әңгімелеп берді.

Алайда мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың балансында тұрған тазартқыш қоңдырғыларының біраз бөлігі істен шыққан, пайдалануға мүлде жарамайды, көпшілігі күрделі жөндеуді және қайта жаңғыртуды қажет етеді. Ал кемшіліктерді жөндеуге қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр.

«Бүгінгі күн талабына сай тазалық қоңдырғыларының аздығы, Қостанай және Жітіқара қалаларында жауын суы канализациясының жоқтығы судың сапасына кері әсер етіп отыр”, - дейді ол.

“Қазақстаналюминий” акционерлік қоғамы филиалының кеніштерден шығарған суы, ”Қостанайсу” және “Жітіқара коммунэнерго” кәсіпорындарының сүзгіден (фильтрден) өткізу стансаларының шайынды сулары, сонымен бірге Жоғарғы Тобыл балық питомнигінің қалдығы Тобылға құйылып жатыр.

Осы Тобыл жағасында көп жылдан бері тұрып келе жатқан Жандос Жүсіпов: “жеріміздің төбе құйқасы сыпырылып, жайылымға жаманы ғана қалды, суымыздың балығы мен бақасы таусылып, табаны ғана қалды, жағалаудың жекені мен борығы таусылып, маскүнемдердің бос қалбыры мен арағы ғана қалды. Сондықтан су түбінен әлдебір құбыжық шығып жатса да таң қалуға болмайды”, - дейді.

Бірақ, балық инспекциясы мамандары мұның бәрін жай лақап, өзен суына суға түсуге де, балық аулауға да болады деп есептейді. Ал өзен бойындағы “Таза су” акциясы әлі де жалғасуда.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG