Accessibility links

Отан үшін отқа түскен, өлмеген... Момышұлының шығармаларымен қауышар күн жақын


Филология ғылымының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов. Алматы, мамыр, 2010 жыл.

Филология ғылымының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов. Алматы, мамыр, 2010 жыл.

Биыл атақты қолбасшы, қазақ жазушысы Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толады. Жақында оқырман қолына батырдың 40 томға жинақталған шығармалары тиеді. Осыған орай «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Мекемтас Мырзахметовпен әңгімелескен едік.




ӘСКЕРИ АКАДЕМИЯДАҒЫ ЛЕКЦИЯЛАРЫНА ҚОЛ ЖЕТПЕЙ ТҰР

- Мекемтас аға, көпшілік Бауыржан Момышұлын екі томдық шығармалары арқылы біледі. Өткен жылы 15 томдығы жарық көрген еді. Ал оған қосылып отырған томдардағы деректер қайдан алынды? Жаңадан не кіріп отыр?

- Баукең 1928 жылдан бастап қолына қалам ала бастаған. Және қағазға, архивке өте ұқыпты адам болған. Соның барлығы да сақталған. Бұл қолжазбалар қазір Қазақстанның мемлекеттік архивінде жатыр. Ал ең сүбелі тұстары өзінің баласы Бақытжанның қолында, бірсыпырасы менде тұр. Өзі маған актімен қол қойғызып тапсырған. Жазбаларының және бір бөлігі Д.Снегиннің жеке кітапханасында сақталған. Осылардың бәрі қосылып, Баукеңнің 40 томдығын құрап отыр.

Ал бұған не кірмей қалды? Баукең Мәскеудегі академияда стратегия мен тактикадан сабақ берді. Сол кезде оның жазған-сызғанын оқыттырады екен де, бірден алып алады екен. Ал олар қазір әскери архивте жатыр. Сондағы 800 беттей деректерін ала алмадық. Алдында біз екі жарым миллион теңге ақша жіберетін болып келіскен едік. Артынан айнып қалды. Не құпиясы бар екенін білмедім.
Бауыржан Момышұлы (оң жақта) мен жазушы Мұхтар Әуезов, сурет соғыс жылдары түсірілген. Жеке мұрағаттан алынды.


Бұдан бөлек Кубаға барғандағы интервьюлері, лекциялары, әңгіме-дүкен құруы, әскери бөлімдерде болып, сөз сөйлеуі т.б соларды алып келу керек. Олар испан тілді газеттерде басылған.

Онан кейін сырттай естуіміз бойынша Берлинде де аздап бар екен. Әсіресе, жеке кісілерде көп. Баукең өнер адамдарымен қатты араласқан. Соларды жинай алмадық. Олардың барлығын біз келесі жинақтарға қалдырып отырмыз. Мысалы, Баукең туралы дүниежүзінде жарияланған еңбектер бар. Осылардың барлығын жинастырып, біз келесі 5 жылда Баукең шығармаларының 100 томдығын шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл бұрын-соңды болмаған өте үлкен іс. Сол шыққан кезде ғана біз Бауыржан Момышұлын барлық қырынан танимыз.

ТӨТЕ ЖАЗУ МЕН КҮНДЕЛІК СЫРЛАРЫ

- Бауыржан Момышұлының күнделік жазғанын білеміз...

-Олар да кітапқа кірейін деп отыр. Біздің үлкен ақын-жазушылар күнделік, естелік жазбаған. Себебі, ол кезде КГБ-дан қорыққан, Олардың қолына түссе өзімізге айғақ болады деп ешқайсысы жазбаған. Ал Баукең жақсы-жаманды бүкпесіз жазған. Баукеңнің күнделіктері өте құнды. Әр күні не істеп, не қойғанын жазады. Кейбір ірі оқиғаларда т.б жағдайларға көңіл-күйі түсіп отырады. Баукеңнін әркімдер туралы жазған естеліктері бар. Бекмаханов туралы, Мұхтар туралы т.б жазғандары бар.

Ең әуелі біз байқайықшы деп «Көз алдымда бәрің» деген Баукеңнің күнделіктері мен естеліктерінен үзінді беріп, кітап қып шығардық. Сұмдық қабылдады. Жер-жерден кітапты іздеп, тыныштық бермеді. Әйтеуір кітапты қайтадан шығарып, құтылғанымыз бар. Бірақ оны кейбіреулер қиналып қабылдады. Неге десең, Баукең кейбір тұлғалар туралы батыл пікірлер айтқан. Сол кісілердің ұрпақтары болады ғой. Солар наразылық жасағандай болды. Бірақ қалай болғанда шындық қатар қойылуы тиіс. Жұрт өзі таңдап алады. Келер ұрпақ бәрін білуі керек. Жасырып қалмауымыз керек біз олардан. Қандай сыр болса да, ортаға түсуі керек қой.

