Accessibility links

Еуразиялық медиа форум тұсында журналисті қамау, газетке қарсы сот істері де жарыса жүріп жатыр


Еуразиялық медиа форумның ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева (ортада). Алматы, 23 сәуір 2009 ж.

Еуразиялық медиа форумның ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева (ортада). Алматы, 23 сәуір 2009 ж.

Алматыда басталған VIII Еуразиялық медиа форум алуан түрлі әлемдік мәселелерді талқылып жатқанда қазақстандық журналистердің кейбірі қамауға алынып, енді бірі сотқа тартылып жатты. Сарапшылардың бірқатары медиа форум медиа және сөз бостандығы туралы емес дегенді айтып отыр.

ЕУРАЗИЯЛЫҚ МЕДИА ФОРУМ КЕЗЕКТІ РЕТ ӘЛЕМДІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАУДА

Сәуірдің 23-і күні Алматыдағы 5 жұлдызды «Анкара» қонақ үйінде, осымен 8-ші жыл қатарынан, Еуразиялық медиа форумы өз жұмысын бастады. Оған алыс-жақын шетелдерден арнайы шақырылған танымал саясаткерлер мен сарапшылар, қазақстандық билік өкілдері қатысып отыр.

«Өткен жыл, өкінішке қарай, қарулы қақтығыстарға бай болды. Сондықтан биылғы форум бұқаралық ақпарат құралдарының ұрыс қимылдарын бейтарап әрі шынайы көрсете білді ме деген сұрақ төңірегінде өтеді», – деп атап өтті медиа форумды ашқан сөзінде ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева.

Екі күнге жоспарланған жиынның күн тәртібі де, жылдағыдай, ғаламдық мәселелерді қамтиды: әлемдік экономикалық дағдарыс, АҚШ-тың жаңа президенті Барак Обаманың саясаты, Шығыс және Батыс елдерінінің өзара қарым-қатынасы, әлемнің әр түкпіріндегі саяси қақтығыстар, т.т.

ФОРУМДА БАҚ ПЕН ЖУРНАЛИСТИКА МӘСЕЛЕЛЕРІ КӨЛЕҢКЕДЕ ҚАЛЫП БАРАДЫ

Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалына бақылау жасайтын «Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева, Азаттыққа берген сұхбатында, биылғы форум аясында сөз бостандығы, соның ішінде Орталық Азия елдеріндегі баспасөз мәселесі назардан тыс қалып отырғанына қынжылыс білдірді.

– Мен осымен 8-ші форумға қатысып отырмын. Осы жылдар ішінде біз - журналистер арасында түсініспеушілік пайда болды: медиа форум дегеніңіздің өзі БАҚ төңірегіндегі жағдайды, сөз бостандығы мен журналистердің жұмыстарына баға беру мен пікір алмасуды көздейді. Алайда, бұл тақырыптар медиа форумның ең біріншісінде ғана сөз болды да, одан кейінгі жылдары бұл тақырыпқа орта есеппен 1-1,5 сағат уақыттан беріліп келді. Ал биыл ол да жоқ, – деді Тамара Қалеева.

Ол қазірде Орта Азия елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да сөз бостандығы мәселесі өте күрделі жағдайда екендігін айтады.

«Тек бір Қазақстан бойынша жыл басынан бері болған соттар мен журналистерге жасалған шабуылдар соның бірден бір айғағы. Дегенмен, форум ұйымдастырушылары бұл мәселе төңірегінде ауыз ашпауды жөн санап отыр», - дейді Т.Калеева.

Еуразиялық медиа форумы тіпті «медиаға» да қатысты емес, жоғарғы дипломатиялық қарым-қатынастарды қалыптастыру платформасына айналып кетті деген баға береді «Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті.

Сенатор Қуаныш Сұлтанов Еуразиялық медиа форумда. Алматы, 23 сәуір 2009 ж.
Қазақстан парламенті сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов болса жиын тақырыбы орынды деп санайды.

– Өйткені, екі күннің өзі кез келген мәселені талқылау үшін өте аз уақыт. Ал жалпы, биылғы форум аясында жаһандық құбылыстар талқылануда. Мәселен, бірінші күннің барысында әлем бойынша орын алған соғыстардың себеп-салдарын талқылайтын боламыз, менің пікірімше, бұл мәселе дәл қазір орынды деп есептеймін, - деді сенатор.

Сондай-ақ форумға қатысушылардың тағы бірі, Қазақстандағы президентті қолдайтын жастар ұйымы – республикалық «Болашақ» қозғалысы төрағасының орынбасары Дәурен Бабамұратов та бұл форумға жиналғандар ортасында сөз бостандығының жайын қозғау – артық іс деген пікірде.

– Осындай медиа форумдарда сөз бостандығы тақырыбын көтерген қаншалықты пайдалы? Әрине, мына елде басымды шауып тастады, анда журналистерді ұрып жатыр деп талқылауға болады, бірақ, ол сол жағдайға қаншалықты ықпал ете алады? Мәселе – осында, – дейді Дәурен Бабамұратов.

Қазақстандық журналист Сергей Дуванов болса бұл форумның елдегі және тұтастай аймақтағы баспасөз бен сөз бостандығының жағдайын талқылаудан тартынатынына өзіндік себеп бар дейді.

– Меніңше, егер медиа форум Орта Азиядағы сөз бостандығы тақырыбын көтере бастаса, онда форумды ұйымдастыру комитеті төрайымының әкесіне қатысты өте қолайсыз жайттар жариялануы мүмкін. Назарбаевтың билігі тұсында Қазақстанда БАҚ-дарының жағдайы күн санап нашарлап отырғаны анық. Сондықтан да мен, бұл медиа форум өзінің тиісті мақсат- міндетін ешқашан жүзеге асырмады деп айта аламын, – дейді Сергей Дуванов.

ЖУРНАЛИСТ ЕРМҰРАТ БАПИ ФОРУМ БОЛЫП ЖАТҚАН КҮНІ ЕКІ САҒАТ ҚАМАУДА ОТЫРЫП ШЫҚТЫ

Сәуірдің 23-і күні Алматының әкімшілік соты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 524-бабы бойынша «сот шешімін орындамағаны үшін» жауапқа тартылған «Тасжарған» газетінің меншік иесі «DAT-XМedia» жауапкершілшігі шектеулі серіктестігінің директоры журналист Ермұрат Бапиді 5 тәулікке абақтыға қамауға шешім шығарды.

Ермұрат Бапи «Тасжарған» газетінен парламент депутаты Ромин Мадиновтің пайдасына өндіріп алуға кесім етілген моральдық өтемақы төлеуге туралы шешімін орындамағаны үшін кінәлі деп танылып отыр (қараңыз).

Ермұрат Бапи "Тасжарған" газеті редакциясының терезесіне әлдекімдердің оқ атқанын айтып тұр. Алматы, 1 сәуір 2008 ж.
Бейсенбі күні абақтыға жабу туралы сот шешімі шығысымен жасаған мәлімдемесінде Ермұрат Бапи газет редакциясы мен өзіне қарсы билік орындары тарапынан бұған дейін де бірнеше мәрте қудалау мен қысым жасалғанын атап көрсетіп, газеттің оппозициялық бағыты үшін елдегі саяси биліктің тәуелсіз баспасөзді қудалауы деп бағалады. Ол халықаралық қауымдастықтан Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалына назар аударуға шақырды.

Сонымен бірге ол өзі мен әріптестеріне жасалып отырған қысым жағдайында газетті шығаруды тоқтатуға мәжбүр екендігін айтып, наразылық ретінде абақтыда аштық акциясын бастайтынын мәлімдеді. Абақтыдағы әріптестеріне «Тасжарған» редакциясы толық құрамы – 9 адам қолдау білдіріп, аштық акциясына қосылды.

Арада екі сағат өткеннен кейін Алматы қаласы прокурорының қарсылығымен Ермұрат Бапиды қамаудан босату туралы шешім қабылданды. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігіне «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов хабарлады.

ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА КӨМЕКШІСІНЕ МАДИНОВПЕН ХАБАРЛАСУДЫ ТАПСЫРҒАН

«Журналистер қауіп-қатерде» қорының жетекшісі Розлана Таукинаның айтуынша, журналист Ермұрат Бапидің бостандыққа шығуына Дариға Назарбаева араласыпты. Бапидің сот шешімімен абақтыға жабылғаны туралы естісімен Еуразиялық медиа форумда жүрген Таукина бұл ақпаратты Назарбаеваға жеткізген.

«Мен оған депутат Мадиновтың сотқа берген талабы бойынша журналисті абақтыға қамап жатыр, бұдан кейін Қазақстанның беделі қандай болады» дедім. Ол маған соттың шешімі шығып қойғанын айтып, олардың тірлігі өзінде екендігін айтып жауап берді. Мен бұл істі осы күйінде қалдырмау керектігін және айттым. Содан кейін ол көмекшісіне депутат Мадиновқа хабарласып, бұл мәселені шешуді тапсырды», - деді Розлана Таукина бейсенбі күні кешке Азаттық тілшісіне.

Сондай-ақ ол әкімшілік сот Ермұрат Бапиді 5 тәулікке қамау туралы шешімді 24 мың теңге айыппұлмен алмастырғанын хабарлады. ($1=151)

РАМАЗАН ЕСІРГЕПОВТЫҢ АДВОКАТЫ СОТ ПРОЦЕСІНЕ ҚАТЫСУҒА РҰҚСАТ КҮТІП ОТЫР

Дәл осы күні, сәуірдің 23-інде Тараз қаласындағы № 2 сотта басталады деп белгіленген журналист Рамазан Есіргеповке қатысты жабық сот осы іске айыпталушының қорғаушысы болып қатыспақшы адвокат Серікқали Мусинге құпия құжаттармен жұмыс істеуге рұқсат беру мәселесін шешу үшін процесті бастауды алдағы бейсенбіге қалдырды.

Қазақстанда шығатын санаулы оппозициялық басылымдардың тағы бірі – «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповке Қылмыстық кодекстің 172-ші, 339-шы және 228-ші баптары бойынша қызметтік құпиясы бар ақпаратты заңсыз алу және тарату, қызмет бабын асыра пайдалану және алдын ала тергеу өндірісі мен сот төрелігіне кедергі келтіру айыптары тағылып отыр (қараңыз).

Алдын ала тыңдаулар кезінде істі қарап отырған судья айыпталушының жалдаған адвокатының мемлекеттік құпиямен танысуға құқығы жоқтығын алға тартып, қорғаушының процеске қатысуға жібермей жатыр, деп журналистің зайыбы Раушан Есіргепова Азаттыққа хабарлаған болатын.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG