Accessibility links

Заманбек Нұрқаділов кімнің қолынан қаза болды?


Адвокат Мұстақым Төлеев Алматы қалалық Ұлттық қауіпсіздік департаментінің тергеу басқармасының бұрынғы бастығы Игорь Моргунды сотқа бермек. Марқұм Заманбек Нұрқаділовтің көзі тірі кезінде оның адвокаты болған Мұстақым Төлеев өзінің атынан Игорь Моргун 2005 жылғы қараша айында болған Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ өліміне қатысты жалған ақпарат таратты деп отыр. Сондай-ақ, Төлеев Алматы ішкі істер департаментін де сотқа беріп, 3-5 млн. теңге көлемінде моральдық шығын талап ететіні жайында мәлімдеді.

Адвокат Мұстақым Төлеев өзінің арызын Алматы қаласының Алмалы аудандық сотына түсірмек. Ол 2005 жылы Заманбек Нұрқаділов өз үйінде жұмбақ жағдайда атыс қаруынан қаза тапқаннан кейін сол кезде Алматы қалалық Ұлттық қауіпсіздік департаментінің тергеу басқармасының бастығы болған Игорь Моргун мұның атынан жалған ақпарат таратты деп айыптап отыр.

- Заманбек Қалабайұлы қаза тапқаннан кейін ол екеуіміз Заманбек Қалабайұлының үйінің ауласында кездесіп, пікір бөліскен едік. Мен оған бұл жерде ешқандай да өз-өзіне қол салушылық емес, саясаткер қастандықпен әдейі өлтірілген деп айтқан болатынмын. Бірақ Моргун сол менің айтқан пікірімнің мағынасын теріс айналдырып, «мен қорғаушы Төлеевпен кездестім, ол сол кезде Нұрқаділов өз-өзіне қол салды деген пікір білдірді» деп жалған ақпарат таратты. Қоғамда осындай жалған ақпарат тарағаннан кейін Алматы қалалық ішкі істер департаменті мені Заманбек Нұрқаділовтің өліміне байланысты департаментке еркімнен тыс алдыру жөнінде қаулы шығарған. Полиция маған қоқан-лоқы көрсетіп, еркімнен тыс алып бармақ болды. Ал бұл жағдай менің кәсіби деңгейіме нұқсан келтірді. Сол уақытта мен оларға сотқа беріп, моральдық шығын талап ететінім жайлы ескерткен болатынмын. Қазір талап-арызымды дайындап жатырмын. Моральдық шығынның көлемі 3-5 млн. теңге көлемінде болатын шығар, - дейді Мұстақым Төлеев.

Ал жуырда Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу ісі департаменті оппозиция серкелері - Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының қазаларына байланысты істер қайта қаралуы мүмкін екендігін ресми мәлімдеген болатын.

Жасы алпыстан енді асқан шағында, 2005 жылы, Заманбек Нұрқаділов Алматыдағы өз үйінде екі рет кеудесіне және бір рет басына тиген оқтан қаза болған еді. Ресми тергеу қорытындысы Заманбек Нұрқаділов өзін-өзі өлтірген, оған отбасындағы кикілжіңдер себеп болған деген байлам жасаған болатын. Өмірінің соңғы жылында Қазақстан билігін өткір сынға алуымен көзге түскен саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ өлімі көпшіліктің көкейінде күмәнға толы сауалдар туғызып, түрлі тұжырымдар жасауға негіз болып келеді.

Алматы қаласының тұрғыны Жұмабай Сыдықбеков бұл қазаға қатысты шындықтың түбінде ашылатындығына сенеді.

- Заманбек белгілі бір ұйымдасқан топтардың қастандығының құрбаны болды. Шындық ашылады, оны атқан адам да табылады. Бәрі де жобалап біліп отыр. Бірақ, айтуға қорқады. Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділов тірі болғанда бүгінгі өмір сәл өзгеше, сайлау да басқаша өтер еді, - дейді Жұмабай Сыдықбеков.

Заманбек Нұрқаділов ұзақ жылдар бойы Қазақстанда жоғары лауазымды қызметтерде жұмыс істеді. Алматы қаласы мен облысының әкімі болып тағайындалды, парламент депутаты болып та сайланды. Ал, Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің төрағасы қызметінде жүріп, 2004 жылы наурыз айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты мен елдегі жеке-дара билік жүйесін сынға алып, мәлімдеме жасағаннан кейін көп ұзамай, үкімет қаулысымен жұмыстан босатылды. Онан кейін Нұрқаділов Қазақстандағы сыбайласқан жемқорлықты әшкерелейтін қоғамдық комитет құрып, оның жұмысына жетекшілік етті.
XS
SM
MD
LG