Accessibility links

Леңгірде жерленген жапон азаматтарының сүйектерін Отанына қайтару өтемақыға тіреліп тұр


Сталиндік саясат пәрменімен 1944 жылы Грузиядан Қазақстанға жер аударылған түрік ұлтының өкілі Мамед Алиев. Леңгір қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысы, маусым, 2010 жыл.

Сталиндік саясат пәрменімен 1944 жылы Грузиядан Қазақстанға жер аударылған түрік ұлтының өкілі Мамед Алиев. Леңгір қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысы, маусым, 2010 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Леңгір қаласындағы Мамед Алиевтің отбасы жарты ғасырдан бері жапон әскери тұтқындары зиратының үстінде салынған үйде тұрып жатыр. Марқұмдардың сүйектерін Отанына қайтару өтемақыға тіреліп тұр.


ЕКЕУАРА КЕЗДЕСУ


Екінші дүниежүзілік соғыстан соң совет елінде тұтқында ұсталып, осында көз жұмған жапон азаматтарының сүйегі жатқан жердің үстінде тұрған үй егесі Мамед Алиев өз отбасына Жапон үкіметінің өтемақы төлеуіне қол жеткізбек ниетте.

Жақында Қазақстандағы Жапония елшілігінің өкілі Катамато Масахиро Леңгірдегі Алиевтер отбасына арнайы келіп қайтты. Отағасымен екеуара жеке сөйлесіп шыққан шетелдік дипломат Азаттық радиосының тілшісіне өзінің сапары туралы қысқа ғана айтты.

– Мен мұнда өз отандастарымның әруағын құрметтеп, зиратты сақтап келгені үшін Алиев мырзаға алғысымды айту үшін келдім.
Мамед Алиев (сол жақта) Жапон елшілігінің өкілі Катамото Масахиромен сөйлесіп отыр. Леңгір қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысы, маусым, 2010 жыл.
Мен Алиев мырзамен кездесіп, Жапония министрлігімен арадағы ынтымақтастық келіссөздер жайлы сөйлестім. Мақсатым осы. Алиев мырзамен келісімге келеміз деген үміттеміз. Бұл жайттың бүге-шігесін айта алмаймын, – деді Жапония елшілігінің өкілі Катамато Масахиро.

Азаттық тілшісіне берген сұхбатында Мамед Алиев өзіне жапон дипломаты қалдырған хатты көрсетті. Қазақстандағы Жапония елшілігінің кеңесшісі Хироюки Имасахи мырзаның қолы қойылған құжатта Жапон елі Леңгірде жерленген сарбаздардың сүйегін алып кетуге әзір екені, бірақ жер иесіне өтемақы төленбейтіндігі жайлы жазылыпты.

Егер Алиевтер отбасы өз келісімін берсе, жапондар үй аумағын адам сүйектерінен арылтуға әзір. Жапон ғалымдары сараптама жұмыстары жүргізіп, бұл жерде жерленгендер шынымен жапон әскерилері екендігі дәлелденсе, олардың сүйектерін Отандарына қайтарып алмақ.

Алайда Мамед Алиев жапондардың бұндай шартына үзілді-кесілді қарсы. Қария жапондар осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын өзіне берген уәдесінде тұрмаса, оқыс қадамға барамын деп ескертеді.

ҚОРАПТАҒЫ СҮЙЕКТЕР

Алиевтер отбасы 1944 жылы репрессияға ұшырап Грузиядан Қазақстанға жер аударылған кезде Мамед 13 жаста болған екен. Олар
Жапон тұтқындарының сүйегі салынған қорап 1960 жылдары Леңгірдегі Алиевтер үйіндегі жерқойманы қазған кезде шыққан.
мұнда Леңгір қаласына қоныстанады. Ал Мамед ер жетіп, шаңырақ көтерген соң 1959 жылы жергілікті биліктің көмегімен қазіргі Төле би ауданынан жер алып, үй тұрғызады.

Сол үйінің астынан жерқойма қазбақ болған кезде ойламаған жерден белгісіз ағаш қорапқа тап болады.

– Өзім түсінбей қалдым. Күрегім қатты бір затқа тиді. Ағаш жәшікті ашып қарасам іші тола адамның сүйегі. Төбе шашым тік тұрды. Қорыққанымнан қайтадан көміп, сыртын бетондап тастадым. Үйдегілерге айтуға батылым бармады. Жер аударылып келген түрікті кім тыңдайды деп, ешкімге айтпадым. Содан 28 жыл тіс жармадым, – дейді Мамед Алиев.

ЛЕҢГІРДЕГІ ЖАПОН ТҰТҚЫНДАРЫ

Үй астынан табылған белгісіз сүйектердің сыры Алиевтерге тек 1987 жылы бір-ақ ашылады. Сол жылы ойламаған жерден алыстағы Жапония елінен келген бір топ қонақ осы үй мен бақшаның орнында кезінде совет тұтқынында болған жапон әскерилерінің зираты болғанын жеткізеді.

Қонақтардың айтуынша, соғыс тұтқындары 1946 жылы осы аумақта зауыт соғып, көмір өндіріпті. Леңгір лагерінде нақты қанша жапон тұтқыны болғаны белгісіз. Тарихи жазбаларға жүгінген шетелдіктер қара жұмысқа салынып, аштық пен азаптан көз жұмған 24 жапон азаматы осы жерде жерленген дейді.

Бұл жаңалықты естігенде Алиевтер отбасы төбелерінен жай түскендей сезімде болыпты.

– Жапон делегациясының құрамында кезінде осы жерде тұтқында отырғандар мен үйімнің астында жерленген сарбаздың ұлы болды. Олар бұл жерде сүйектер жатқандықтан, ешқандай құрылыс салмауымды қолқалап сұрады. Жерімді толық сатып алып, адам сүйектерінің қалдықтарын алып кететіндерін, ал бұл жерге мұражай салмақ ойлары барын айтты. Содан кейін де талай рет келіп, қазба жұмыстарын жүргізіп, сүйектен сараптама жасаймыз деген, – дейді Мамед ақсақал.

ОРЫНДАЛМАҒАН УӘДЕ

Содан бері бақандай 23 жыл өтсе де Алиевтер отбасы әлі күнге сол орында отыр. Отағасы жапондарға берген уәдесінде тұрып, салып жатқан үйінің құрылысын тоқтатып, өзге ештеңе тұрғызбағанын, талай жылдар бойы мол жеміс беріп келген бақшадағы ағаштарды да түгелдей отап тастағанын айтады. Оған дейін қолда біраз түлік ұстаған қария мал қорасын да қопарып тастапты.

Бірақ осы өткен уақыт ішінде отбасының берекесі қашады, шаңырағында жеті баладан қалған үш ұл мен келін-немерелері бұл үйде тұруды қаламай жеке отау шығып кетеді. Өзгені қойып тіпті көрші-қолаңға дейін бұл шаңыраққа сирек бас сұғатынын қария қынжыла отырып әңгімеледі. Ол өз отбасындағы жайсыздықтың бәрін осында жатқан сүйектермен байланыстырады.

– Мен 23 жылдан бері құрғақ уәде мен үнсіздіктен тойдым. Кезінде осы жерде қанша адам жерленгені жайлы мұрағаттан алынған құжаттарын қалдырды. Нәтиже жоқ. Қазба жұмыстарын жүргізгенде үйдің шеті қирап қалды. Бұл өмірде шындық бар ма? Егер маған осыған дейін «үйің үшін өтемақы береміз» демесе бір жөн. Солардың сөзіне сеніп келдім ғой. Мен біреудің қателігі үшін өмір бойы азап шегіп келем. Сталиндік репрессиядан басталған азап, 50 жыл адам сүйегінің үстіндегі өмірмен жалғасты. Өтемақы бермесе, ешқандай сүйекті көрмейді. Үй де, жер де өзімдікі. Мен өз қалағанымды жасаймын. Егер маған өтемақы төлеуге келіспесе, адам жанын түршіктіретіндей іске барамын, – деген Мамед Алиев қандай іске бармақ екендігін ашып айтпады.

Жергілікті билік азамат Мамед Алиев пен оның жапондарға талабы туралы даулы мәселені екі тараптың арасындағы жеке шаруа деп
Леңгір қаласы әкімі аппаратының инспекторы Вера Покрова. Төле би ауданы, ОҚО, маусым, 2010 жыл.
қарайды.

– Жапондардың делегациясы талай рет келді. Біз оларға барынша көмек беріп келеміз. Қазба жұмыстарын жүргізгенде де жанында болдым. Бірақ Алиев жергілікті әкімшілікке көмек сұрап келген емес. Жер оның жеке иелігінде, ал жекеменшік иесіне бұйыруға биліктің құқы жоқ, – деді Төле би ауданы Леңгір қаласы әкімі аппаратының инспекторы Вера Покрова Азаттық тілшісіне.

Ал Мамед Алиев болса енді сотқа арыз дайындауға қамданып жатыр. Алайда қария кіммен соттасарын әзірге өзі де білмейді.

– Маған артық ақшаның қажеті жоқ. Алла деп жүрген адамның бірімін. Тек осы уақытқа көрген азап өмірім үшін жаным ауырады. Жасым 80-нен асты. Мен көрген азапты ешкімнің басына салмасын деймін. Мен өз дегеніме жетпей қоймаймын. Тіпті өзімнің ғұмырым жетпесе, артымдағы ұрпағыма аманат етіп кетемін, – дейді ақсақал.

Қазір Мамед Алиев жарты ғасырдан бері адам сүйегінің үстінде өмір сүрген уақытында отбасы шеккен зардап көлемін анықтау үшін сарапшыларға төленетін қаражат іздестіруге кірісті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG