Accessibility links

Қоғамдық телевизияны қоя тұрып, Астана сандық телевизия құруға ұмтылуда


Азаттық радиосының редакциясы сарапшылар мен қарсыластардың қатысуымен «Бүгінгі Қазақстандағы мемлекеттік БАҚ-ның ролі. Қоғамдық телевизия құрудың көкейкестілігі және мүмкіндіктері» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.


Азаттық радиосы редакциясында өткен дөңгелек үстелге қатысқандар:

Жанна Құрманғалиева – Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы, Сейітқазы Матаев – Қазақстан журналистер одағының төрағасы, Сергей Дуванов – тәуелсіз журналист, Брюс Панниер – «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосының журналисі, Орталық Азия елдері бойынша сөз бостандығы мәселесі жөніндегі сарапшы.

МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫС

Дөңгелек үстелді жүргізген Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан-Хан Аққұлыұлы:

– Әңгімені Қазақстан тарихына сәл шегініс жасаудан бастасам. Анықтап айтқанда, 1998 жылғы 2 сәуірде президент Нұрсұлтан Назарбаев, «Қазақстан-1» және «Хабар» мемлекеттік телеарналарының Астанадағы филиалдарына қонаққа келгенде, барлық өркениетті әлемдегідей Қазақстанда да мемлекеттік БАҚ болмауға тиіс деп мәлімдеген еді.

Бұдан байқайтынымыз – Қазақстан басшылығы бір кезде шынымен-ақ барлық мемлекеттік БАҚ-ын жекеменшікке бергісі келді.

Осы тұрғыдан келгенде бірінші сұрақ мынадай: бүгінгі Қазақстанда мемлекеттік БАҚ-ның ролі қандай немесе басқаша айтқанда, Қазақстандағы билікке мемлекеттік БАҚ не үшін керек?

Осы сұрақ бойынша Жанна ханым, сіз не айтасыз?

Жанна Құрманғалиева:

– Рахмет сізге! Шынымды айтсам, мемлекеттік БАҚ жойылуға тиіс деген сөздің айтылғаны есімде жоқ. Оның үстіне мен мұндай сөзді жарты ғасырдан астам мемлекеттік бюджеттен (АҚШ Конгресінен. – Азаттық радиосы) қаржыландырылып келе жатқан қадірменді Азаттық радиостанциясының эфирінде айтпаған болар едім.

Меніңше, мемлекеттік не мемлекетке қарсы немесе либералды не марксистік журналистика болмайды. Сапалы, нағыз немесе, былайша
Радиохабарды таратуды басқарушылар Кеңесі арқылы АҚШ Конгресі қаржыландыратын «Азат Еуропа» / «Азаттық» радиосы жеке меншіктегі, коммерциялық емес корпорация болып табылады және жеке меншік кәсіпорын ретінде федералдық гранттар алады.
Жанна Құрманғалиева, Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы. Ұлттық Академиялық кітапхананың сайтындағы сурет.
айтқанда, балама журналистика бар. Біздіңше партияшыл-насихатшыл баспасөз қамытынан іргені аулаққа салу керек. Кімнің меншігінде болса да БАҚ-ның ролі мен міндеттері бірдей.

Яғни, қоғамды әділетті, толық және жан-жақты да сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету, ақпарат үшін жауапкершілікте болу. Айта кетейін, бүгіндері Қазақстанда мемлекеттік БАҚ жалпы көлемнің 20 пайызынан төменін құрайды, тағы оның да 15 пайызы мемлекеттік ЖОО журналдары.

Тағы бір маңызды жайт сол, 1998 жылдан бері қарай мемлекет пен мемлекеттік БАҚ-ын қоса айтқанда, барлық БАҚ арасындағы өзара қарым-қатынасты реттейтін мүлдем жаңа модель орнатылған. Біздің көзқарасымыз бойынша, ол модель нарықтық экономика қағидаларына сәйкес – заманға лайық және демократиялық тұрғыда. Және де ол қазіргі кезде Қазақстанда және менің бүгінгі сұхбаттас әріптестеріме де кеңінен танымал.

Мен бұл тұста мақсаты әрбір азаматқа және тұтас қоғамға барлық әлеуметтік маңызды тақырыптар бойынша қажетті ақпарат жеткізу болып табылатын мемлекеттік ақпараттық тапсырыс туралы айтып отырмын. Мысал келтірер болсам, биылғы жылы әлгіндей тақырыптық бағыттардың саны 182 болды. Барлық билік институттарының қызметін көрсету мен заңдарды жариялаудан бастап, генетикалық модификацияланған өнімдерге немесе ақбөкен тұқымының сақталуына дейін.

Осыған қоса, бұл тұста мемлекет елдің сенімін жаулауда емес, таза социумның ақпараттық қажеттілігін өтеуде. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың негізгі қағидасы – барлық БАҚ-ның байқауға қатысуына және мемлекеттік тапсырыс алуына тең жағдай тудыру.

Мұндай тапсырманы осы модельді алғаш енгізген сәтте-ақ мемлекет басшысы берді және ол тапсырма бұлжымай сақталып келеді. Осы жылы мемлекеттік тапсырысты 111 БАҚ орындауда, оның 10 пайызы ғана – осы санға назар аударуды сұраймын – мемлекеттік БАҚ болып табылады.

Сол баяғы «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» және басқа мемлекеттік газеттер байқауға қатыспаса бір де бір тиын ала алмайды. Осы сөздеріме «Свобода слова» немесе «Тасжарған» секілді газеттердің байқауға екі рет қатысқаны дәлел бола алады.

Және өткен жылы мемлекеттік тапсырыс негізінде олар «Қазақстан-2030» стратегиясының жүзеге асу барысын, елдегі мәдени жаңалықтарды, ұлтаралық және дінаралық келісімнің нығаюы, сондай-ақ елдің индустриалды-инновациялық дамуы мәселелерін көрсетіп отырды.

Тағы да астын сызып айтамын, бүгіндері мемлекеттік БАҚ ролін негізгі күшейткіш немесе басты насихатшы ретінде түсіну қате, ондай роль бүгінде түбегейлі жойылған.

Және тағы айтамын, бізге насихатшыл журналистика немесе БАҚ емес, бірінші кезекте ақпараттандыратыны керек. Елдегі мемлекеттік және кез-келген масс-медианың негізгі ролі осы деп білеміз.

Тағы да айтамын, қоғам мен біздің азамат-салық төлеушілерді әділетті, толық және жан-жақты да сапалы да жауапты ақпараттандыру.

Жүргізуші:

– Рахмет, Жанна ханым! Мен сіздің Қазақстан президентінің 1998 жылғы 2 сәуірдегі мәлімдемесіне қатысты сөздеріңізге жауап берейін. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздерін мысалға келтіргенде мен қандай да бір ақпарат көзіне сүйенген жоқпын, өйткені, президенттің журналистермен сол кездесуіне мен өзім қатысқанмын, әлгі сөздерін өз құлағыммен естігенмін. Бұл осы әңгімеге қатысты айтып жатқаным.

Сергей мырза, Қазақстанда мемлекеттік БАҚ-ның сақталып отырғанына қатысты және олардың ЕҚЫҰ төрағалық етудің қарсаңында тұрған бүгінгі Қазақстандағы ролі туралы не айта аласыз?

Сергей Дуванов:

– Ақпараттық алаңда олар бар. Десе де, олардың ролдері төмен. Мен, тіпті, елеусіз дер едім. Қаншалықты мөлшерде? Саяси қызығушылығы бар қоғамның басым бөлігі, әрине, жекеменшік басылымдарды қалайды. Мен БАҚ ішіндегі баспадан шығатын басылымдарды айтып отырмын.

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов сөз бостандығын қорғауға арналған наразылық шарасында. Алматы, 24 маусым 2009 жыл.
Ал, телевизияға келетін болсақ, халықтың негізгі бөлігі баяғыда-ақ шетелдік интернет-ресурстар мен телеарналарды «қарауға» көшіп алған. Бізде ресейлік телевизия үстемдік құрып отыр. Бұл жайында мен талай рет жазғанмын. Әрине, осыны дәлелдейтін белгілі бір статистика бар.

Ол статистикадан ауылдық жерлер тыс қалған. Бірақ, кез-келген мемлекеттің саяси тренді қала жұртшылығы болып табылады. Ол әдетте саясатты анықтайды, ал, ауыл қалаға қарап бой түзейді.

Осы тұрғыда шетелдік және жекеменшік БАҚ-ның ықпалы мемлекеттік БАҚ-нан гөрі әлдеқайда жоғары. Сіздің сұрағыңызға берер жауабым осы.

ШЕТЕЛДІК ТЕЛЕВИЗИЯ – ӘЛЕМГЕ АШЫЛҒАН ТЕРЕЗЕ

Жүргізуші:


– Рахмет! Сейітқазы мырза, тақырып бойынша қосарыңыз бар ма? Сіз Азаттық радиосына берген сұхбаттарыңыздың бірінде мемлекет БАҚ-ның 20 пайызынан көбірек бөлігін мемлекеттік ақпараттық тапсырыстар арқылы бақылап отыр деп мәлімдеген едіңіз.

Сейітқазы Матаев:

– Бірақ, әңгіме бақылауда емес. Әңгіме – ықпалда. Жаңа Жанна Дулатқызы цифрларды айтып өтті емес пе, мен одан гөрі өз көзқарасымды білдірейін.

Шынымды айтсам, тәуелсіздік таңына дейін мен өмір бойы совет басылымдарында жұмыс істеген едім. Сондықтан мен жекеменшік
Сейітқазы Матаев, Қазақстан журналистер одағының төрағасы. Алматы, 19 тамыз 2009 жыл.
басылымдар мен жекеменшік телевизияға қарсы болдым. Мен де мұны жай қосымша ретінде айтып жатқаным ғой.

Мен ел президентіне оның баспасөз хатшысы болып істеп жүрген кезімде осыны жеткізуге тырыстым. Бірақ, өмірдің өзі көрсеткендей, БАҚ-ның жеке меншік секторы, жалпы алғанда жап-жақсы дамуда. Және де 1991 жылмен салыстырғанда газеттер мен телеарналар әлдеқайда көбейіп алды.

Есімде, бір кездері Сергей Дуванов та телевизия ашты, өзі соның жетекшісі болды. Бірақ, түрлі себептермен, қалай айтсам екен, мемлекет берген лицензиясын қайта тартып алды. Ал, қазір, әрине, БАҚ-ның беймемлекеттік секторы таразының басын басып тұр. Саны жағынан да басым.

Бірақ, тираж жағынан басым емес деп ойлаймын, өйткені, мәселен, «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» – бұл екі газеттің тираждары орасан зор. Аймақтарды басқарып отырғандардың қатысынсыз ондай үлкен тиражға ие бола алмас еді.

Ал, екінші жағынан, әрине, мен Сергейдің қала жұртшылығы негізінен қазақ телевизиясын емес, ресейлік арналарды көреді деген сөзімен келісемін. Мәселен, кабельді телевизиясы бар адам қандай да бір жаңалық бағдарламаларын іздейді. Мәселен, әлемде не болып жатқанын көріп, салыстыру үшін өз басым «Евроньюс» арнасын көремін, әрине.

Демек, бізде әлемге қараған терезе қызметін шұғыл жұмыс істейтін шетелдік телевизия атқарады. Әлбетте, бүгіндері біздің тыңдайтынымыз бұрын «жаудың үні» болып саналатын Би-би-си, Азаттық радиосы және «Немецкая волна».

Бірақ, жалпы, ықпалы... Мемлекеттік БАҚ-ның ауыл жұртшылығына ықпалы үлкен. Өйткені, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын облыстық газеттер де бар ғой.

Және жаңа Жанна Дулатқызы айтқандай, жаһандық қаржы дағдарысына байланысты бәсекелестік ортада жұмыс істейтін көптеген басылымдар, әрине, мемлекеттен жәрдем тілеуде. Мен мәдениет және ақпарат министрлігінің ҮЕҰ арасында да, газеттер арасында да өте көп тендер өткізетінін білемін.

Тек айта кетейін дегенім, бұрын тіпті, қазақ тілді газеттер жекеменшік ортада дами алмайды деген әңгімелер болған. Бірақ, тәжірибе жүзінде көзіміз жеткендей, қазақ баспасөзі бәсекелестік ортада жұмыс істей алатын болып шықты. Мұның жарқын мысалы – «Жас алаш», «Жас қазақ», «Алаш айнасы», «Айқын» және басқа да басылымдар.

Мен жақсы білемін, 1990-ыншы жылдары әуелде бас редакторлардың өздері мемлекеттің көмегінсіз ештеңе істей алмаймыз деп мәселе көтерген болатын. Бірақ, бәсекелестік ортада қазақ баспасөзінің өмір сүре алатынын өмірдің өзі көрсетіп берді.

Бірақ, бізде мемлекеттік БАҚ-ның ықпалы зор.

АМЕРИКАДА БАРЛЫҚ БАҚ ЖЕКЕМЕНШІКТІҢ ҚОЛЫНДА

Жүргізуші:


– Рахмет, Сейітқазы мырза! Панниер мырза, батыс елдерінде, әсіресе АҚШ-та мемлекеттік БАҚ бар ма, болса ролі қандай? Қазақстанда әлі күнге дейін мемлекеттік БАҚ-ның сақталып отырғанына қатысты не айтасыз?

Брюс Панниер:

– Әрине, өзіңіз айтқандай, америкалық ретінде мен өзге жүйеге жатамын. Америкада біздің БАҚ тәуелсіз және бәрі жекеменшікте. Телеарналар да, газеттер де, басқалары да.

Олар не туралы жазам десе де, немесе репортаж жасаймын десе де өздері біледі. Қалғаны халықтың өз таңдауында: не дұрыс, не бұрыс,
Брюс Панниер, «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосының журналисі. Прага, 7 қаңтар 2009 жыл.
мемлекетті мақтай ма, даттай ма. Бұл халықтың өз таңдауы, жаңа айтқанымдай, нені көруді дұрыс санауы, нені көруді бұрыс санауы өз еркінде.

Бізде барлық БАҚ жекеменшікте. Бізде, мәселенки, «Фоксньюс» телекомпаниясы ылғи да Джордж Буштың әкімшілігін қолдап отырды. Америкада көп адамға бұл ұнамады, бірақ, сонда да төзімділік танытты. Өйткені, әлемде әртүрлі көзқарас барын біз білеміз.

Иә, менің Қазақстандағы ахуалды бақылап келе жатқаныма 20 жыл болды. Кейде тәуелсіз БАҚ қиындыққа ұшырап, ал, тәуелсіз журналистер соққыға жығылып жатады, кейде тәуелсіз газеттер жабылып не тағы бірдеңеге тап болып жатады әйтеуір. Сондағы себеп – олардың президентті, мемлекеттік билік саясатын, т.б. сынағаны.

Америкада ондай жағдай болмайды. Себебі, онда әрбір адамның пікіріне сыйластықпен қарайды, санасады. Жала-ғайбат, өтірік-өсек деген, ол енді басқа дүние. Бұл үшін, әрине, соттасуға болады, тіпті, керек те.

Ал, бірақ, оларда ақпарат көзі болып тұрып, сенімді болмаса да, жариялай береді, халыққа тарата береді: міне біздің ақпарат бойынша осылай деп.

Егер олардікі бұрыс боп шықса, жаңа айтқанымдай, онда сотқа барып, мәселені сонда шешеді.

Бірақ, менің баса айтқым келгені – Қазақстандағы тек тәуелсіз БАҚ басында ғана әлгіндей проблемалар бар. Тағы да айтайын, бұл мені алаңдатады. Өйткені, мен мемлекет пен биліктің қолдауындағы БАҚ арасында ондай қиындықтардың болмайтынын көріп отырмын.

Түйіндеп келгенде, тағы да америкалық азамат ретінде менің түсінбейтінім сол: неге БАҚ-ын мемлекет қолдауға тиіс? Мүмкін бұл банк атқаратын іс шығар, бірақ, қалай болғанда да мемлекеттік іс емес қой бұл.

ҚАЗАҚСТАНҒА ШАҚЫРУ

Жанна Құрманғалиева:


– Кешірім сұраймын! Қысқа ғана айтып кетейін деп едім, мұрсат па?

Жүргізуші:

– Иә, сөз сізде!

Жанна Құрманғалиева:

– Шамасы, әріптесім БАҚ қандай да бір сыни көзқарастары үшін жабылып жатыр, өйтіп жатыр, бүйтіп жатыр дегенімен нақты бір процестер, нақты бір дүниелер жайында ештеңе білмейді-ау деймін.

Мен өз кезегінде айта кетейін дегенім – қазақстандық заңдарға сәйкес кез-келген БАҚ меншік иесінің, яғни, қожайынның немесе соттың шешімімен ғана жабылуы мүмкін. Бір де бір БАҚ Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында сыни көзқарасы үшін, жеке пікірі үшін немесе қандай да бір өзге негізде жабылған емес.

Жалғыз жүгінерлік нысана – ол заң. Бір де бір БАҚ нақты құқықтық негізсіз жабылмайды. Сол себепті, мен біздің қадірменді сарапшыны Қазақстанға шақырғым келеді, Қазақстандағы масс-медианың нақты тәжірибесімен осы жерде таныссын. Ол адамда ақпарат аздау секілді болып көрінді маған.

Сергей Дуванов:

– Менде де айтар сөз бар. Алысқа бармай-ақ қояйық, жалпы да айтпай-ақ қояйық. Сіз қағазда жазылған сөздерді айтып отырсыз. Ал, мен сізге шын өмірдегі жағдайды айтып берейін.

«Инкар-инфо» интернет-радиосы сот арқылы жабылған жоқ. Бірақ, ол жоқ болып кетті! Сіз қазір Интернеттегі сайттарды жабуға мемлекеттің ешқандай қатысы жоқтығын дәлелдеуге кірісетін шығарсыз. Қалауыңыз білсін, ол сіздің хақыңыз.

Бірақ, осында отырғандар, яғни, осы бағдарламаға қатысушылар мұны кімнің жасайтынын жақсы біледі. Түсінесіз бе! «Ұсталмаған – ұры емес» деген ұғым бар, солай ғой? Бірақ, бізде кейбір сайттарға мемлекеттік құрылымдардың құрсау салғанына дәлелдер бар.

Осы тұрғыдан келгенде мен «Инкар-инфоны» мемлекет жауып тастады деп батыл айта аламын. Сот арқылы емес, жоқ, бірақ, құрсау салынған. Ол жоқ! Оның қалай аталатыны маңызды емес: құрсау салу ма, әлде жабу ма?! Тыңдармандар ақпарат ала алмаған соң, ал, мен журналист ретінде оны тарата алмаған соң, болды ғой, бәрібір емес пе? Бұған не дейсіз?

Жанна Құрманғалиева:

– Кешіріңіз, сонда кінәсіздік презумпциясы мемлекетке қатысты жұмыс істемей ме?

Сергей Дуванов:

– Презумпция. Бұл, білесіз бе, неден шығатынын? Ол бар күшпен бүкіл билікті бір қолда ұстаудан шығады. Мен темір сымдардың арасынан өтіп, керекті қайнар көзге дейін еңбектеп жете алмаймын, ал, биліктің өзі оны істемейді.

Жанна Құрманғалиева:

– Ақпарат ұсыныңыз бізге, айналысамыз сосын онымен! Сіз, ауызша ғана, сондай бір тұжырымды үзілді-кесілді айтасыз, соған қарағанда сізде қалтқысыз дәлелдемелік база бар секілді. Сіз оны маған берсеңіз, мен қарап, қуана оқып шығар едім.

Брюс Панниер:

– Мен жай ғана ОК дегім келді, жарайды! Менің білетінім – Қазақстанда тек соттың шешімімен-ақ кез-келген газетті жаба салуға болады. Егер олай болмаса, онда ана газетті жапты, мына газетті жапты, олар ананы айтып еді, мынаны сынап еді деген ақпараттар неге көп?
Сөз бостандығын қорғауға арналған наразылық акциясына журналистер «Тасжарған» газетінен сот арқылы 300 миллион теңге өндіріп алмақ болған парламент депутаты Ромин Мәдинов бейнеленген жазумен шықты. Алматы, 24 маусым 2009 жыл.
Менде ондай ақпараттар жетіп жатыр.

Олар ауыздарын жауып жүрсе немесе ешкімге қатысы жоқ тақырыпта жазса, мемлекеттік билікпен арада еш қиындық болмайды. Ал, сын жазылса және ол сын тұрақты түрде жазылып тұрса, міндетті түрде қиындық пайда болады.

Жанна Құрманғалиева:

– Сол газеттердің нақты атауларын айта аласыз ба?

Брюс Панниер:

– Қазір «Республика» басынан кешіріп жатқан жәйтті алайық және...

Жүргізуші:

– Оның алдында «Алма-Ата-Инфо» газеті.

Брюс Панниер:

– Дәл өзі. Әрі «Республиканың» және басқа да бірқатарының веб-сайттарына тосқауыл қойылды.

ҚОҒАМДЫҚ ТЕЛЕВИЗИЯ КЕРЕК ПЕ?

Жүргізуші:

– Жақсы, құрметті қонақтар, біз осыменен бірінші тақырыпты аяқтап, ары қарай жүрейік. Дөңгелек үстелге қатысушылардың есіне сала кеткім келеді, осыдан тура екі жыл бұрын Қазақстанда қоғамдық телевизия құруға әрекет жасалды, бірақ, іс аяқсыз қалды. Дөңгелек үстелдің келесі тақырыбы да осы болмақ.

Осы тақырып бойынша бірінші сұрақ: қоғамдық телевизия құру қажеттілігі әлі бар ма, қоғамдық телевизия құруға нақты мүмкіндіктер бар ма? Бұл сұрақ бойынша алғашқы сөз сізде, Жанна ханым!

Жанна Құрманғалиева:

– Қоғамдық телевизия құру – бүкіл әлем бойсұнған үрдіс екені белгілі. Қазақстанда да әртүрлі деңгейде қоғамдық пікірталас жүріп жатыр, егер ұмытпасам, шамамен 2003 немесе 2004 жылдан бері қарай.

Қоғамдық телевизия құруға қатысты барлық мәселелерді пысықтау жөнінде ел басшылығының тиісті тапсырмасы бар. Және біз бүгіндері бұл жобаны жүзеге асыру үшін қажетті іс-шараларды егжей-тегжейлі пысықтаудамыз.

Бірақ, бұл жағдай маған мәселені бүгінгі күннің не келесі айдың, немесе келесі жылдың мәселесі деп айтуыма мүмкіндік бермейді. Себебі, өзіңіз түсініп отырғандай, әлемдегі әртүрлі моделдердің көптігі, шешуге мұқтаж мәселелердің қыруарлығы, принцип мәселелері – осының бәрі жете пысықтауды талап етеді.

Мен қайталап жатпаймын, 2006 жылы да, 2007, 2008 жылдары да бұл турасында сөз қозғаған менің әріптестерім басты мәселенің қаржыландыру екенін айтып та, жазып та жүрді.

Мен бір нәрсені айта аламын: бүгінгі таңда министрлік бұл мәселе төңірегінде жұмыс істеуде.

Жүргізуші:

– Сергей мырза, қосарыңыз бар ма?

Сергей Дуванов:

– Жоқ, қосарым жоқ. Мен өз көзқарасымды білдіргім келеді. Қазақстанда қоғамдық телевизия құру туралы әңгіме басталғанда мен ылғи да екі сұрақ қоямын.

Біріншісі: Ондай қоғамдық телевизия қазақстандықтардың өзіне керек пе? Яғни, ол телевизия арқа сүйейтін мақсатты аудитория, сол әлгі азаматтық қоғам бар ма? Түсінесіз бе, бұл кәдімгідей маңызды мәселе.

Екіншісі: Қазақстандағы бүгінгідей саяси жүйеде қоғамдық телевизия болуы мүмкін бе? Қоғамдық деген сөзді мен үлкен әріппен айтамын. Керегі – Ресейдегі ОРТ емес, Әзірбайжанда құрылған телевизия емес. Түсіндіңіз бе? Керегі – классикалық үлгісі, қоғамға ақпарат беретіні, қоғамға қажетті, қоғамдық маңызы бар мәселелерді көрсететіні.

РЕДАКЦИЯЛЫҚ САЯСАТҚА АРАЛАСТЫРМАУ

Сейітқазы Матаев:


– Иә, менің де айтарым бар. Жаңа Жанна Дулатқызы басты мәселелердің бірін – қаржыландыру мәселесін көтерді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұл мәселені ұмытпай, пысықтап жатқанына мен өте ризамын.

Бірақ, мұның екі маңызды тұсын ескеру керек. Қоғамдық телевизия құрудың алғышарттарының бірі – Қазақстанның әрбір тұрғынының абоненттік төлем төлеуі. Би-би-сидің, Жапониядағы NHK телеарнасының осындай негізде жұмыс істейтінін білемін.

Іс жүзінде барлық тұрғынның бірдей, тіпті, телевизия арқылы берілетін бір сигнал үшін де абоненттік төлем жасауға мүмкіндігі бола бермейді. Мәселе сонда, мен қоғамдық телевизия құру, анығында бұл мәселені пысықтау жөніндегі жұмыс тобының құрамында болғанмын.

Егер бұл шығындарды редакциялық саясатқа араласпастан мемлекет өз мойнына алатын болса, сигналдың берілуі үшін, техникалық жабдықтар үшін, лицензия алу үшін төлесе, онда мәселе оңай шешіледі. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет ішінара қаржыландырса.

Бірақ, бұл тұста екінші сұрақ туады. Мен әріптесім Сергей Дувановтың қоғамдық телевизия құру үшін саяси шешім керек дегенімен келісемін. Ондай шешімді не үкімет, не парламент немесе мемлекет басшысы қабылдау керек.

Өйткені, әрдайым да қоғамдық телевизияда сайланатын немесе парламент бекітетін бақылау кеңесі болады. Бақылау кеңесінде қоғамдық телеарнаның ақпараттық саясатын белгілейтін адамдар болу керек. Өз басым бақылау кеңесінде, мәселен, Герольд Бельгердің, Мұрат Әуезовтың, халық қамы үшін, электорат қамы үшін жаны күйіп, сөз сөйлеп жүрген кейбір депутаттардың болғанын қалар едім.

Бірақ, қалай болғанда да, мен Сергеймен келісемін: ең әуелі саяси шешім керек.

ӘРТҮРЛІ ПІКІР? МҮМКІН ЕМЕС

Брюс Панниер:

– Мен, әрине, қоғамдық телевизияның болғанын қалаймын. Бірақ, мен оның әртүрлі пікір мен көзқарас білдірілетін форумға айналғанын қалар едім. Осы айтқанымдай болатын болса, мен мұны толық қолдаймын.

Бірақ, әлемнің кез-келген елінде, кез-келген мемлекетінде барлық нәрсе бірдей жақсы да емес, барлық нәрсе бірдей жаман да емес. Ал, елде, әлемде не болып жатқанын білу – әркімнің де, әрбір адамның құқығы.

Сергей Дуванов:

– Маған мұрсат беріңіз, менің қосарым бар. Панниер мырза мұны форум деді. Иә, қоғамдық телевизия деген барлық қоғам топтары мен бүкіл қоғамдық пікір көрініс табатын бұл да бір форум.

Сондықтан мен бұл жерде бір нәрсенің басын ашып алғым келіп тұр. Мен мәселенің саяси жағы дегенде биліктің саяси ырқын айтып отырған жоқпын. Мен қазіргі саяси жағдайда ондай форум, ондай қоғамдық телевизияның болуы мүмкін емес деп отырмын.

Қанша жерден түсініксіз боп көрінсе де, мен өзімді қоғамдық телевизияның қарсыласы ретінде елестетемін. Біздің министрлік, біздің мемлекет тудыратын ол нәрсе қоғамдық телевизия бола алмайды. Ол бүгінгі Әзірбайжандағыдай дүние болып шығады. Барыңыздар да көріңіздер, сол «қоғамдық телевизияны»!

Біздің «Хабардың» тек қоғамдық телевизия деген аты ғана. Яғни, мен саясат туралы айта отырып, қазіргі билікке оппозицияның да пікірі естілетін ондай форумның қажеті жоқ деп отырмын, өйткені, бізде оппозиция үшін телевизиялық «кран» жабық. Меніңше, бұл құпия емес. Бүгіндері алданып қалған үлескерлердің де пікірі естілер еді ол жерден.

Ондай форум ешкімге, ең алдымен билікке керек емес. Сондықтан да қоғамдық телевизия құру жұмысы басталғанның өзінде ол атынан заты бөлек эрзац болып шығады. Міне, осы туралы айтып отырмын мен.

Жанна Құрманғалиева:

– Меніңше, Қазақстандағы қоғамдық телевизия тағдыры туралы болған әңгімелер мен пікірталастарда саясат басым секілді. Қазір де біз саяси жазықтыққа кетіп қалып жатырмыз.

Мен Дуванов мырзаның қоғамдық телевизия деген үміт елесін өлі есектің бе, қашырдың ба, әйтеуір сол секілді бірдеңенің құлағына балаған әйгілі мақаласымен таныспын.

Бірақ, біз бұл мәселені бүгіндері таза тәжірибелік тұрғыда, телекөрермендер мүддесі, қазақстандықтардың – салық төлеушілердің мүддесі тарапынан қарастырудамыз. Себебі, сіз айтқандай, міне, қоғамдық телевизия енгізіп жатырмыз деп саяси шешімді жария ету, қабылдай салу – бір ғана жұмыс. Ондайда тек мемлекеттік арналардың бірін қоғамдық телевизия деп атай салу ғана қалады.

Ал, енді қоғамдық телевизияны енгізуге байланысты мәселелерді іс жүзінде жан-жақты, егжей-тегжейлі пысықтау – ол басқа әңгіме. Мәселенің технологиялық жағы да бар. Мәселен, біз де бүгінгі таңда радиожиілік ресурсына деген үлкен тапшылық бары туралы талай рет қоғамға ақпарат тараттық. Әсіресе, Алматы мен Астанада өте тапшы.

Бізде жылдап жиілік ала алмай жүрген қыруар студиялар бар. Есептелген бос жиіліктер жоқ болып тұр. Бүгінгі таңда концепциясы жасалып, оны жүзеге асыру жұмыстары басталып кеткен сандық телевизия енгізу жобасына біз дәл сол технологиялық тұрғыда үлкен үміт артып отырмыз.

Өйткені, дәл сол сандық телевизияның енгізілуі эфирді қыруар нағыз балама, әржанрлы телеарналармен толтыруға жол ашады. Шамасы, мәселе осы уақыттың бәрінде қоғамдық телевизия туралы әңгіме тек саяси тегістік деңгейінде ғана жүріп келген.

Мәселеге нақты іс жүзінен де қарап көрелік! Айналып келгенде, қазақстандықтарға сұрау жүргіземіз: олар теледидар үшін салық төлеуге немесе жаңа бір салық түрін не абоненттік төлем енгізуге дайын ба? Онда мұның әлгі кабелдік телевизиядан қандай айырмашылығы болады? Рахмет!

ЕРТІСБАЕВ ТЕЛЕВИЗИЯ ТУРАЛЫ

Жүргізуші:

– Бірақ та, Жанна ханым, сіздің сөзіңізге өз тарапымнан мынаны қосқым келеді: бұрынғы мәдениет және ақпарат министрі, қазіргі Қазақстан басшысының кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев – айтпақшы, тура соның тұсында қоғамдық телевизия құруға деген талпыныстар болды – Азаттық радиосына сұхбат бергенде былай деп мәлімдеген еді: «Бұл істі соңына дейін апаратындай саяси жігер болмады».

Міне оның сөздері: «Қоғамдық телевизия туралы әңгімелер болды. Менің ұстанымым қоғамдық телевизияны «Қазақстан» ТРК базасында жүз пайыздық мемлекеттің қатысуыменен құруға болды. Бұл өте оңай, арна дайын, Қазақстандағы ең кең таралатын арна».

Ертісбаевтың осы сөздерінен кейін мынадай сұрақ туады: Қазақстанда қоғамдық телевизия құруға қажетті барлық жағдай бар, тек ең басты нәрсе – Қазақстан басшысының саяси жігері жоқ. Неліктен Қазақстан президенті нағыз (астын сызып тұрып айтамын – нағыз) қоғамдық телевизия құруға бармай отыр?

Жанна ханым, әдеттегідей сізден бастайық.

Жанна Құрманғалиева:

– Бірақ, сіз мемлекет басшысының кеңесшісі Ермұхамет Қабиденұлы Ертісбаевтың сөзінен үзінді келтірдіңіз ғой. Мен өзге біреудің сөзіне түсініктеме бере алмаймын. Бұл сұрағыңызды сол сөздің иесіне бағыттап отырған боларсыз?

Жүргізуші:

– Жарайды, рахмет! Сергей мырза, сөз сізде.

Сергей Дуванов:

– Меніңше, сол саяси жігердің жоқ болғаны және президенттен оның шықпай отырғаны жақсы болған. Әйтпесе бізде (бәленбай рет қайталап айтып отырғаным бұл) телеэфирде қоғамдық телевизия идеясының дискредитациясы болады.

Жүргізуші:

– Рахмет! Сейітқазы мырза, сіз не дер едіңіз?

Сейітқазы Матаев:

– Кеңесшінің сөздеріне түсінік беру мен үшін қиын. Оның ылғи да айтатыны... Мен қайталағым келмейді. Мәселе сонда, міне, Жанна Дулатқызы айтып отыр ғой, менің білуімше, ол осы пікірталасқа қатысуға тиіс еді. Бірақ, әлдебір себептермен, өзім де білгендей, ол бас тартты.

Дей тұрғанмен, Сергей Дувановпен толық келісемін. Әрине, сұрау өткізуге де болады. Бірақ, меніңше, мәселе ақшаға келіп тірелетін болса, халық: «жоқ, мұның бізге қажеті жоқ» дейді. Өйткені, қосымша ақша жоқ. Оның қанша тұратынын анықтап алу керек.

Не дегенмен де, менің анық білетінім – Ұлыбританияда Би-би-си абонементтері азғантай ғана соманы құрайды. Халық жылына шамамен 5 фунт қана төлейді. Көрдіңіз бе? Шын мәнінде Би-би-сиді салық төлеушілер қаржыландырады.

Тағы да қайталаймын, қоғамдық телевизияның мәні де сонда, оған әркім де өз үлесін қосуға тиіс. Бірақ, мен Қазақстан халқы 100 пайыз болып мұны мақұлдайды деп ойламаймын.

Егер ол болмаса, яғни, абоненттік төлем болмаса, қоғамдық телевизияның мәні бір сарынды болып кетеді. Оны мемлекетпен 50 де 50 үлесте құруға болады. Бірақ, олай құрылатын болса, мемлекет өз ырқын жүргізетін болады. Себебі, кім ақысын төлесе, әнді де сол салғызады.

Жүргізуші:

– Рахмет! Панниер мырза, сұрақты есіңізге салайын: Қазақстанда қоғамдық телевизия құруға қажетті барлық жағдай бар. Бірақ, неге Қазақстан президенті нағыз қоғамдық телевизия құруға бармай отыр?

Брюс Панниер:

– Оны нақты былай-былай деу қиын. Бірақ, өзіміз әлемнен көріп отырғанымыздай, жетекшілер, президенттер, тағы басқалардың телевизия арқылы сөйлеген сөздерінен даналық байқалмайды, сонысыменен қиын жағдайға тап болады. Олар қоғамдық телевизия арқылы өздерінің қайсыбір қателіктері мен жаңылыс басқандары үшін сайлаушылар алдында жауап беруге мәжбүр болады.

Олар үшін, әлбетте, телевизия арқылы сөз сөйлемегені, өз қателіктері үшін жауап бермегені абзал. Міне, бәлкім, оның қоғамдық телевизия құрғысы келмейтіні осыған байланысты шығар.

Жанна Құрманғалиева:

– Сіз білесіз бе... Кешірім өтінемін, әрине!

Жүргізуші:

– Иә-иә, сөйлеңіз!

Жанна Құрманғалиева:

– Меніңше, талқыланып отырған соңғы сұрақ онша орынды емес. Егер сұрақтар мемлекет басшысының кеңесшісіне қойылуға арналған болса, онда сұрақтар жоқ дегенде мемлекет басшысының баспасөз қызметіне немесе Қазақстан Республикасының президенті әкімшілігіне бағытталу керек еді деп ойлаймын.

Тағы да айта кетейін дегенім, қоғамдық телевизия құру мәселесін егжей-тегжейлі пысықтау жөніндегі тапсырма мемлекет басшысы тарапынан беріліп отыр.

Жүргізуші:

– Рахмет сізге, Жанна ханым! Дөңгелек үстелге қатысқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Барлықтарыңызға үлкен рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG