Accessibility links

Мұхтар Әуезовтің елу томдық мұрасының 44 томы жарық көрді


Мұхтар Әуезовтің көптомдық жинағы. Алматы, қазан, 2010 жыл.

Мұхтар Әуезовтің көптомдық жинағы. Алматы, қазан, 2010 жыл.

Қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің елу томдық академиялық басылымы келер жылы толық басылып бітпек. Әзірге баспадан оның 44 томы шықты. Зерттеушілер Мұхтар Әуезовтің еңбектері елу томнан да асатынын айтады.


Жақын арада Алматыдағы «Жібек жолы» баспасынан Мұхтар Әуезовтің елу томдығының 45-ші томы баспаға жіберілмекші. Жыл соңына дейін жинақтың тағы бір томы осы баспадан шығады. Ал әйгілі жазушының шығармашылық және ғылыми еңбектерінің елу томдық жинағы алдағы жылы толық дайын болады деп жоспарланып отыр.

РУХАНИ МҰРА

Қазақстан үкіметінің шешімімен дайындалып жатқан Мұхтар Әуезов мұраларының елу томдығының қырық бесінші томы ғылыми талқыдан өтті. Ал, осыған дейін дайындалған томдары «Жібек жолы» баспасынан жарық көріп жатыр. Мұхтар Әуезов атындағы қордың
Мұрат Мұхтарұлы Әуезов. Алматы, 30 қыркүйек 2010 жыл.
құрылтайшысы, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов елу томдықтың жарық көруі қазақ әдебиеті мен ғылымы үшін ерекше жаңалық деп отыр.

– Бұл қазақтың тарихында, тіпті Орта Азия тарихында болмаған жағдай. Дәл қазір анық бір жағдай – Мұхтар Әуезовтің жазған еңбектері елу томға сыймайтын түрі бар. Бірақ, мемлекеттің шешімі елу том. Енді қалған томдары қалыңдау және қырық жеті бір, қырық жеті екі деп шығатын шығар. Және Мұхтар Әуезовтің бұрын белгісіз болып келген көркем шығармаларын, мақалаларын, киносценарийлерін Мұхтар Әуезов қоры тауып отыр, – дейді Мұрат Әуезов.

Сонымен бірге ол академиялық елу томға Мұхтар Әуезовтің совет өкіметі кезінде цензураға түскен шығармалары мен еңбектері де еніп отырғанын айтты.

Мұхтар Әуезовтің көзі тірі кезінде алты томдық шығармалар жинағы шыққан. Жазушы дүниеден өткеннен кейін 1967-1969 жылдар аралығында оның он екі томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Одан кейін 1979-1985 жылдар аралығында жиырма томдық шығармалар жинағы басылды.

Мұхтар Әуезов мұражай үйінің қызметкері және ғылыми жетекші Талапбек Әкімнің айтуынша, елу томның алғашқы томдарына Мұхтар Әуезовтің 1910-1920 жылдар аралығында жазған мақалалары мен ғылыми еңбектері енген.

– Әуезов жиырмасыншы жылдың ортасынан бастап прозалық шығармалар жазуға ден қойды. Сол кезден басталатын Әуезовтің
Мұхтар Омарханұлы Әуезов - жазушы, драматург, ғалым.
прозалық, драмалық шығармаларын қамтыдық. Ол кезде Әуезовтің шығармалары қатты сынға ұшыраған болатын. Және отызыншы жылдардың басында бірнеше әңгімелері басылды да сонымен тоқтап қалды. Елу томдыққа солардың жағдайын айтып, сосын әртүрлі нұсқаларын қосып бердік, – дейді Талапбек Әкім.

ӘУЕЗОВТІҢ ӘЛІ ТАБЫЛМАҒАН ШЫҒАРМАЛАРЫ

Мұхтар Әуезовтің 1926 жылы қырда жатып жазған бір романы, «Сұғанақ сұр» атты шығармасы, әдебиет тарихының екінші кітабы, Жетісу қазақтарының фольклоры деген монографиясы әлі күнге табылмаған. Аталған шығармаларын жазушыны отызыншы жылдары қамауға алған кезде совет өкіметінің арнайы қызметі – НКВД-ГПУ қызметкерлері алып кеткен. Содан бері ізім-ғайым жоқ дейді Әуезов мұрасын зерттеушілер.

– Біраз шығармаларды орыс тілінен қазақ тіліне аударған. Олардың жартысы бар да, жартысы жоқ. Әлгі алып кеткен дүниенің ішінде кете барған. Сондықтанда, елу томдыққа енгізуге мүмкіндік болмады, – дейді Талапбек Әкім.

Ол елу томның жиырма екінші томынан жиырма жетінші томына дейін «Абай жолы» роман эпопеясы басылғанын айтты.

– «Абай жолынан» бұрын соның бір нұсқасы ретінде жазылған «Ақын аға» деген роман жеке кітап болып шыққан болатын. Соңғы жазылған «Абай жолы» мен «Ақын аға» романының арасында айырмашылықтар болғандықтан ол романды да елу томдыққа енгіздік және Абай туралы ел аузынан жинаған деректерін де, ол туралы жазған ғылыми еңбектерін де бердік, – деді әңгіме барысында Талапбек Әкім.

Мұхтар Әуезовтің шығармалары мен ғылыми еңбектерінің, мақалалары мен жазған хаттарының және басқа дүниелерінің академиялық толық елу томдық жинағының қазірге дейін қырық төрт томы жарық көрді. Қырық бесінші томы жақын арада баспаға жіберілмек.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG