Accessibility links

Әділбек Жақсыбеков: «ШЫҰ әскерлері террорлық шабуылдан қорғана алатындығын көрсетті»


Қазақ және қытай сарбаздары «Бейбіт миссия - 2010» әскери жаттығуларының ашылу рәсімі кезінде. Мәтібұлақ, 13 қыркүйек 2010 жыл.

Қазақ және қытай сарбаздары «Бейбіт миссия - 2010» әскери жаттығуларының ашылу рәсімі кезінде. Мәтібұлақ, 13 қыркүйек 2010 жыл.

Қыркүйектің 24-і күні Жамбыл облысындағы Мәтібұлақ полигонында Шанхай ынтымақтастығы ұйымына (ШЫҰ) мүше елдер армияларының бөлімшелері «Бейбіт миссия - 2010» деген атаумен әскери жаттығулардың соңғы кезеңін өткізді.


Террорға қарсы күресуді пысықтайтын бірлескен жаттығулардың шешуші кезеңінде «Мәтібұлақ» әскери полигонында Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстан әскери бөлімшелерінің тактикалық дайындықтары сынаққа түскені туралы хабарлады полигоннан Азаттық тілшісі.

Қыркүйектің 24-і күні өткізілген әскери ойындар барысында ШЫҰ-на мүше елдердің біріне басып кіріп, билікті құлатпақ болған қарулы топты залалсыздандыру міндеті қойылды.

«Әріптестерім – ШЫҰ елдері қарулы күштері басшыларының пікірінше, жаттығулар жоспардағыдай өтті, барлық міндеттер сәтті атқарылды. Бұл ШЫҰ-на енетін елдердің қарулы күштері осы елдерге қарсы бағытталған кез-келген террорлық әрекеттерден қорғана алатындығын білдіреді», – деді Қазақстан қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков полигондағы брифингте журналистерге.

Жұма күні аяқталған бұл жаттығулар қыркүйектің 13-і күні ресми түрде басталған болатын. Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан дерек бойынша, биыл бұл жаттығуларға жиыны алты жарым мың жауынгер, бір жарым мың қару-жарақ пен әскери техника, оның ішінде Қазақстан, Қытай және Ресейден алпысқа жуық ұшақ мен тікұшақ қатысқан.

Жаттығулар басталар алдында Алматыда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қарулы күштері бас штабтары бастықтарының қатысуымен әскери-саяси кеңес өтті. Онда бірлескен жедел директиваға қол қойылды.

Бұған дейін кең көлемді «Бейбіт миссия» жаттығуы осыдан үш жыл бұрын Ресей аумағында өткен-ді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG