Accessibility links

Террорлық актілердің алдын алғаны туралы ҰҚК-нің мәлімдемесіне құқық қорғаушылар сақтықпен қарайды


Лаңкестік жиһадшылар тобын құрмақшы болды деген айып тағылған Қуат Жобалаев сот залында өзіне қарсы тергеу ісімен танысып отыр. Астана, 11 қыркүйек 2009 жыл.

Лаңкестік жиһадшылар тобын құрмақшы болды деген айып тағылған Қуат Жобалаев сот залында өзіне қарсы тергеу ісімен танысып отыр. Астана, 11 қыркүйек 2009 жыл.

Қазақстанда былтырдан бері 7 террорлық әрекеттің алдын алғаны туралы ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Әділ Шаяхметов мәлімдеді. Адам құқығын қорғаушылар елде терроризмге қатысты істер «жабық есік» жағдайында өтетіндіктен, олардың әділдігіне күмән келтіреді.


ҰҚК ЛАҢКЕСТЕРДІ ШЕТІНЕН ӘШКЕРЕЛЕП ЖАТҚАНДАРЫН АЙТАДЫ


Қазанның 14-інде Парламент Мәжілісінің депутаттары алдында сөйлеген ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары, генерал-майор Әділ Шаяхметов 2008 жылдан осы уақытқа дейін Қазақстанда жеті лаңкестік әрекеттің жолы кесілгендігін хабарлады.

Қазақстан парламенті мәжілісінің жалпы отырысынан көрініс. Астана, 2009 жыл.
– Былтыр 4, биыл 3 лаңкестік әрекеттің алды алынды. 2009 жылы жалпы алғанда лаңкестік әрекеттері үшін 22 адам сотталды, ал өткен жылы 24 адам осы айыппен істі болды, – деді өз сөзінде Ә.Шаяхметов.

ҰҚК-нің терроризмге қарсы тұру орталығы төрағасының орынбасары Асқар Әмірхановтың айтуынша, «бұл деректердің бәрі де Қазақстанға ел азаматтарын тарту үшін келген шетелдік эмиссарларға байланысты».

– Олар Ауған, Пәкістан өңірінен келгендер, бірақ олар Қазақстанның бірде-бір азаматын да өз қатарларына тарта алған жоқ, – деп мәлімдеді А.Әмірханов.

КҮДІК ПЕН КҮМӘН БАСЫМ

Биылғы жылы сәуір айында Жамбыл облысының Қордай елдімекенінде 6 адам «террористік акт жасауға дайындалған» деген айыппен жауапқа тартылды. ҰҚК өкілдері ұсталғандардың қора-жайларынан қару-жарақ табылды деп дәлел-айғақ келтіргенмен, сотталғандардың туыстары ол айғақ заттарды заң адамдарының өздері тастап, бейкүнә адамдарды қолдан қылмыскер жасады деген өз уәждерін айтады.

Террористік пиғылмен іс-әрекет жасауға дайындалған деген айыппен сотталғандардың арасында мүгедек жандар да жазаға кесілді. 14 мың тұрғыны бар Қордай ауылында «террористік ұйым құрды» деп танылғандардың бірі – Біржан Жарғожаев 9 жарым жылға сотталды.

Террорлық әрекет жасамақ болды деген айыппен 12 жылға сотталған 20 жасар Нұрлан Еламанов дәнекерлеуші болып жұмыс істеген. Қандыағаш, Ақтөбе облысы, 2008 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
ҰҚК-нің айтуынша, Біржан және тағы басқа ұсталғандар бірігіп, былтыр 25 шілдеде Алматыда террорлық шабуыл ұйымдастырмақ болған. Ал ҰҚК оларды бір күн бұрын, яғни шілденің 24-інде қамауға алған. Алайда, Азаттық радиосына хабрласқан Біржанның әйелі Бағзада Шайбекова ІІ топтағы мүгедек күйеуінің бір-ақ күнде террорист болып шыға келгендігіне сенбейтіндігін айтты.

– Оның қолы қимылдамайды, соған қарамастан оны «атқыш» деп айыптады. Оның ауылдың шетінде бос бөтелкелерге мылтық атып, «жаттығып» жүргендігін біреулер көрген екен-мыс, – дейді Бағзада.

Оның айтуынша, террористік шабуыл жасамақ болған деген күдікпен ұсталған күйеуіне қатысты іс жабық есік жағдайында өткен, оларды тергеу барысымен де таныстырған ешкім болмаған. Бағзада күйеуі мен өзге де айыпкерлерге қарсы істе комитетке адвокаттар да көмектескен деген күдігін айтады. Осының барлығы – Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген бұл іс бойынша тергеудің әділ өткендігіне күмән келтіруге негіз болуда.

Сондай-ақ, өткен қыркүйек айында Ақтөбе облысы, Қандыағаш қаласындағы Мұғалжар аудандық сотында мұнайлы аймақта лаңкестік
Полицейлер терроризм бойынша айып тағылған Жасұлан Сүйлеменовті сот залынан шығарып барады. Астана, 19 тамыз 2009 жыл.
актілер жасауға даярланған-мыс деген айып бойынша Қазақстанның алты азаматына сот үкімі шығарылды. 12-ден 17 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылған алты адамның ең үлкені 42 жаста болса, ең кішісі үкім шыққан 23 қыркүйек күні 19 жасқа толды. Олардың барлығы Ақтөбе облысының Темір және Мұғалжар ауданының тұрғындары.

Ал Астанада Қуат Жобалаев пен Жасұлан Сүлейменовтерге қатысты сот жалғасып жатыр. Оларға «Жамаат Әл-Фараби» лаңкестік жиһадшылар тобын құрмақшы болған деген айып тағылды. Қылмыстық іс заттай айғақтар негізінде қозғалған. 2009 жылдың қаңтарында астаналық жастар тобын Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі Солтүстік Кавказда ұстап, олар Қазақстанға экстрадицияланған еді.

АШЫҚТЫҚТЫҢ БОЛМАУЫНАН ШЫНДЫҚҚА ЖАНАСПАЙТЫН АҚПАРАТ ТАРАЙДЫ

Адам құқын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның маманы Андрей Гришиннің пайымдауынша, ҰҚК ешқашан өз қателіктерін мойындаған емес, мойындамайды да.

– ҰҚК соттармен біріге отырып, ешқашан өз істерінде қателік кеткендігін мойындамайды, осы тұрғыдан алғанда ҰҚК-нің «террорист» деп айыптаған адамдары міндетті түрде террорист болып шығады. Мейлі ол жалған құжаттардың негізінде жасалсын, комитет бәрібір өз
Серікболсын Әбділдин, Қазақстан Коммунистік партиясының төрағасы. Алматы, 14 қазан 2009 жыл.
қателіктерін мойындамайды. Ал олардың қателіктерін тек олардың өздері ғана біледі, себебі, терроризмге қатысты істердің барлығы жабық есік жағдайында өтетіндіктен, олардың қаншалықты әділ өткендігін бақылау мүлдем мүмкін емес, – дейді адам құқын қорғаушы.

Қазақстан парламентінің экс-депутаты, Коммунистік партияның төрағасы Серікболсын Әбділдин терроризмге қатысты істердің жабық жүргізілетіндігінен қоғамға бұрыс ақпарат берілетіндігіне нақты мысал келтірді.

– Мен депутат болып жүргенде Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр еді. Ол сол кезде депутаттардың алдына келіп «Президент Назарбаевқа екі рет қастандық жасалмақ болған екен, соның алдын алдық» деп айтты. Кейін білсек, оның барлығы шындыққа жанаспайтын болып шықты. Мінеки, бұл істе ашықтықтың болмауынан – рас-өтіріктің қайсы екендігін аңғара алмайсың, – дейді Серікболсын Әбділдин.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG