Accessibility links

Әнші Мақпал Жүнісова:"Менің жалғыз арманым Зәкең өлімінің шындығын білу"


Әнші Мақпал Жүнісова "Оспан батырдың өсиеті" клипін түсіру кезінде. 2008 ж.

Әнші Мақпал Жүнісова "Оспан батырдың өсиеті" клипін түсіру кезінде. 2008 ж.

Қазақстан республикасының халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова, қаңтардың 11-інде туылған күнін атап өтеді. Әнші өз репертуарын Заманбекпен бірге және Заманбексіз деп екі кезеңге бөледі. Біздің әңгімеміз қазасының жұмбағы әлі ашылмаған Заманбек Нұрқаділов жайында болды.

Әнші Мақпал Жүнісованың даусы драмалық сопрано. Ол Ахмет Жұбанов атындағы қазақ музыкалық мектеп-интернатын және Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтын бітіргеннен кейін, шығармашылық қызметін “Гүлдер” ансамблінің құрамында халық әндерін орындаушы болып бастаған. Одан кейін, Қазақконцерт бірлестігі жанынан “Назерке” ансамблін ұйымдастырады.

Сахнада жүргеніне ширек ғасырдан асқан әнші, өз өмірінің кезеңдерін «Заманбекпен бірге» және «Заманбек қайтқаннан кейінгі» деп екіге бөледі. Мақпал Жүнісова саясаткер Заманбек Нұрқаділовпен болған алғашқы кездесу ешқашан есінен кетпейтінін айтады. Ол кезде Заманбек Нұрқаділов - Алматы қаласының әкімі, ал өнерсүйер қауымға енді ғана таныла бастаған жас Мақпал пәтер мәселесі бойынша оның қабылдауына барыпты.
З. Нұрқаділов Еуропа сапарынан кейін әуежайда журналистерге сұһбат беріп тұр. Алматы, 2005 жыл.

- Менің өтініш-назымды тыңдап-тыңдап алды да, «бара ғой айналайын, шамамен 20 күннен кейін келерсің» деді. Мен бір жарым айға гастрольге кетіп бара жатқандықтан, «Жоқ, сіз кешіріңіз, сіз 20 күн дегеніңізді қойыңыз, сіз маған пәтер бере аласыз ба, әлде бере алмайсыз ба?» дедім. Өмірімде бастыққа кіргенім сол болатын өзі. Сөйтсем, ондайға үйренбеген Зәкең орнынан ұшып тұрегелді де, маған: «Айналайын, бар! Түсінбесең, саған ана жақта түсіндіреді!» деп есік жақты қолымен көрсетті, - деп еске алады әнші.

Сол кездесуден кейін "екінші рет мұндай қатыгез адамды көрмеспін" деп іштей ой түйіп қайтқан Мақпалдың маңдайына ең аяғында сол адамның жары болу жазылыпты. Уақыт өте ол Зәкеңнің жан-дүниесін түсіне бастағанын, ол кісінің ешкімге ұқсамайтын ерекше қасиеттерінің бар екендігін байқағанын айтады.

- Зәкең екі сөйлемейтін азамат еді. Сосын, әйел адамына ешқашан қол көтеру, балағаттау дегенді білмеген жан. Жай ғана бір ауыз сөзбен өз ренішін жеткізе алатын еді. Мәселен, мен қателік жасасам, менімен 2-3 күн сөйлеспей қоятын. Ол мен үшін таяқтан да ары болатын. Мен мәселен, ішімдегі ренішімді, қарсылығымды айтып тастап отырамын. Ал Зәкең болса, керісінше. Сол кезде мен оған: «маған айтып, ішіңдегі ренішіңді жеткізгеніңіз маған жеңілірек болар еді» дейтінмін. Ол кісі мықты адам еді ғой. Ондай адам қазір жоқ.

Өмірінің соңғы жылдарында Заманбек Нұрқаділов президент Нұрсұлтан Назарбаевтвң қатал сыншысы болды. 2005 жылдың қараша айында өз үйінде беймәлім жағдайда мерт болған З. Нұрқаділовтың қазасы туралы шындықтың беті әлі ашылған жоқ дейді зайыбы. Ресми тергеудің белгілі диссиденттің өз- өзін үш рет атып өлтіргендігі туралы қорытынды жасағаны белгілі. Бірақ марқұмның жесірі онымен келіспейді, жұбайы өзін-өзі өлтірді дегенге сенбейді.

- Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр. Жалпы, енді Зәкеңнің өз- өзін атпағаны барлығына мәлім ғой. Өзін-өзі атты дегенге апасы мен баласы қол қойып берді, сөйтіп істі жауып тастады. Мені жәбірленуші ретінде таныған жоқ, сондықтан менің қолымнан ешнәрсе келмей отыр.
Заманбек пен Мақпал қыздары Мереймен. 2003 жвл.


Мақпал Зәкеңмен тұрған 15 жылда саясат дегеннің қандай қатыгез болатындығына көз жеткізгенін айтады.

