Accessibility links

Сарапшылар Қазақстан нарығында делдалдар тауарлардың бағасын анықтаудағы негізгі реттеушіге айналып барады деген ойда. Олар бұл тек тұтынушылар үшін ғана емес, сондай-ақ, өздері үшін де қауіпті салдарға әкелуі мүмкін дейді.

Қазақстанның Тұтынушылар лигасының төрайымы Светлана Савченко қарапайым тұрғындардың тұтынушылық құқықтары мүлде сақталмайды деп есептейді. Тауар өндірушілер мен халық арасында түрлі делдалдар жұмыс істеп жатқандықтан халық көптеген тауарларды қымбат бағамен сатып алуға мәжбүр. Бұған еріксіз тек сырттан ғана бақылауға тура келуде деген сұхбаттасымыз әңгімесін былай жалғайды:

- Біріншіден, баға келісімінің болған-болмағанын дәлелдеу мүмкін емес. Екіншіден, бұл маңайда қалыптасқан халықаралық тәжірибенің өзін де сәтті деп айту қиын. Үшіншіден, бүгінгі күні «Бәсекелестікті қорғау туралы» заң жобасы жаңадан Парламентке түсті. Сондықтан тұтынушылардың мүддесі қорғалатын күн әлі алыс деуге болады. Антимонополиялық комитет біздің бюджетіміздің қауіпсіздігін қалай сақтауға болатынын ойлауы керек. Егер ертеңгі күні халықтың ақшасы таусылса жағдай өте жаман болады, оны елестетудің өзі де қиын.

Қазанның 1-і күні Астанада өткен антимонополиялық саясат бойынша мемлекетаралық кеңесте Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит Есенбаев ТМД-ға мүше мемлекеттер арасында халықаралық нарықта жұмыс істейтін компаниялардың әрекеттеріне тексеру жүргізу қажеттігін айтқан болатын.

- Әсіресе, отын-энергетика кешені, сондай-ақ, транспорт және коммуникация, азық-түлік нарығына аса назар аудару керек, - деді Мәжит Есенбаев.

Сонымен қатар агенттік басшысы өз сөзінде: «жеміс-жидек өнімдерін тарату бойынша жүргізілген талдау көрсеткендей, Қазақстанның оңтүстік өңірінде бұл саланы бірнеше өзбек компаниялары атқарып отыр және де олар ол нарыққа бөтенді кіргізгісі жоқ», - дейді.

Ал өзбекстандық фермер Мамыржан Азимов агенттік төрағасының сөзін құптайды:

- Көрші елдерге жеміс-жидек, көкөністерді жеткізетін бір ғана компания бар. Бұл шектеуді өзбек үкіметінің өзі орнатып отыр. Теледидардан Ресей, Қазақстанға жеміс-жидектерді өз бетімен өткізбек болған саудагерлерді кеденшілердің ұстап алғанын жиі көріп жүрміз. Ірі кәсіпкерлер кеден өкілдеріне оларды өткізбеу үшін ақша беріп қойған.

Экономист-сарапшы Эдуард Полетаев посткеңестік елдер үшін бұл үйреншікті құбылыстың себебі жөнінде былай дейді:

- Бұл өз кезегінде Қазақстанға жеміс-жидегін неғұрлым пайдалы өткізгісі келген тәжік-қырғыздардың жоғары баға қою жөнінде өзара келісімге келу талпынысынан кейін туындауы мүмкін. Екіншіден, Қазақстанға жеміс-жидек оңтүстіктен ғана емес, Қытайдан да жеткізіледі. Соңғы 5-10 жылда Қытайдан келетін тауарлар экспорты да кәдімгідей өсті. Мұның кері әсерін өзбектер сезініп отыр. Сондай-ақ, Қытайдан гөрі Орталық Азия елдерінде инфляция деңгейі жоғары болып тұр. Ақша құнсызданып, өндірушілер үшін күнкөріс қамы қиындап кеткендіктен олардың бағаны өсіруіне тура келеді.

Сондай-ақ, сарапшы бағаны келісіп белгілеу жаппай сипат алғанын, ал мемлекет онымен күресуге дәрменсіз болып отырғанын айтады.

- Біздің Бәсекелестікті қорғау агенттігінің нарықты бақылауға шамасы жетпейді. Олар негізінен монополистермен айналысады. Мысалы, муниципалды нарықты алыңыз. Белгілі бір өндірушілер жергілікті билік өкілдерімен таныстығын пайдаланып, өздерінің өнімдеріне біршама төмен баға қойып сатпақ болады. Бірақ делдалдар оған да мүмкіндік бермей отыр. Нәтижесінде төмен бағаға төмен сападағы өнімді аласыз.


  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG