Accessibility links

Журналист «елбасыға» қарсы шықты


Қарсылық акциясы кезінде полицияның журналист Жанна Байтелованы ұстап, әкетіп бара жатқан сәті. Алматы. 1 мамыр 2010 жыл.

Қарсылық акциясы кезінде полицияның журналист Жанна Байтелованы ұстап, әкетіп бара жатқан сәті. Алматы. 1 мамыр 2010 жыл.

Жұма күні оппозициялық «Голос республики» басылымының журналисі Жанна Байтелова ел президентіне «елбасы» мәртебесін берген заңды кері қайтарып, оны қолданысқа енгізген азаматтарды жауапқа тарту туралы Алматы қаласындағы Жетісу аудандық сотына шағым берді. Аудандық сот қабылдап алған шағымды жөн көргендер баршылық.


БАЙТЕЛОВА БАСТАДЫ

Журналист Жанна Байтелова шағымда құжатқа қол қойған парламент сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаев, парламент мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов пен премьер-министр Кәрім Мәсімовты жауапқа тартуды талап етіп отыр. Оның пікірінше, президенттің өзі қол қоймағандықтан, заң қолданысқа ене алмайды.

– Аты аталған азаматтар заңдық күші жоқ құжатты қолданысқа енгізіп жіберді. Шын мәнінде елбасы жайлы заңға президенттің өзі қол қоймағандықтан оның заңдық күші жоқ. Біздің Конституцияда Қазақстан президенттік басқару формасындағы унитарлы мемлекет деп нақты көрсетілген. Осыған байланысты мен соттан жауапкерлердің әрекетін заңсыз деп танып, оларды ресми басылымдарда құжаттың кері қайтарылғаны туралы мәлімдеме жасауға міндеттеуді талап етіп отырмын, – деді Жанна Байтелова.

Журналист құжатқа қарсылық білдіріп, осындай шағым беруге ниет танытып отырған әріптестерінің көп екенін айтады.

СВИРИДОВ ҚОСТАДЫ

Журналистің талабын орынды деп санаған Адам құқығын қорғау бюросының құқыққорғаушысы Андрей Свиридов өзі де мұндай
Құқыққорғаушы Андрей Свиридов (оң жақта) пен журналист Сергей Дуванов (сол жақта) елбасы туралы заңға қарсылықтарын білдіріп тұр. Алматы. 16 маусым 2010 жыл. Сурет respublika-kaz.info сайтынан алынды.
бастамаға қосылуға дайын екен.

– Біріншіден, өзімнің де осындай шағым бергім келетінін айта кетейін. Шынымды айтсам, ойыма келмепті. Екіншіден, Конституцияға сәйкес, біздегі заңдар парламент спикері немесе премьер-министр емес, тек президент қол қойғаннан кейін күшіне енеді. Сол себепті, құжат небәрі заң жобасы деңгейінде ғана қалып отыр, – деді Андрей Свиридов.

Құқыққорғаушылардың айтуынша, егер президент құжатқа вето қойса, онда әңгіме басқаша. Бірақ нақты жағдайда ол туралы мүлде сөз қозғалған жоқ дейді.

– Президенттің өзі құжатқа қол қоюдан бас тартты. Соған қарамастан парламент оны қабылдағысы келсе, бұл – оның шаруасы. Бірақ бұл құжаттың заңға айналуын білдірмейді. Біз, әрине, мұның саяси ойын екенін жақсы білеміз, – деді Андрей Свиридов.

Ал Андрей Свиридовтың өзі журналист Сергей Дувановпен бірге маусымның 16-сында Алматыда Тәуелсіздік монументі алдында аталмыш заңға өз қарсылықтарын білдірген еді. Бұл елбасы туралы заңға қатысты алғашқы қарсылық шарасы болатын.

СӘРСЕНБІНІҢ СӘТІНДЕ, ЖЕТІСУДЫҢ СОТЫНДА...

Тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи мұндай мәселеге қоғамның емес, журналистердің амалсыздан араласуы елдегі қоғамдық-саяси қатынастардың тым шиеленісіп кеткенін білдірсе керек дейді

– Негізі бұл – қоғамның мәселесі. Журналистер мұндай мәселеге амалсыздан араласып отыр. Ел әбден үркіп, өз ойларын жеткізуден қорқып қалған. Назарбаевтың 20 жылдық билігі халықты ығыр қылып, көпшіліктің оған еті әбден өліп кеткен. Саяси реакция жоқ, әрекет жоқ, – деді Ермұрат Бапи.

Жанна Байтелованың айтуынша, аудандық сот өкілдері шағымды тіркеп, жауабын келесі аптаның сәрсенбі күні айтатынын хабарлаған. Мамандардың басым бөлігі журналистің сотта жеңіп шығатынына, тіпті соттың шағымды қарайтынына күмән келтіреді.

Естеріңізде болса, маусымның 15-і күні елдегі ресми басылымдарда ел президентінің «елбасы» мәртебесін беретін заңның мәтіні жарияланып, оның күшіне енгізілгені турасында ақпарат тараған болатын.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG