Accessibility links

Мемлекеттік тілдің жанайқайы митингтен естілді


Митингте сөйлеген ақын-жазушылар, саясаткерлер мемлекеттік тілге қатысты биліктің ісін сынға алды. Алматы, 21 қыркүйек 2008 ж.
Митингте сөйлеген ақын-жазушылар, саясаткерлер мемлекеттік тілге қатысты биліктің ісін сынға алды. Алматы, 21 қыркүйек 2008 ж.

Қыркүйектің 21-і күні Алматыда бірқатар қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар мемлекеттік тілді қолдау мақсатында бірлескен митинг өткізді.

Көпшілік жиыны «Тіл туралы» алғашқы заңның 19 жылдығына орай ұйымдастырылды.
1989 жылы қыркүйектің 22-і күні Қазақ ССР-ның «Тіл туралы» заңы қабылданды. Осы құжаттың негізінде қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алды. Содан бері жыл сайын 22 қыркүйек – Қазақстанның тіл мерекесі ретінде тойланып келеді.

Атаулы күн қарсаңында шақырылған митингке халық көп жинала қойған жоқ: ұйымдастырушылардың өздері 5 мың адам келді десе, көпшілік жұрт алаңдағы кісілердің саны бес жүздің шамасында екендігін айтады. Соған қарамастан жоспардағыдан 1 сағатқа ұзаққа созылған митингті «Мемлекеттік тіл» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Шаханов ашты:

- Қазіргі кезеңдегі басты мәселе – ұлтты сақтау. Ұлтты сақтау үшін біз оның тілін сақтауымыз керек. Біз билікке қарсы емеспіз. Бірақ, оларды біз өз орнына қоюымыз керек, өз жолына қоюымыз керек.

Қазақ тілі қазіргідей кенже қалпында қала беретін болса, түптің түбінде қазақ халқы мемлекет құраушы ұлт қызметінен айрылып қалуы мүмкін деп алаңдайды ақын Мұхтар Шаханов.

Мемлекеттік тілге қолдау білдіруге жас та, кәрі де келді. Алматы, 21 қыркүйек 2008 ж.
Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармақан Тұяқбайдың пікірінше, ұлт болашағына арналған бағдарлама керек. Сонда ғана тіл мәртебесі өз тұғырына көтерілмек.

- Халық ұлтының жаңғыру мәселесін бірінші кезекке қоюымыз керек. Халық ұлтының келешегі үшін билік кешенді бағдарлама қабылдауы тиіс. Біздің үндеуімізде осы мәселе жазылуы керек, - деді партия лидері.

«Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов болса қазіргі биліктің тұсында тіл мәселесінде жаңа өзгерістердің болатындыға күмәнмен қарайды. Оның пікірінше, тіл саясатындағы жаңашылдықты жаңарған билік алып келмек.

- Саяси реформалар болмаса ештеме шешілмейді. Ертең біз әділетті сайлау өткізсек, сөз бостандығы болса, телехабарларда еркіндік болса, осы жерде жиналған қоғам қайраткерлері, басқа да елге жаны ашитын, халықтың сөзін тыңдайтын азаматтар Парламентке, билікке келсе, біз тіл мәселесін, басқа да маңызды сұрақтарды шешеміз, - деді Болат Әбілов.

Негізінен мінберге шығып сөз алғандардың барлығы дерлік қазақ тілінің өз мәртебесіне жете алмауына басты кінәлі ретінде билікті, билік басындағы «Нұр Отан» партиясын сынады. Ал басқарушы органдардың атынан қатысқан жалғыз ғана өкіл - Алматы қалалық Ішкі саясат департаментінің маманы Орынбасар Қызайбековтың келтірген мәліметтері көпшіліктің көңілінен шыға қоймады.

- Кеңес өкіметі кезінде қаншама қазақ мектебі жабылды. Тәуелсіздік алғалы бері 883 қазақ мектебі ашылды. Қазіргі таңда 7743 мектептің 3800-ден астамы - қазақ мектебі. Тек қана Алматының өзінде 12 мультимедиалық кабинет жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда қазақ тіліндегі құжаттық айналым 59 пайызға жетті, - деді әкімшілік өкілі.

Митинг соңында жиынға қатысқан көпшілік атынан Үндеу қабылданды. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге арналған ашық хат ҚР Президентіне, Парламентке және Үкіметке жолданады.

Митингте сөйлеген қоғам қайраткерлерінің видеосын көріңіз: Болат Әбілов және Дос Көшім

XS
SM
MD
LG