Accessibility links

Алматыдағы жиынға келгендермен қақтығысқан полицейлер бірнеше кісіні ұстап әкетті


Саясаткер Жасарал Қуанышәлі оппозиция жиынынан шыққан жұрттың жолын бөгеген полицейлерге сөйлеп тұр. Алматы, 1 мамыр 2010 жыл.

Саясаткер Жасарал Қуанышәлі оппозиция жиынынан шыққан жұрттың жолын бөгеген полицейлерге сөйлеп тұр. Алматы, 1 мамыр 2010 жыл.

Оппозициялық ұйымдар 1-мамырда «Алға» партиясының кеңсесі алдында жиын өткізді. Одан шыққан жұртшылықпен қақтығысқан полицейлер бірнеше адамды ұстап алып кетті. Бұған наразылық ретінде аштық жариялаған тағы екі кісі де полиция бөліміне күштеп жеткізілді.


ЫНТЫМАҚ КҮНГІ ҚЫСПАҚ


Алматы қаласы әкімшілігі шаһардың орталық алаңдарының бірінде митинг өткізуге рұқсат бермегендіктен Демократиялық қауымдастық республикалық жиынды жекеменшік территорияда өткізуге мәжбүр болған-ды.

Демократиялық қауымдастықтың республикалық жиналысын «Халық билігі» блогы ұйымдастырып, өткізді. Тіркелмеген «Алға» партиясы ғимаратының ауласында өткен жиналысқа аталмыш партияның жетекшісі Владимир Козловтың есебіне қарағанда, партияның өңірлерден келген мүшелері және отыз сегіз қоғамдық ұйымнан жүздеген делегат қатысты.

Владимир Козлов жиналыстың беташарында, жиынның мақсаты делегаттардың бір-бірімен танысып, пікір алмасып, ойларын ортаға салу үшін және ауыр тұрмыстың тауқыметі мен биліктің озбырлығын бастан өткеріп отырған халыққа биліктің бетін бұру үшін бірлесе
«Алға» партиясы кеңсесінің айналасын полиция қаумалап қоршап тұр. Алматы, 1 мамыр 2010 жыл.
күресуге уағдаласу екенін атап өтті.

Демократиялық қауымдастықтың екі сағатқа созылған жиналысында әртүрлі қоғамдық ұйым өкілдері өз мәселелерін ортаға салып, биліктен құқай көріп отырғандарын жеткізді. Ал, «Қазақстан 2012» қоғамдық қозғалысы 15 күнге қамалған «Талмас» қоғамдық ұйымының жетекшісі Айнұр Құрмановтың бостандыққа шығарылуын талап етісті.

Жиын соңында қабылданған резолюцияда билікті халықпен санасуға және саяси реформалар жасауға мәжбүрлегенге дейін Демократиялық қауымдастық табанды түрде күресін жалғастыра беретіндігі айтылған.

Және де жиын барысында, «Республика» газетінің Жанна Байтелова бастаған бірнеше журналисі аталмыш газеттің сайты билік тарапынан шабуылға тап болып отырғанын айтып, плакаттар көтеріп шықты.

НАРАЗЫЛЫҚ БЕЛГІСІ
АШТЫҚ АКЦИЯСЫ
Мейрам күні Алматыдағы Астана алаңында серуендеп, мерекелеп жүрген халық. 1 мамыр, 2010 жыл


Жиын аяқталысымен оған қатысқан жүздеген адам 28 панфиловшылар саябағына шеру тартып бармақ болып, тіркелмеген «Алға» партиясы ғимаратының ауласынан шыққан бетте партия ғимараты орналасқан Досмұхамедов көшесінің жоғарғы және төменгі жағын шеп түзеп қоршап тұрған полицияға тап болды.

Жүздеген адамды бастап шыққан ақжаулық тартқан бірнеше әйел қолдарындағы гүлді қаз-қатар қолтықтаса шеп құрып тұрған полиция қызметкерлерінің алдына тастады.

Ал, Алмалы ауданының прокуроры Гүлнара Ахмедиева Алматы қаласы әкімшілігінің қабылдаған шешіміне сәйкес, жиналыстан шыққан жүздеген адамның әрекеті шеру жасау болып саналып, заңға қайшы келетіндігі туралы дауыс зорайтқыш құрал арқылы көпшілікке түсіндірді.

– 26 сәуірде Алматы қаласының әкімдігі «Бейбіт шерулер, демонстранциялар мен митингілер туралы» заңның негізінде 1 мамыр мерекелік демонстрациясын өткізбеу туралы шешім қабылдады. Осыған сәйкес сіздердің әрекеттеріңіз заңсыз болып табылады. Әрі тіркелмеген «Алға» партиясының белгісін тағып жүруге болмайды. Бәріңе түсінікті ме жоқ па? – деді Гүлнара Ахмедияева

Досмұхамедов көшесінің жоғарғы жағындағы полиция шебін бұзып өте алмаған жүз қаралы адамды бастап, төменгі полиция шебіне қарай жүрген «Жаса, Азаттық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлі: «президент Назарбаев өз халқына қарсы саясат жүргізіп отыр және «халық көтерілсе, хан тағында тұрақтамайды» деп дауыс зорайтқышпен өз ойын жұртқа жеткізді.

Досмұхамедов көшесінің төменгі жағындағы полиция шебінің алдында Жасарал Қуанышәліні полиция тарпа бас салмаққа әрекеттенген сәтте екі жақ қақтығысып қалды.

Полиция «Жаса, Азаттық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәліні ұстамақ болған кезде оның жанындағы адамдар жетекшілерін ұстап әкетпек болғандардың жолын кесіп, саясаткерге ара түсті. Әйткенмен полиция сол жерде оппозиция жиналысына
Полиция "Алға" партиясының белсендісі Бозжан Құрақбаевты қамауға алуда. Алматы, 1 мамыр, 2010 жыл.
қатысушылардың бірнешеуін ұстап, қолдарын қайырған күйі дедектетіп апарып жабық көлікке тиеді. Олардың арасында «Республика» газетінің журналисі Жанна Байтелова да бар.

Жиынға қатысқандардың оншақтысы 28 панфиловшылар атындағы паркке дейін жетіп, фашистік Германияның тізе бүккеніне 65 жыл толуына арналған көпшілік мерекелік шараларына қосылды.

Ал Жасарал Қуанышәлі мен Ермек Нарымбаев және тағы бірнеше адам «Алға» партиясының Алматыдағы бас кеңсесінің ауласында билікке наразылық ретінде аштық жариялағандарын жария етті. Олар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың орнынан кетуін, сайлау туралы заңның қайта қаралуын, әділ сот жүйесін орнатуды талап ететіндерін мәлімдеді.

Бұдан кейін жиынға келген өзге адамдар біртіндеп тарқап кеткен соң, полиция өкілдері келіп, аштық жариялап жатқан Жасарал Қуанышәлі мен Ермек Нарымбаевты ұстап, күштеп Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне алып барды.

Бірнеше сағат ұстаған соң Жасарал Қуанышәліні босатып, Ермек Нарымбаевты полиция бөлімінде ұстап алып қалды деп хабарлады Азаттық радиосына ақын Айсұлу Қадырбаева.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG