Accessibility links

Ғабдуллин ғибраты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

«Мәлік батыр». Мамырдың 19-күні «Егемен Қазақстан» газетінде ғалым Тұрсын Сыдықовтың осы аттас мақаласы жарияланды. Жеңістің 65 жылдығына арналған. Шынында да ұстаз ұлағаты көпке үлгі еді.


МӘЛІК МҰҒАЛІМ

Ойымызға 1972 жылдың күзі оралды.

Ауыз әдебиетінен сабақ беретін мұғаліміміз, бір айлық дәрісінен кейін, бір күні бізге:

– Менің шұғыл ғылыми жұмыстарым болып тұр. Келесі аптадан бастап сендерге басқа мұғалім сабақ береді. Кім келетінін деканат айтар,- деді.

Алайда келесі апта ішінде деканат тарапынан еш хабар болмады.

ҚазМУ-дың тіл-әдебиет факультетінің бірінші курс студенттері, сабақ кестесі бойынша, фольклор пәнінің басталуын күтіп отырғанбыз. Бір кезде аудиторияға сұрғылт әрі сәл көнетоздау плащь-пальто киген бір бейтаныс мұғалім кіріп келе жатты.

Дүр етіп орнымыздан тұрдық. Сәл жымиған күйі мұғалім рахмет айтып, орнымызға қайта жайғасып жатқан бізге мейірлене қарап тұрды. Жанарларында айтып жеткізгісіз шуақ пен имандылық тұнып тұрған еді.

Дәл сол сәт алыс ауылдағы өз әкем соңымнан іздеп келіп, сағынышпен қарап тұрғандай көрінді маған. Кейін білсем, осы сәт басқа да біраз курстастарыма дәл солай әсер еткен екен. Себебі туған шаңырақ, өскен ауылымыздан бұрындары ұзап көрмеген біздей «мұңлыққа» сол кездері жетпей жатқаны әке-шеше мейірімі еді.

– Мен сіздерге осы семестрдің соңына дейін ауыз әдебиетінен дәріс оқитын боламын.
Дәл сол сәт алыс ауылдағы өз әкем соңымнан іздеп келіп, сағынышпен қарап тұрғандай көрінді маған. Кейін білсем, осы сәт басқа да біраз курстастарыма дәл солай әсер еткен екен.


Ол кісі бұл сөздерге терең мағына бере, басыңқы айтты. «Сіздерге» деді. Содан кейін даусын едәуір пәсейтіп, маңызсыз бір нәрсені хабарлайтындай-ақ:

– Аты-жөнім- Мәлік Ғабдуллин,- деді.

Аудитория ішінде сілтідей тыныштық орнады. Аңызға бергісіз батырлықтары жайлы бала жастан оқып ержеткендіктен болар, өз көзімізге өзіміз сенер емеспіз.

«Майдан очерктері», «Сұрапыл жылдар», «Менің майдандас достарым» атты кітаптарын оқи отырып, ол кісі басқарған ротаның қан майдандағы шешуші нүкте Дубосеково сияқты басқа да маңызды бекеттерді қорғауда қандай жанқиярлық ерліктерге барғандарын мектеп қабырғасынан оқып өскенбіз.

Қысқасын айтқанда алдымызда тұрған ұстазымыздың «Кеңестер одағының батыры» атағын не үшін алғанын біз жақсы білуші едік. Әлде біздің ұрпақ кітапқұмар боп өсті ме, әйтеуір Мәлік батыр жайлы мағлұматымыз мол болатын.

БАТЫР ҒАЛЫМ

Кейінірек кітапханадан іздестіріп жүріп, ол кісіге Батыр атағының 1943-жылдың 30-қаңтарында берілгенін білдік.

«Батырым-Мәлік беренім,
Жүйрігім, озған өренім.
Халқы сүйген қалаулым,
Жырымды саған төгемін»,- деп жырлаған екен Жамбыл баба сол бір сұрапыл соғыс жылдарында.

Әрі мектеп қабырғасында бұл кісінің ауторлығындағы «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты оқулығын сабақ кестесі бойынша оқығанымыз тағы бар.

Аңтарылысты тыныштықты Мәлік ағаның өзі бұзды. Осыдан басқа өзі жайлы бір ауыз сөз айтпастан, бірден дәріс оқуға кірісті.

Ол кісінің әрбір сөзін зейін қоя тыңдап, санамызға сіңіріп қалуға тырысатынбыз. Себебі, ең күрделі деген ойы мен ғылыми тұжырымының өзін керемет қарапайым тілмен жеткізуші еді.

– Елуінші жылдары жоғарыдағылар Қобыланды батырды «плохой мальчик» деді. Олай емес екенін дәлелдеуге, айтысуға, тартысуға тура келді. Дәлелдедік те.

Ол кісінің әрбір сөзін зейін қоя тыңдап, санамызға сіңіріп қалуға тырысатынбыз. Себебі, ең күрделі деген ойы мен ғылыми тұжырымының өзін керемет қарапайым тілмен жеткізуші еді.
Міне, сырттай қарағанда қарапайым боп көрінетін ұстаз Ғабдуллиннің ойлары әдемі бір үйлесіммен өріліп, біріне бірі осылайша сатылай жалғаса беретін. Өз еңбегі жайлы өте қарапайым айтатын. Тіпті біреудің еңбегі сияқты баяндаушы еді. Осы қарапайымдылығы ол кісіні біздің көз алдымызда тіптен биіктетіп жіберетін.

Сабақтан соң Орталық кітапханаға барып, ғылыми еңбектерін іздестіріп оқығанда ғана ол кісінің Қобыланды батырды «плохой мальчик» деген жаладан арашалап алу үшін отқа да, суға да түсіп, қызыл империяның аса астамшыл идеологиясы қаһарынан халықтық жәдігерлерімізді қалай қорғағанын аңғаратынбыз. Мәлік ағаның қазақ ауыз әдебиетін зерттеу саласына қосқан басқа да қомақты үлестеріне куә болатынбыз.

Атап айтқанда, аспирант Ғабдуллин екінші дүние жүзілік соғысқа дейінгі ғылыми ізденістері барысында «Қобыланды батыр» жырын ғылыми зерттеу проблемалары» деген тақырыпта едәуір ізденістер жүргізген екен.

Алайда соғыс киіп кетіп, ниет еткен бұл халықтық ісін едәуір жылдарға шегере тұруына тура келген еді.

Соғыс аяқталғаннан екі жыл кейін, яғни 1947 жылы аталған тақырыбын одан әрі түбегейлі зерттей түсіп, ғылыми диссертациясын қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын иеленген болатын.

Арада тағы біраз жылдар өткенде қазақ ауыз әдебиетін зерттеушілер үшін оның ғылыми-методологиялық шарттарын қалыптастыруға айрықша үлесін қосқан екен.

Сонымен бірге «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» деген қомақты дүние жазып, онда ауыз әдебиеті үлгілерін бала тәрбиесінде қалай тиімді пайдалануға болады деген өзекті мәселені қозғаған болатын.

Ол кісі жайлы ғылыми анықтамалықта былай делінген: «1959 жылы оған филология ғылымдарының докторы атағы берілді. 1967 жылы КСРО Педагогика ғылымдары Академиясының толық мүшесі, академигі болып сайланды. 1963 жылдан 1973 жылға дейін М.Ғабдуллин ҚазССР Ғылым Академиясы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында фольклор бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. М.Ғабдуллиннің әдеби қызметі 1938 жылдан басталды. Оның қазақ фольклоры мен әдебиеті туралы жазған 100-ден астам мақалалары республикамыздың газет, журналдарында жарияланды. Ол ҚазССР Ғылым Академиясының қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген көптомдық “Қазақ әдебиетінің тарихы” кітабының негізгі авторларының бірі. Қазақ мектептерінің 8-сыныбына арналған «Қазақ әдебиеті», Педагогика институты студенттеріне арналған «Қазақ фольклоры», «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес», «Фольклор және әдебиет», еңбектерінің авторы. Т.Сыдықовпен бірігіп «Қазақ халқының батырлық жыры» монографиясын, көрнекті қазақ жазушыларының шығармашылығы туралы бірнеше сын мақалаларын, мектеп жұмыстары жөнінде ағарту зерттеулерін жазды. М.Ғабдуллин қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Ол үш мәрте (1946-1958жж.) КСРО Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланды. М.Ғабдуллиннің еңбегін жоғары бағалап, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттады. Оған 1961-жылы ҚазКСР-не еңбегі сіңген қоғам қайраткері атағы берілді».

ҰЛАҒАТ ЖӘНЕ ҰЯТ

Айтпақшы, «Мәлік батыр» атты мақалада айтылғанындай, «дәрісіне кешігіп келу» демекші..., біздің үш-төрт курстасымыздың сабаққа 5-10 минут кешігіп, аудиторияға мұғалімнен кейін келмесе, «іштері ауыратындай» әдеттері бар еді.

Мәлік аға сондай майда «прогульшиктерді» мәдениетті түрде орындарына қоя білді. Аудиториямен амандасып болғаннан кейін, кешігушілердің бар-жоқтығын анықтап алады да, оларды 5-10 минуттай күтіп, дәрісін бастамастан отыра тұратын.

– Біздің айтқандарымызды ол кісілер естімей қалса, ыңғайсыз әрі обал болар,- дейтін.

Іле-шала әлгілер опыр-топыр болып, дей тұрғанмен сәл-пәл ыңғайсызданып, аудиторияға кіріп келе жатады. Ұстазымыз сонда қабағын да шытпастан:
– Отырыңдар, айналайындар, отырыңдар. Енді сабағымызды бастай берсек болатын шығар,- дейтін жылы жымиыспен.

Үнінен де, тұтас болмысынан да не кіжіну, не бір кекетіп-мұқату байқалмайтын.
Осындай екі-үш мәрте күтуден кейін-ақ «Ғабдуллиннің сабағына кешігу» деген ұғым түбірімен жойылған болатын.

Сонда ғана білдік: шәкіртті ұрмай-соқпай, ұрыспай-сөкпей тәрбиелеп, оның тұтас өміріне жалғасатын көркем мінез, келісті дағды қалыптастыруға болады екен.

Жаратушымыз бізге Мәлік ағадай ұстаздан тәлім алу бақытын сыйлаған екен-ау! Бұл бақыт мәңгілікке жалғасатындай көрінуші еді.

Сол семестр Мәлік ағаның ұстаздық соңғы қызмет кезеңі болған екен ғой. Көкірегінен терең бір сырыл естіліп тұрушы еді...

Ол кісімен қоштасу Ғылым академиясы ғимаратында, қаңтар айының басында болған-ды.

Жалған дүние-ай!
XS
SM
MD
LG