Accessibility links

Медғат Құлжанов: «Ұрпақтар көкірегіне Шәкерім жырлары қонсын»


Медғат Құлжанов, қазақ меценаты.
Медғат Құлжанов, қазақ меценаты.

Медғат Құлжанов қазақ композиторы Серік Еркімбековтің ғана емес, әлемге танымал ағылшын композиторының да Шәкерім тақырыбына баруына мұрындық болды. Қазір Лондонда тұратын меценат Азаттыққа сұқбат берген еді.

Ол 2010 жылдың қазан айында әуелі Астанада, кейін Лондонда "Шәкерім" симфониясының премьераларын өткізді.

Медғат Құлжанов Карл Дженкинстің «Шәкерім» симфониясының енді әлемді шарлайтынын айтады. Оның өзі де Шәкерімнің аты аталмайтын совет заманында-ақ философ-ақынның мұраларымен сусындап өскен азамат.

Уэльсте туған ағылшын композиторы Карл Дженкинстің «Шәкерім» симфониясының соны шығарма болып шығуы Шәкерімнің сырлы да мұңлы әуендерінің мықтылығынан деп біледі қазақ меценаты. Тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырып, көкірек көзін оятарлық дүниенің тууына қолдау жасаған Медғат Құлжанов Азаттыққа берген сұхбатында өнер және өзі жайында ой бөлісті.


ДЖЕНКИНСТІ ШӘКЕРІМ ШЫҒАРМАЛАРЫНА ТӘНТІ ЕТУ

– Медғат мырза, Карл Дженкинс сияқты әлемдік музыка өнерінде өзіндік есімі мен орны бар Батыс композиторына Шәкерім ақсақалдың мұраларын қалай түсіндіріп, Шәкерім турасында үлкен бір симфония жазу идеясына оның көзін қалай жеткіздіңіз?

– Шәкерімнің өлеңдері мен әндеріне, жалпы әуендеріне симфония сай келетіндей болып көрініп тұратын маған. Елдің бәрі де Шәкерім әндерін домбырмен айтып жүр ғой, бірақ осы симфония тудырса деген бір ой маза бермей жүретін.

Қазіргі заманның талабына сай дүние шығарып, Шәкерімнің ойларын еуропалық тыңдарманның құлағына, дүниежүзілік деңгейге симфониямен қалай жеткізем деп армандайтын едім.

Сөйтіп жүргенімде Астанада «Тілеп» деген бір диск түсті қолыма. Ол «Тілепті» қазақ әндерін өңдеп жазған Карл Дженкинс деген ағылшын композиторы екен. Соны тыңдағанымда әлгі дискінің ішіндегі бір ән – Абайдың «Көзімнің қарасы» деген әні маған сондай қатты ұнады. Ұнағандығы сондай, мен әлгі дискіні жиі тыңдайтын болдым. Содан бұл бір жақсы композитор болу керек деген ой келді.

Лондонға келгеннен кейін осы ойымды Марат Бейсенғаливке айтып, Карл Дженкинспен таныстыруын өтіндім. Маратқа рақмет, жылдам тауып берді Дженкинсті.

Кезінде мен Қазақстандағы әншілердің орындауында Шәкерімнің 16 әнін жазып алғам. Сондай-ақ марқұм Ниязбек Алдамжаровтың орындауындағы әндерін де дискіге өңдеп түсіріп алған едім.

Сол екі дискіні алып, Лондонда Карл Дженкинспен жолықтық. Шәкерімнің өмірбаяны туралы айтып бердім. «Дискілерді тыңдаған соң өз ойыңызды айтсаңыз. Менің өтінішім, симфонияның негізі - Шәкерімнің әндері мен әуендері болатын болсын, ал басқасы композиторлық өңдеу шеберлігіңіз тұрғысында болар, оған менің алып-қосарым жоқ , симфония шығара аласыз ба?» дедім.

Ол «біраз ойланайын, жауабын сосын берейін» деді.

Көп уақыт өтпей-ақ қайта жолықтық. Карл Дженкинс: «Екі дискіні де мұқият тыңдадым, бұл шығармалар арқылы қазақ музыкасына, философиясына терең бойлауға болады екен. Мен 35-40 минут болатындай симфония шығарамын» деп шешімін айтты. Міне, осылайша екі дискінің негізінде осындай симфония туды.


ҚҰПИЯҒА ҚҰМАРЛЫҚ


– Медғат, Шәкерім ақсақалдың шығармашылығына, мұраларына сіздің қызығушылығыңыз, әңгімелеріңізге қарағанда тым ертеде, сонау бала кезден туындаған сияқты ғой?

– Шәкерімге, Абайға менің келуім отбасынан басталды, алдымен әкем арқылы деп айтып та жүремін. Әкемнің аты Мұхаметкәрім. Сол кісі қазақ ән-жырлары, халық әндері, қиссалары болсын бала күнімізден құлағымызға сіңіріп өсірді. Соның ішінде Абай мен Шәкерімнің еңбектерін ес білгелі оқитын едік.

Шәкерімнің әні түгіл атын айтуға болмайтын заманда, әлі «халық жауы» делініп, ақталмай тұрған уақытта әкем Мұхаметкәрім мен Аягөзде тұратын Ниязбек Алдамжаров біз тұрған Сергиопольге келіп, әсіресе сенбі күндері есікті жауып алып, Шәкерімнің әндерін айтатын.

Сонда мен ойлайтынмын бұл неғылған құпия соншалықты айтуға болмайтын деп. Өсе келе түсіндім, ол «халық жауы екенін», оны ашық айтуға болмайтынын. Бірақ сол құпия мені өзіне тартып, соны түсінгім келіп, есейе келе Шәкерімнің шығармаларын көп оқитын болдым. Абай болса өз алдына, жастанып жатып оқитынбыз. Міне мұның бәрі әкем арқылы, қан арқылы келген қызығушылық деп ойлаймын.

Кейін совет заманында Шәкерім ақталғанымен, атамыздың жолы көп бола қоймады, қарсы тұрушылар да болған сияқты. Шәкерімнің атын бірінші жариялаған Мұхтар Мағауин еді. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары «Поэты Казахстана» деген кітапты Ленинградтан шығарды, бұл ең алғашқы кітап еді.

Содан кейін Жәнібек Кәрменов марқұм біраз өлеңдерін айтып жүрді. Дегенмен де халыққа ойдағыдай танымал бола қоймады, көп жазғызбады, айтқызбады дегендей. Сондай бір әрекеттер болды.

Енді өзіміз егеменді ел болғаннан кейін мен сол жас кезімдегі ойымды іске асыру жағын ойландым. Өз қолымыз өз аузымызға жетіп, экономиканы жолға қойып, есімізді жинаған шақта, 90-шы жылдардың ортасында, Абайдың кітаптарын, дискілерін шығарып, Шәкерімнің дискілері мен кітаптарын шығарып, сондай әрекеттер жасадым. Енді оны меценаттық десеңіздер өздеріңіз білесіздер.

Астанада Абайдың 160 жылдығын өткізіп, Шәкерімнің 150 жылдығын жақсылап өткізіп, CD күйтабақтарын, кітаптарын шығарып, елге таратып, сондай жұмыстар жасадым. Осымен ғана тоқталып қалмай енді міне симфония сияқты үлкен шығарма жаздырсам деген ойымды іске асырдым деп ойлаймын.


ШӘКЕРІМГЕ БІР АЙДА - ЕКІ СИМФОНИЯ


Медғат, сіз Карл Дженкинстен бұрын да қазақстандық композитор Серік Еркімбековке де Шәкерімге симфония арнатқан екенсіз.

– Мен осы екі жұмысты қатар жүргіздім, Шәкерімді оқыған, оны рухын түсінетін, пәлсапасына терең бойлай алатын деп алдымен Еркімбековке жазғыздым. Ол симфония қазанның 1-і күні Астанада орындалды. Айман Мұсаходжаева жетекшілік ететін Қазақ музыка академиясында студенттер оркестрі орындаса да, тыңдарман өте жақсы қабылдады.

Премьерада өзіңіз болдыңыз ғой?

– Иә, өзім болып, ұйымдастырып, ашылуында сөз сөйлеп дегендей. Бұл жерде айта кететін бір жайт – Қазақстанда соңғы 25 жыл бойына симфония жазылмаған екен.

Ал бір айдан кейін Лондонда композитор Дженкинстің шығармасын таныстырдық. Мәдени деңгейді тағы бір мәрте жоғары көтеріп, жалпақ жұртқа таныстыра берейік деген ойлардын туындап жатқан ұмтылыстар еді бұл.

– Жақсы, бұл бір өзіндік тамаша оқиға болып жатқандай, өйткені Азаттық радиосының сайтына шықққан Дженкинстің «Шәкерім» симфониясының үзіндісін тыңдаған оқырмандардың да бұл симфонияны қайдан, қалай алып тыңдауға болады деп сұрап жатқандары бар. Оларға не деп жауап бергеніміз жөн болар екен?

– Мына жаңа жылға дейін CD күйтабақтары шығады. Ямай деген компанияға рұқсат бергенбіз, шығарып, таратуға. Дегенмен де жаңа жылға қарай елге алып барып таратамыз. Оның үстіне Хабар, Қазақстан сияқты телекомпаниялардан қызығушылық болса, тіпті барлықтарыңызға да таратамыз, бұны ел естіп, білуі керек. Біз көптеген хаттар алып жатырмыз, ағылшындардың өздері айтып жатыр, бұл не деген керемет фантастикалық шығарма деп.


БАТЫС - ҚАЗАҚТЫҢ, ҚАЗАҚ - БАТЫСТЫҢ ҮЛГІСІМЕН

– Медғат мырза, Серік Еркімбеков пен Карл Дженкинс жазған бір тақырыптағы екі «Шәкерім» симфониясының арасында өзіңіз қандай да бір ұқсастық немесе айырмашылықты байқадыңыз ба?

– Бір қызығы, Серік Еркімбековтың симфониясы батыстық ырғақ-тәсілде жазылған ба деп қалдым, ал енді Дженкинс хордың даусын қолданып, Шәкерімнің 23 жасында жазған «Анамнан алғаш туғанда» сияқты өлеңін негізге алып, Шәкерімнің әуенінен мүлде алыс кетпеген. Қазақтың ұлттық реңкін беруге тырысқан. Бұл бір сондай қызық жағдай: Батыс композиторы ұлтық рухқа жақындай түссе, қазақ композиторы батыстық үлгіге көбірек мән берген тәрізді көрінді. Дегенмен Дженкинс жазған симфония біздің бәрімізге де қатты ұнап қалды.

– Дженкинстің симфониясын Лондонның филармония оркестрі орындады, оларға ұлттық хор көмектесті. Мұның барлығы да шығарманы өзіндік бір биік дәрежеге көтеріп тастағандай, сіз симфонияны тыңдай отырып, қандай сезімге бөленіп, қандай бағам-бағалау жасай алдыңыз?

– Баға мынандай. Жалпы сол күнгі Дженкинстің шығармашылық кеші екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімі «Шәкерім» симфониясы да, екінші бөлімі композитор шығармашылығының онжылдығына арналған есебі десе болады. Енді сонда бір байқағанымыз, Дженкинстің өз әуендерінен гөрі Шәкерімнің әуендеріне арнап жазған симфониясы мықты ма деп қалдық, сондағы үш мыңдай көрермен осындай ойда болды десек қателеспейміз.

Бұл жерде Шәкерім шығармаларының әуені мен философиясының мықтылығы осындай тамаша туындының тууына әсер еткен болар, Дженкинстің өз шығармаларының деңгейі салыстыра қарағанда төмен бе дегендей әсерде қалдық.


ШЕНЕУНІКТЕР ӨЗДЕРІ ҰЙЫМДАСТЫРМАСА БАРМАЙДЫ

– Медғат мырза, Лондондағы премьераға келген көрермендер арасында Еуропада тұратын қазақ азаматтары көп болған шығар, оның ішінде Британиядағы қазақ елшілігінің қызметкерлері де қуана қол соққандар қатарынан табылды ма?

– Былай ғой, өзі біз Қазақстанда да болсын, осында да болсын бөліп-жармай бәрін де шақырамыз. Абайдың 160 жылдығы болсын, Шәкерімнің 150 жылдығы болсын. Бірақ, өкінішке қарай, бәрін шақыруын шақырасың, мынау енді шенеуніктер өздері ұйымдастырған шаралары болмаса, мынадай рухани жағынан терең, ауқымды шараларға көп көңіл бөле бермейді. Енді оны бәлен деп айту қиын, біз өзіміздің азаматтық парызымызды орындап шақыруын шақырамыз.

Мысалы, Астанада болған симфониялық концертке ешқандай шенеунік келген жоқ, жай халық, студенттер көп келді. Ол да жақсы енді халыққа жеткізуге.

Ал Лондондағы Роял Фестиваль Холлдың үш мың адамдық залының 95-97 пайызы – шетел азаматтары, ағылшын көрермендері болды. Біз анау студенттік ұйымдарға балалар арқылы билетті тегін тараттық, келсін, қатыссын деп, олардан тілек білдіргендер көп болып, кассада билет болмай қалды.

Халықтың қызығушылығы өте зор, өте жақсы өтті, жастар көп болды, мен соған өте қуандым. Шетелге біз өзіміздің қазақ екенімізді осы музыка, рухани қазына арқылы танытамыз деп білемін.


«ШӘКЕРІМ» ӘЛЕМДІ ШАРЛАЙДЫ

– Енді бұл Карл Дженкинспен сіздің шығармашылық одақтың басы болғанымен соңы болмайтын шығар, алда тағы да бір жоспар-жобаларды деп күтеміз бе?

– Мүмкін, оны кесіп айту қиын. Бірақ әлі де болса ойлар бар. Мысалы, қазірдің өзінде Шәкерім симфониясымен турне жасау жайында ұсыныстар түсіп жатыр, Вена, Токио, Нью-Йорк деген сияқты. Ондай турне болса, ол дүниежүзілік турне болып кетеді.

Мен өзі ойлап едім, осымен қоятын шығармын, басқа да жұрттар бар, соларға да кезек берейін деген едім, бәріне осылай деп айтып та жүргем. Бірақ елдің мынандай жоғары қызығушылығынан кейін, шынымды айтсам, шаршағанымды ұмытып кеткендеймін.

Енді, мысалы, «Қалқаман-Мамыр» поэмасына опера жазу керек шығар, неге опера жазбасқа? Оны ағылшын тіліне аударып, шетел мамандарына орындатып, дүниежүзілік сахналарға шығармасқа деген сияқты жаңа ойлар келіп қалды. Ол енді алдағы уақыттың еншісінде.

– Медғат, осынау шараның барлығы тегіннен тегін атқарылмайтыны белгілі. Сіздің меценаттық қызметіңіздің бұл басы да, соңы да болмас, осы тұрғыда Азатықтың оқырмандары мен тыңдармандары сіз жайында көбірек білгісі келеді. Отбасыңыз, кәсібіңіз дегендей, қалай десек те бұл шаруалар қыруар қаржысыз атқарылмайды ғой?

– Мен қазір Лондонда тұрып жатырмын, балалардың оқуына, жұмысына байланысты дегендей. Бірақ елге жиі барып тұрамыз, каникул уақытында, Үш немерем бар, олар да осында.

Үлкен балам Шыңғыс осы Лондондағы шаруалардың бәрін жүзеге асыруға өзі тікелей мұрындық болды.

Қызмет бабымен қазір зейнеткерлікте болсам да, үйде отырып қалған пенсионер емеспін. Қызмет-бизнесімізді жалғастырып, әлгіндей рухани әрекеттерсіз отыра алмаймын. Осылайша екі жағын қатар алып жүріп, өсіп келе жатқан балаларымыз бар, немерелерім бар – соларға осындай рухани қазына қалдырсақ деген мақсат-мұрат қойдым алдыма.

– Медғат мырза, әңгімеңізге рақмет, жасап жатқан сүбелі шаруаларыңызға табыс тілейміз.


Британ композиторы Карл Дженкинстің «Шәкерім» атты симфониялық туындысы туралы видео:

«Шәкерім» симфониясы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:22 0:00
Жүктеп алу


XS
SM
MD
LG