Accessibility links

Азаттық радиосы Чехиядағы қазақ босқындарының тағдырын назарында ұстап отыр. Қазақ босқындары жетекшісінің ісінде өзгерістің болуы мүмкін еді, бірақ, сот оған саяси баспана беруден бас тартты. Чехия өкіметі олар Қазақстанда қудаланған жоқ дейді.

МАРҒҰЛАН ЖАЙЫНДА ЕШҚАНДАЙ ДЕРЕК ЖОҚ

Чехия өкіметі бірінші мұсылман қазақ-босқынын елден күштеп шығарған соң олардың қауымындағы жағдай күрт өзгерді. Чехия өкіметі сөзден іске көшті: ықтиярмен елден шығару туралы бұйрықтың орнына мәжбүрлі түрде күштеп шығару орын алды. Үш жылдан бері босқын мәртебесін алу үмітімен Чехия лагерлерінде сенделіп жүрген қазақтар қауымы алаңдаулы. «Ендігі кезек кімдікі?» деген сұрақ әрқайсысының көкейінде тұр.

Босқын мәртебесін алудан үмітін үзген кейбір қазақтар Чехиядан Еуропаның өзге елдеріне қаша бастады. Осылайша, Чехия аумағынан өз бетінше кетуінің салдарынан олар Чехияның заңын бұзды. Дублин келісіміне сәйкес, босқындар қашып барған үшінші ел оларды Чехияға қайтара алады. Ал, оларға халықаралық босқын мәртебесін бере ме, әлде Қазақстанға кері қайтара ма, бұл жағын Чехия өкіметі шешеді.
Чехиядағы қазақ босқындары Праганың орталық алаңында митинг өткізді. 7 ақпан, 2009 жыл.


Азаттық радиосына осындай бір босқын әйел Әлия Артықбаева жайындағы жағдай белгілі. Ол 2008 жылы үш баласымен Аустрияға өтіп, сол жақтан саяси баспана сұраған. Аустрия өкіметі бірінші жолы оның өтінішін қабыл алмай, Чехияға қайтуын бұйырған. Алайда, үш балалы жас әйел босқындардың бір лагерінен қашып, Аустрияның оңтүстігіндегі екінші лагерге барған. Осылайша ол уақыт ұтуға тырысты. Енді бюрократиялық процедураларды қайта жасап біткенше біраз уақыт өтпек.

Ол алдымен Чехияға, содан соң Қазақстанға күштеп шығарылудан қатты қорқады. Өйткені, оның күйеуі Әділжан Мұздыбаевтың есірткі саудалады деген стандартты айыптау бойынша Қазақстанның түрмесінде отырғанына бесінші жыл болды. Әділжан Мұздыбаев та «Таза ислам» деп аталатын мұсылмандар қауымының мүшесі. 2005-2008 жылдары Батыс Қазақстанда Әділжанмен бірге осы қауымның үш мүшесі жалпы қылмыстық баптар бойынша сотталды. Бұлар – 1975 жылы туған Аманжол Мәмбетов; 1973 жылғы Жанболат Қызанбаев; 1977 жылғы Темірбек Көптілеуов.

Әлия Артықбаева Азаттық радиосының тілшісіне егер оны Чехияға, содан соң Қазақстанға күштеп шығарар болса, тағдырының қалай қалыптасарынан қорқатындығын айтты. Құқық қорғаушылар бұл қауымның мүшелерін Қазақстанда түрмелер мен азаптаулар күтіп тұр дейді.

Чехия өкіметі 10 қазанда Марғұлан Мұхамбетовты Алматыға күштеп қайтарды. Ол да Әлия Артықбаева сияқты Аустрияға қашып барған еді, бірақ Дублин келісіміне сәйкес Чехияға қайтарылған. Марғұлан Мұхамбетов Қазақстанға күштеп шығарылардан бұрын өзінің тағдырына алаңдап, Чехияның босқындар лагерінен Азаттық радиосына бірнеше мәрте телефон шалған еді. Марғұланның қолына кісен салып, Қазақстанға қайтарғаннан бері оның тағдырынан ешқандай дерек жоқ.
Марғұлан Мұхамбетов Чехияның «Бела Йезова» лагерінде. қазан, 2009 жыл.

Оның анасы Қалима Қамиева Азаттық радиосының тілшілеріне жақындары Марғұланның қайда екендігін білмейді деді. Сонымен бірге ол Марғұланды іздемей отырған себептерін «оған зиянымызды тигізіп алмайық» деген ойдан туындап отырғандығын айтты. Қазақ құқық қорғаушылары тек оның туыстары немесе сенімді адамдары өтініш жасаса ғана Марғұланға іздеу салатындықтарын айтты.

Чехияның Ішкі істер министрлігі Азаттық радиосына Марғұлан Мұхамбетовтың күштеп шығарылуына қатысты қандай да бір дерек беруден бас тартты. Ол үшін жергілікті заң бойынша Марғұланның өзінен сенімхат керек екен. 11 қазан күні таңертең Прагадан Алматыға ұшып келгеннен бері Марғұланнан хабар жоқ. Оның бұдан былайғы тағдыры жайында ата-анасы да, Чехиядағы қазақ босқындарының жетекшілері де ешнәрсе білмейді.

БОСҚЫНДАРДЫ ЕМЕС, ҚҰСТАРДЫ СУРЕТКЕ ТҮСІРДІ

Дәл осы уақытта, босқын мәртебесінен үміттеніп отырған ондаған қазақтар Марғұлан жайындағы анық-қанық хабарды күтуде. Олардың көпшілігі қазір үміт жібін ұстағандай халде: дәл сол күндері Чехия Ішкі істер министрлігі олардың көпшілігінің өтінішін қарау мерзімін 2010 жылдың жазына дейін созды. Бұны миграциялық қызметтер сансыз құжаттарды игере алмай жатқандықтан деп түсіндірді.

Кішкентай екі қызымен Швецияға қашып, Дублин келісіміне сәйкес Чехияға қайтарылған босқын Бауыржан Иманғалиевтің де мерзімі ұзартылды. Қазір ол «Бела Йезова» лагерінде бұдан былайғы тағдырының не боларын күтіп отыр. Марғұлан Мұхамбетовты дәл осы лагерден алып кеткен болатын.
Қазақ босқынының паспортында елден депортацияланатыны туралы чех полициясының бұйрығы жапсырылған.

Алайда, Чехия Ішкі істер министрлігінің Азаттық радиосына берген түсіндірмесінде мерзімдерін бұлайша жаппай кейінге шегеру техникалық себептерге ғана байланысты, бұл босқын мәртебесін берілуін қарау кезінде ешқандай артықшылық бермейді делінген.

Қазақ босқындарының қауымындағы тағы бір жаңалық – олар босқындар лагерінде өздерінің құқының сақталуын талап етіп, Чех республикасының полиция мекемелеріне хат жаза бастады. Чехияда тіркелген «Қазақ босқындарының комитеті» ұйымы жетекшілерінің бірі Қайрат Досметов Азаттық радиосына сұхбат беріп, онда Чехияның түрлі лагерлерінде шашылып кеткен 250-дей қазақ босқындарының жағдайы турасында айтып берді.

Қыркүйекте олар чех өкіметіне, Ішкі істер министрлігіндегі босқындар лагерлерінің әкімшілігіне оларды осыншама қорлап ұстауларын тоқтатуды талап етіп үндеу хат жазған. Олардың айтуынша, лагерь қызметкерлері қазақстандықтарға үнемі қысым жасайды, оларды үнемі кемсітіп, қорлайды. Үндеуде қазақстандықтардың ар-намысына тиген жағдайлар, олардың поштасының ашылуы, үнемі басқан іздерін аңдуы айтылған.

Чех полициясына жазған хатында «Қазақ босқындары комитетінің» жетекшілері былай дейді:
Саяси босқын мәртебесін сұраушы Бауыржан Иманғалиев Бела под Бездезем лагерінде. шілде, 2009 жыл..


«2007 жылдың көктемінен бастап Костелец-над-Орлици қаласындағы босқындар лагерінде сіздердің күзет фирмасының қызметкерлері өздерінің тікелей міндеттерін атқарудың орнына (лагерь қауіпсіздігін күзету) қазақстандық босқындардың артынан жасырын аңдуға, оларды заңсыз суретке, бейнекамераға түсіруге кіріскендігін байқадық.

Мәселен, 2008 жылдың көктемінде машинамен келген қазақ босқындарын лагердің сыртында сіздердің қызметкерлеріңіз Ярослав Чухранның фотоға түсіріп алғандығын А. деген қазақ босқыны байқап қалған. Босқындардың жеке өміріне кірісу себебін сұрағанда Ярослав Чухран «құстарды суретке түсіріп жатырмын» деп жауап берген. Келесі бір жолы сіздердің қызметкерлеріңіз бұны оларға лагерь директорының бұйырғанын айтқан. Осылайша, бұл мәселе біз үшін сол күйінде түсініксіз болып қалды және маңыздылығын жойған жоқ».

Сонымен бірге, қазақстандық босқындардың үндеуінде мүлдем жаңа бір жағдай айтылған. Хат ауторларының пікірінше, көрші Аустрия мемлекетіндегі Рахат Әлиевке байланысты қазақ арнаулы қызметтерінің жұмысына қатысты жағдайлар Чехиядағы босқындардың тағдырына да әсер етулері мүмкін.

Қайрат Досметовтің айтуынша, қазақстандық тыңшылар босқындарға жайлап жақындап келеді. Бұған өзге салафиттер де сенімді. Тағы бір қазақстандық босқын Қуаныш Кәменовтың айтуынша, Аустрияның полицейлерін, журналистерін және саясаткерлерін сатып алғаны сияқты олар жергілікті тұрғындарды пайдалануы мүмкін.

ЛАГЕРЛЕР БАСҚАРМАСЫ ЖОҚҚА ШЫҒАРАДЫ

Азаттық радиосы осы шағымдарға байланысты түсініктеме алу үшін Чехияның Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктеріне қайрылған еді. Сыртқы істер министрлігіндегілер бізді өзге мекемеге сілтеп жіберсе, Ішкі істер министрлігінен екі түсініктеме алдық.
Праганың Вацлав алаңвнда наразылық митингісін өткізуші қазақ босқындарының құжаттарын полиция тексеруде. 7 ақпан, 2009 жыл.

Босқындарға арналған мекемелер басқармасының бастығы Милослав Коудельный оның мекемелерінде «клиенттердің» тұруы үшін Еуропалық Одақтың стандарттарын ұстанып қана қоймайды, тіпті артығымен орындайды деп жауап қайтарыпты. Милослав Коудельныйдың жазуынша, оның қызметкерлері «босқындарға арналған мекемелердегі біздің қызметімізді пайдаланғысы келген және жеке жағдайда тұрып жатпаған барлық клиенттер үшін лайықты жағдай туғызып, бар мүмкіндікті жасайды. Оларға жұмыс уақытынан соң да назар аударып отырады».

Милослав Коудельный Ішкі істер министрлігінің мердігері болып табылатын жекеменшік күзет компаниясына қатысты қазақ босқындарының шағымын да жоққа шығарады. «Бұл фирманың жұмысы тұрақты бақыланып, оған оң баға берілген. Жеке қауіпсіздік қызметінің бір қызметкерінің жұмысында фотоаппарат ұстаған оқиғасын білемін. Бірақ, оның мақсаты клиенттерді суретке түсіру болмаған»,- деп жазады босқындарға арналған мекемелер басқармасының бастығы Милослав Коудельный.

Халықаралық босқын мәртебесін күтіп отырған қазақ үміткерлерінің өміріндегі әрі-сәрі белгісіздік жағдайына енді чехтың көші-қон мекемесінің басшыларымен шиеленісті қарым-қатынас қосылды. Чехия босқындар лагерлері басқармасының бастығы олардың шағымдарын жоққа шығарып қана қоймайды, енді оларды заңсыз аңдыды деген күдіктерін дәлелдеуін талап етіп отыр.

Биылғы жылдың 20 қазанында Милослав Коудельныйдың қазақ босқындарының жетекшілеріне дәлел талап етіп жазған жазған хатының көшірмесі Азаттық радиосында бар. «Егер тиісті дәлелдерді бермесеңіздер басқарма сіздерге қатысты шағым жасай алады. Босқындарға арналған мекеме қызметкерлерінің шағымдануы да мүмкін»,- деп жазады Милослав Коудельный.

Чех лагерлерінің басшысы өкініш тудыратын бір жайдың орын алғандығын мойындайды, «бірақ суретке түсіру нысаны босқындар лагерінің клиенттері болған жоқ, қандай да бір нысан немесе зат туралы әңгіме болған жоқ» дейді. Осылайша, Милослав Коудельный қазақ босқындарының заңсыз тыңшылық жасады деген шағымын «мағынасыз айыптау» деп есептейді.

Қазақ босқындарының жетекшісі Қайрат Досметовтің Азаттық радиосына айтуынша олар билікпен диалог болса деп ойлаған. Бірақ, лагерь әкімшілігі тарапынан дікеңдеуді де, тіпті қарсы шағымданамыз деп қорқытып дәлел талап етуді де күтпеген.

ЧЕХИЯ ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ ҰСТАНЫМЫ

Қайрат Досметовтың айтуынша, Қазақстанда бұл діни қауымдастық өкілдеріне қарсы қылмыстық істер қолдан ұйымдастырылып жатқан соң олардың болашақта өз жоспарларын Қазақстанмен еш байланыстырғысы жоқ. Тек қыркүйектің соңында Ақтөбе облысында алты азаматты «лаңкестік» бабы бойынша ұзақ мерзімге соттады. Олардың барлығы жергілікті тұрғындар және биліктің бақылауындағы мешіттерге бармайды. Олар шағын мұсылман қауымының мүшелері.
Қазақ діни босқындары жетекшілерінің бірі Қайрат Досметов. Прага, 7 ақпан, 2009 жыл.


Чехия Ішкі істер министрлігі Азаттық радиосына жазған хатында оларға Қазақстандағы адам құқына қатысты жағдай белгілі деп жазады. Алайда, ресми Праганың жазуынша босқын мәртебесін сұраушылардың мәселесі тек жеке-жеке сипатта ғана қаралады.

Чехия Ішкі істер министрлігі жергілікті заңнамаларға сілтеме жасай отырып, құпия деректердің қорғалуын талап ететін қандай да бір жекелеген істерді, нақты мысалдарды талқылаудың мүмкіндігі жоқ деп есептейді. Дәл осы жерде Чехия ІІМ-і, бірқатар шетелдіктер оларға босқын мәртебесі берілмеген соң кез-келген жолмен Чехияда қалуын заңдастыруға тырысады деп жазады. «Министрліктің түсінуінше, мұндай практиканы заңды деп қабылдау жалпы мемлекеттік реттеу принципінің мағынасына қарсы жүру деген сөз болар еді»,- деп жазылған Чехия Ішкі істер министрлігінің түсіндірмесінде.

Қазақ босқындарының жетекшісі Қайрат Досметовтың айтуынша, босқындардың көңіл-күйлері түсе қоймаған. Өкімет босқындарды Чехияны өз еріктерімен тастап кетуге мәжбүрлеу үшін барлығын жасап жатқанымен, адамдар оңайлықпен берілгісі келмейді дейді босқындар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG