Accessibility links

Кәсіподақ төрағасына жасалған қастандық жұмысшылардың наразылығын туғызды


Ықылас Шәңгереев, Жаңаөзен қаласындағы «Жөндеу» ЖШС кәсіподақ ұйымының төрағасы. Маңғыстау облысы, тамыз, 2009 жыл.
Ықылас Шәңгереев, Жаңаөзен қаласындағы «Жөндеу» ЖШС кәсіподақ ұйымының төрағасы. Маңғыстау облысы, тамыз, 2009 жыл.

Тамыздың 21-і күні Жаңаөзен қаласындағы «Жөндеу» ЖШС-нің жұмысшылары кәсіподақ төрағасы Ықылас Шәңгереевке қастандық жасағандарды табуды талап етіп, ереуіл жасап жұмысқа шықпады. Бір күн бұрын белгісіз біреулер Шәңгереевті ту сыртынан атып, жарақаттап кеткен.

ТУ СЫРТТАН АТЫЛҒАН ОҚ

Жаңаөзен қаласындағы «Қазмұнайгаз» Барлау өндіру» акционерлік қоғамының құрамындағы «Жөндеу» ЖШС-нің 750 жұмысшысы облыстық ішкі істер органдарынан, қалалық әкімшіліктен Ықылас Шәңгереевке жасалған қастандықты жедел тексеріп, қылмыскерлерді табуды талап етіп отыр. Өткен жұма күні бір күнге жұмысты тоқтатып, ереуілге шыққан кәсіпорын жұмысшыларына қаладағы басқа жол-көлік мекемелерінің жұмысшылары да қолдау білдіріп, сол күні өз жұмыстарын 1 сағатқа тоқтатқан.

«Жөндеу» ЖШС-інде механик болып жұмыс істейтін әрі осы кәсіпорын жұмысшыларының кәсіподақ ұйымының төрағасы Ықылас Шәңгереевке белгісіз біреулер тамыздың 20-сы күні қастандық жасаған.

Оның айтуынша, сол күні сағат 13.30 шамасында жұмысқа жету үшін үйінің маңында әйелімен бірге көлік күтіп тұрған сәтінде ту сыртынан тапаншадан оқ атқан. Көрер жарығы бар Ықылас Шәңгереевке оқ дәл тимей, сол жақ жауырыны мен омыртқаның арасын жанап өткен.

Қастандық оқиғасы бойынша Азаттық тілшісінің сауалына Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлзада Төлеуғалиева «кейінірек хабарласамын» дегеннен басқа нақты жауап айтпады. Ал соңынан қайта телефон шалғанымызда бұл мәселеден мүлде хабары жоқ екені айтып, жауап беруден бас тартты.

Ал Жаңаөзен қаласының әкімі Жалғас Бабақанов Азаттыққа:

– Бұл мәселе жөнінде мен Шәңгереевпен сөйлестім. Бұл әрекет «Оқ ататын қару қолданылған бұзақылық іс» деп танылып, қылмыстық іс қозғалды. Бірақ әдейі жұмыс бабына орай ма, әлде тұрмыстық жағдайына байланысты ма, ол жағы әлі анықталған жоқ. Қылмыскерді іздеу әкімнің құзырына жатпайды. Біз тек арнайы келген іздестіру тобының қаражатын, тамағын тауып беріп отырмыз. Жалпы жұмысшылардың жағдайы жақсы. Басшы мен жұмысшы арасында келіспеушіліктер болмаса, басқа проблема жоқ, – деген жауап айтты.

ӘРІПТЕСТЕРІ ҚАСТАНДЫҚТЫ ШӘҢГЕРЕЕВТІҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІМЕН БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ

– Ықылас Шәңгереев «Жөндеу» серіктестігінің кәсіподағы төрағасы ретінде жұмысшылар үшін көп еңбек сіңірді. Кезінде мекеме сатылайын деп жатқан жерінен қайтарып алып, жұмыс орнымыздың сақталып қалуына ықпал етті. Бұл адамға бұрыннан бері қысым көрсетіліп жүр, – деді Азаттық тілшісіне «Жөндеу» ЖШС машинисі Рахмет Досмағамбетов.

Кәсіподақ жетекшісі болса бұл қастандықты кәсіпорындағы былық-шылықтарды тексеру үшін тиісті орындарға жазған арызымен тікелей байланыстырады.

– Мен бұл оқиғаны бұған дейін Маңғыстау облыстық қаржы полициясына жазып жүрген арызыммен байланыстырамын. Себебі, 19 тамыз күні маған бұрын таныс емес бір жігіттер келіп қорқытып, қоқан-лоққы жасап кеткен еді, – дейді Ықылас Шәңгереев.

Оның сөзіне сүйенсек, «Жөндеу» ЖШС-ін 2007 жылы «Бұрғылау» ЖШС-не басқаруға бергеннен кейін жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы күрт төмендеп кеткен. Олардың артық атқарған, мереке күндері істеген жұмыстарына еңбекақы төленбей, «13-ші жалақы» деп аталатын тиісті төлемдер де берілмей келген екен.

Бұл мәселені қозғаған жұмысшылар жеті адамнан тұратын ынталы топ құрып, 2007 жылы қарашада Жаңаөзен қалалық сотына арызданыпты.

«Ол сот сегіз айға созылып, ақыр соңында қабылдаған шешім бойынша 2008 жылы мамыр-маусым айларында қолымызға азын-аулақ ақша тигенімен, кәсіпорынның жағдайы жақсара қоймады», – деп түсіндіреді Ықылас Шәңгереев.

Осылайша еңбек дауына араласқан «Жөндеу» ЖШС-нің жұмысшылары соған дейін тек қағаз жүзінде жұмыс істеп келген ескі кәсіподақты таратып, жұмысшылар кәсіподағын жаңадан қайта құрған. Жаңа кәсіподақ бірден жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды талап етіп, олардың құқын қорғай бастаған. Кәсіпорын мүлкінің талан-таражға түсіп жатқанын нақты фактілермен дәлелдеп, құқық органдарына шағым түсірген.

– Мәселен, көтерме қондырғылары үшін А-50 маркалы солярка майынан бізге 180-200 литр бергенімен, 265 литр берілді деп тізімнен шығарылып жүрді. Сондай-ақ тракторларға мүлде қажеті жоқ аккумулятор сатып алынған, «А-93 маркалы 300-400 литр бензин берілді» деген жалған ақпарат беріп, жалған қолдар қойылған. Осындай нақты фактілерді жинай келе, 2008 жылдың 29 қыркүйегінде қаржы полициясына арызданған болатынбыз. Алайда ол шағым жауапсыз қалған соң, облыстық, қалалық прокуратураларға да арыз түсірген едік, – деп хабарлады Азаттық тілшісіне телефон арқылы Ықылас Шәңгереев.

2008 жылдың қазанынан бастап «Жөндеу» ЖШС-ін басқаратын Марат Садықов жұмысшылар ереуіліне қаржы полициясының істі дер кезінде қарамай 11 айға созып жүріп алуы және ақыр соңында кәсіподақ басшысына жасалған қастандық түрткі болды деп санайды.

«Қазір ол іспен Астанадан келген комиссия айналысып жатыр» деді ол Азаттық тілшісіне.
XS
SM
MD
LG