- Бауыржантану ғылымының қиындығы неде?

-Баукеңнін архивінің қиындығы төте және латын жазуымен жазылған. Және өмірінің соңына шейін төтеше жазды. Осының себебін бір күні сұрағам. Сонда айтқаны бар «бұл біріншіден, жылдам жазылады, екіншіден, қағаз өте үнемделеді. Үшіншіден, кейбір сүңсік адамдар оқимын десе, оқи алмайды» деп күлгені бар.

Міне, сондықтан оларды оқу, қағазға түсірудің өзі ақырет болып отыр. Бізді қатты бір қинаған жерлері осы болды.

Бауыржантануда ерекшелік бар. Басқа адамдар айта алмаған батыл ой-пікірлердің барлығы осы Баукеңнін мұраларында жатыр. Сондықтан бұған жастар да, ғалымдар да, қалың оқырмандар да қатты қызығады. Бұлар бізге Баукең жасаған дәуірдегі шындықтың объективті түрін айқын көз алдымызға әкелуге мүмкіндік береді.

- Соңғы кезде «Шегінерге жер жоқ. Артымызда Москва!» деген қанатты сөзді Клочоков емес, Бауыржан Момышұлы айтқан деп жүр. Осыған қатысты не айтар едіңіз?

-Баукеңнің өзінің естелігі бар ғой. Мәскеудің түбіне жау келді. Екі империяның найзасы бір жерге тірелді. Соның ортасында от жалындап 8-ші гвардия дивизиясы тұрды. Міне, осы кезде Баукең картаны қарап отырады да, адьюдантына «өзіміз тұрған жерге дейін ал да, басқасын өрте» дейді. «Неге?» деп анау шошынады. «Енді біздің барар жеріміз жоқ. Не осы жерде өлеміз. Не жауды әрі қарай ысырамыз. Артымызда – Мәскеу» дейді. Соған қарағанда Баукең айтуы мүмкін.

БАУКЕҢ ҚАНАТТЫ СӨЗДЕРІМЕН ДЕ КҮРЕСКЕ ЖҰМЫЛДЫРДЫ

- Сіз Бауыржан Момышұлы көшпелі өркениет батырларына тән дәстүрді қайта жаңғыртты деп айтып жүрсіз. Оның ерекшелігі неде?

-Мынау отырықшы өркениет дейміз, олар міндетті түрде тұрақты армия ұстаған. Қорғандары болған. Ал біздің көшпелі өркениетте ондай болмаған. Ұран тастаған кезде бір күнде бір дивизияңды жинап бере береді.

Сонымен бірге тағы бір ерекшелік. Көшпелі өркениет қолбасшыларына тән мынадай қасиет болды. Олар соғыста қару-жарақпен қатар сөз өнерін де құрал ретінде қолдана білген. Яғни, ақындық өнер мен соғыс өнерін қатар жұмсады. Бұл дәстүрді Баукең ұстанды. Мысалы, ол жазған шығармалары, өлеңдері, мақал-мәтелдері, қанатты сөздерін солдаттарына айтып, ол сонысымен де күрес жүргізді.

Сонымен бірге Баукеңнің дивизиясында түркі халықтарының барлық өкілдері болды. Олардың да әскери әдебиетінің негіздері сол кезде қалана бастады. Біздің әскери әдебиетіміз осы соғыста мейлінше дамыды. Мына Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында қазақтың әскери әдебиеті тұрады, ал оның басында Бауыржан Момышұлы тұрады. Қазір баспасөзде Бауыржан Момышұлы түркі халықтар әдебиетінің негізін салушы деген теориялық негіз айтыла бастады. Мұның жаны бар.

Баукеңнің өзінің Сағындықов деген досына жазған хатында: «Мен бар күшімді әскери әдебиеттің негізін қалыптастыруға салып жүрмін» дегені бар. Бұл келешекте үлкен зерттеу нысанасына айналуы тиіс.
Әйгілі қолбасшы және жазушы Бауыржан Момышұлы. Соғыс жылдарғы сурет.


СОВЕТ БАҒАЛАМАСА ДА, ХАЛЫҚ БАҒАЛАЙ БІЛДІ

- Бауыржан Момышұлының ерлігін бағалауға келгенде совет билігінің үнемі әділетсіздік танытқаны қазір көпке белгілі жайт. Ал оның жаңа бір себептері ашылып жатыр деп естідім...

-Біздің бір полковник ана жылдары жазды. Орталық партия комитетінде армияда түркі халықтарының өкілдерінен генерал шығармау туралы қаулы болған екен. Соғыстан кейін бір-ақ рет болатын академия болды. Соған Совет одағы бойынша 250 адам таңдалды. Соның ішінде жалғыз азиат Бауыржан Момышұлы еді. Оны Баукең өте жақсы бітіріп шықты. Жаңағылардың барлығын генерал етіп жіберді де, Баукеңді генерал еткен жоқ.

Панфиловтың өзі батырлыққа, генералдыққа ұсынған. Одан кейін Серебряков ұсынған. Басқа да ұсынулар болды. Олардың бәрі де жүзеге аспады.

Бауыржан Момышұлы 1937 жылы Сібірде армияда жүрген кезде тексеру болған екен. Сонда бұл «онша сенімді емес» дегендей қағазға түскен екен. Осы да үнемі алдынан шығып отырады. Бұдан бөлек, Қазақстан үкіметі де оған жақсы пікір білдірмейді. Осы себептен ол кісіге батыр атағы берілмеді.

Бірақ батыр атағын халық берді ғой. 11 мыңнан астам Совет одағының батыры бар. Соның қайсыбірі сендердің естеріңде? Бауыржан Совет одағының батыры атағын алмаса да, бәрібір оның атағы дүниежүзіне жайылды. Орыс армиясында Бауыржан Момышұлындай аса даңқты полковник болған жоқ. Сенбесе келіп айтсын, мынаны қайтесің деп.

- Неге совет билігінің түркі халықтарына көзқарасы «ерекше» болды? Бәлкім, оның тарихи себептері де бар шығар...

-Бұрындары Ресей бізді жаулап алған кезде оның жолында кесе көлденең тұрған халық қазақ болды. Қазақты алмайынша, Ресейдің былай қарай өтуі мүмкін емес еді. Сондықтан Ресей патшалығы бұл халықты қалай болса да, бағындыру керек деді. Петр І -дің: «Не болса да, аяма, әйтеуір, бір жапырақ қағаз алшы осылардан» деп жүруінің себебі де осы. Оны Әбілқайыр хан берді. Соны желеу етті де, бізді 150 жылдың ішінде қаратып алды.

Олар Орта Азияға келгенде сескенді. Үш хандық тұр. Қазақтар шоқпармен, найзасымен жібермей жүрді. Сонда Анишков деген ғалым: «Қазақстанда 150 жыл аялдап қалуымыздың себебі, бұл халықтың ұлттық санасы өте күшті. Жері үшін, елі үшін әр жерден батырлар шығып, бізді жүргізбей қойды» дейді. Осыдан кейін олар «бұл халықты ұстап тұру үшін, бұлардың ұлттық санасын таптап, өшіру керек» деген қорытынды жасайды. Бұрынғы Ресей патшалығының, Совет үкіметінің саясаты біздің ұлттық санамызды өшіру болғанын бүгінгі таңда бәрі біледі.

БАУЫРЖАН БАТЫР САБАҒЫ

- Бауыржан Момышұлы жайлы жадыңызда сақталып қалған бірер естелікті айтып беріңізші.

-Онда аспирантурада оқып жүрмін. Ол кезде қазіргідей қаптаған газет-журнал жоқ. Бірен-саран ғана. Ана «Жұлдыз» журналына жазылу, шығу деген өте қиын. Соған енді жарияланғым келді ғой. Соны жеңгеме айтамын, көкеме айтайықшы деп. Бір күні жеңгем үшеуміз көңілденіп отырған кезде айтты. Баукең үндеген жоқ, күлді де қойды. Бізді бастырады екен деп ойлап, күтіп жүрдік. Бірнеше аптадан кейін тағы осындай жағдай болды. Баукең әңгіме бастады. «Осы сен Қашағановты білесің бе? Мына Семейде облисполкомның төрағасы, ол жаңадан қойшы қыздардан, жастардан бригада ұйымдастырып жатыр. Сен сонда барсаң қайтеді?» деді. «Неге?» дедім. «Қолыңнан келмесе, қой баққан жақсы» деді. Жаман намыстандым. Кейін өзімді қайрап жүріп, жаза бастадым.

Баукеңнің маған берген мықты сабағы осы еді...

- Әңгімеңізге рақмет!
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG