Accessibility links

Назарбаев: Қазақ тілі мәселесіне алаңдайтындар өз ақшасына нақты жоба жасасын


Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайы
Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайы

23 қазанда Парламенттегі босаған бір орынға Қазақстан халқы Ассамблеясынан мәжіліс депутаты сайланып, Қазақстан президенті Н. Назарбаевтың төрағалық етуімен Ассамблеяның XIV-сессиясы да өткізілді.

Парламенттегі бос орынға енді Болгар мәдени орталығының жетекшісі Олег Дымов депутаттық мәртебемен жайғасатын болды. Естеріңізде болса, осыдан бірер апта бұрын Ассамблея атынан сайланған Виктор Цой өз еркімен депутаттық мандатын тапсырған еді.

Ассамблея сессиясына төрағалық еткен мемлекет басшысы бұл жолы да мемлекеттік тіл – қазақ тіліне тоқталды. Ол соңғы кезде қазақ тілі мәселесін көтерушілердің көбейіп бара жатқанын айтып, тіл тақырыбында саяси бедел жинау қоғамдағы ұлтараздықты туғызады деді.

– Қазақ тіліне қатысты барлық мәселе - Қазақстан Конституциясына, заңға сәйкес орындалу керек. Бізде «Тіл туралы» заң бар ғой. Соның төңірегінде жұмыс істейік. Тіл тақырыбында түрлі шағыстыру әңгімелерді тоқтату керек. Егер шын мәнінде қазақ тілінің проблемасы әлдекімді алаңдатса, ақша салсын да, нақты жоба құрсын. Мен осы үшін қазақ тілінің дамуы жайында арнайы қор құрдым,- деді мемлекет басшысы.

Ол Қазақстандағы қазақ ұлтының кейбірінің өз тілін білмеуіне Кеңес Одағының тоталитарлық жүйесі кінәлі деді. Сол үшін, оларды кінәлауға болмайды деп, қазақ тілін дамытуға барынша күш салып жатқандығын да айтты.

Президент өсіп келе жатқан балалардың қазақша білмеуі оларға арналған қазақша мультфилмьдердің, бағдарламалардың болмауынан екендігін айтып, осы мәселені «Қазақфильм» киностудиясына арнайы тапсырды.

Сонымен бірге, бұдан былай телеарналардан шығатын қазақша жаңалықтардың астында орыс тілінде міндетті түрде субтитр қойылу керектігін де көтерді. Осыларды есепке ала отырып, мемлекет басшысы қазақ тілінің проблемасы жөнінде арнайы комиссия құруға тапсырма берді. Онда тіл үйренудің ең тиімді жолдары зерттеліп, қазақ тілінде шығатын оқулықтардың сапасы да жіті қадағаланатын болады деді.

Мемлекет басшысы келтірген дәйектерге сүйенсек, Қазақстандағы қазақ ата-аналардың 80 пайызы балаларын қазақ мектебіне берсе, 20 пайызы орыс мектебіне береді екен. Ал өзге ұлттардың 25 пайызының балалары қазақ мектебіне барады екен.
XS
SM
MD
LG