- Мен айтып жатырмын, айтып жатырмын, бірақ оған ешкім құлақ асып жатқан жоқ. Дегенмен халық бәріне куә. Жалпы, халық Зәкеңнің біреудің қолынан мерт болғандығын біліп отыр. Ал ол кімнің қолы екендігі, белгісіз. Көп адамдар билік жақты кінәлайды. Алайда, қолмен ұстап алмағаннан кейін, мен оған ешнәрсе де айта алмаймын. Өйткені, менің түсінгенім, саясат деген өте бір қиын нәрсе екен. Саясатта бірін- бірі сатып кету, бірін бірі атып кету, біреудің атын біреу жамылып, немесе біреудің атынан барып атып кету деген болады екен.

Ресми қорытындыға қарамастан, Заманбек Нұқаділовтың өліміне қатысты сол кезде де, қазіргі уақытта да түрлі пікір бар. Бұл қылмысты кім жасағаны турасында хабарсыз болса да, Мақпал тергеу жұмыстарының дұрыс жүргізілмегені турасында анық білетінін айтып отыр.

- Қазіргі биліктің орнына отырғысы келетін адамдар аз емес, оның ішінде жақсысы да бар, жаманы да бар. Сондықтан да сондайлардың біреуі де жасауы мүмкін. Мен өзім де ішімнен көп нәрсені саралап отырамын. Ал айтуға қорқынышты. Мәселен, сол жерде жалған экспертиза жасалды. Оны маған сол жерде істеген қыздар айтты. Олар маған келіп: "сіз ешкімге айтпаңызшы" деп өтінді. Түсінесіз бе, осындай жайттар аз емес, сондықтан да менің жүрегім ауырады. Осы бір белгісіздік менің қазіргі өміріме қатты әсер етуде.

Қайғы деген адамды жейді екен, оған менің көзім жетті. Адамды ой шаршатады екен. Күндіз Мерейім жүргенде қуанып жүремін де, түнде түрлі ойларға қатты беріліп, ұйықтай алмаймын. Ит үрсе де, басқа да сыбдырлар естілсе де ендігі кезек менікі сияқты болады да тұрады. Үрей деген жібермейді. Неге осының беті ашылмайды деген сұрақ осыдан пайда болады. Мәселен, Зәкеңді өлтірген мынау деп көрсетсе, мүмкін менің жүрегім орнына түсіп, кішкене жақсы болар ма еді... Бірақ, менің ойымда қаншама мұң болса да, жүрегім қарс айырылып тұрса да, қасіретімді халыққа көрсеткім келмейді.

Алайда өмір өз ағымымен жылжиды. Сондықтан тірі адам тіршілігін жасайды екен. Заманбек қайтыс болғаннан бері, өткен -2008 жыл қарқынды жұмыс істеген жылым болды. Шығармашылықта көптеген жаңалықтар болды. Көптеген жаңа әндер келді дүниеге.

«Жүрек назы», «Жан қызым» және «Оспан батырдың өсиеті» деген 3 бейне клип түсірдік. Одан басқа домбырамен шырқалған әндерден тұратын, эстрадалық әндерден тұратын 2 күйтабағым шықты. Концерттерімнің DVD дискілері шықты, сонымен бірге Қазақстанның 9 облысында есеп беру концертімді өткізіп қайттым, - дейді Мақпал Жүнісова.
Мерей Заманбекқызы, 2008 жыл


Әнші үшін қазіргі таңда ең қымбат жан – қызы Мерей.

- Мұңайсам да, қуансам да сол кішкентай балапаным қасымнан табылады. Мерей біздің базарымыз да, ажарымыз да. Көңілге жұбаныш болатын сол қызым. Алғыр, пысық болып өсіп келеді. Кейде әкесінің суретіне қарап әңгімелеседі. Қазір жасы 6-дан асты, мектепке келесі жылы бермек ойдамын. Жалғыз қызым ғой, кішкене балалық шағы ұзақтау болсын деймін. Дегенмен, менің қызым үлкен адамдар сияқты. Әкесі қайтыс болғанда 3 жастан асқан болатын, бірден ер жетіп кетті де, қазір мені демейтін де, керек кезде жұбататын да осы Мерейім.

Сөз соңында Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әнші Мақпал Жүнісова Азаттық тыңдармандарымен өз арманымен бөлісті.

- Зәкеңнің өлімінің беті ашылса екен деген үлкен арманым бар. Билік қаншалықты үнсіз жатар екен... Мен сол жұмбақ өлімнің шындығын білгім келеді. Өйткені мен ол кісінің өзіне- өзі қол жұмсамағанына сенімдімін. Сондықтан, Зәкеңнің өліміне кінәлілер жауапқа тартылсын деймін.

Қазақстан презденті Н. Назарбаевтың жақын әріптесі болған Заманбек Нұрқаділов 2004 жылы министр болып тұрған шағында-ақ оппозицияға кеткенде қудалау шаралары әнші Мақпал Жүнісоваға да қарсы бірден басталғаны белгілі. Әншіге үлкен сахнаға жол жабылды, көгілдір экран мен радиодан Мақпалдың әндері берілмейтін болды.

Осындай репрессия әзір де жалғасып жатыр десе болады. Жас Алаш газеті 6 қаңтар күнгі санында "Қазақстан" қазақ көрермендерін неге сыйламайды?" деген мақаласында 31 желтоқсанда "Қазақстан" арнасында көрсетуге жоспарланған Мақпал Жүнісованың концертінің орта жолдан үзіліп қалғаны туралы жазады.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG