Accessibility links

Өткен ғасырдың 20-30 жылдары cовет билігіжүргізген ұрдажық саясаттың кесірінен қазақ халқы қынадай қырылған ашаршылық пен одан кейінгі жаппай қуғын-сүргін ұлттың санасына орасан зор нұқсан тигізді.

Қазақ тарихшыларының бірқатары Алашорда үкіметі тарих сахнасынан кеткен соң совет өкіметі ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ұрандата жүргізген ұжымдастыру, кәмпескелеу сияқты солақай, соқыр, ұрдажық саясаттың кесірінен қазақ халқын қынадай қырған 1921-1922 жылдар мен 1931-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық, одан кейінгі репрессия қазақ халқының ұлттық санасын (психолгиясын) апатқа ұшыратып, шайып кетті деген ой айтады.

Бұл сөзді қазақ қаламгері Бейімбет Майлиннің шығармалары дәлелдей түседі. Өйтетін себебі, Бейімбет Майлиннің шығармаларының 20-30 жылдары жазылды. Кейінен өзі «халық жауы» ретінде нақақ атылып кетті.

Осы Биағаңның (күні бүгінге дейін қазақ қаламгерлері Бейімбет Майлинге деген құрметпен жазушыны осылай атайды) шығармаларын оқи отырып, Қазақстанның Тәуелсіздік жылдардағы қолына билік бишігін ұстаған, атқа мінген азаматтарының да психологиясының түп-тамырының қайда жатқанын бағамдауға болады.

Тарихи деректерге қарағанда, қазақ байлары қазақтың экономикалық әлеуеті болған. Олар арнайы мектеп салдырып, мұғалім алдырып халықтың сауатын ашып отырған және халықты асыраған да сол байлар болған.

Алайда, совет өкіметі «кедей теңдігі» деген ұранмен қалыптасқан дәстүрлі дамуды бұзып, билікке сауатсыз, аш-жалаңаш кедейлерді әкелді. Ал, бұлар өз кезегінде қазақтың бұдан кейінгі саяси психологиясының негізін түзді.

Қазірде қазақ баспасөзі Қазақстан билігіндегі рулық, туыстық қатынастардың белең алғанын, үдей түскенін бұл өз кезегінде жемқорлық өрісін кеңейтіп отырғанын жазып жатады. Мұндай пікір қазақ қоғамында да әбден орнығып үлгерген.

Мысалы, жұрт ішінде жоғарыда танысың, қолдаушың болмаса мемлекеттік қызметке бара алмайсың деген түсінік ешнәрсе өзгерте алмастай болып орныққан.

Ал, ХХ ғасырдың басында жазылған Биағаңның шығармалары ХХI ғасырдағы билікке қатысты қазақ санасының ешқандай өзгеріссіз әрі дамусыз қалғанын дәлелдей түседі.

Бейімбет Майлиннің «Жол кеңесі» деп аталатын әңгімесінде (Бейімбет Майлин, шығармалар жинағы, үшінші том, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, Алматы, 1962 жыл) Тоқан деген кейіпкер өзін ауылнай етуге көндірген аталасы Уәли деген марқұм болған адам туралы былай дейді:

«Марқұм былтырғы сайлауда мені шақыртып алып: «бәріміз бір атаның баласымыз, өзіміз бүтін тұрсақ, бізді жау оңайлықпен ала алмайды, мына сайлау болғалы тұр. Өзім десем, ешкім қолымды қақпас еді, бірақ осы күні өкіметке біз онша сүйкімді көрінбейміз ғой. Кедейді жарылқайтын болса, кедейдің бірі сенсің. Басқаның болғанынан әйтеуір, ақылдасып іс істеуге сенің болғаның артық. Ауылнайлықты алып берейін, сен ауылнай бол», - деді. Бұрын сөзін қайырып көрмеген адамымыз болған соң ләм-мим демей бола салып едім. Енді ол марқұм болып қайтып кетті. Арқа сүйерің болмаса, ауылнайлықтан не пайда, шынында біздікі әурешілік қой...» дейді.

Дәл осы жағдай Қазақстанда әлі сақталып отыр. Мысалдың ең үлкені Қазақстан президенті отбасы мүшелері түрлі ұлттық компанияларды басқарып, лауазымды қызметтер атқарды. Атқарып та келеді.

Сонымен бірге, жазушының «Заман» атты әңгімесіндегі мына бір сюжет қазіргі Қазақстандағы қолында билігі бар топтың психологиясын тіптен аша түседі.

«...Шынында щалдың сұрағаны қылмысты іс емес еді, шал - былтырғы болыс болатын Күрлеуіттің жолсыз ісін айтып еді, Күрлеуіт сол ауылдағы Ызыңбай дегендікіне түсіп отырса, Ызыңбай қауқылдап, сөйлеп отырып, бір ретте: «Осы, болыс шырағым, үкімет басында отырғанда бітіргендерің қайда? Товар әлі арзандаған жоқ, нәлөк көп. Ең арғысы темір жолдарың да баяғы Николайдың салған жолы. Себеп болғанда істеген бір істерің жоқ қой...», - дейді.

Күрлеуіт әбден тыңдап болып, сөмкесінен қағазын алып, шалға протокол істей бастайды. Алпысқа келген шалды түрмеге жіберу оңай ма? Ауылы болып жалынып, аздап айып беріп, шалды зорға құтқарып алады... Міне, осыны айтып келіп, Байболға басқа адамның бұра басқанын үкімет көргіш-ақ, іс басындағылардың бұзықтығын тергей ме, әлде баса тоқып жүре бере ме?! Күрлеуіттің былтырғы бізге істегені қиянат қой... – деп сұрау қойып еді».

Шындығында бүгінгі Қазақстан қоғамының айнасы айнымай келеді. Осы жолдарды оқи отырып, болыс Күрлеуітке «ыңғайсыз» сауал қойғаны үшін істі болып кете жаздаған шалдың кебін бүгінгі Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ киіп отыр.

Оған оппозициялық «Тасжарған» газетінің, «Республика» мен «Азат» газеттерінің жабылуы дәлел бола алады. Тіпті, мұндай жағдайлар жекелеген азаматтардың басында да болып жатқаны да жасырын емес.

«Заман» әңгімесінің негізгі кейіпкері Байбол деген адам шығарма соңында ауылнайлыққа таласып, оған қолы жетпеген соң Қапан есімді ауылнай болған жас жігітке жала жауып соттатып, өзі Қапанның әйелін қорқытып, тоқалдыққа алады. Бұл көріністерде ХХI ғасырдағы Қазақстаннан ауылы алыс іс емес.

Қазақстанда баспасөз беттерінде елдің кейбір саясаттанушылар Қазақстан билігінің жалтақтығын әсіресе, Ресейге жалтақтайтынын жиі айтып, жазып жатады. Ал, Бейімбет Майлинның «Көшпелі махабат» деген әңгімесіндегі мына бір үзінді қазақстандық саясаттанушылар айтып жүрген саяси жалтақтықтың бастау алған тұсын меңзейді.

«...Ауылдың ортасынан қақ жарып жүретін жолдың үстінде төрт-бес кішкене бала құм үйіп ойнап жатыр екен. Менен қорықты...біріне бірі жалтаңдап қарап: «Орыс келе жатыр...» деп тұра қашты... Біреуінің ат қып мінген талы қалды. Біреуінің шуда жіптен бау таққан құрығы қалды. Мен күлдім...» Осы бір әңгіменің үзіндісі жалтақтықтың түп тамырының бір саласы іспеттес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG